Башқұрттың ұлы ақыны Бабич

Бөлісу:

28.03.2022 3639

Туысқан башқұрт халқының әйгілі ұлдарының бірі Шәйехзада Мөхәммәтзәкир ұлы Бабич 1895 жылы 2 қаңтарда Башқұртсатанның Уфим губерниясында дүниеге келген. Ол ұлттық әдебиетінде ойып тұрып орын алатын классик ақын әрі алмағайып заманда атқа қонған саяси қайраткер.

Бабич өз әкесі, Асян махалласының молдасы Мұхамедзакірдің медресесінде сауат ашады. Сөйтіп 1910 жылы бала оқыту үшін қазақ даласына келеді.

1911-1916 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқиды. Тап сол жылдары (1910-1913) аталмыш медреседен қазақтың пайғамбар ақыны Мағжан Жұмабаевтың да білім алып жүрген кезі. Оқу оқи жүріп, Бабич, әдебиетпен шұғылданады, музыка үйірмесіне қатысады, өлеңдері медресенің «Парлак» қолжазба журналына басылады. Оқуын ойдағыдай тамамадаған ол Троицкке кетеді. Сөйтіп онда мұғалімдік қызмет атқарады әрі «Ақмолла» журналына араласа бастайды.

1917 жылдың жазында әуелі Уфаға барып, артынша Орынборға қоныс аударған Бабич «Қармақ» сатиралық журналына жұмысқа тұрады. Ал сол жылдың күзінен бастап Шәйехзада Бабич башқұрт ұлттық қозғалысының мүшесі, Башқұртстан Автономиясы Башқұрт облыстық шуросында (кеңес) хатшы, «Башқұрт» газетінің редакторы, башқұрттардың «Толқын» жастар ұйымының жетекшісі. 1918-1919 жылдары башқұрт армиясында әскери тілші болып қызмет етеді.

Шәйехзада Бабич өз шығармаларын татар тілінде жазған. Көзінің тірісінде, 1918 жылы Орынбордан жалғыз ғана «Көк әндер. Жас Башқұртстан» өлеңдер жинағы жарық көреді.

1919 жылы 25 ақпанда ол Башревком башқұрт-совет баспасының бөлім қызметкері болып сайланады. Ал 28 наурызда Башқұрт армиясы РККА (жұмысшы-шаруалардың қызыл армиясы) жағына өткен атыс-қарбалас сәтінде Шәйехзада Бабич досы, ақын Ғабдулхай Иркабаевпен бірге қызыл әскерлердің қолынан оққа ұшады. Шамасы, советтер жағына өтуге қарсылық білдірсе керек…

Ірілі-ұсақты өлең-жырларын айтпағанда, «Қате» сынды балладасымен, «Әзәзіл» поэмасы, «Китабеннас» (кітапханашы) эпиграммалар циклымен башқұрт ұлттық әдебиетінің тарихында қалған Шәйехзада Бабичтың атын ұлықтау ісі КСРО тараған бетте-ақ қолға алынады. 1993 жылы режиссёр Мәлік Якшимбетов ұлттық ақындары туралы «Тас бетіне ұйыған қаным» атты деректі фильм түсіреді. 1995 жылы Башқұртстан Республикасының үкіметі Шәйехзада Бабич атындағы мемлекеттік жастар сыйлығын тағайындайды. Туған елінде Ш. Бабич музейі ашылады, оқу орындарына Ш. Бабич есімін бере бастайды. Ал 2017 жылы режиссёр Булат Юсупов башқұрттың ұлы ақыны әрі қоғамдық-саяси қайраткер Шәйехзада туралы «Бабич» көркем фильмін түсіреді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар