Томас Манның ағасы да атақты жазушы

Бөлісу:

12.03.2022 3346

Әлем әдебиетінде эпикалық романдарымен аты мәшһүр жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Томас Манның ағасы Генрих Манның да қаламгерлігі бауырынан бір мысқал кем болмаған. Тіпті Берлиннің шығармашылық академиясы жыл сайын Генрих Манн атындағы сыйлықты табыстайды. Жә, бұл туралы сәл кейінірек…

Генрих Манн тамаша прозашы ғана емес, алман жұртына беделді қоғам қайраткері еді. Ол 1871 жылы 27 наурызда Любек қаласында патриархалды көпестің отбасында дүниеге келеді. Әкесі Томас Иоганн Генрих Манн шаруаға да, саясатқа да аса жүйрік адам болатын. Соның арқасында 1882 жылы әулеттік «Firma Joh. Siegm. Mann, Commissions- und Speditionsgeschäfte» сауда фирмасының тізгінін ұстайды. Одан бұрын Любектің қаржы және шаруашылық жөніндегі сенаторы болып сайланғаны және бар. Генрихтың анасы Юлия Манның арғы түбі бразилиялық.

Генрих алаңсыз-қамсыз балалық шақты бастан кешкен адам. Он үш жасында Петерборға аттанған ол 1889 жылы гимназияны аяқтап, Дрезденге оралады да, сонда біраз уақыт кітап саудасымен айналысады. Содан соң Берлинге қоныс аударған Манн баспаханада еңбек ете жүріп, Фридрих Вильгельмнің Берлин университетінде жоғары білім алады.

Веймар республикасының тұсында, бұл 1926 жылдары еді, Генрих Пруссия Өнер академиясының әдебиет бөліміне академик болып қабылданады. Ал 1931 жылы төраға болып сайланады. Сөйте жүріп Альберт Энштейн бастатқан ғылым мен мәдениет қайраткерлері қатарында нацизмге қарсы қоғамды социал-демократтар мен коммунистердің біріккен шебін құруға шақырады. Соның кесірінен Гитлер билікке келген 1933 жылы ол неміс азаматтығынан айырылып, әуелі Прагаға, содан соң Францияға эмиграцияға кетеді. Бірақ онда да ұзақ тұрақтай алмады. Өйткені Францияны фашистер басып алған соң, Испания мен Португалия арқылы АҚШ-қа жетіп жығылады.

Генрих Манның өмірі қалай шырғалаңға толы болса, қазасы да қилы тағдырмен өрнектеліпті. Тап өмірден өтетін күні ол Шығыс Берлинге жүргелі отырған болатын. Өйткені оны Неміс өнер академиясының алғашқы президенті етіп сырттай сайлап қойған еді. Амал нешік. Тап сол жолға шығамын деп буынып-түйініп отырған 1950 жылдың 11 наурызы күні Санто-Моника қаласында Генрих Манның жүрегі мәңгілікке тыныс табады. Әуелі Вудлон зиратына аманаттап қойған оның сүйегін өртеп, күлі салынған құмыраны он бір жылдан кейін ГДР-ге жеткізіп, Доротеенштад зиратына қайта жерлейді.

Соңында «Бір үйде», «Қышқыл жағалаулар елі», «Диана», «Венера», «Гнус шәкірт немесе бір тиранның ақыры», «Кішкентай қала», «Кедейлер», «Бас», «Империя» сынды жиырмаға жуық роман қалдырған Генрих Манның есімін ел есінде мәңгі сақтау үшін, Берлин шығармашылық академиясы 1953 жылдан бері руханият саласының үздіктеріне Генрих Манн сыйлығын табыстап келеді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар