Толыбай би

Бөлісу:

25.02.2022 3435

Тарихи тұлғаларды зерттеу үшін

«тарихқа кіру керек».

академик Салық Зиманов

Жалпы қазақ тарихында қазақ билерінің орны ерекше. Қазақ билері ерте заманда өздерінің бір ғана сөзімен небір даулы мәселелердің дұрыс шешімін тауып отырған. Қазақ билері өз заманында әділ және елге сыйлы болатын. Билер өз әділдігімен елге танымал болған. Айтар болсақ, соның бірі Толыбай би.

Толыбай би – Орта жүз найман ішіндегі Қаракерей, Жаңбыршы руынан шыққан атақты биі.

Толыбай би – қазіргі Алматы облысының Алакөл өңірінде дүниеге келген. Ол – Қаракерей руынан өсіп-өнген, халық арасында ақыл-кеңесімен ерекшеленіп би аталған. Сондай-ақ ол ел басқару ісіне ертерек араласып әділдік танытып құрметке бөленген.

Жалпы, ел аузында Толыбай бидің Абылай ханның сенімді серігі, ту ұстаушыларының бірі болғаны жайында да аңыздар сақталған.

Соның бірі «Абылай хан өлген соң найман еліне үлкендік айтар кісі қалмай бірін-бірі шауып, талап әбігерге ұшырап, ақыры үлкендер жиналып, біреуге билікті бермесек болмайды екен десіп, негізгі орталықтан бір ханзада әкелмесе болмас деп - Сыбаннан Ботақара би, Мұрыннан Боранбай би, Қожамбеттен Сырымбет би, Қыржыдан Қыстаубай би, Байсиықтан Толыбай би кіші жүзден Әбіл Мәмбет хан шақырған». Бұл жайында Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» (бес тарих) атты еңбегінде анық жазылған.

Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанында Толыбай бидің Абылай ханның айналасында болғаны жайлы былай жырланады:

Жиылды өңшең ноян ығай-сығай

Байжігіт Тасболат пен би Толыбай,

Ту баста Абылайды хан көтерген

Қамқоры қарауылдың шешен Қанатбай.

Ашуы жауған қардай, шөккен нардай,

Қарт қыран қанжығалы қарт Бөгенбай.

Бөкеңнің жас жолбарыс жеткіншегі,

Аузынан жалын шашқан жас Жанатай.

Найзасын нажағайдай ойнататын,

Жас барыс Бәсентиін Сары Малай.

Балталы, екпінді оттан Оразымбет,

Сырғалы, шапшаң оқтан ер Елшібек.

Өзіне тірі жанды тең көрмейтін,

Тәкаппар қошқар ұлы ер Жәнібек.

Қалданға ханмен бірге тұтқын болған,

Жолдасы Абылайдың батыр Жәбек.

Майданда от шашқандай оқ шашатын,

Сырттаны Бәсентиін ер Сырымбет.

Әрі ақын, әрі батыр қарабұжыр,

Айтатын үрлеп барып асқанға сыр.

Бұқар мен Тәттіқара жырлағанда,

Толқынды тұңғиық боп төгілер жыр.

Міне, Абылай айналасы, оның төңірегін толтырған ел жақсылары. Би де, батыр да, жырау да, шешен де – Абылайдың жанында. Өйткені Абылай сол қиын-қыстау заманда еліне, халқына әділ патша бола білді.

Толыбай би – сонау қиын-қыстау сергелдең заманда айналасындағы халыққа жол нұсқап, дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп отырған. Мол дәулетімен бір тоқшылық, бір жоқшылық заманда елге қамқор болып, айналасына ашық қолды жомарт жан болған.

Ұрпақтарының арасынанда ержүрек, қайсар-қайратты азаматтар көп шыққан.

Толыбай биден кең бұтақ жайған ұрпағы Басшығұл және оның баласы Байбатыр. Басшығұл, көз көрген көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, алып тұлғалы, қасиетті адам болған деседі.

Қазіргі таңда Басшығұлдың кіндігінен тараған ұрпақтан 300-ге жуық отбасы бар. Олардан тараған үрім-бұтақтары, ата-бабаларының қандай адамдар болғандығын біле жүрсін деген мақсатпен, кейбіреулерін көнекөз қариялардың айтуы бойынша және тарихи құжаттардың негізінде қысқаша таныстырып, бейнесін ашып көрсетуді жөн көрдік.

Әмірханов Марат Болысбекұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар