Қайтпас қайсар Вильмош Аба-Новак

Бөлісу:

15.03.2022 3098

Венгер халқының әйгілі суретші әм графист Вильмош Аба-Новакты алған бетінен қайтпайтын, діттеген мақсатына жетпей қоймайтын қайсар өнерпаздар қатарына жатқызуға болар. Өзі аттай қалап, жан дүниесімен берілген сурет өнерін ол оқ пен оттың астында жүріп те меңгерумен болған.

Вильмош Аба-Новак 1894 жылы 15 наурызда Будапештте дүниеге келген. Өзінің өмірлік кәсібін бала жастан түйсініп-таныған ол 1912 жылы суретшілер училищесін тәмамдаған соң, заманының заңғар қылқаламшысы Адольф Феньештің шеберханасында шыңдала бастайды. Сөйте жүріп Будапешттегі Венгер корольдік суретшілер мектебіндегі оқуын одан ары жалғастырады. Алайда Бірнші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, оқу жол ортадан үзіледі. Ал Вильмош Аба-Новактың өзі австро-венгер армиясына шақырылып, Шығыс майданында жауынгерлік міндет атқаруға аттанады. Бірақ алған беттен қайтатын Вильмош қайда. Атыс-шабыуыл тоқтай қалған әредікте талапты жас окопта жатып-ақ Виктор Олгейден сурет сабағын алуды тоқтатпайды.

Вильмош Аба-Новак соғыстан кейін де оқу-тоқуды тоқтапапты. 1921-1923 жылдар аралығында ол жазды өзге де әріптестерімен бірге Румын жерінде, Сольнок пен Бая-Маредегі суретшілер колониясында өткереді. Және тап сол жерлерде 1924 жылы суретшінің тұңғыш жеке көрмесі өтеді.

Ол заманда болашағынан үміт күтетін өнерпаздарға деген қамқорлық ерекше еді. Айталық 1928 жылы Вильмош Венгер суретшілер академиясының степендиаты атанады. Сөйтіп бақандай үш жылға Римге шығармашылық іссапарға аттанады. Әрі венгер сурет өнеріндегі «Романдық мектептің» белгілі өкіліне айналады. Одан кейін 1937 жылы Парижде өткен, Бүкіләлемдік көрме мен 1940 жылы Венециандық биенналеде қазылардың Гран-Приін иемденеді.

1939-1941 жылдары Венгер корольдік суретшілер мектебінде шәкірт тәрбиелеген ол Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылы 29 қыркүйекте, 47 жасында дүиеден өтеді.

Вильмош Аба-Новак венгердің заманауи монументальды сурет өнерінің өкілі. Ғұмырында монументальды композициясы мен сұсты да қанық бояуы ерекше менмұндалап тұратын картиналар мен мерекелік фрескаларды көп сызған. Монументальды суретке ерекше ден қойған ол өнерсүйер ортаның өкілдері мен шіркеулерден тапсырысты көп алатын. Тіпті ресми түрде венгер дворяндарының қамқорлығында болған. Бірақ суретші бір рет те болсын тапсырыс берушінің икемі бойынша емес, қай картинасын болсын өзі қалаған мазмұнда кенепке түсіретін.

Аба-Новак картиналарындағы адамдардың жүзінен гротеск лебі есіп тұрады. Тіпті олардың қарапайым ғана қуанышының өзінен өмірдің трагедиялық бұрылыстарын аңдауға болатындай. Суретші жұмыстарындағы бір қараған адамға көңілді көріністер ұсынып тұрғандай болатын мұндай трагедиялық ноталар, болмыстың үйлесімділігі мен тұтастығына деген тойымсыз аңсау Аба-Новак шығармашылығын өнердің өзіне тән салмақты құбылысқа айналдырады.

Вильмоштың атақты фрескалары осы күні Сегед пен Будапешт шіркеулерінде, Секешфехервардағы Әулие Иштван мовзолейінде тұр.

Бөлісу:

Көп оқылғандар