Өзі де кейіпкерге айналған жазушы
Бөлісу:
Француздың атақты драматургы, ақын, жазушы әрі философ, заманында жоғары деңгейлі жауынгер де болған Эркюль Савиньен Сирано де Бержерак прототипі жиырма алты көркем фильмде кездеседі. Ол туралы алғаш «Сирано де Бержерак» деп Эдмон Ростан пьеса жазады. Содан кейін-ақ әдеби һәм кино кейіпкер кейіпкер ретінде танымалдығы артып жүре береді. Бұл туралы сәл кейінірек айтамыз.
Бүгін – 6 наурыз Эркюль Савиньен Сирано де Бержерактың туған күні. Ол 1619 жылы дәл осы күні Парижде дүниеге келген. 1639 жылы есіміне Сиранолар әулетінде ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан «де Бержерак» сойын жалғап алады. Азамат болған шағында әскери қызметке алынып, король гвардиясының сапында Музон мен Аррас қоршауында ұрысқа қатысады. Сол жолы қатты жараланып, бір ажалдан қалған екен. Бірақ, тағдырдың тәлкегі дегенді қойсаңшы, арада он бес жыл өткенде тап сол ескі жарақаттың салдарынан көз жұмады. 1946 жылы денсаулығына байланысты әскери қызметті тастаған Сирано де Бержерак келер қырық алтыншы жылы театрда «Үйретілген педант» пиьесасының премерасын жасайды. 1655 жылы 28 шілдеде Францияның Саннуа қаласында пәниден бақиға аттанады.
Бержерактың «Агриппинның өлімі» трагедиясы қоғам тарапынан қарсылыққа ұшырайды. Атеизмді насихаттады деген айып тағылады. Оның алдында француз тілінде жазылған алғашқы комедия – «Үйретілген педант» пиьесасы да сыншылар тарапынан төмен бағаланған болатын. Сирано онда диалект сөздерді көп қолданса керек.
Сирано де Бержерактың атақты шығармасы – «Жат жарық» роман диологиясы өзі өмірден өткен соң ғана жарық көрді. «Жат жарық немесе Ай мемлекеті мен империясы», «Жат жарық немесе Күн мемлекеті мен империясы» деген екі кітаптан тұрады. Бірінші жақтан суреттелетін романда Сирано жерден Күн мен Айға сапар шегетін байырғы тұрғындар туралы баяндайды. Әуелгі басылымдарда баспагер тарапынан әбден қырқылып-қысқарған шығарма тек ХХ ғасырда ғана қолжазба негізінде бүтінделіп, қалпына келтірілген.
«Жат жарық» – философиялық шығарма саналады. Автор онда Ай мен Күндегі өмір туралы айта отырып әлем және адамзат тақырыбын алға тартады. Сирано де Бержерак төл туындысында Лукиан мен Рабленің, Томас Мор мен Кампанелла утопиясына арқа сүйейді. Соңғы аталған философты тіпті «Күн мемлекеті мен империясындағы» кейіпкерлердің бірі етіп те қатыстырған.
Қош. Сирано қалай әдеби кейіпкерге айналды? Енді сол туралы бірер ауыз сөз. Сөз басында ол алғаш Эдмон Ростанның «Сирано де Бержерак» пьесасында арқау болғанын айттық. Автор онда Сираноны мұрны үлкен, нағыз ақын әрі дуэлиянт етіп суреттейді. Ол туралы төңірек толған жеңіліп көрмеген дуэлиянт, бірде тіпті өзі жалғыш жүр қарсыласты жайратып салыпты-мыс деп келетін аңыз-әңгімелер өріп жүреді.
Одан кейін Луи Галле «Капитан Сатана немесе Сирано де Бержерактың бастан кешкендері» атты кітап жазады. Умберто Эконың «Накануне аралы» романындағы Сен-Савенің прототипі де осы Бержерак деген сөз бар. Сондай-ақ, Роберт Хайнлайнның «Даңқ жолында» ғылыми-фантастикалық роман-трилогиясының XV тарауында кездесетін шынашағы жоқ семсерлесуші де оқыған адамға осы Сирано де Бержеракты елестетеді екен.
Кинематография тарихында нақты «Сирано де Бержерак» деп аталатын он төрт фильм бар екен. Ең алғашқысын 1900 жылы француз Бенуа Констан Кокелин экрандаған. Ал әзірге соңғы туында 2008 жылы экрандалған Пласидо Домингоның «Сирано де Бержерагы». Сондай-ақ киносүйер қауым«Сирано және д'Артаньян», «Сирано. Премьераға үлгеру» сынды туындыларды да тамашалаған.
Көрнекі суреттер ашық интернет көздерінен алынды.
Бөлісу: