Дидахмет
Бөлісу:
Білуімізше, қазақ әдебиетінде бір ғана Дидахмет бар...
Бір жылдары Қазақстан Жазушылар одағының конференц-залында басшылық игі бастама көтеріп, айына бір рет қабырғалы қаламгерлерге мастер-класс өткіздіретін-ді. Әдебиеттегі ағалар ізін басқан інілеріне оқыған-тоқыған, білген-түйген, байқаған, ғұмырында қатты әсер еткен дүниелерін жазуға айналдырудың қыр-сырын үйреткен-ді. Қал-ағаң – Қалихан Ысқақтың лекциясынан кейін, келесі кезекте – Аманхан Әлім мен Дидахмет Әшімханұлы еді. Қолдарына бір-бір блокнот ұстаған жас ақын-жазушылар осы кездесуді асыға күткені байқалып-ақ тұрды.
Себебі, қойылған сұрақ та көп болды, оған берілген мәнді жауап та дайын-тын. Сонда, Бейбіт Сарыбайдың: «Сізге қай жазушының қолтаңбасы ұнайды?» – деген сұрағына, «Сары самауырдың» авторы ойланбастан: «Бейімбет Майлин!» – деп алдындағы стакандағы суынан бір ұрттап алды да, сөзін ары қарай сабақтай жөнелді: «Би-ағаңның «Шұғаның белгісін» қайта-қайта оқысаң да жалықпайсың. Таң қаласың. Қалай жазған?! Жалпы, әңгіме – өте қиын жанр. Оның қиындығы сонда, оған ғаламат нәрсені аз-ақ бетке сыйдырып, оймақтай етіп ойнатып беру керек...», – деді көзілдіріктің арғы жағындағы ойлы көзімен айналаны бір шолып. « – Бұл – бір!..».
«Сары самауыр» дегенді бекер айтқан жоқпыз. Дидахмет Әшімханұлының повестер мен әңгімелер жинағын оқып, сыртынан тәнті болып жүрген кезіміз... 2009 жыл. Көктем айы... шамасы наурыз болса керек... әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінде бір топ қаламгермен кездесу өтетін болды. Соның ішінде біздің де кейіпкеріміз бар еді. Поэзияның асау Пырағын ерттеп мінгісі келгендер өлең оқыды, кез келген шараның белортасында жүретін белсенділер баяндама жасады. Сонда ағамыз тарих, тіл, мәдениет пен әдебиеттің адамзат өміріндегі алар орны турасында айта келе, колумбиялық туындыгер Маркестің магиялық реализмына ерекше тоқталған болатын. Сонда бүй деген: «Екі елді жағрафиялық белдеу бөліп тұр демесеңіз, халықтың рухы, тағдыры, басынан кешкен қиындығы, өмір сүру салты, мына әлемге деген көзқарасы ұқсас екенін аңғардым. Біреу келісер, біреу келіспес. Бірақ, бұл – менің жеке пікірім. Енді бізге жаңа деңгейге көтеріліп, сапалық жағынан алға озудың қамына кірісу керек. Өйткені, әдебиетіміз жасарып жатыр. Бұл – жақсылықтың нышаны!». «Пәленше жерде кездесу болады» деген жазуды оқыған студенттің ойына алдымен аузы ақкөбік болғанша баяндама оқитын, қалтырап әзер жүретін академик елестейтін әдеті. Ондайда залдың артқы жағындағылар бір мызғып алатын. Ал, бұл кездесу өзгеше өтті. Ағамыз: «Әдебиетіміз жасарып жатыр», – дегенді аудиторияға лық толған жастарға қарап, сондай бір үмітпен, сондай бір сеніммен айтқан-ды. Бәрі қол шапалақтап жіберді. Ол кісімен алғашқы, сырттай таныстығымыз осылай басталып еді!..
Дидахмет Әшімханұлы – рассказчик, яғни көлем қуалауды қол көрмейтін, әңгіме жанрын жақсы игерген жазушы. Оның туындыларында баяндауға құрылған сюжет кей сәтте натуралистік сипат алып, Табиғат пен адам, адам мен орта, ішкі қақтығыс пен қалыптасқан жағдайға деген қарсылық – бунт, оқыс оқиға мен одан шығатын жол, бей-жайлық пен беймаза тіршілік, немкеттілік пен неге болсын өзіндік пікірі бар кейіпкерлер тоғысқан. Дидахметті оқып отырғанда, бір қызығы, фабуланың лирикалық, нәзік тұсы мен персонаждың психо-физиологиялық ахуалы бір сәтте, бір мезетте көз алдыңнан өте шығады. Өз сөзімен айтқанда: «Қаламгер табиғатынан туар көркем шығарма – оның өз дүниетанымынан, өз талғам-түсінігінен сыр берер өзгеше бір сырлы әлемнің көрінісі болмақ». Мәселен, «Тасқаладағы» ауылдан келген Сәнтайдың қаланың қарбалас тіршілігіне сіңісе алмай, қиналған сәтін автор жақсы суреттеген. Со кездегі сүйегі – қазақ, бірақ рухы – орыс шаһарда тұру қаншалықты қиын екенін ремарка мен қысқа-қысқа диалогтармен ұтымды көрсеткен-ді. Әңгіме финалы кішкентай балаға жаны ашыған Сәнтайыңыз оны жанына шақырғанда: «Че? – деді бала көзі жыпылықтап», – деген пессимистік нотада аяқталады. Автор ұрпақ өз тілін ұмытқан дегенді аңғартқандай. Ойлы оқырман пайымынша кез келген көркем шығарманың миссиясы тек белгілі бір рухани ахуалды сипаттап немесе дәл сол күйінде ғана беруден тұрмаса керек. Туынды түйіні терең ойды, астарлы мағынаны ашып, белгілі бір деңгейде болжаушылық қасиетке ие екенін көрсетсе дейсің. Себебі, қазір сол «тасқалаңыз» қазіргі кезде толықтай болмаса да қазақыланып, өзін-өзі тануға бет бұрған. Яғни, одан бері жағдай өзгерген. Шығарма сыр бүксе, ішінде бір құпия сақтаса, бәрін ашып көрсетпей, дәнегін жоғалтпаса одан қаламгер де, оқырман да еш ұтылмасы анық. Ал, автордың «Зауалында» адам тағдыры, рок, нәзіктік, шымыр сюжет бар. Кемелдің бір ғана әлсіздігі – оның қаталдығы өзіне зауал боп келді. Жазушының айтпақ ойы – осы. Әңгіме Кемелдің тау арасында жатқан сәтінен басталады. Алғашында: «Бұл қайдан келді? Не істеп жүр? Бұған не болды?» деген ой туады. Лирикалық шегініс арқылы оның бұндай халге қалай душар болғанына көзіміз жетеді. Сөйтсек, Кәрім деген жігіт екеуі аңға шыққанда, бір топ суырға жолығады. Серігінің: «Ағатай-ай, рақым етіңізші, өлтірмеңізші, ағатай-ай», – деген сөзіне құлақ аспаған ол желкесінен ауыр соққы алады. Бұл аздай, орнынан тұрып, өз-өзіне келген соң арқардың артынан қуамын деп жардан ұшып өледі. Туындыда: «Менің балаларым бұлар құсап інде ұйлығып жатпайды», – делінсе, енді бірде: «Құшақтасып тұрып, көздерінен жас парлатады, өлетіндерін сезіп көрісіп-қоштасып жатқанын бұдан әрі көруге Кемел де шыдай алмады» деген штрих арқылы автор біреуді ақтау, біреуді қаралауға аса ниетті емес екенін байқатады. Жақсылыққа жаны құмар жазушы бір ғана позицияны ұстаудан ада. Туындыгер өз оқырманын өр Алтай, Бұлғындысай, Көксеңгір, Сарымсақты, Бөктерлі, Мұзбел, Дара, Мұзтау, Қайыңды, Кеңөріске сапар шектіртеді. Ол Шығыс өңірінің сұлулығын өздігінше береді. Ешкімге ұқсағысы жоқ. Психологиялық прозаның өкілі – Ж. Аймауытұлына деген симпатия «ранний» Дидахметте сезіледі. Оның «Он бірінші күзі» Құлбек Ергөбек байқағандай «повесть емес көлемді әңгіме» бола тұра айтар ойы анық, көтерген мәселесі өзекті (әдебиетшіге қосыла отыра айтарымыз, туындыда жалаң сюжет емес, идеяның қаншалықты ашылғаны маңызды). Орта мектепті «алтын медальмен» бітірген Бөкен Есілбековтің жоғарғы оқу орнына түсе алмай, ауылына оралады. Орталық персонаж – жорға Жұмабек, Мырзабек, Шәміл, Мағиралардың бір-біріне деген қарым-қатынасы, іс-әрекеті арқылы оларды қайта танып, бұрынғы білдім дегені жалған боп шығады. Өмірден көп сабақ үйренген Жәмеш ортаға мойынсұнбай, өзін-өзі жоғалтпағанына қуанасың. «Күріш арқасында күрмек су ішкендерге» басты сот – ұждан соты да қорқынышты еместей көрінеді. Өйткені, бойы үйренген, беті қалыңдаған, өзгерген, өшкен, сөнген. Дегенмен, ауылдағы ағайынды алаламайсың, бәрінің өзіндік – өмірлік мотиві бар. О мотив – «тірі адам тіршілігін жасайды». Жазушы кез келген қоғамдағы құбылысты күрделендірмей, өте қарапайым бере салғандай әсерде боласыз, алғашында. Алайда, әлеуметтік драмаға толы әр туындысында ол кейіпкер жанындағы олқылықты, рухани мешелдікке философиялық мән бере отыра ашатыны ынтықтыра түседі. Дидахмет біреуді тұқыртып, біреуді сынауға мүлде жоқ не керісінше, асыра мақтап, идеализациялауға да бейім емес. Және ақты – ақ, қараны – қара ретінде беретін қайбір қаламгерлер сияқты өте примитивті әдістен де бойын аулақ ұстайды. Оның әңгімелерінде тартымдылық, оқырман көңілін аудартатын бір күш бар. Ол күштің аты – адамгершілікті жырлап, адамның адам ретінде, таза қалпында қалуы, мына өмірде өзін-өзі жоғалтпауы. Ал, жазушының «Сары самауыры» сағынышқа, ностальгияға малынған, естелікке толы шығарма (бір байқағанымыз, қаламгер туындыларында самауыр деген атрибутика көптеп кездеседі екен). « – Немене, шайнектің шайы ішіңе батпай жүр ме? – деген өзінше әзілдегенсіп. – Шайнекпен шай ішпейді, – деді Айжан бұртиып. – Шайнекпен дәретке су жылытады. – Не дейді?! – Сен оны қайдан көрдің?! – деп Гүлсан шоршып түсті. – Апамнан. Апам: «Сыртқа су жылытып шықпаған адам харам болады», – дейді» дей келе, автор: «Сары самауыр десе, Айжанның ойына апасы оралатын» деген бояу қосқан. Бұл әңгімеде тек қана адамның ішкі күйзелісі мен толғанысы ғана емес, қазақ қоғамы өзінің болмыс-бітімінен, діңгегінен алыстап, технократияға бет бұра бастағанын сипаттаған. Сары самауырды сақтау – қазақтықты сақтау. Қаламгер суды шәйнекпен қайнататын, сиырдың желінін аппаратқа қосып сүт алатын, ақты тоқпен өндіру үрдісінің босағадан сығалап, табалдырықтан аттағандығын әсерлі көрсеткен-ді. Бұл тұста, Д. Әшімханұлы өзін тұтас бір өркениет өрмекші торына маталып, локалды қалыпта, дәрменсіз күйге түскенін шебер бере алды деуге негіз бар. Жазушы финалды символмен түйіндейді. « – Сары самауырдан айырылып қалдық, ағайын!.. Еріп кетті оттығы, балқып кетті бүйірі!.. Қайда әлгі келін?!». Айжан тесіктен сығалап тұрады... Ал, «Жетпіс апа» әңгімесінде басқаны айтпағанда адамды күту психологиясын Дидахмет оңтайлы береді. Көп те емес, аз да емес, бәрі мөлшермен.
« – Апа, есік ашшы! Мен ғой, мен – Жетпіс. Құлағына дүбірлей жеткен тосын дыбыстан Жетпіс апа шошына тұрды. «Япыр-ау, өңім бе, түсім бе? Не деді, әке, Жетпіс деді ме, қалай?». Есік тағы да тырсылдады. – Апа, мен ғой, мен – Жеміс. «Не деп кетті құрғыр, Жетпіс деді ме, Жеміс деді ме?». Ол еңкеңдеп басып есікті ашқанда Қасен шалдың немересін көрді» дейді. Осы детальмен-ақ Жетпіс апа – Камиланың күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, ұлын зарыға күткен сәтін өте аянышты формада суреттеген. Жетпіс апаның өзгелерден, жалпы массадан, жалпы фоннан бөліп тұрған ерекше қасиеті – үміт шырағы. Соны сөндіріп алмау үшін «өзектіге – бір өлім» дегендей, тіршілік кеше беруіне тура келеді. Амалсыз. Өзін күтіп тұрған атар таң, батар күнге сеніммен қарайтыны, әңгімеде оптимистік сарынның басым болуында ешқандай бір жасандылық жоқ. Кәдуілгі біз бен сіз көріп жүрген тіршілік, көз алдымыздан көлбеңдеп өтіп жатқан өмір көріністері. Дәл осы әңгімесінде жинақы әрі композициялы-компонентті, конструкциялық тұтастықты орынды сақтаған.
Дидахмет Әшімханұлының туындыларына ортақ бір нәрсе – өкініш пен протест. Оқырманға: «Өткен іске өкінбе, басыңды көтер!» деген сыңайда әсер ете отыра, мына қалыпты нәрсеге өз қарсылығыңды білдір, соңғы рет тұяқ серпісең де жаман емес деген астар бар. Оның өзіндік, не Оралханға, не Қалиханға ұқсамайтын бір дербес, Тәуелсіз әлемі бар. Ол әлемге кірген сәттен бастап, сіз өмір мен өнер шекарасын ұмытасыз. Бәзбіреулер аса бір қатқылдықпен беретін детальды (кейде оны өздері де байқамайды), ол жан призмасы арқылы көрсетеді. Туындыгер: «Ақсу бәз-баяғысынша күмбір-күмбір күркірейді», «шілденің қоңырсалқын мақпал түні», «қурайдың өзегі толған қоңыр күз», «үй ішіне жапалақ қағып, сары жапырақ жауып тұрғандай», «жағасындағы сырғалы ақ қайыңдар Аққабаны өзгеше бір әуенмен әлдилейді екен», «бозамық сәуле астында төңірек балбырап ұйып тұр», «тас көшкіні аңғарды уыз ұйқысынан сілкіп ала жөнелді» деген суреттер арқылы поэтикалық атмосфера тудырып, өзіне барынша баурай түседі. Пейзажды өте бір дәлдікпен суреттейтін Дидахмет жазу объектісіне айналған адам мінезінен мін іздеуден гөрі, оны таза қалпында – құбылыс ретінде бағалап, ішкі және сыртқы қақтығыста, динамика үстінде ашатыны байқалады. Әңгімеге өзек бола білген прототиптер оның қаламына бекерден-бекер ілікпесе керек-ті. Біздіңше, оған себеп – кезең тудырған кесек-кесек образдар. Ал да жаза бер! Орталықтағы «Саяси машина» қазақ тағдырын қалада шешкенімен де, нағыз рухани картина ауылда «салынып» жатқан еді ғой. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, күні-түні ел келешегін ойлаған арда азаматтар, арлы тұлғалардың аяғына тұсау болған да со «Темір тәртіп» еді. Және 50-60 жылдары да «ауыл прозасының» күрт дамуына бірден-бір септігін тигізген де со жүйе еді. 1992 жылы жазған «Голощекинге ескерткіш керек пе?» деген мақаласында ол қазақты қырып, өзімен бірге зұлмат жылдарды алып келген Исаевичке «Тағзым-ескерткіш» орнату туралы ұсынысын көбі кеткен есені қайтарудың бір түрі ретінде қабылдады. Дидахмет шығармашылық мақсұт-мұратын өзгеріске түскен, өзгеріске түсірген қазақ қоғамындағы дін, тіл, мораль, этика, ұлттық болмыстың түрленуін жазып, уақыт сынына, тағдыр талқысына түскен санаулы образдарды саралап, типтендірген. Ол ең бастысы, ең ұнамдысы адам тағдырын беруге, құлаған, сүрінген, орнынан қайта тұрған, өмірдің күре жолына күреспен жеткен адамдарды, солардың жан қатпарын ашуға құмар. Осымен қатар, қаламгер этнографиялық бояуларды дәлдікпен беріп, не кем, не артық пайдаланбайды. Образ санасындағы салт, әдет-ғұрып бейсаналы түрде туынды органикасы мен тұтастығын бұзбастан шеберлікпен өрілген. Қаламгердің қазақбайшылықты, ақымақтықты, жалақорлықты, құндылықтардың құлдырауын сынаған «Жоқ, олай емес», «Ақыл тіс», «Бірсомдықтың мұңы», «Балтабайдың жолындағы» сатиралық шығармаларында өзін жаңа қырынан – юморист ретінде таныта алған-ды. Оның туындылары жеңіл әрі тез оқылғанымен де, ойға қаласың. Көтерген тақырыбы – қазақ қоғамындағы келеңсіз жайттар. Алматиктің «ақыл тісі баяғыда шыққанымен оны қанқұрт кеміріп қойыпты» дегендей сыздауықша сыздап, жарылуға айналған көкейтесті мәселелерді айту өзіне ар алдындағы, оқырман алдындағы парыз санағандай. Ал, Бірсомдық деген пақырыңыз Бізге, Сізге, Оған, Анаған ашық хат жазады. Онда өзінің тым ұсақталып, «майда, мелочқа» айналып, құнының түскені туралы баяндайды. Шығарма эпистолярлық рухта жазылған.
Дидахмет Әшімханұлы Джек Лондон туралы «Жанкешті жазушы» атты мақаласында: «Ақиқатты айтуға келгенде, ол әманда әділеттің жағына шығып отырды» деген еді. Дәл осы сөзді қаламгердің өзіне де пайдалансақ болады. Себебі, повест, әңгімелерінде автор оқиға дамуына саналы түрде араласқысы келмесе де, жамандық жақсылықтан үстем тұрған кезде оның жаны қатты ауыратынын, позициясы сипаттау шекарасынан асып, «переживание» – сезіну, қабылдау, түйсіну категориясына өтіп отыратынын байқау қиын емес. Сырттағы адамға сыр білдірмейтін ол бір сұқбатында «әрдайым күйзеліске түспеудің жолын» іздейтінін айтқан еді. «Теңіз қорқауындағы» Модтың: «Қош бол, қайсар рух!» – дегеніндей, қазақтың Дидахметі қашанда жасай бермек. «Дүние жалған!» мөрі оның да рухани һәм биологиялық «төлқұжатына» басылғалы біраз жыл болды. «Көздегі шелді сылып, көкіректегі желді басатын да – Ажал» екенін автор 2002 жылы «Ажалдың да адамға берері бар» мақаласында махаббатпен, іңкәрлікпен жазған еді. Онда Жанат Хаджиев сахналаған Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» пьесасын талдаған. Сонда ағамыз өлімнен қорықпайтынын, оған шығарма өміршеңдігі қымбат, қаламгер үшін нағыз Өмір сол екенін ұғындырғандай болған. Ол шығармашылық ғұмырының жартысын публицистика мен баспа саласына арнаса да, прозаға қойған талабы ерекше-тін. Жас жазушылардың тырнақалдысын оқыса, жылы-жылы лебіздер білдіріп, қолдап, ақыл-кеңес айтып жүрді, ешкімді елеусіз қалдырмады. Дидахметтің 1989 жылы жазған «Жылы ағысты жас толқын» мақаласында «Жалын» баспасынан жарық көрген жинақтағы Талаптан Ахметжан, Толымбек Әбдірайым, Әлібек Файзуллаұлы, Жаңабек Шағатай, Жүсіпбек Қорғасбек, Сәбит Дүйсенбиев, Нұрғали Ораздар жөнінде ықыластана жазып, болашағынан үлкен үміт күтетінін жасырмай айтқан-ды. Сол мақаланы оқи отыра туындыгер түйсігі мықты әрі әдебиеттегі сәуегейлік қасиеті бар екенін байқап қалдық. Бір жағынан қуандық. Біреуді ашып, енді біреуге сенім артып жатса, жастар тартынсын ба?! Жазушы «Әңгіме емес әңгімелер» атты естелігінде: «Сыннан Белинскийді іздеу үшін, алдымен әдебиеттен Гогольді ізде», – дейді. Біз де соған иландық...
Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, жазушы-драматург,
әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы
Бөлісу: