Тарас Шевченконың «Кобзарі»
Бөлісу:
Кобзарь – кобза, бандура немесе төменгі құлағын бұрап ойнайтын лира аспабымен эпикалық жанрдағы шығармаларды жырлайтын украинның халық әншісі.
Төменде айтарымызға ақпараттық арқау боларлық және бір сөйлем. 1878 жылы дәл осы 10 наурыз күні Женевада Тарас Шевченконың қалтаға салып жүріп оқуға ыңғайлы түрде «Кобзарь» жинағы жарық көрген болатын.
«Кобзарь» – әйгілі украин ақыны, прозаик, ойшыл, суретші, график, этнограф, қоғам қайраткері Тарас Шевченконың әйгілі поэтикалық шығармасы. Алғаш 1840 жылы Петерборда басылып шығады. Содан кейін-ақ жұрт жинақ авторының өзін кобзарь атай бастайды. Тіпті Тарас Шевченконың өзі хикаяттарының астына «Кобзарь Дармограй» деп қол қоюды әдетке айналдырған екен. Міне сол 1840 жылы шыққан алғашқы басылымның осы күні әлемде әлденеше ғана данасы сақталғаны айтылады.
«Гайдамактар» және «Гамелия» сынды қос поэмамен толықтырылып, 1844 жылы «Чигириндік Кобзарь» деген атаумен екінші рет жарық көреді. «Кобзарь» арада он алты жыл өткенде, 1860 жылы Тарас Шевченко Украинаға соңғы сапары кезінде танысқан Платон Симиренконың қаржы бөлуімен қаламгердің көзі тірісінде үшінші рет баспа бетін көреді. Платон Симиренко – Украинаға белгілі қант зауытының қожайыны әрі меценат – «Кобзарьдың» үшінші реткі басылымына деп 1100 рубль бөлген екен. Соның арқасында бұл жолғы жинақ алдыңғыларына қарағанда анағұрлым толықтырылған нұсқада оқырманға жол тартады. Сондағы 17 шығармаға Тарас Шевченконың портреті қоса беріледі.
«Кобзарь» ақынның 100 жылдығына орай 1861 жылы және автордың дүниеден өткеніне жүз жыл толған 1961 жылы Виннипегде жеке кітап болып жарық көреді. Бұл жолғы қаржы белгілі украин кәсіпкері, сол жылы Канадада тұрып жатқан Степан Дурбактың қалтасынан шығады.
Украин әдебиетінің теңдессіз жауһары саналатын «Кобзарь» жинағы 1985 жылға дейін 124 рет басылыпты. Сөйтіп жалпы таралымы 8 миллион данадан асқан. Әлемнің жүзден астам тіліне аударылған. Тіпті Тарас Шевченконың өзі айдауда жүргенде де әйгілі шығармасы туған елінде жарық көріп жатқан кездер де болған екен.
1989 жылы Черкассы қаласындағы Цибульскийлерден қалған мемориалды үйінде «Кобзарь» кітабының музейі ашылады. Олай болатыны, Шевченко тап сол үйде, тап сол отбасымен бірге сонау 1859 жылдың 18-22 шілдесін өткізген болатын. Аталмыш музейдегі құнды жәдігерлердің бірі – көлемі 0,6 мм², 12 беттен тұратын «Кобзарь» кітабы. Кітапқа Шевченконың алты өлеңі кіріпті. Кітаптағы жазулардың үлкендігі 3 микрон ғана. Беттері жапырақтан жасалып, кәдімгі өрмекпен тігіліпті. Украинның микроминиатюрлер шебері Николай Сядрист 4 ай тапжылмай отырып жасап шыққан көрінеді.
Бөлісу: