Шығарма туралы шынайы рецензия жазылса...

Бөлісу:

04.04.2022 4458

Әдебиет – үздіксіз жүріп жататын жанды құбылыс. Әр кезеңнің өз әдебиеті мен әдеби қайраткерлері болады. Әдебиетті жасаушы ақын-жазушылардың шығармашылығын кәсіби сыншылар бағамдаса, ал әдебиеттанушылар ғылыми тұрғыда әдеби процесті талдап-таразылайды. Бүгінде қазақ әдебиетіндегі құбылыстарға үздіксіз үн қатып жүрген жас әдебиеттанушы Айнұр АХМЕТОВАМЕН Алматыдағы әдеби орта мен жалпы әдебиеттің бүгінгі мәселелері жайында әңгімелескен едік.

– «Әдеби орта» деген түсінік бар. Мәдениеттің мәйегі саналған Алматыда бұрынырақта әдебиеттің шоғыр-шоғыр айтөбелдері жүретін. Бұл қаладағы әдеби процестердің бел ортасында жүрген маман ретінде қазіргі әдеби ортаны қалай сипаттар едіңіз?

– Қазіргі уақытта Интернет пен цифрлық технологиялар әдеби орта түсінігі мен аясын әлемдік масштабта барынша кеңейтті. Әдеби ортаға қосылу үшін Алматы, астана, АҚШ, Еуропаға сапар шегудің немесе сонда барып тұрудың қажеті жоқ. Әрбір оқырман, әдебиетке қызығатын жан, яғни кез келген адам әдеби басылымдардың, әдебиетті насихаттайтын ұйымдардың және авторлардың желідегі аккаунттарына жазылып, әдеби үдерісті бақылай алады. Интернет оқырман мен қаламгер арасын барынша жақындатып, жылдам уақытта бір-бірімен интерактивті байланыс орнатты. Бұрынғыдай басылым беттерінен туындының шыққанын айлап, жылдап күтетін жайбасар уақытпен қоштастық. Ақпарат тасқынын белден кешіп жүрміз. Виртуалды өмірде кеңістік деген ұғым да жойылды. Кітаптың тұсаукесері немесе басқалай әдеби кездесу, кеш ұйымдастырылса, алдын ала әлеуметтік желіде хабарландыру тарайды. Онлайннан тыс, шынайы өмірде бұрынғыдай әдеби ортаның белсенділігі Алматы шаһарында сақталған ғой. Жазушылар одағында, ЖОО-да, қалалық кітапханаларда әдебиетшілер мен оқырмандар кездесіп, бас қосып тұрады. Университеттердің өзінде әдеби клубтар, лабораториялар жұмыс істейді. Мысалы, ҚазҰУ-дың «Көкжиек» клубы, Жүргенов академиясының «Ритм» лабораториясы әртүрлі әдеби кездесулер ұйымдастырып, көркем әдебиетті талдайды. Бұған қоса, OzgeEpic деп аталатын өнер кеңістігінде спектакльдер қойылады, пьесалар оқылымы өтеді, кейде Алматы жастары, оқырманы әдебиет, поэзия оқу үшін жиналып тұрады. Былтыр «Burshaq» шығармашылық бірлестігі бірнеше шығармашылық кездесу ұйымдастырды. Театрлар мен әдеби басылымдардың көбі осы қалада орналасқан. Осындай әдебиетті насихаттайтын, дамытуға үлес қосатын мекемелер мен шығармашылық ұйымдар қалаға поэтикалық бояу дарытып, әдеби көңіл күйге бөлеп тұрады. Аталған ұйым, бірлестік, мекемелердің жұмысын оңтайландыруға әрі Facebook, Instagram, Telegram қолданатын оқырманға арналған әлеуметтік желілерде парақшалары да қосымша жұмыс істейді. Яғни әдеби ортаның бас қосуына Интернеттің тигізер үлесі өлшеусіз және оның салдары да әртүрлі. Ең бастысы, интернеттегі әдеби ортада демократия бар, оқырман өз еркімен шығарманы оқиды, кейде, тіпті ақылы болса да кешке қатысады. Бұрынғыдай сексен, тоқсан жылдық мерейтойларға аудиторияны толтыру үшін сабақтан сұрап алып, студент шақыру да қалып бара жатыр. Осы жағынан алғанда Интернет әдеби ортаны көзбояушылықтан, жалғандықтан арылта бастады. Өкінішке қарай, Интернет жоқ кездегі псевдоақындарды дос-жарандары, ортасы қолдап, қолпаштайтын дәстүр желіге де көшті.

Интернетте контент көп, соның ішінен жақсы жазылған шығарма немесе нағыз қаламгер ғана уақыт пен талғамның елегінен, сынынан өтіп, мәдени құндылыққа айналады деп ойлаймын. Постмодерн қоғамның бір көрінісі – интернет, коммуникация құралдары арқылы сапалы-сапасыз, қажетті-қажетсіз дүниенің бәрін тұтас оқып жатырмыз. Сапасы тұрғысынан қандай әдебиет жазылса да оқитын, ондағы көтерілген идея мен көзқарасты қолдайтын, жақтайтын оқырман табылады. Талғам, көзқарас әртүрлі. Ақпарат, насихат көп. Желідегі хабарламаның бәрін ашып, оқи берген де санаға қабылдауға ауыр тиеді. Смартфон, басқа да гаджеттер арқылы үздіксіз шабуыл жасап жатқан ақпарат дәуірі адамның зейінін әлсіретіп, есте сақтау қабілетін құртады. Ақпарат массасы адам мінез-құлқын өзгертеді, көңіл күйін құбылмалы етеді. Көзіміз, сезімдеріміз ақпараттың астында тапталып кетті. Бұл құбылыс – постмодернизмнің елеулі көрінісі.

– Бір сұхбатында Тұрсын Жұртбай «Қазір нағыз әдеби туындылар шығатын кезең» деген еді. Жалпы жақсы шығарма қай кезде туады? Оған заманның өзгерістері немесе жеке тұлға бойындағы ішкі психологиялық көңіл күйдің әсері қаншалықты?

– Шығармашылыққа өзіңіз айтқан қоғамдағы оқиғалар, өзгерістер, жаңалықтар, саясат, тарих, ғылым, технологияның дамуы жазушының да, оқырманның да менталды әлеміне әсер етеді. Саяси, тарихи шындықтардың, мәселен, орыстар мен қытайдың шабуылынан бөлініп кеткен Тұран елдерінің топырағы, ашаршылық, репрессия, азшылық ұлттарға жасалып жатқан қысым, қазіргі соғыстар, әртүрлі өркениеттік құбылыстар әсер еткен қазіргі адам болмысы сынды оқиғалардың барлығы әдебиеттің тақырыбы бола алады. Әлемнің ғажайыптарын білуге, Құдайды тануға, Оған жақындауға, жаратылыстың себебін ұғуға ұмтылған, жеке бастың еркіндігі мен құқығы сақталса дейтін адамның тіршілігі жүріп тұрғанда әдебиетте жазылатын тақырып таусылмайды.

Соңғы отыз жылда жазған көп зерттеулерде «Кеңестік цензурадан еркіндік алған қазақ авторлары шығармаларында ұлттық мәселелерді терең көрсете бастады...» деген мазмұнда жазып келе жатырмыз. Бұл тұрғыдан алғанда, тәуелсіздік – посткеңестік мемлекеттердің қаламгерлерінің шығармашылығын дамытуға берілген үлкен мүмкіндік. Жоғарыда әдеби ортаға Интернеттің тигізген ықпалы жайында қысқаша айттық. Ақынға да, жазушыға да, драматургке де әдеби сайттар, порталдар және әлеуметтік желідегі жеке парақшалары – жеке шығармашылығын дамытуға, насихаттауға барынша тиімді көмек беретін алаң. Яғни жазуға мүмкіндік көп.

Жақсы шығарма автор көп ізденіп, шығармашылығын дамытуға табанды түрде уақыт бөлгенде ғана жазылатындай көрінеді. Қазіргі ақпаратқа көміліп жатқан дәуірде нақты жоспармен жұмыс істемесек, интеллектуалдық нәтижеге, табысқа жету қиын.

– Шығармадағы «уақыт және кеңістік» деген ұғым бар. Қаламгерлер туынды жазғанда шынайы уақытқа бағына ма әлде уақыт пен кеңістікті өз үкімімен құра ма?

– Ғалым Михаил Бахтиннен бастап көркем туындыдағы мекеншақ (хронотоп) категориясын зерттеушілер көркемдік әлемнің өзіне тән уақыт пен кеңістігі болатынын айтқан. Мекеншақ – көркем туынды тіршілік ететін орта. Кез келген оқиға байланыстары, кейіпкер әрекеттері белгілі бір уақыт пен кеңістікте (ашық, жабық) өтеді. Уақыт пен кеңістікті автор өзінің еркіне қарай ұзартып, қысқартып, сығымдап, бір кеңістіктен екінші мекенге ойша сапар шегу арқылы қалыптай береді. Көркем шығарма шынайы әлемнің үлгісі (моделі) болғандықтан, динамикалық, шартты, түпнұсқаға балама ретінде қабылданады. Мысалы, Дантенің «Құдіретті комедия» дастанында ақын фантастикалық-мистикалық тұрғыда елестету арқылы жердің астына сапар шегеді. Тұрысбек Сәукетаев «Мен жындымын» романында мистикалық кеңістіктің элементтерін бедерлеп, баяндаушы Абайдың рухымен – «қара шалмен» сырласады. Уақыт пен кеңістіктің әдеби-эстетикалық тұрғыда игерілу әдісінің айқын үлгісі фантастикалық, онейрикалық (түс көру, елестету т.б.), психологиялық және мистикалық туындыларда айқынырақ көрінеді. Шынайы, мифтік, аңыздардағы жағрафиялық нысандардың атауы ассоциациялық-символдық мәнде де қолданылады. Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесінде кейіпкердің рухани арпалысы психологиялық, онейрикалық кеңістікте өтеді. Көптеген классикалық туындылардың, мәселен, «Абай жолы», «Ұлпан», «Талтүс» сынды романдардың оқиғалары, яғни кейіпкерлердің күнделікті әректтері болмыс (нақты) кеңістігінде өтіп жатады. Уақыт та тұтас өтіп жатқан категория. Шынайы өмірдің өзінде біз уақытты субъективті қабылдаймыз. Әр халықтың, ұлттық дүниетанымында уақыт бөліктерінің атауы, тіркестер, фразеологизмдер кездеседі. Феноменологиялық тұрғыдан алғанда әлем, оның ішінде, уақыт – біздің санамыз таныған, өлшеген шындық қана. Жазушы да перцуапталды (сезімдік қабылдау уақыты) уақытты бейнелейді. Әдебиеттануда хронотоп теориясы жан-жақты, әр қырынан жақсы зерттелген.

– Қазіргі жас ақын-жазушылардан кімдердің және қай шығармасы болашақ ұрпақтың қызығушылығын тудыруы мүмкін дер едіңіз? Шығармаларды талдап жүрген маман ретінде сіздің субъективті ойыңызды білгім келеді...

– Кесіп айту қиын. Бірде ұстазымыз жас авторларды 30-40 жылдан кейін зерттей бастау керек, сонда ғана шығармашылығының басты бағыттары, стилі, жалпы жазушылық деңгейі айқын аңғарылады деген еді. (Әрине, жарық көріп жатқан шығармаларға рецензия жазылып тұруы керек). Осы пікірмен жартылай келісуге болады. Өйткені бастапқыда өзін сынап көру үшін әңгіме жазып, кейін жазушылықтан алыстап кететін авторлар кездеседі. Оның үстіне қазіргі заманда біз автор да, зерттеуші де, оқырман да өте жылдам уақытта жазушы, ақынның немесе кітаптың тез танылғанын құп көреміз. Интернет тіршілігімізді жылдамдатып, тіпті шыдамымызды тауысқандай сезіледі. Шығып жатқан кітаптар да өте жұқа. Әрине, аз бет болып кітап шықпасын деген талап жоқ. Бірақ бұрынғы қалың кітап шығару дәстүрі санамыздан берік орын алған. Бұл тұста кітаптың ішіндегі шығармалардың жалпы санын айтып отырмын.

Сұраққа оралатын болсақ, қазіргі уақытта прозадан гөрі жақсы өлеңдер көп шығып жатыр. Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы, Мирас Асан, сынды авторлардың жырлары кейінгі ұрпаққа қалатынына сенімдімін. Жасы қырыққа жетпеген зерттеушілерді біздің ғылым саласында жас ғалымдар санатына жатқызады. Сондықтан мен де осы жастағы авторларды атап отырмын. Ал проза жанрында жас авторлардың шыққан бірді-екілі әңгіме, романдарымен кейінгі ұрпаққа қалады-қалмайды деп нақты болжам жасай алмаймыз. Алдағы уақытта Бақытбек Қадыр, Әлібек Байбол, Әлішер Рахат, Әлихан Жақсылық сынды авторлар болашақта жақсы шығармалар жазады деп үміттенемін. Былтырғы жылдың аяғында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік сөзі» сериясымен бірнеше жас автордың кітаптары шықты. Кімнің не жазғанын шолып болса да көріп шықтық, уақыт жеткенше оқып та жатырмыз. Бұл серия шыққанға дейін де кітапқа енген кейбір туындылар сайттарда жарық көрді. Ақындардан Тұрсынбек Башар, Батырхан Сәрсенхан, Арман Әділбек, Абзал Сүлеймен, Еділбек Дүйсеннің өлеңдерін оқып жүрміз. Файзолла Төлтайдың өлеңдері ерекше ұнайды. Жас ақындар шығармашылық тұрғыда еркін, өнердің сипатын, бағасын жақсы түсінеді. Аталған авторлар жақсы жазуға, сапалы шығармалар ұсынуға тырысады. Яғни жақсы шығарма жазуға деген ниет пен талпыныстың болғаны әдебиеттің болашағына үміт артуға түрткі болады. Сапасыз туындыларымен ақын, жазушы деген атты иеленіп алған авторлар да көп кездеседі (жоғарыда да айттық). Интернетте де көп насихатталады. Солардың қасында жақсы жазу үшін үнемі ізденіп, талпынып жүрген авторларға құрмет көрсетуіміз керек. Шығармалары жарық көргенде ШЫНАЙЫ рецензия жазып, ары қарай еңбектенуіне қолдау көрсетуіміз қажет. Ең болмағанда рухани тұрғыдан қолдау береміз. Сондай әдеби сын жазу үрдісін әдебиеттің болашағы үшін өзіміз ұйымдастыруымыз керек. Ең жақсы шығармалардың авторын, бәлкім, әлі өзім оқымағандықтан, атай алмаған шығармын...

– Постмодернизм біздің де әдебиетке жетті деп жатырмыз. Бұның қазақ әдебиеті үшін әсері қандай?

– Соңғы жылдары бұл мәселе БАҚ беттері мен білім беру орталарында жиі талқыланып жатады. Бірақ кейінгі кезде біздің әдеби сайттар, басылымдар постмодернизмге қатысты жиі сұхбаттар ұйымдастырғандықтан болар, Қазнетте жақсы материалдар жарық көрді. Жақсы жауаптарды берген де кейбір ақын, жазушылардың өздері. Постмодернизм деген ұғымның нақты бір сипаттамасы, белгіленген ережесі жоқ. Көп өнер түрлеріндегі қазіргі әлемді, адамдардың дүниетанымын, орыс әдебиеттанушысы Илья Ильин айтқандай, «әдеби-эстетикалық тұрғыда түсіндіруге ұмтылған бейсаналы құбылыс». Постмодернизмнің белгісіздігі, бұлыңғырлығы бізді екіұдай, екіұшты ойға қалдырып келді. Қазіргі постмодерн қоғамында өмір сүріп жатырмыз. Бұл қоғамнан автор да, оқырман да қашып құтыла алмайды. Тіпті өзіміз осы қоғамның белді/белсенді мүшесіміз. Әдебиеттегі постмодернизм жайлы сөз қозғағанда мәтіндегі фрагменттілік, мәтінаралық мәтін, гипермәтін, нарративтілік тағы басқа да белгілеріне назар аударып жатамыз. Умберто Эко «Постмодернизм, ирония, занимательность» деген еңбегіндегі үзіндіні тікелей аударғанда «әр дәуірдің өзіне тән постмодернизмі бар» дейді. Постмодернизмге берілген ең айқын, түсінікті сипаттама осы сияқты. Әдебиеттегі постмодернизмге тән белгілер ретінде оқырманмен ойын, идеология, қалыптасқан мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді келемеждеу, ирония жасау, құбылыстарға күмән келтіру, плюралистік көзқарастардың болуы, бұқаралық, тривиалды өнермен байланысты келуі әрі тұтынушылыққа бейімділігін және тағы да басқаларды атауға болады. Мұндай белгілер бұрынғы әдеби туындыларда да кездеседі. Жеке өзіме постмодернистердің қалыптасып кеткен идеяларға күмәнмен, сынай қарауы ұнайды. Мұндай көзқарас оқырманды терең ойлануға, қайта пайымдауға, шынайы қоғам құруға итермелейді. Постмодернизм интеллектуал автор мен интеллектуал оқырман болғанын қалайды. Әдебиеттанушы Илья Ильин постмодернизм эстетикалық тәжірибенің модернизм, реализм және бұқаралық мәдениет деп аталатын үш формасының тән екенін атап өтеді.

– Біз бүгін әлем әдебиетін жастана оқимыз, бағалаймыз. «Жүз жылдық жалғыздықты» жазған Маркестің, «Кішкентай ханзаданы» жазған Экзюперидің ойлары әлі күнге қоғамда жақсы талқыланады. Ал қазақ әдебиетін әлем жұртшылығы қаншалықты біледі деп ойлайсыз? Егер білмесе оған не кедергі болуы мүмкін?

– Бұл – әдеби ортада ең көп талқыланатын мәселе. Қазақ әдебиетін әлемнің білуі сондай шарт еместей көрінеді. Бәлкім, әдебиеттің, автордың танылуы халықаралық масштабта Қазақстанның имиджін қалыптастыруға септігін тигізуі мүмкін. Әдетте, осы сұрақ көтерілгенде қазақ жазба әдебиетінің қалыптасу тарихына ой жүгіртемін. Жазба әдебиеттің қалыптасқанына бір ғасырдан асса, тәуелсіздік алғанымызға да отыз бір жыл толды. Өте асығыспыз, барлық нәрсенің жылдам болғанын, орындалғанын қалап тұрамыз. Қазақтың отырықшы елге айналып, ғылым, білімге қол жеткізген кезеңдері де осы сұрақты қойғанда ескерілуі керек деп ойлаймын.

Әлемге танылу оңай емес. Жақсы жазылып, шет тілдеріне сапалы аударылған шығармалар ғана танылатын шығар. Меніңше, Қазақстанда аудармашылар мектебі де жүз оқулықты аударғаннан кейін қалыптаса бастады. Бұған дейін көп автор немесе аудармашы-мамандар шет тілінен (көбіне орыс тілінен қазақ тіліне) қазақ тіліне аудару арқылы мектеп (Абайдың аударма мектебі, Әуезов, Кекілбаевтың аудармалары т.б.) қалыптастырса, қазақ тілінен шет тіліне тәржімалау жағы қиын екенін байқадық. Яғни санаулы аудармашымен аудару жұмыстарын жүргізу оңай емес. Әрбір жеке автор шығармаларын барынша насихаттауға көңіл бөлгені дұрыс шығар. Солай болып та жатыр. Мысалы, ақын, аудармашы Ардақ Нұрғазының өлеңдері ағылшын тіліне көп аударылады. Жақында бір туындысы «New York Times-қа» шықты. Таласбек Әсемқұловтың да «Талтүс» романы ағылшын тіліне аударылды. Зира апай Наурызбаева бұл романның аударма нұсқасының шығуы үшін аудармашылармен көп жұмыс жүргізді деп ойлаймын. Осындай қарқынды, мұқият жұмыс жүргізу керек. Екінші жағынан, туынды жақсы сапамен аударылып, сол күйінде оқылмай қалып кетуі де мүмкін. Жалпы алғанда, орыс, ағылшын тілдеріне қазақ авторларының шығармалары бұрыннан аударылып келе жатқанын да ескеру керек. Классикалық туындылардың көбі болмаса да, біразы аударылған. Яғни аударылған қазақ әдебиетінің қалай оқылатынын болжаммен білуге болады. Нәтижесін әр оқырман өзінше пайымдай жатар. Бәлкім, сіз айтқан «Жүз жылдық жалғыздық» сынды қоғамда белсенді талқыланатын шығармалар болашақта жазылатын шығар.

- Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Бөлісу:

Көп оқылғандар