Бәрі болған – бәрінен айрылдым...
Бөлісу:
Бүгін әйгілі неміс ақыны әрі жазушы әйел Агнес Мигельдің туған күні. Ол 1879 жылы 9 наурызда Кенигсбергте дүниеге келген.
Агнестің әкесі Адольф Мигель неміс-прусс текті саудагер еді. Ал нағашылары Зальцбургтен шыққан. Алайда туған жерден бас сауғалауға мәжбүр болып, 1743 жылы Пруссиядан пана тауыпты. Өйткені діни қуғынға ұшыраған олар протестант болатын.
Агнестің балалық шағы Кенгсбергке жақын маңдағы Кнайпхоф аралында өтеді. Кейін сол аралға апаратын тар жол мен сол төңірекке билік жүргізетін кафедралық шіркеу ақын шығармашылығында жиі кездесетін болды.
Ал ақынға атақ-даңқ 1907 жылы үшінші кітабы – «Балладалар мен әндер» жинағы жарық көрген соң келді. Шығыс Пруссия, оның табиғаты мен тіршілігі, тарихы мен фольклоры Агнес шығармашылығына арқау болды.
Ақын Бірнші дүниежүзілік соғыс трагедиясын «Бақ шарбағында» өлеңінде жеріне жеткізе жырлайды. Өлеңдегі екі көрші – Ресей мен Германия өздерінің соғыста шейіт болған ұлдарын айтып, мұң шағысады.
/Біздің тым жас боздақтарымыз Волга мен Висла арасындағы жасыл жазирада көктемнен көктемге дейін мәңгілік ұйқыға кеткен. Сіздің үйіңізден шыққан өрттің қара түтіні менің бақшамды да ысқа айналдырды. Жаңа піскен ыстық нанның исі бұрқырамайды, оның орына түнде әтеш өмір үшін «ку-ка-ре-ку» деп шақырғанда, онымен бірге жылаған сәбилеріңіздің аянышты үнін есіп қорқыныштан есім шығады.../ деп мұңдасады көршілер.
Мигель 1916 жылы Генрих Клейст атындағы әдеби сыйлықты алады. Ал 1924 жылы Кенигсберг университетінің құрметті докторы атанады.
1933 жылы Мигель тағы сексен жеті герман әдебиетшілерімен бірге сол жылы Германияның билігіне келген Адольф Гитлердің алдында «Адалдық антын» қабылдайды. Сөйтіп оның ұлтшыл билігін қолдауға кіріседі. 1939 жылы Мигель Ұлтшыл-социалистік неміс жұмысшылар партиясына қабылданып, сол жылы Кенигсбергтің құрметті азаматы атанады да, өмір бойы қалада тегін тұру құқығын иемденеді. Алайда тағдыры басқаша шешіліп, 1945 жылы 27 ақпанда тағы басқа босқындармен бірге Пруссияны мәңгілікке тастап, бас сауғалауға мәжбүр болады.
Соғыстан кейін де жырақта қалған отанын жырлаумен болады. Айталық бір өлеңінде «Арал... Менің елтаңбам... Тағдыр... Бастауы... Бәрі болған – бәрінен айрылдым» деп мұңаяды.
Агнес Мигель 1964 жылы 26 қазанда дүниеден өтеді. Ақынды соңғы сапарға мыңнан аса адам шығарып салған көрінеді.
Бөлісу: