Өмір мен өлім азабы

Бөлісу:

29.03.2022 4842

Мо Ян – қазіргі заман қытай жазушыларының ішіндегі ең үздігі. Романист. 2012 жылғы Нобель сыйлығының иегері. Ол – 1955 жылы туған. Шын есімі – Гуан Мое. Мо Ян – қалам аты, қытай тілінен аударғанда «үндеме» деген мағына береді. Осы есімінің өзін де айтарлықтай сыр бар сияқты көрінеді. Мо Янның бала кезінде атасы айтыпты деген сөз бар: «Сүйкімсіз деп күле көрмеңіздер, бұл бала Темірқазық жұлдызы сияқты, ертең үлкен адам болады» деп. Сәуегей атасы айтқан үлкен адам міне осы Гуан Мое. Яғни, әлем сүйінген жазушы Мо Ян. Мо Ян туып өскен ауыл ертегі мен хикаят айтудың шебері болыпты. Өйткені, осыдан екі жүз жылдай бұрын бұл ауылда Пу Сұң Ли есімді әңгіме айтудың хас шебері өмір сүрген. Бізше айтқанда жағы жоқ шешен, көмекейі бүлкілдеген ертегіші, жыршы дегендей. Оның әңгімешілдік, хикаятшылдық дәстүрі сол өлкеде күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мо Ян және оның ауылдастары өздерін күні бүгінге дейін соның ізбасарлары мен жалғастырушылары санайды. Бала Мо Ян атасы мен әжесінің, тұтас ауыл қарттарының атыз басында жүріп айтатын аңыз-ертегілерінің бәрін тыңдап, бәріне сеніп өскен. Сол мифтік әлемнің ішінде жастайынан табиғатты сүйіп, тастың да, судың да, ағаштың да, дүниедегі барлық заттың жаны бар деген пәлсафалық ұғымдарды жадына тоқыған. Қиялшаң бала ұшқан құсты көрсе оны қашан адамға айналар екен; жортқан аңды көрсе ол қандай адамнан жаратылды екен деп ұзақ ойға бататын. Мұхтар Әуезовтің «Бәріміз фольклор дейтін мейрімі мол әженің баласымыз» дейтініндей, Мо Ян да мифтен туған бала еді. Оның кейін қаламынан туған атақты романдары міне осы қиялдың, бала жүрегіне түйген сөз мейірінің жемісі екені анық. Ол өзінің азап пен күреске толы шығармашылық жолында оннан аса роман жазды. Ең алғашқы «Қызыл гаулияң» (Қызыл жүгері) романы оған үлкен атақ пен абырой әкелді.

Мо Янның шығармашылық жолы Қытайдың «Мәдениет революциясы» кезеңінен кейін ашыла бастады. Бұл кезең – қытай әдебиеті үшін, қытайдың тұтас рухани болмысы үшін реформалау, қайта түлеу дәуірі болатын. Осы тұста қытай әдебиетінде неше түрлі ағымдар, сан-салалы әдеби үрдістер қалыптасып, көп бағдарлы модернистік кезеңге аяқ баса бастаған. Қытайдың «жабық есігі» ашылғаннан кейін, әлем әдебиеті мен қытай мәдениетін ұштастырған заманауи жазушылар өсіп шыға бастады. Солардың алдыңғы легінде Мо Ян бастаған жазушылар тұрды. Ол шығармаларында шындық пен қиялды ғажап ұштастыра білген суреткер саналады. Бұл тұрғыдан оның алдына түсер жазушы сирек. Роман, повесть, әңгімелерін де еркін һәм шынайы көрініс табатын фантастикалық бояулар оның жасампаздығын тіпті де әрлей түседі. Ең бастысы жазушының әр нәрсеге өзгеше қарайтын болмысы, оқыс, оғаш ой айтатын бітімі оқырманын бей-жай қалдырмайды. Оның қиялының ұшқырлығы, бейнелеу тілінің шұрайлы, бедерлілігі, теңеулерінің тосын, кейіпкерлерінің мінезді, күрделі болатыны, қытай халқының неше мың жылдарға созылған бай халықтық әдебиетінен. Жоғарыда аңдатқанымыздай, ол қытайдың мифтік шығармаларын, аңыз-ертегілерін, ежелгі қытай әдеби мұрасын өзгелердей кітаптан емес, туған ұлтынан, өз ауылының қарапайым адамдарынан естіп өсіп, бала кезінен санасына мықтап бекіткен. Мо Янның осы тұлғалық қасиеті – оны ғұмыр бойына өзге жазушылардан аттың қасқасындай даралап келеді. Осы тұрғыдан Мо Янды қытай халқының ұлттық жазушысы деген абзал. Өйткені ол – қытай әдебиетінің стилистикасына, эстетикалық өнеріне зор үлес қосқан жазушы. Оның сиқырлы реализмі де қытай ұлтына тән сиқырға ие. Оның кейіпкерлеріне, олардың образына, бітім-сүйегіне барлау жасай отырып, Мо Янның адам туралы түсінігінің тым басқаша екенін, адамға социология, этика, ақыл иесі тұрғысынан емес, оның түпсанасы мен жаратылыс бастауы хақында көз жүгіртетінін аңдау қиын емес. Ол бүгінгі адамды антропологиялық деңгейге дейін түсіріп, алғашқы адам, алғашқы тіршілік кейпінде әлдилеп, уақыт пен кеңістік ұғымдарын еркін аттап өтіп, барлығын бір желінің бойына қалауынша тоғыстыра келе өзгеше қортынды жасайды. Кейіпкерін жоғарғы сана иесі емес, жұрт алдындағы қарапайым пенде ретінде боршалап береді. Біз тілге тиек еткелі отырған «Өмір мен өлім азабы» романы міне осының дәлелі. Романды оқып отырып бір кейіпкердің сан рет құбылғанына куә боласыз. Қытай ертегілеріндегі реинкарнациялық докториналарды тамаша жаңғыртқанына қол соғасыз. Өмір мен өлімнің, ескі мен жаңаның, екі дүниенің арасында әртүрлі бейнеде құбылған кейіпкер тағдыры арқылы, жарты ғасырға жуық қытай халқының күйзелісті өмірін бастан кешіп шығасыз. Бұл роман туралы америкалық тарихшы Jonathan Spens: «Өмір мен өлім азабы» қазіргі әдебиеттегі сүбелі туындының бірі болып қала береді. Оқиға үйлесім, замана келбеті – бәрі-бәрі осы шығарманың ішінде сияқты. Бір халықтың басып өткен жолын бір жақсы романмен де білуге болады»,- дейді. Мо Янның туындылары өзінің туған ауылынан бастау алып, қытай халқының мәдени, әлеуметтік, тұрмыстық элементтеріне құрылған шығармалар болғанымен, оның романдарының өзегінде кең мағынадағы адам образы жатыр. Мо Ян сонысымен де ұлттық таным шеңберін бұзып, исі адамзаттық жасампаздыққа көтерілген тұлға саналады.

«Өмір мен өлім азабы» - тек бір әулеттің тарихы емес. Романның әр бетінде қытай халқының жүріп өткен ізі бар. Көз жасы мен наласы, қасіреті бар. Сондықтан да, қытайдың тарихынан, саяси ахуалынан хабары аз оқырман үшін бұл кітап ауырлау сезілуі мүмкін. Оның үстіне романның көлемі де жеті жүз беттен асады. Егер сіз басқы тарауын сүрінбей оқып шықсаңыз, ары қарай роман өзі-ақ алып кетеді. Уақиғалар бір қарасаң қарапайым, бір қарасаң күрделі. Бірақ, жалықтырмайды. Осы орайда күрделі романды барынша жаттық, шынайы аударған Жәйірбек Мұхамедханұлы мен Дүйсенәлі Әлмақынұлына алғыс айту ләзім. Роман қазақ тіліне алғаш рет аударылып «Фолиант» баспасынан екі жыл бұрын жарық көрген болатын. Романның корректурасын сапалы қараған жазушы Жадыра Шамұратоваға да ризашылық білдіреміз. Роман туралы ойымызды осы жерден қысқаша қайыра отырып, шығарма туралы ақын Бауыржан Майтайдың пікіріне кезек бергенді жөн санадық.

Әлқисса, әңгімемді 1950 жылдың 1 қаңтарынан бастайын. Оған дейінгі екі жылдан аса мен мына өмірде фәни ғаламдағы пенделердің қиялына кіріп шықпайтын қабір азабын көрудейін көрдім-ақ. Ақыретте әр жолы сұраққа тартылған сайын «Нақақ кеткенім-ай» деп зар қақсап, ойбайлап жатамын. Менің құлындаған дауысым құраққа шығып, тамұқтың түкпір-түкпіріне шырқырап барып соғылып, шырылдап келіп мың бір жерден жаңғырып жататын. Қабір қыспағының қандай азап-тозағын тартсам да тәубеге келе қоймадым, сонымен ер атанып, атағым шықты. Тозақтың бірталай қарауылы маған іштей сүйсінгенін жаным сезетін. Десе де, Әзірейілдердің де менімен жалықпай айналыспақ қалпын да білетінмін. Күнәларымды мойындату үшін олар маған тозақтағы ең ауыр жазаны қолданды. Мені қазандағы сарқылдап жатқан майға тастап жіберді де, тауық етін қуырғандай бір сағат бойы майға аунатты. Жантүршігерлік мұндай азаптарды тілмен айтып жеткізе алмаймын. Тамұқ күзетшілері мені айырдың ұшына шаншып іліп алып, әуелете көтеріп, ордаға апаратын баспалдақтарға қарай өрлеп бара жатты. Екі қапталдағы тозақтың қарауылдары ауыздарын шошайтып, қансорғыш жарғанаттардай шұрқырап-шулап ысқыра жөнелді. Өне бойымнан май сорғалап, баспалдақтарға тамшылап, тамып түскен жерінен түтін түтеп, қоңырсып жатты...

... Көкбет тамұқ күзетшісінің жүзінен аяр, жымысқы күлкіні байқадым. Ол күлкінің байыбына барып болғанша, екеуі мені білегімнен ұстап тұрып алға қарай итеріп кеп жіберді. Суға батқан кісідей көзімнің алды қарауытып жүре бердім. Құлағымның түбінен әлдекімнің «Туды!» деген қуанышты айқайы естілді. Көзімді ашсам, өне бойым шырыш-шырыш шарана, бір мәшіннің артында жатырмын. О, Жасаған! Кезінде жеке мектептен оқыған, хат сауаты бар, ауылдың мен деген мырзасы Си Мын Нао болған менің қайран басым төрт тұяғы қардай аппақ, еріндері алқызыл қодық болып шыға бердім.

«Өмір мен өлім азабынан» үзінді

Бауыржан Майтай, ақын: Мо Ян, бұл жазушының кейбір шығармасын оқығанда саяси қорғаннан қалай ғана сытылып шыққанына қайран қаласың. Саяси жараны тырнап ашқан, қанын шығарған шығармалары көп-ақ, жақында оқыған «Өмір мен өлім азабы» романы міне осындай романдарының бірі. Бұл шығарма айнығыш адам бейнесінің құбылмалы мінезін, қатал әрі қате саясатты көрсетіп берген, әсіресе автордың сол тұста елде жүргізілген саясатқа деген кегі әр жолдан, әрбір ауыз сөзінен байқалатды.

Романның ұнаған ерекшелігі жазу стильі болды. Жазықсыз өлім жазасына кесілген жер иеленуші бай Си Мын Наоның о дүниеге барып сұраққа тартылып «нақақ кеткенім-ай» деп мұңын айтудан басталған роман Тамақтың қаһарына ұшырап бұл өмірге есек, сиыр, шошқа, ит, мешін, қазан бас бала болып қайта-қайта келіп азапталуын баяндайды. Шығарма кейіпкері Си Мын Нао тіпті тозақтан да әділдік таппайды, бұл дүние мен о дүниеден теңдік, әділдік таппаған кейіпкер екі дүниеге барып келіп азап пен қасіреттің табаны астында жасайды. Роман әр жолы бұл дүниеге басқа жануардың кейіпінде келген Си Мын Наоның немесе өзінің адам кезіндегі құлы мен бірінші тоқалынан туған Лән Жие Фаңның аузынан баяндалады. Әр жолы әр түрлі жануар кейпінде өмірге қайта келген Си Мын Нао саясатты барынша келемеждейді, жанаур бейнесінде тұрып сол тұстағы адамдарлың бейшара халын суреттейді. Романдағы сиырдың, есектің, иттің көргені мен әңгімелері тіліне кісен түскен адамдар айта алмайтын ащы шындықтар, соларды осы жануарлар аузынан, әрекетімен шебер жеткізеді. Мысалы, бұқа болдырып үкіметтің жеріне құлап, оны орнынан тұрғызу үшін өртеп жібереді, соңғы демі қалғанда орнынан тұрып үкімет жері есептелмейтін жерге барып өледі. Енді бірде, Мао Цзэдун шығармаларын қолына ұстап ұрандаған беті Нариман қызыл жастардан қорқып ауылда бір әйелдің түсік тастағаны, бір шошқаның қорқып қабырғаға соғылып есінен адасқаны айтылады.

Си Мын Наоның құлы Лән Лиян сол кездегі бүкіл Қытайдағы жалғыз жеке шаруа аталады, коммунаға қосылмай жеке өмір сүргісі келеді, бірақ о дүниеден әділдік таппаған иесі Си Мын Нао секілді ол бұл дүниеден әділдік таппай, үкіметтің шығарған заңына бағынбай өмірден өтеді, автор оны сондай асқақ бейнеде қалтырады.

P.S: «Өмір мен өлім азабы» - Мо Янның Нобель сыйлығын алуына тікелей әсер еткен шығармаларының бірі. Осы шығармасына дейін жазылған «Қызыл гаулияң», «Бақа», «Шарап елі» қатарлы романдары да өзіне тән саяси көзқарасымен ерекшеленеді. Жалпы, Мо Янның кезкелген шығармасы жұрт назарынан тыс қалған емес. Ол әдебиетке келгелі айналасына дау тудырып келе жатқан жазушы. Әсіресе оның «Бақа» романы қытай және әлем оқырмандары арасында көп талқыланды. Мо Янның досы жапониялық жазушы Кендзабуро Оэ бір сөзінде: «Мо Янның аса қуатқа толы қол жеткізген әдеби жасампаздығы, оны қытайлық қаламгерлер арасында Нобель сыйлығын алуға бірден-бір үміткер етері анық» деген екен. Бұл сөзді Оэ Мо Ян нобельды алудан алты жыл бұрын айтқан. Бір де журналистер Мо Яннан бақыт туралы түсінігін сұрайды. Сонда Мо Ян: «Мен бақыт туралы ойланып көрмеппін. Егер адамның дені сау, жаны азат, ойы еркін болса сол бақыт шығар. Бірақ, мен ол мүддедегі адам емеспін. Өзімнің тәнімді де, жанымды да ауыр жүк жаншып жатқандай сезінемін. Өйткені мен қоғамның ауыр жүгін арқалап жүрген адаммын»,- деп жауап береді жазушы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар