Қазақ поэзиясындағы жылқы бейнесі

Бөлісу:

15.02.2022 6011

Лирикаға тән қасиеттердің бірі – адам сезіміне әсер берер отты, жалынды эмоциялық сезімталдық екені белгілі. Ақындар лирикасының басты ерекшелігі – нәзік сезімге, ойлы толғанысқа құрылумен ерекшеленеді. Ақындардың жылқыға арналған өлеңдерінен авторлардың мінез даралықтары да көрінеді. Негізінен қазақ өлеңдеріндегі әдеби бейнелер жүйесі ақын бейнесінен басталады. Бірақ, басқа да лирикалық образдар болатынын ескермеуге болмайды. Осы тұста ақын Қ.Мырзалиевтің мына бір орынды пікірін келтіре кетсек: «Меніңше, жақсы өлең – мазасыз тебіреністен шығады. Өзім жазған поэмалар мен жақсы деген өлеңдерім – өз жанымды тербетіп, маза бермеген ойдан, қиялымды дүбірлеген әуендерден туса керек. Жаным сүйген тақырып жүрегімді тербейді де, жазбасқа қоймайды. Шын тебіреністен туған өлең – асқардан ақтарылған тас бұлақтай тегіреуінді болуға тиісті. Не жазса да ақынның өз мінезі, өз «мені»болуы шарт. «Мені» жоқ ақын, жасық ақын. Ал өзі жасықтың – сөзі жасық».

Қалыптасқан ұғым бойынша, лирика дегеніміз – ақынның ойы мен сезімінің ұштасып келіп тұтас көрінуі. Лириканың предметі де, бейнелеп айтар ойлары да, бейнелеп көрсетері де – ақынның өз көңіл-күйі. Н.А.Добролюбов өзінің И.Никитин өлеңі туралы жазған мақаласында лирикаға орай мынадай тұжырым айтады: «Лирикалық өлеңде, – дейді сыншы, – ақын өзінің табиғатты немесе өмірдегі белгілі бір құбылыстан алған тікелей сезім-түйсігін айтып береді. Бірақ мұндағы нәрсе – сол түйсіктің өзі де, оны ақынның енжар қабылдауы да мес, ақынның сол сыртқы әсерге іштей ұйып, құлай ықылас қоюында».

Академик Зейнолла Қабдолов «Сөз өнері» атты еңбегінде ақын Қадыр Мырзалиевтің:

«Айтамыз біздер ақын деп,

Адамды шоқ боп маздаған.

Ақынға керек ақыл көп,

Асаулық керек аздаған»,

деген өлең шумағын келтіре отырып: «Әдемі айтылған шоқ боп маздау, көп-көп ақыл, аздаған асаулық... Бұлар не? Ақынға керек айрықша сипаттар ма? Осы арадағы әр ұғымның арғы жағында әр алуан қызық құпиялар жатқандай. Соны түсінген адам ғана ақын табиғатын терең тани алады», - дейді.

Қазақ халқының түсінігінде төрт түлік ұғымы – төрт түрлі элементтің, төрт бағыттың — жоғарғы-төменгі, оң-сол жағының символдық мәніне ие. Жылқы – ақылдың, жоғары әлемнің бағыттаушы символы. Ежелде жылқы иесін жерлеу рәсімінде жанына жылқының басын қоса жерлеген. Қазақстан аумағындағы қорғандарда қожайынымен бірге жылқының басын немесе терісін жиі жерлегеніне археолог ғалымдар куәлік етеді. Тотемизм түсінігіндегі үш әлем – бір әлемге сәйкес келетін жануарлардың үш түрі. Жылқы – жоғары әлемнің, қошқар – материалдық жердегі әлемнің, сиыр – хаос пен өлгендер әлемі һәм жаратылыстың бастауы болып саналады. Түйе – бәрінің басын біріктіретін ғарыштық төртінші өлшем.

Ақын Есенғали Раушанов поэзиясында осы жылқы малына қатысты ойлы да көркем жырлар көп кездеседі. Мәселенки, «Қаракөк айғыр туралы баллада» атты өлеңінде жылқы жаратылысын көркемдікпен суреттейді. Ақын метафоралық-символдық бейнелермен өлеңнің поэтикалық дәрежесін көтереді. «Күміс жалды күрең», «қаба жалды қара құнан», «құлын сезім» деген теңеулерінде құлынның еркіндігі мен еркелігі, тентектігі мен тынымсыздығы сәтті поэтикалық суреттеуге ұласқандай. Өтіп жатқан күндерді күрең қасқа жорға мінген кейіпте кескіндеу – ақынның өзіндік жаңалығы. Бағзы әлемдік ертегілерде түнді «қара ат мінген», таңды «ақ боз ат мінген» адам түрінде суреттеу тәсілі бар. Е.Раушановтың күрең қасқа жорға мінген күні – өтіп жатқан өмірдің қалпын ақындық танымымен бейнелеуінің бірегей мысалы. Қазақ ауылының халі «ақсаңдап тұрған, басына айғыр заман тепкен кепкен шал» бейнесінде көрінсе, бұл заманның қаншалықты қасірет әкелгенін еш баяндаусыз-ақ ұғуға болады. Күз мезгілін жыр еткенде де оны «күрең тай» метафорасымен бейнелейді. «Күміс жалды күрең» ұлттық поэтикалық дәстүрді береді.

Есенғали Раушанов «Көкмойнақтың үйірі» атты жырында Адай жылқысының тағдырын терең толғайды. Қазақ энциклопедиясында: «Адай жылқысы – қазақ жылқысының салт мінетін бір тұқымы. Ұзақ жүріске төзімді, жүйрік, қағылез, безбүйрек. Онда түрікпен жылқысының қаны бар. Бағасы етсіз, көзі кішкентай, жанары мол, мойны қысқа, шоқтығы биік, арқасы түзу, сауыры ұзын әрі салыңқы, аяғы жуан, бірақ етсіз, тұяғы берік болады. Суық пен ыстыққа төзімді келеді, қысы жазы жайылымда болады, күтім талғамайды» - деп анықтама беріледі. Көкмойнақтың үйірі асыл тұқымды жылқы үйірі емес, ұлт бойындағы, қан тамырындағы тектілік пен қасиет. Содыр заманның сойылына кез болған халықтың ішкі шері мен қасіреті суреттелген туындыда ел тағдыры мен Көкмойнақ тағдыры қос желі тартып жырланған.

Белгілі ақын Күләш Ахметова жануарлардан ақын пырақ, құлан, тұлпар, жез киік, құмай т.б. жырға қосып, символдық бейнелер жасайды.

«Барам десең, есігі ашық бар үйдің,

Шабам десең, Шалқұйрықтай ат дайын», - деп, ертегі-жыр кейіпкері - Шалқұйрықты да тілге тиек етеді.

Қазақ дәстүрінің кеніші Маңғыстау өлкесін жырға қосып, поэзияда ұлттық рух беретін Светқали Нұржанның поэзиясында да сәйгүлік бейнесі кең көрініс тапқан. Мысалы, «Кездерде кейде қара бұлт айды бүктеген, Үйіме үнсіз тұнжырап қайғырып келем. Талықсып жатып содан соң кетемін ұйықтап, Ұйықтап кетсем түсімде сәйгүлік көрем... Мінем де шабам алдымнан аңғарлар қаптап, Таулардан орғып өтемін, заңғарларды аттап. Жарықтың жылдамдығын да жолда қалдырам, Мен болсам – арман, тұлпарым – арманнан да әппақ!». Жырда кейіпкердің сезім шырғалаңы әсем де әсерлі суреттелген. Буырқанған сезімді «Тұлпарым қандай сол шақта және мен қандай» деп алып ұшқан жүйрік атпен шебер теңестіреді.

Қазақ поэзиясында өзіндік бояуы бар, қолтаңбасы қалыптасқан, ой-сойы биік ақындардың бірі Маралтай Райымбекұлының жылқы туралы жазылған «Кентавр» шығармасын көзі қарақты оқырманның көбі біледі. Шығарманы талдамас бұрын кентавр сөзінің мағынасына тоқталайық. Бұл – көне грек мифтеріндегі адам мен жылқы біріге біткен бейнедегі жиынтық образ. Образ көне гректердің жылқы малын әлі қолға үйрете қоймаған шағында салт атты көшпенділерді (сақ, скиф т.б.) көргеннен кейінгі таңданыстан туындаған. Осымен байланысты мифтердегі кентавр дүлей күш пен жабайы түйсіктің иелері ретінде суреттеліп, біразы мифтік қаһармандардың жауы ретінде көрінсе (Несс, Анкий, Агрий, Хомад т.б.), тағы бір бөлігі оларға ұстаздық етеді (Хирон, Фол т.б.). Кентавр сөзінің шығу төркіні жайлы тағы бір көзқарас – арийлік үнді-еуропалық түп негізге сүйеніп, көне үнді мифтеріндегі, жалпы индуизмдегі жартылай құдай кейіпкерлер – гандархвалармен де байланыстырып жатады.

Бұған дейін де кентаврды негізгі тақырып етіп алған көркем мәтінді б.з.д. IV ғ. грек ақыны Херемонның «Кентавр» драмасы, отандасы Линкейдің осы аттас пьесасы және ХIX ғасырдан бері қарайғы әдебиет пен сурет, мүсін өнерінен де кездістіріп жатамыз. Біз өмір сүріп отырған заманда фэнтези жанрындағы прозалық шығармалардың, тіпті бейне-ойындардың кейіпкері осы – жартылай адам жылқылар. Ол образдар Маралтай Райымбекұлының өлеңінде былай суреттеледі:

«Пұшаймен халім өртеді мені,

Қылқобыз кеудем шертеді нені?

Жал бітті кенет...жотама менің,

Оқиғадайын ертегідегі».

Өлең жолдарынан ақынның ішкі мұңын, шешілмеген түйінін байқауға болады. Күш-көлігі жоқ қоғамда туған бұл мифтік тотонимді екі жақты көзқараспен түсіндіруге болады. Бірі – әсіре лириктердің модернистік бағыты, екіншісі – философтардың парасат деңгейіндегі материалистік бағыты. Кентаврда бар қасиеттің өзінде де барын сезген лирик қана: Солардан қалған жүрек қой мынау – Жүрегім неге кісінемейді? (Кентавр), – дер еді.

Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың:

Қолымызға құрық ап құла дүзден іздейміз,

Іздейміз оларды – көшпенді жылқысын.

Құла ма, қоңыр ма, қылаң ба, білмейміз,

Біз үшін беймәлім түр түсі, - деп өрілелетін тармақтарынан қазіргі заманның шындығы айна-қатесіз, ап-анық көрінетіндей. Сарыарқа төсін еркін жайлап, кеңдікте ғұмыр кешкен бабалар ұрпағының тар қалада тарыққан қамырықты хәлі көз алдымызды көлбейді. Ақын өлең жолдарын былай жалғайды:

«Енді үнсіз отырмын

сағыныш сарғалдақтарын бүрлетіп санада,

жусаны бұрқырап,

Көктем ғой бұл мезгіл құлпырар.

Құлазу кезіндегі

Мендік бұл қасіретті білмейді тағы олар,

Кісінегім келеді бейуақыт шұрқырап».

Сайын даласының жусаны бұрқырап, жылқысы шұрқыраған, рухы егемен елдің бүгінгі кейпі мен тұрқы мүлде өзге. Заман сұранысынан, қоғам талабынан қажыған ақынның жыр жолдарынан бүтіндей ішкі қасіретіміздің лебі еседі.

Қаламы қарымды, жыры жалынды жас қаламгерлердің бірі Жанат Жаңқашұлының өлеңдерінен де жылқы жайлы поэтикалық өлшемдерді көзіміз шалды. Ақын:

«Тимеңдер менің арғымағыма,

Тағдырым тұлпар салды бағыма.

Жаяулап емес, құлдардай өңшең,

Тәңірдің атпен бардым алдына.

Дәуренім өтті, әттең, білемін,

Барлығып қалды-ау, ақ тер күреңім.

Тарт қолыңды, тексіздің ұлы,

Тарихыңа да атпен кіремін!» – дейді.

Арғымақтың күй талғамайтыны да, ақынның Тәңірісінің алдына баруы да тегін дүние емес. «Тәңірге атпен бару» дегеніміз көне замандағы батырларды салт аттылармен жерлеу ғұрпын көрсетеді.. Жыр соңында қазақ халқының түбі түркі нәсілінен тарайтынын өрлікпен түйіндейді:

«Дүбірмен жердің түріп етегін,

Шеңгелге түссе бүріп өтемін.

Арғымағымнан айырма мені,

Көрінсін елге түрік екенім».

Бабаларымыз Қамбар ата баласының болмысын, мінезін, әр қимылын, тіпті түсіне дейін де толық зерттеп, бағдарлап қойған. Ахмет Тоқтарбайдың «Қазақ жылқысының тарихы» атты кітабында қазақ жылқысының 300-ге тарта түсі бар екені жазылған. Сәт Есенбайұлының «Көк ат» атты өлеңінде Абайдың ізін жалғап, аттың бейнесін шебер суреттеген ақындардың біріне жатқызамыз. Ақын жануардың кескін келбетінен бөлек түр-түсіне де аса мән беріп, өлеңіне арқау еткен:

«Көркін көрген ұнатқан,

Көз сүйсінген көк аттан.

Құлаш мойын, майда жал,

Қиған қамыс құлақтан.

Бота тірсек, бөкен сан,

Сом болат төрт тұяқтан.

Желісіңе жел жетпес,

Үсті жайлы пырақтан.

Тиіп кеткен тұяғы,

Қара тасты уатқан».

Аттың түсіне де ерекше мән берген. Көк жылқы деп – жылқының түгі шымқай көк болмай, көкшіл қылшықты болып келуін айтады. Жылқының желке үстіндегі өскен қалың қылын «жал» деп атайтынын білеміз. Алайда, жылқының сыртқы кескінін сымбатты қылып көрсететін жалдың сипатына қарай көптеген атаулар қалыптасқан. Мәселен, өлең шумақта кездескен майда жал деп жылқының жалы қатты және қалың болмай, қылшығының жіңішке әрі жұқа, күлтеленіп келген түрін айтамыз. Т.Өмірзақовтың зерттеулерінде «Майда жалды жылқының мінезі де жайлы болады» деп ерекше атап жазып кеткен. Ақынның жылқы малын «бота тірсекті» деп алуының өзінде де ақынның шебер суретші екенін байқаймыз. Дастандық жырлардағы тұяғымен тасты уату жайындағы көріністер тәуелсіздік кезеңінде өмір сүріп жатқан ақындардың жырларынан да аңғарамыз. Ақын жылқы малын адамның мінез-құлқына да теңейді:

«Айта берсем суреттеп,

Адамдай есті ісі бар.

Ал қара көк құлпырған,

Көз тартатын түсі бар», - дейді. Шынында да жылқы малының біз біле бермейтін қасиеттері де адамның бойынан да табылатыны қызық дерек. Мысалы, жылқы малы оқырану, кісінеу арқылы бір-бірін шақырса, осқыру немесе тарпу арқылы қарсыластарына айбар көрсетіп, қауіп-қатерден сақтайды екен. Қасыну, иіскеу арқылы туыстық қатынастарын, үйірлік жақындықтарын анықтаса, құлағын жымыру, мойнын жерге салу арқылы бір-біріне сес көрсетеді. Ал, баққан иесіне иіскеу, оқырану арқылы жақындық білдірсе, шоқтығын немесе кекілін үйкеп еркелейтін қасиеттері де бар. Айдаса жүріп, қайтарса қайтады, мінсе желіп, шапса шабады, тоқтаса тоқтайды және өз иесінен басқасын үстіне ешкімді мінгізбейді. Міне, осындай қасиетті жылқы малын өсірген қазақ халқы жануардың барлық мінез-құлқын зерттеп, зерделеп шыққан тәрізді. Жылқының ең жақсы түсі – қара көк. Ақынның бұл өлең жолдарынан қара көк деп жырлауы да тегін емес.

Жылқы жайлы қайталанбас жырларымен жұрт назарын аудартып жүрген Нұржан Қуантайұлының өлеңдерінен де қызықты деректерді таба аламыз. Мысалы мына өлең жолдарына назар аударсақ:

«Үйірді мынау үйірген айғыры күшті,

Шау тартса дағы әлігүн айбыны сұсты.

Қарагер құлын қалқиған шалынып көзге,

Тегі бір айғыр есіне тай күні түсті», - деп келетін өлең жолдарынан үйір деген сөзге нақтырақ тоқталсақ. Үйір ішінде жүрген жылқы қауіп-қатерден тыс жүреді. Өйткені үйір – жылқының еркін өмір сүруінің кепілі болып табылады. Сырттан келген шабуылға тойтарыс беруді және қиындықтардан шығуды осы үйір ішінде үйренеді. Үйірдегі әрбір жылқының орны қатаң тәртіппен сақталады. Үйірдің тәртібін үйлестіретін басшылық қызметті сары қарын, сақа биелер атқарады. Жылқы түлігінің басты қасиеті үйір басы айғыр өзінен туған құлынды үйірге қоспай, байтал шыққанда басқа айғырдың үйіріне қуалап апарып, сол үйірдің байталын қайыруға алады. Осындай тектілік тек жылқы малында ғана кездеседі. Үйірге салынатын айғырды мал дәрігерлік тексерілуден өткізіп, зоотехникалық талаптарға сай іріктеп алады және оның тұқымдық ерекшеліктері мен шығу тегі де басты назарға алынады. Тіпті түр түсі де баса назарға алынады. Қазақы ортада көкмойын, құла, қарагер түсті аттар көп таңдалған. Яғни, талдй келе ақын өлеңінен кез-келген айғырды үйірге қоспағанын аңғарамыз.

Нұржан Қуантайұлының өлең жолына тағы да назар аударсақ, аттың түсіне де ерекше мән беріп, қаракер деп алған. Жылқы малының ішіндегі ең сұлуы да осы қаракер түстісі. Қаракер дегеніміз – бараң тобына жататын, жалпы түсі қара болып, тұмсығы мен шабы күңгірт тартып келетін жылқының түсін айтамыз. Бараң тобы деп тұрғанымыз жылқының қара, қоңыр, жирен, торы, құла, құбақан, күрең түстерін айтамыз. Ақынның өлеңіндегі қаракер түсті таңдауы да үлкен шеберлік пен ізденісті талап екенін байқаймыз.

Нұржан Қуантайұлынан басқа қаракер деген түсті өз өлеңіне қосқан – Марфуға Айтқожина. Танымал ақын өлеңінде:

«Қамшылай жөнелгенде қаракерді,

Бұрқ етіп аспанда шаң қала берді.

Қарагер қанат бітіп бұлдырайды,

Жолдағы тамсандырып тана көлді», - деп қаракер аттың желмен жарысқан шабысын ерекше тамсана суреттеген. Ал Ұларбек Нұрғалымның «Көк ат болам» өлеңінде де жылқының түсі мен мінезін ерекше әспеттеген:

«Үзіп кетіп шылбыры мен шідерін,

Еркін аққан ендігі жыр – Күреңім.

Мен қайтейін, қазақ өлең сынаса,

Жылқылардың біле тұра мінезін».

Бұл өлең жолдарындағы «шылбыр, шідер және күрең» сөздеріне анықтама берейік. Шідер дегеніміз – атты байлау үшін ноқта немесе жүгеннің сулығына тағылатын жіңішке қайысты айтамыз. Ал шідер деп – жылқыны түнде жайылымға қоя беру үшін аттың алдыңғы аяқтарын байлап қоятын ат әбзелдерінің бірі. Ақынның өлеңіндегі жылқының осы шылбыр мен шідерді үзуі еркіндікті аңсағанының белгісі ретінде көре аламыз

Жылқы жануарының түр-түсін жырға қосқан ақындарды тізе берсек шек жоқ тәріздес. Мысалы, Нұржан Қуантайұлының «Керқұла» атты өлеңінде:

Керқұла, сағынтпадың қай ұлыңды,

Жүрмісің жәннат жерге жайылымды.

Құранды ер қыр арқаңды қажап жүр ме,

Бос тартып жіберіп ем айылыңды, - деп келетін өлең жолдарынан жылқының керқұла түсімен қатар ат әбзелдері де орнымен әспеттеліп суреттелген. Ең алдымен қерқұла сөзіне анықтама берсек – жылқының түсі, басы мен денесінің жүні алтын тәріздес жылтырап, теңбілі болса және арқасында шоқтығынан бастап құйрық бітісіне дейін созылған жіңішке қара жолағы болса аттың түсін құлакер немесе керқұла деп атаған. Ақын ат әбзелдерінің ішіндегі көп атала бермейтін сөздерді тілге тиек еткен. Қазақтың бүкіл салт-дәстүрлері атқа байланысты болғандықтан, атқа келетін зақымдарды да қарастырған. Өлең жолдарынан да осыны байқауға болады. Мысалы, «құранды ер» деген сөзді талдасақ, жасалу жағынан өте күрделі, берік әрі жайлы және әдемі ер тоқымды өзінің шумақтарына тізбектеп қосқан. Жылқының үстіндегі ер-тұрманды нық ұстап тұратын ат әбзелінің бірі – айыл екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз.

Айылды тағудың да өзіндік ережелері болады. Ат ерінің айылы ердің қапталының теріс жағынан тағылады. Айылды аттың төсіне көлденең орап немесе шабына таман, бауырын орай тартады. Айылды тартқанда бұралып қалмауын байқау керек. «Төс айылдың батқанын иесі білмес, ат білер» дейтін қазақ мақалының мәні де дұрыс тартылмаған айылдың атқа қатты бататындығын меңзейді. Ал, Нұржан ақынның осы бір өлең жолдарында жылқының үстіндегі айылды босатып, арқасын қажап жүргендігі жайында жырланып, қаланың күйбең тірлігіне араласып, даланы сағынған күйінішін аңғарғандай боламыз.

Қамбар ата түлігінің ерекшелігін Қарағандылық жүрегіне жыр ұялаған ақын Ғалым Жайлыбай былай деп қалам тербейді:

Қара түнде нұр саулап иінінен,

Ай қарады көзінің қиығымен.

Қасқа күрең қыратқа шауып шықты –

Қысырақтың бөлініп үйірінен.

Қаламгердің осы бір өлең жолдарында денесінің түктерінің түсі қоңыр жиреннен талшын түстес реңді, ал басы мен жал-құйрығы және сирақтары қара, яғни ерекше күрең түсті жылқының бейнесі суреттелген. Аттың құнажын байталдардан бөлініп шығып, қыратқа шабуы еркіндіктің символы іспеттес. Ақын өлең жолдарын атқа деген махаббатын, оны ешкіммен және ештеңемен айырбастай алмайтын құнды қазына екенін жазады.

Сол секілді Абай Ораздың өлеңдерінен де жылқы түлігіне қатысты тың ақпараттар табуға болады. Мысалы, мына шумақтарға назар аударайық:

Жауға мінсем айбарым,

Тойға мінсем жайнарым,

Төбемдегі байрағым –

Көкмойнақтың үйірі, - деген өлең жолдарынан ақынның жылқы малының мінсе – көлік, ішсе – тамақ болатынын тағы да дәлелдей түсеміз. Үйірдің ішіндегі ең көп таралған атауларының бірі – көкмойнақ үйірі. Саяси қуғын-сүргін кезеңінде жазылған «Көкмойнақ үйірі» туралы жыр – Адай жылқысының ерекше асыл тұқымы екенін аңғартады. Маңғыстау өңірінде ғана таралған бұл жануар туралы жырдың нақты авторы жоқ, халық жыры болып таралып кеткен. Ел аузынан бұл жырды жазып алған – Есенғали Раушанов. Тіпті бұл жырдағы шынайы оқиғалардың желісі ауыр жағдайда құрылғандықтан, жырдың екінші атын «Адай тағдыры» деп те атап кеткен. Ал, Абай Ораздың бұл шығармасы да осы «Көкмойнақ үйірінің» жалғасы іспеттес.

Біз қарастырып отырған ақындардың жылқы малына қатысты өлеңдерінен халық мұрасы, дәстүрлі мәдениет үлгілері, ұлттық тіл мүмкіндіктері кеңінен қолданылағанын байқаймыз. Бұл өлеңдер сөздің үлгі-өрнектері, иірім-сырларын өмір шындықтарын, уақыт-тұрмыс сипаттарын терең тануға мол мүмкіндіктер ашпақ.

Бөлісу:

Көп оқылғандар