Музеустің ертегілері
Бөлісу:
«Музеустің ертегілері XVIII ғасырдың соңғы ширегінде қалың оқырманға жол тартқан үздік әрі адамгершілікке толы дүниелер қатарында мәңгі жасамақ. Жастар үшін жағымсыз әсері жоқ, керісінше олардың ақылы мен жүрегіне ізгілік дәнін себетін туындылар. Сол үшін де ол өзінің лайықты орынын ешқашан жоғалтпақ емес».
М.К. Виланд
Ваймер, 12 маусым 1803 ж.
Неміс жазушысы, әдеби сыншы әрі педагог Иоганн Карл Август Музеус өмірінің соңында алман халқының ертегілерін жинаумен айналысыпты. Сөйтіп осы бір теңдессіз міндетін аяқтай бере өзі де дүниеден өткен. Жарықтық елу екі-ақ жыл өмір сүріпті (29 наурыз, 1735 – 28 қазан, 1787).
Хош. Музеус бар ынтасымен бас қойып, халық ертегілерін, аңыз-әңгімелер жинауға кіріседі. Соның арқасында «Неміс халық ертегілері» деген бес том еңбек жарық көреді. Музеус қолына түскен ертегілерге әдеби өңдеу жасап отырған, сөйтіп әдеби ертегілер жанрын байытқан. Бұл орайда біздің Музеустің тағы бір ақыл тапқан жері болды. Франк тайпасының «Роланд қару ұстаушылары», богем өңірінің «Либуша», «Рюбецал туралы аңыз» сынды Орталық Гермадияда кең тараған өзге халықтардың да ертегілері болатын. Музеус оларды неміс туындыларының қатарына апарып қойды. Және жұлып алып, жапсыра салған жоқ. Оған әуелі әдеби реңк беріп, бояуын қанықтырып, композициялық құрылымын бір ізге түсіріп, кейіпкерлердің болмыс-бітімін айшықтай түсіп дегендей құлпыртып жіберетін. Ертегі мың жерден ортағасырлық болса да, ондағы қаһармандар, ол мейлі шаруа, мейлі ұста болсын, судья не діндар болсын, құдды автордың өз замандасындай ойлап, әрекет етеді. Музеус әсіресе халықтың ішінен шыққан, турашыл әрі адал, әділет пен әділетсіздікті, өтірік пен шынды айыра алатын қарапайым жұмысшылар типін жұтындырып жіберуші еді.
Музеус өз ертегілерінде ағарту, халықты тәрбиелеу мақсатын көздейді. Ол педанттық қатігездіктен немесе адамды қорлап, мазақ ететін қиғаш әрекеттерден саналы түрде бас тартатын. Қазіргі күннің биігінен қарағанда Музеустің ертегілері тарихи мұра ғана емес. Ол – халықтық поэзия, халық даналығы мен ұлттық юмор ағартушылық сипатта қағазға түскен мәңгілік мұра.
«Неміс халық ертегілері» жинағында автор алқау сөзді Давид Рункельге хат түрінде ұсынады. Сөйтіп онда Музеус ертегілерді қоса алғандағы халық шығармашылығының әдебиет үшін маңызы туралы толғай отырып былай дейді: «...Ертегі тек балаға ғана керек, және ол Шарль Перроның «Гусыни шешемнің ертегілері» сынды балалық сарында болғаны абзал деп ойласақ әбден қателесеміз. Өзіңіз де жақсы білесіз, халық баладан ғана тұрмайды, үлкендер де бар ғой. Және күнделікті тіршілікте соңғылары алдыңғысына қарағанда басқа тілде сөйлейді. Егер сіз айтушыны тәуір аспаптың сүйемелдеуімен ауылдың алты ауызын шырқап отырған музыкант ретінде елестетсеңіз, бұл ертегілер ойыңызға бірден қона кетер еді...» - деп жазады.
Айтпақшы, П.И. Чайковскийдің атақты «Аққу көлі» либреттосы Музеустің «Аққулы тоған» ертегісінің романтикалық сюжетінен алынған болуы бек мүмкін деген әңгіме бар.
Бөлісу: