«Жаяу» Горький немесе әдебиеттен идеологияға
Бөлісу:
Әдебиеттің асыл мұратын айқын ұстанған қаламгер Максим Горький туралы қазақ әдебиеті марғасқаларының пікірі әлі күнге өзекті саналады. Жазушы Сәбит Мұқанов замандасы жайында толғана келіп: «Горький қаланың кедей семьясында туып ауыр бейнетте өткен жазушы. Өзінен бұрын орыс халқының атақты жазушыларындай мектептен алған мол білім Горькийде жоқ. Оның мектебі тұрмыстың өзі. «Балалық», «Адам қатарына кіру», «Менің университеттерім» деген шығармаларында ол тұрмыстың қандай мектебін басынан кешіргенін айтады. Оны көркем әдебиетте өте зор реалист қылған осы шындық тұрмыстың ұлан-байтақ мектебі» деген пікір білдірген екен. Ал жазушы Дулат Исабеков Горький туралы мақаласында: «Әдебиеттегі алғашқы адымын отыз жасында бастаған Алексей Пешков отыз сегіз жасында тұлпар шабыс ашты. Оның дүбірі іргеде жатқан кішкентай Дат елінен бастап, арғы жағы Америка мен Англияны түгел дүрліктірді. Қырыққа жетер-жетпес шағында ол дүниежүзілік әдебиеттің майталмандары – Р.Роллан, Г.Уэллс, К.Гамсун, С.Цвейгтердің қатарынан қысылып-қымтырылмай еркін орын алды. Ал бүгінгі таңда ол тек орыс халқының емес, адамзаттың ортақ мақтанышына айналып отыр» деп бағалайды.
Жиырма бірінші ғасырдағы қарыштап дамыған технократтық елдер мен дамуға бағыт алған қоғамдардағы оқиғаларға назар салғанда «Адамзат баласы өткеннен сабақ алмаушы ма еді?» деген ой туындайды. Қаншама кезеңдерді бастан кешкен дәуір дауысына құлақ түріп көрсеңіз қарт тарихтың қарлыққан үні естілетіндей: көз жастарға куә болған тарихтың қалайтыны – тек қана бейбітшілік. Әдебиеттің де әуелгі мұраты адам жанының астарына үңілу еді ғой. Кез келген адамның арманы тыныш та бақытты өмір сүруге ұмтылу.
Ғасыр бұрынғы қоғам өміріне көз салғанда әдебиеттің идеологияға қаншалықты ықпал еткені байқалады. Әдебиет пен мәдениет қалыптаспай адам санасы толық даму сатысынан өтуі мүмкін емес. Қоғам тынысын тану үшін де сол халықтың ішкі сезімін білу қажет. Кейде бір адамның мінезіне қарап та ол өмір сүретін қоғамның жай-күйін түсінуге болатындай. Себебі әр тұлға қоғамның ажырамас бөлшегі екенін ескерсек, оның ішкі әлеміндегі көңіл күй ауанынан өмір сүрген ортасының қай бағытқа қарай кетіп бара жатқанын көру мүмкін. XIX-XX ғасырлардағы орыс әдебиеті тарихына бойлағанда, қоғамдық идеяны ұсынған, революцияны жақындатқан ақын-жазушылар идеясы екенін көреміз. Ең күшті қару – ой болса, оны материяға айналдыратын – жазу. Өткен ғасырда да халық арасынан шыққан классик жазушылар қоғамдық идеологияның басында тұрды. Солардың бірі – Максим Горький. Өмірі мен өлімі түрлі пайымға жетелейтін қаламгердің туындылары бүгінгі күн тұрғысынан да зерттеп-зерделеуді қажет ететіндей.
«Горький өзі армандаған идеяны толық жүзеге асыра алды ма?» деген заңды сұрақ туындайды.
«Жаяу» Горький
Әдебиет пен идеология бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым екенін өмірдің өзі күн санап дәлелдеп келеді. Қоғамдық идеяны алғаш көтеретіндердің алдыңғы шебінде әдеби қайраткерлер жүреді. Кембағал халықтың арасынан шығып, кедейлердің тағдырын қаламына арқау еткен Алексей Пешков – «жаяу» Горький жаңа қоғам идеясын көтерді. Горький жас кезінде Ресейдің жартысына жуық елді мекендерін жаяу аралап шыққан екен. Қаламгер кедей халықтың өмірі мен тағдырын суреттеп, өзі өмір сүрген дәуір шындығын жазды. Бірақ адам санасын ояту оңай емес болатын. Сол үшін де ол халық жадында сақталған аңыздарды шығармаларында пайдаланды. «Кедейлік пен озбырлықтан азап шеккендерді құтқарудың жалғыз жолы – олардың рухын көтеру» деп ойлады. Кейіпкерлерінің жан дүниесінен азат рухтың айбыны есер еді. Жазушы шығармашылығы жайлы сыншы А.Богданович: «Горький мырзаның очерктерінің көбінде сол кедей әрі шеттетілген әлемнің өкілдері саналған басқа да авторлардың очеркінен күрт ерекшеленетін тәуелсіз һәм мақтаныш сезімді жарқын көңіл күй, дала мен теңіздің еркін тынысының лебі соғады» дейді. Саяхатты жаны сүйген жазушы халықтарды аралап, ел жадында қалған түрлі аңыздарды естиді. Қоғам тынысын, адамның ішкі жан әлемін аңыз арқылы астарлап жеткіуге тырысады. Ескі жүйеден зәбір көріп, әбден шаршаған Горький жаңа идея жаршысы боп, жаңа адам образын жасағысы келді. Халықты оятудың, сол арқылы өзін де былыққа батқан жүйеден құтқарудың жалғыз жолын жазудан іздеді. Бай мен кедей боп бөлінген қоғам оның балалық шағындағы қиын тұрмысын көз алдына әкеле беретін. Кейіннен өзі байлықтың ортасында шалқып өмір сүрсе де бүкіл шығармашылығы кедей халықтың рухын жырлаумен ерекшеленді. «Изергиль кемпір» атты әңгімесінде үш түрлі хикая арқылы адам бойындағы негізгі мінезді көрсетеді. Әңгіменің үш бөлімінен де елдің азаттыққа, еркіндікке ұмтылған арманын көруге болады.
Адам рухы белгілі бір шектеулерді мойындамайды. Бірақ жаппай кірлеген ортаның иеуіне түскен сайын ол да біртіндеп лайлана беретін секілді. Батпаққа батып кетпеуден қалай қорғануға болады? Горькийдің «Изергиль кемпір» әңгімесінде бұл сұрақтың жауабын алуға болатындай.
Әңгімелеуші бейнесіндегі Изергиль атты егде жастағы әйелдің мінезінен өмірдің қиыншылығына ешқашан мойымайтын азат жанның өжет рухын көріп таңырқайсың. Ол басынан кешкен оқиғаларын айта бастағанда, өзі де сол кезеңге батып кеткендей аса бір құштарлықпен еске алады. Өткен өмірінде қаншалықты еркін болғанын мақтанышпен жеткізеді. Соның бәрінде сүйгенін, сүйікті болғанын, өз арманына қарай тоқтаусыз ұмтылғанын, қартайса да әлі күнге өмірден үмітті екенін, тірі тұрғанын меңзейді. «– Олар мені жақсы көреді. Мен оларға әртүрлі хикаяларды әңгімелеп беремін. Оларға бұл қажет. Бәрі де жастар... Маған да олардың жанында болған ұнайды. Қараймын да ойға батамын: «Міне, мен де кезінде солардай болдым... Бірақ ол кезде, менің уақытымда, адамдардың бойында күш пен от көбірек болатын, сол үшін де қызықты әрі жақсырақ өмір сүргенбіз... Иә!..» – деп ойға шомады Изергиль. Жүзінде әжім ізі тереңдеп, жанары суалып, қаншалықты қартайса да ол келер күнге деген махаббатын жоғалтпайды. Оның мінезі қайсар, рухы биік, ең бастысы өмір сүре біледі.
Изергиль әрнәрседен мән іздейді. Қасында отырған тыңдаушыны ойға батырады. Халық жадындағы аңыз-әпсаналарды кеше ғана болғандай аса бір ынтызарлықпен әңгімелейді.
«– Әне қара, анау жүрген Ларра!
Мен кемпірдің қалтыраған қолы мен қисайған саусақтары нұсқаған жаққа көз салғанда мынаны көрдім: онда көлеңкелер қалқып жүрген еді, олар көп болатын, солардың ішіндегі басқаларынан қараңғырақ әрі қалыңырағы жылдам әрі өзгелерден төменірек жүзіп бара жатты, – ол жер бетіне анағұрлым жақынырақ және жылдамырақ қалқып жүрген бұлттардың арасынан құлады.
– Ол жерде ешкім жоқ! – дедім мен.
– Сен мен кемпірден де өткен соқырсың. Қара – әне, қараңғыны, далада қалқып барады!
Мен қайта үңілдім және көлеңкеден басқа ештеңені де көрген жоқпын.
– Бұл көлеңке! Неге сен оны Ларра дейсің?
– Өйткені бұл – сол. Ол қазір көлеңкедей болды. Ол мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп келеді, күн оның тәнін, қанын, сүйектерін құрғатты, жел болса оларды ұнтақтады. Міне, тәкаппарлық үшін Құдайдың адамға жасайтыны осы!..» – деп, Изергиль жанында отырған тыңдаушыға аңыздың шетін шығарады. Ларра да бір кездері адам болған. Әкесі қыран, шешесі пенде еді. Анасын тайпадан алып кеткен қыранның ұлы да өткір әрі өр болғанымен, жиырма жылдан соң шешесіне еріп, туған мекеніне келеді. Топталып үймелеген жұрт Ларраның көзіне қарағанда қыранның қатыгездігін байқап шошиды. Қайсар әкесі сияқты өз айтқанымен жүргісі келгенімен, бірақ Ларра бәрібір де адам боп жаралған еді. Сол үшін де оны халық үлкендерге құлақ асуға шақырады. Оның тәкаппар болмысы, өзін өзгеден биік санаған өктем көкірегі басқаның сөзін тыңдауға жібермейді. Жиылған жұрт арасынан көзі түскен қыздың өмірін, өзіне қарсылық танытқаны үшін ғана, тайпаның көз алдында еш қымсынбай қия салады. Солайша ол мекеннен біржола қуғынға ұшырайды. Қарғыстан мәңгілік өмір сүру «бақытына» ие болса да ақырында өлімнің өзін арман етіп, бейшара күй кешкен Ларра хикасын Изергиль кемпір көшкен бұлтқа қарап еске түсірген еді.
Ларра образы – өлмес образ. Жазушы аңыз-әпсанада оқиғасын шынайы өмірмен үйлестіріп жазған. Тәкаппарлық – кісі бойындағы ең қасиетсіз мінездің бірі. Жазушы сондай мінезі бар жан қандай күшке ие болса да соңында қара көлеңкеге айналатынын мысалдап көрсеткен.
Изергиль кемпірдің кеудесі қазынаға толы болатын. Ол саяхаттап жүріп аңыздарды да жадына тоқиды. Оны жасырып қалмай, көрінген жанға айтып отыратын. Тап бір өзі сол жерде болғандай, сол оқиғаны көзбен көргендей етіп әңгімелейді.
«– Ұшқындарды көріп тұрсың ба? – деп сұрады Изергиль.
– Әне, анау, көкпеңбек пе? – дедім кең даланы нұсқап.
– Көкпеңбек? Иә, бұл солар... Демек, әлі де ұшады екен ғой! Әлбетте... Мен, міне, оларды басқа көре алмаймын. Қазір көп нәрені көзім көрмейді.
– Бұл ұшқындар қайдан шыққан? – деп сұрадым кемпірден.
Мен осы ұшқындардың шығу тегі жайында естігенім бар-ды, бірақ ол туралы Изергиль кемпірдің айтқанын тыңдап көргім келді.
– Бұл – Данконың жанып тұрған жүрегінен шыққан ұшқындар. Дүниеде бір кездері отқа оранған жүрек болған... Міне, бұл ұшқындар содан қалған. Мен саған ол жайлы айтып беремін... Бұл да сол ескі әңгіме... Ескі, бәрі ескі! Ескі күндерде қаншама нәрсе барын көрдің бе?.. Ал қазір оған ұқсайтын ештеңе де жоқ – іс те, адамдар да, бұрынғыдай ертегілер де жоқ... Неге?.. Қане, айтшы! Айтпайсың ба... Сен не білесің? Бәрің не білесіңдер, жастар? Эхе-хе!.. Біз ескі күндерге мұқият қарайтын едік – барлық жауаптар содан табылатын... Бірақ сіздер оған қарамайсыздар және өмір сүруді білмейсіздер... Мен өмірді көре алмаймын ба? Ох, көзім нашар болса да бәрін көріп тұрмын! Адамдар өмір сүрмейді, бірақ бәрі тырысады, тырысады және бар өмірін соған арнайтынын көремін. Олар өздерін тонап, уақытты өткізіп алғанда, тағдырға жылай бастайды. Мұнда тағдырдың қатысы қанша? Әркім өзінің тағдыры! Мен қазір неше түрлі адамдарды көремін, бірақ мықтылар жоқ! Олар қайда?..» – дейді Изергиль. Ол адасқан халыққа жол көрсету үшін өз жүрегін суырып алып, жоғары көтеріп шамшырақ қылған Данко жайында әңгімелейді. Бір кездері қараңғы орманда адасқан жұртқа Данко есімді жас жігіт жол бастапты. Артынан ерген халық соңында оған күмәнмен қарағанда жүрегін суырып алып, соның жарығымен алға қарай жүре берген екен.
«Кең далаға батыл Данко көз салды – ол азат жерге еркін қарады да мақтанышпен күлді. Содан соң, құлап барып, жан тәсілім етті. Қуаныш пен үмітке семірген адамдар болса оның өлімін байқамады, Данконың мәйітінің жанында оның қайсар жүрегі әлі де жанып тұрғанын көрген жоқ. Тек әлдебір сақ адам ғана оны байқап қалып, әлденеден қорыққандай, батыл жүректі аяғымен езіп өтті... Міне, ол содан ұшқынға айналып, сөнген...».
– Найзағай алдында көрінетін даланың көпеңбек ұшқындары содан қалған!».
«Изергиль кемпір» әңгімесінде Горький рухани азаттыққа ұмтылған халық арманын көксеген. Мінез бен рухтың әсем үйлесімін қаламгер аңыз-әпсана арқылы түсіндірген. Мифтік кейіпкерлер бейнесімен сол замандағы қоғамның шынайы келбетін, санадағы қайшылықтарды суреттеген. Заман илеуіне түспей, рухани болмысын сақтап қалған Изергиль кемпірдің образын шебер аша білген. Горький идеясы қатып қалған қоғам сүрлеуінен рух еркіндігі арқылы құтылуды аңсаған бостандықсүйгіш идея болатын.
Горькийдің жаңа адамы кім?
Максим Горький өмірбаянына үңілгенде бір ғасыр бұрынғы халық тағдыры мен мінезін тануға болады. Бір кездегі дворяндар мен кедейлер болып бөлінген қоғам ортасында өмірге келген бала Максим теңдік орнағанын арман етті. Оның әлдебір шығармасындағы кейіпкердің ұлына көмектесу үшін көшеде парақшаларды тарататын жері бар. Яғни баласына сеніп, жаңа қоғам орнатпаққа ниет етеді. Жаңа қоғам жаңа адамдарды қажет ететіні де белгілі. Горькийдің жаңа адамы еркіндіксүйгіш азат адам. Ол тұрмыстың илеуіне түсіп кетуден қорықпайды. Себебі алға қойған мақсаты, арманы бар. Максим Горький өз кейіпкері Изергиль секілді тұрмыс тауқыметінен қажып, қартайса да санасы ояу адамдарды көксейді. Горькийдің жаңа адамы аңыз-әпсанадағы кейіпкер Данко секілді рухты жандар.
Жазушы өзі өмір сүріп отырған дәуір шындығынан алыстап кете алмасы анық. Әйтсе де, ол қоғамды жақсы жаққа қарай өзгертуді көксейді. Сол мақсатпен қолына қалам алып, ой түкпірінде жатқан идеяны ортаға салады. Кейіпкерлерінің мінезін ашу арқылы өз дәуірінің келбетін суреттеп, келешек ұрпаққа неден үйреніп, неден жирену керегін меңзейді. Әдебиеттің мұраты да халықты адамдық жолға бастау болса керек.
Бөлісу: