Сұраған Рахметұлы. Иран – қайғы

Бөлісу:

05.04.2022 3482

Жұрт сұрымнан үркініп,

Шошынады жырымнан...

Иран – Қайғы ақын. Ақын – қайғы. Ұлы... Сонау мың да тоғыз жүз жетпіс бесінші жылдары бозбала түбіт мұрт кезімізде өлеңін тауып оқыған едік. «Жырлайды жүрек» (1974) Баян-Өлгийдегі әтеш-үйшік пәкшәкене дүкеннен Алтайдың күн бетіндегі сай-салаға жол тартқан-ды. Біз жаттаған қара өлеңнен – оның жазған зар жырлары шырмауық шешекті сырмалы еді. Мінезі қырлы, қыңыр легір-жебедей, ирониялық кекеулі, қайғылы сөзі мірдің оғындай терең тиеді, ұйқасы кедір-бұдыр, иірімі мұңлы, қайырымы қайғыдан, мағынасы күңгірт – мұнар, ұстыны шебер, өзегі өңге келісімдер. Көне гректік пайым мен ашу-ызасы, қаһары түгелдей. Суатқа түскен қоңыр аңдай тұшынып оқи жөнелейік желпініп... Жетпіс бесіншідегі желкіл-желкіл жастарға, шеттегі жетім жүрек еңкілдерге осылай жеткен – Иран-Ғайып – Иранбек Оразбаев аға. Ол 1980 жылы болу керек қазақ поэзиясына – «Түннің көзі» арқылы басқаша көретін «көз» бітірді. Күн көсемнің өзін күнге теңеп жүрген реалистік өскін ақындар – «түннің» «көзі» бар екенін бажайлаған. Иран – Қайғы осы жинақта «Негр – түннің баласы» деген өлеңін ұсынған-ды.

Көзге түртсе көргісіз қап-қарамын,

Қап-қара болмауыма жоқ та амалым.

Қойынымда түн жатыр, ол да – қара,

Қап-қара ғана менің ақтамағым...

Қара түн – қара сандық,

Құлпын ашып,

Қара маржан табардай ақтарамын!..

Жалықпаймын мен оған құмартудан,

Кінә артудан аулақпын,

Мұң артудан!

Дүниеге келеді...

Келер НЕГР –

Түннің аппақ махаббатынан туған!

Түннің мамық қабатынан таматын әппақ нұр: қара нәсілдінің бейнесімен өрілген. «Сөзбен өрілген өмір» деп еді кезегінде Аристотель-Ғайып. Әлемнің екі өңі – ақ пен қараны ширата береді ақын. Мына шымқай қара өрім шумақта шаңқан түннің қылаулы, қыраулы боз бояуы өңге іңгәләп тұр. Қара түннің көзіндей мөлтеңдеп...

Иран – Қайғы қазақы, киелі ұйықтан шыққан, қоңыр үйдің түлегі. Орданың қызыл сүлей қышқылтым төкпелеріне ұқсас өңшең өкпелі өрімдерді өзектей, өрнектей төпелей жөнелгенде көзіңе: көне – ібірит, әрідегі – әрмей-дің үні келердей бейкеңіс. Бастауын қалай бастағанын кім білер?! Бастабында бас асау жырлары көндіге қоймаған. «Бас» туралы бір өлеңі тым дөрекілеу пошымды, біздей үшкір, тіптен ескі бәдіздей қашалған. Осы ескі қандауыр жырлары бізді (дерді) жаңа сүрлеуге таман қайырған. Орхондария бойындағы сынатастағы бедіз бе? Орқаш жартастағы таңғайып оқшау бітік пе... Бір сүгіреттің сүлей сұлбасы тура әсер еткен, әйткенмен!?

Басым –
Екі Иінде,
Жұмалағым –
Дорбада:
Басымдағы киімге
Қарап –
Нахақ қорлама?!

Қандауырдай қадап, қанжардай турайтын ақын осы турашылдығымен мәшһүр болды. Тіке айтуы жұғымды, ешқандай дөрекілікке қатысты емес. Ешқашан өз сұлбасынан жаңылмаған һәм «есінен танбаған» айбарлы, әлі де.

Хош! Енді сол ақынның мінезі мен синусінің сызымы да пошымы да осы ғой!? Еңкейіп жатып оқып едік, шалқайып жатып ойланып... Көшпенді боз үйдің іргесінен май шамның майда жарығын үрлеген самалдың күбірімен күбірлесіп, сыбырласып жатып ерекше ғайып шеккенбіз. Ескі келісім, киелі тәурәттің ермен кермегіндей кеңіске қарай үнемі талпына шалқыған. Абай тінді жырлары өмірге қалай болса солай (келе салған бойымен – Р.С) етене сезілген-ді. Бір жағы қарлы дауылды – қараша қауыс, екінші жағы ішкі ағыны өміршең – тамаша хаос, тіпті (астамшылықа жорымассыз – Р.С) үшінші жағы мөлтең хауыз – назымдар. Өлең – ырғақ пен ішкі ойдан шығып, санаға сіңетін құбылыс. Мұңлы нәзирәдағы фонетикалық тербеу, іш сілеті – синтаксистік байлам мен ұрымтал шешім, шебер өрілген құрылымға жіктеледі оның өлеңі. Ол, мың түрлі келісім мен мұң сіңді бояудың қосындысын ұнатады. Қисындарда бұны кейде жіміле әдебиетінде коннотативтік (connotative) нақыл, ишаралы рай ретінде белгілейді.

...Алтын-Басқа лайық –
Айна-Таздың кепеші.


Күн кешемін түртініп,
Әтектейін сылынған:
Жұрт сұрымнан үркініп,
Шошынады жырымнан...

Ортағасырға қарай саялап, салмақтап, санап барып қайтасыз. Өркениеттер тоғысынан айқайлаған өзіңнің жандауысыңды естисің. Таң дәуіріндегі ме, өзгеде ме әйтеуір ханның гаремінді кәнизактарын күзеткен тайгандар (әтек) әлегімен шендесер жалған, жасанды жүйені меңзейді. Бұндай жырларға тек тішке қана талдау керек. Болашаққа талдаусыз, талғаусыз поэзия қалдыру күнә. Қазақта сұрқы мен сұрпы күрделі көптеген өлеңдер «өлі» күйінде кетіп барады. Ұлт үшін аһұрған ащы жырлардың бәрі болашақтың ой-санасының илеуінде қалуы керек-ті. Иран – Қайғының әз заманы – Жұмекен Нәжмеденов, Омарғазы Айтан, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Исрайл Сапарбай, Асқар Сүлейменов, Темірхан Медетбек, Есенғали Раушанов, Серік Ақсұңқар, Ұлықбек Есдәулеттер түренімен өңдес – ті. Бұл буын өз-өзімен көрінген құбылысты замана – алаңы еді. Олар осы әдеби әлемді өзгертуге, қырлауға, ұштауға жіберілген тас қайрақтар. Сол тас қайрақтар өзгені өткірлеу үшін өздерін мүжіп тауысты. Содан бері уақыт тегершігі айналып, жаңғырып барады. Болмысы, сөзі өзгеше, өзегінде «көзі» бар желбуаз буын келе жатыр.

Сынмен қоштастық... Сынның орынын – сынның сыны емес – сыңыржағы егелеп алды. Сыңаржағал тым тұрпайы, сорақы сұрықсыз құрмақтаулар басып келеді. Өлеңі бұлдыр – бұрау (құрау емес – Р.С), ойы – бұлаң буалдыр күңгірттеу болса оны байыптап, талдаудың орнына, тасасында талай-талай қасаби дөрекі айыптауларын лақтырар осы заманғы «әлеуметтік сыңар сүзгілі» езгі пайда болды. Өзі жақпаса – өлеңін де жақтырмайтын, өмірі сыз бен суықтың өтінде болатындар да ғаламда аз емес еді... Мысал көп. Француздың дара таланты Гийом Аполлинерді (Guillaume Apollinaire) кезінде ұры деген лақапқа ілініп өтпелі уақытын поэзия әлемінде өкінішпен өткізуге душар болған. Пол Верлен мен Артур Ремболардың қым-қуыт өмірі де солай... Пол Верленнің нашақорлықа, арақкештікке салынуы бастабында ауыр сынға ұшыраса да соңында текті оқырман оны кешірген, кеш те болса мойындалған. Оған бүткіл француздықтар – «Ақындар князі» атағын бергенде – Верленнің дөрекілігін тек еркелікке ғана теліген. Атақты сүгіретші Сальвадор Дали мен Гарсиа Лорканың (1898-1936) гомосексуалдық бейбастақтығы да таланттылықтың арқасында ел-жұрттың есінде сақталмады, тек дәтті аңыз ретінде қалды. Испанияның ақыны, драмтургі, авангарттық бағатта Пириней түбегінің ерекше суретшісі Федерико дель Саградо Корасон де Хесус Гарсиа Лорка 1936 жылы 37-ден асып бара жатқан шағында оққа ұшқан еді. Иран – Қайғының кейбір жұмбаққа толы өмірі (гомосексуалдығы және мүшел жасында атылып кетуінен өзгесі – Р.С) Лорканың ғұмырымен тым ұқсас секілді. Демі – көне, дені – сужаңа. Мүлдемге пайым санаға кереғарлау келетін кертолғау, шертолғау жырлары, трагедиялық драмалары бұған дәлел. Мүмкін ол – Алаш дәуірінде немесе жуырдағы Қазақ елінен өзге бір жерде туған болса – Итжеккенге айдалып, саяси абақтыға жабылып, тіпті Мағжандарша атылып та кетер ме еді?!

Демнің екі түрі бар мен білетін:

Алар демің – санатқа ендіретін.

Шығар дем – шыбыныңды шырқыратып,

Шындықтың шырағданын сөндіретін.

Бір дәм әрі болғанда, бір дем – бері,

Дем арасы – жан-тәнің гүлденгені.

Екі дем – Жәбірейіл мен Әзірейілің,

Адам Адам атанған күннен бері.

Құдай осы Иран – Қайғы секілді, Қазақ жазушыларын сақтап, өз жерінде ақтап келеді. Мұстафа Шоқайдың соңынан әлде біреудің жымысқы саяси әрекетімен елден кетуге мәжбүр болған Ұлы классик Мұхтар Мағауиннен өзгесі әйтеуір қудаланған жоқ. Мынау қасымыздағы көршілес Ресейде татар жазушысы Мұстафа Жемил Киримоғұлы өзі туған елінен кетуге мәжбүр болғандығын көрдік. Жуырдағы жылдарда Ислам Каримов акаға жақпаған, шетке кетуге мәжбүр болған өзбектің диссидент жазушысы Хорезм, Үргеніштің тумасы, Мәскеуде Горкийде оқыған Мухаммад Салых (Салай Мадаминов) өмірінің кесапатты кебі де көз алдымызда. Сондай-ақ, Хамид Исмайловтың Лондонда жарық көрген – «Өлі көл» романы мұндағы ядролық полигонға арналған. Ұлыбританияда Tilted Axis Press баспасында жарық көрген «Жындар асы» (2018) романының айтқандарын біздегі асау ойлы Иран – Қайғы да қақсанып ескертіп жүрді. Бөлекшелеу көзқарасымен Түркіменнен кеткен диссиденттер Худайберды Халлы (Чехия «Азатлык»-та істеген), Ширали Нурмурадов (Швецияда: «Параллели» өлеңін жазған), Ак Вельсапар (Ұлыбританияда) тентіреп жүр.

Белгілі жорналшы, ақын диссидент Ак Вельсапар «Мәңгілік азаптың күнәсі (Сомнений вечных боль - 2012), «Аипи аңыздары» (The Tale of Aypi - 2016), «Түлкілердің кек алуы» (The Revenge of the Foxes - 2018), «Жылан аулаушының өлімі» (The Death of the Snake Catcher - 2018) т.т. Бұлар сыртта, шетте жүріп еңіреді. Өз ортасынан күн көре алмады деуге болады. Жырақ кетіп жандүниелері қанжылады. Иран – Қайғының ғазалдары да осал емес еді. Құдайы сақтап, бұндай тағдыр оны айналып өтіп кеткен секілді...

Туған жерінен кім бездірілмеді?! Баяғы Захириддин Мұхаммед Бабыр кетпесе әлемдік құндылық – «Бабырнама» жазылмас та еді?! Бірақ, мәселе көп! Өз елінде есентүгел жүрді демесең: өз ұйығында түнек кешіп өткен әдебиетшілер қанша ма!?

Алайда, Иран – Қайғы болса: «Хайуандық комедия», «Күшігінен таланған», «Мен ішпеген у бар ма?», «Батқан кеменің бейбақтары», «Желжуан», «Құдай қарғағандар» – ды өз жұртында еңіреп жүріп жазды. «Хайуандық комедия» трагедиялық 6 көріністі драмасы түгел өлеңмен жазылды. Шыңғыс қағанның қасіретті ғұмыры – өзінен Өгедейге дейінгі оқиғаны қамтыды. «Күшігінен таланған» тарагедиясы да ХІV ғасырдағы ұлы әмірші Ақсақ Темірді тербеді. Ақсақ Темір оқиғасы өте салмақты дүние. Ақсақ Темір күңіреніп барып бітеді:

Құдай – Жалғыз!

Құдырет – Хақ!

Құлы – Пенде!

Құл санатты пендеміз:

Сен де,

Мен де!

Құлмын деуге жетеді ақыл-күшім,

Құдыретім жерде

Құдаймен тең десем де...

«Мен ішпеген у бар ма?» – шебер шегенделген шерлі реквием. Уақыт, кеңістікте Абайлық сананы бейнелеудің тәжі. Көріністері – Абай хакім, арыстан Құнанбай, типтік образ Оразбай. Басталуы да ант секілді, күңіреу. Кез келді – дейді:

Бастан жақ бөлінді –

Тіл жүйесіз қалды! –

Әкеден бала жерінді –

Діл иесіз қалды! – деп тиек сөз жасайды. Ерекше ишарат, еге белгі-ескертпе.

Мыңның мұңын шертеді... Абайша аһұрады...

Түгел көріністің төрт тағаны біркелкі түрлі тағдырлардың прототипі, бейнесі. Абайдың ғұмыриятының атар таңы мен батар күніне шейінгі аянышты жағдаяттар өріледі. Соны шырқаулар мен сүлей өнегелі синограммалар лебі. Оразбайдың соңғы сөзі – Абайдың өлімі арқылы тосын үкім-өсиетпен бітеді. Иран – Қайғы тынымсыз экспериментатор – Абай үшін!? Жандүниеңе жарық түсіргендей:

Абай өлді дегенше –

Нәсіп-демі таусылып.

Көк аспанын қайғы алып –

Алып өлді десеңші!

Абай өлді дегенше –

Жаны жүрегін жаусынып,

Қара тобырға айналып –

Халық өлді десеңші...

Дауысы құдайға жетердей зарлаған заржақ ақын жүрегі тесік шөміштей болғанша екі иығынан демалып, жанайқайымен еңіреп келеді. Шүкірәна! Ұлы Тәуелсіздігі оның ішкі тәуелсіздігін қорғаған да шығар, кім білсін!?

Екі дем:

Екі дүние – Өмір – Өлім...

Бірін – жеңіп,

Бірінен – жеңілемін.

Екі оттың ортасында ауа қармап,

Жеңсем де, жеңілсем де еңіредім.

Еңіредім!..

Жетеді!

Еңіремен!-

Екі демге иемін,

Тегін емен!

Екі дүние қызығын бірдей көріп,

Мұздай боп мәңгіліктің төріне енем!


Иран – Қайғының жырларында өлім туралы, о дүниелік өсиет секілді шумақтар аз емес. Оның өлеңдеріндегі мәндерге анықтап зерлеп қарасаңыз жабыққан, күдер үзген, түңілген тұстары бар... Бұндай ойлар – «Мен өліп жатқан шағымда» (As I Lay Dying)-ны жазған (1930) Фолькнерде де болған!? Өлім – Ирекең үшін жай ғана өлшем!? Алайда бұнысы тіптен өлімді аңсаушылық та емес. Өмірді жандүниесімен сүюдің категориттік сипаттағы әділетсіздіктердің үстемдігіне қарсы «пессимистік» кейіпі ақынның ішкі жанайқайы тәрізді. Көбінде өзін жазғырады, дүниенің бүткіл қайғы-қасыреттеріне өкпелі. Ең бастысы – ақынның руһ тірілігі! Ол, өзімен қатар жүріп ерте кеткен әріптестерін де азалы жырына қосты. Жұмекен Нәжмеденов қайтыс болғанда жазған арузы:

…Тірісің – Ақын!..
Өлгенің жоқ!
Өлгенің!
Бәрі өтірік –
Қоштасқаным,
Көмгенім! –
Уақытты құлпытаспен бастырып,
Мен сені емес,
Күдігімді жерледім!..
Жырмен емдеп жазылмайтын жараны,
Күйін кештің табиғаттың қаралы –
Өлгенің жоқ! –
Заманақыр болса да –
Көзі – ұйқыда,
Көңілі – ояу
Ақын тірі қалады!
Ақын тірі қалады!
(1983)

Түрлі кейіптеулер мен теңеулерді құлпыртып әкететін, тіптен ой дамыту gradatio жағына өте ұқыптылығы басым. Сатылап жинап, оны ыңғайлы аллитерациялау шеберлігіне шек келмейді. Әрине Мәскеудегі Максим Горькийдегі күллі ғаламннан тыныс алатын жалғыз «терезеден» тыңдаған, тұндырған тұмбалардан тұтқан тұстары – соңғы сәтке дейін тындырғанынан айқын тыңғылықты көрінеді.

Иран – Қайғы-(лар) бастабынан-ақ жалтақтаудан алшақ, қашқақ жүрді. «Жалтақтағанда алдына жан салмайтын...» (Есенғали Раушанов) тұста бір буынға шындықтың шырақшысы бола білді. Өзімен – өзі жағаласты, өз санасында кідірді, өз түрмесінде өмір бойы тұтылды. Демек, аяқтанған шағы, мүмкін – аяқталар шағында да жалғани қуаяқтатар бәледен сақтап қалғанға ұқсайды. «Басынан дау кетпеген, жиналыстан сау кетпеген...» ақынның жандүниесі басқадан өзгеше әрі кеңтағанды таймас параллельді заңдылықты таңдауға талпынғандай?! Өмірдің сынақ азабын тозаққа теңеу, өз қиялындағы жұмақтың әруейін үнемі жүрегімен үрлеп жүретіндігі де бір бейсана (unconscious) секілді.

Өмір – тозақ, дей алман, өлім – жұмақ,

Тозақ шыр-пыр жұмақтың денін құрап.

Тозағымды жұмаққа қимай

Жүдеп

Жүргенімді кім білсін менің бірақ...

Зигмунд Фрейдтегі бейсаналылыққа тіптен албаты таңдай қаға беруге болмас. Алайда айтарлықтай бейкері күрделі өлең жолдарына қарасаң – мүлде ескермей кетуге келмейтіндей шым байсалды, шын салмақты да асау шумақтары тағы есе-теңдік бермей алдыңнан шығады. Махаббатты бір шөшіре жеп отырғандай езе беретін өлеңдер әредік ақындарда көрінеді. Сен болмасаң – өлемін дейтін өтірік кептеулер!? Иран – Қайғыда бұдан мүлдемге өңге өң бар:

...Құдіретім деп таныдым,

Құрбандығың болайын.

Сен мың жаса, жарығым,

Мен-ақ көктей солайын.

Күрсінбе де, күрмелме –

Азғырар Ай, арбар Күн.

Сен жер басып жүргенде –

Махаббат бар – Мен бармын...

Екі бөлек дриопитектің бір нүктеге айналуы туралы көне тағылымдар еске оралады. Ағаш бұтағындағы жапырақты жамылып құшақтасып отырып бір денеге айналып өлетін тамылжың тағдыр бейнелері қайталап еске орала береді. Сол тәрізді өзі күрделі сезімді одан сайын түрлендіретін жырларын айтамыз да.

...Бола көрме боркемік,

Біз – беріштей бекембіз –

Бір бесікте тербеліп,

Жатардаймыз екеуміз –

Жалқылықтан жерініп,

Қам ойламай, қайғы алып –

Тегімізге телініп,

Топыраққа айналып...

Иран – Қайғы ағаның туа қабілеті дара, дүниені ойға тоқуы да бір бөлек әңгімеге арқау һәми ләм – ләйімі жаһани жүк болмақ. Орайлы ұтқырлығы мен сәтті тапқырлығы, айта салатын оратырлығы ақындығына һәм өлеңмен драма жазуына қатты себепкер болуы мүмкін. Сана қабілетінің сақтау жылдамдығы асқан ұшқыр. Кейбір әріптестер ол кісіні орма ауызды, шәлдуар дөрекілеу дейді. Бірақ, оның ораторлық (orator) қасиеті де, кейбір оғаш мінезі біртүрлі жарасымды, өзгеше таңырқарлық. Көптің қатарындағы «жайшалаң ғана ақын» еместігі осы жағынан бірден байқалады. Сазгерлер арасында орыстың атақты композиторы Сергей Васиьевич Рахманинов (1873-1943) өте қабілетті болған деседі. Оның жазған «Пьеса-фантазиялар» - нан асып түскен шығармалар аз болуы мүмкін. Ал, Иран – Қайғының акындығының сыртындағы «драмалық-фантазиялары» өз алдына ерен. Оның қабілеті әлі де сеңі қозғалмай, сіресіп жатқан дүние. Егер жібі түзу театр сыншысы болған болса – баяғыда ол туралы қопарып, пысықтап өтер де еді?! «Хайуандық комедиясы»-ын жас режиссер марқұм Қадыр Жетпісбаев орыс театрына қойды. Бұл өзге тілге аударылуы керек: өзімізде де онша жақсы сахналанбады-ау!? Қазақ сахнасына ұсынған жалпы сапалы драмасының санасы 53 санға жеткен. Мұндай ірі руһани тірлік Уильям Фолькнерде болған болуы мүмкін!? (АҚШ жазушысы Нобель сыйлығына (1949) ие болған – Р.С.) Иран – Қайғының шыңы – «Қорқыттың Көрі» трагедиялық қойылымы – Қорқыт бабамыздың тағдырының қым-қуыт аңыз-өміріне арналады. Оның үстіне режиссердің сахналық шешімі өте тартымды. Дәуірі аңызға толы Пайғамбар Мұхаммед (с.а.у) заманын қамтиды. Көне Жейһұндарияның көбесінде өткен ерекше оқиғалар түрені. Балтық сағасы елдерінің түлегі бүткіл Еуропаға есімі етене таныс режиссер Йонас Вайткус қойған тіңі лирикалық драмада сойқан шешімдер өмір мен өлімаралық тылсымдыққа жауап іздейді. Ғасырлар бойы өлмеген ой. Пәнилік тірі дауыс қара қобыз, қара қобызды күңіренткен күй атасы Қорқыт рөлі төтен талант иесі актер Дулыға Ақмолдаға бұйырған. Қорқыттың бүгінгі түрі өте тартымды сезілген біз пақырға. Бұл қойылым әлемдік деңгейдегі ірі еңбек екен. Ұлы даладағы үн біткеннің сиқырлы сазын тек қобыздың үнімен сомдаған шеберлік, шедеврлік құбылыспен әзірше шендесе қоятын, көптің ынтызарлығы бар антитезалық қойылымдар аз. Ол туралы осызамандық сөз төрегерлері Рене Уэллек, Остин Уоррендердің сиппаттаулары бек рас секілді. Бұрнағы құрастырмалы үлгілерден өзгешерек...

* * *

Әдебиетті бүтін түгел қалпымен әлеммен шендестіре қарастыру осы драмадан байқалады. Ортағасырмен немесе өткен дәуірлермен шектелмей жалпыадамзаттық құндылық ретімен өнер сомдауға көшкен, оған өз көзқарасымен бек тырмыса жеткен әрине Иран – Қайғы. Оның болашақтағы мектебі де бытырамай бүгінгі – «Қорқыттың Көрі» секілді драмаларынан басталуы мүмкін. Тағы Фридрих Ницшеден «Құдай өлді» деген атақты өлшеми қағидаты қалды. Құдайдың «өлгені» бүткіл дүниеге құдайсыздықтың келгенін меңзейді. Құдайдан ақиқат, сенім тілеудің немесе басқа кейіптеулер туралы қаншама ғұламалар мыйларын борсытып жүр. Жұмбақтың шешімі жоқ, заман сайын өзгеше жауабымен келеді. Сұрану, жұбану, тілену, жалбарыну, өтіну арқылы өмірден тіреуіш, әбұйыр тапқысы келеді... Иран – Қайғы бір кезінде дәл осылай күй кешті.

Зауал – Індетіңді молайттың –

Қара Жер емеспін ғой,

Құдай!

Шер – Шеменімді зорайттың –

Қатқан Көн емеспін ғой,

Құдай!

Жүрек – Қанымды қарайттың –

Қалаулыңнан кем емеспін ғой,

Құдай!

Соқа Басымды сорайттың –

Мен – Сен емеспін ғой,

Құдай!..

Бұл құдаймен арбасу да алжасу да емес еді. Арсыздықпен күн кештіріп, ай шектірген алмағайып зар заманға тек арылу, адалану үнін жолдады. Үміт етті. Қауызға жасырынған жауыздықты жою жолында адамша түгендеудің түрені секілді бұл өлең.

Өмір менен өте ме?

Мен өмірден өтем бе?!

Өтер болсам дүниеге келгенім бе бекерге!..

Шынымен-ақ өмірің менен бетер бекем бе?

Шынымен-ақ тірлігім күлік емес лекер ме?!

Келген мен бе бекерге?..

ЖОҚ! Бекерге келгем жоқ! –

Аларымды алғам жоқ,

Берерімді бергем жоқ! –

Мен өмірден өтпеймін –

Кеншін ұям – көр мен көк! –

Өмір менен өтеді –

Көз жүмамын өлген боп...

Мен бе?

Өмір ме өксіген?..

Өмір болса бұл қалай? –

Зар илеймін күні-түн жанарда жас құрғамай!..

...Меніменен Өмірдің ара-жігін аша алмай,

Жер мен Аспан аңырып астаса алмай түрғаны-ай!.

Мемлекеттік сыйлық алса – ақын мен жазушының еңбегі бағаланды деп адасып жүрген жайымыз бар. Өткен таяу жылдарда мем сыйлық: күлдібадам, күңсіген шырайсыз «бірдеңелерге» да беріліп келді. Шығарманы мем сыйлықпен ғана өлшеу біржақты болар. Оған симайтын кең көлемдегі құндылықтар жазғандар да бар. Екі мәрте мемлекеттік сыйлыққа ие болған жазушы, суретші, композиторлар мен білетін Моңғолияда аз емес. Меніңше мем сыйлықтың екінші мәрте берілуі – мүмкін шығарманың шынайы бағалануына тым жақын. Сыйлықтан бас тарту да тұлға үшін сыйлықтан зор абұйыр болған тұстар көп. Мысалы: ХХ ғасырда экзистенциализм мен француз (марксизмінің) философиялық идеяларының жетекшісі, көрнекті француз философы, драматургі, романшысы, саяси қайраткері экзистенциализм ілімін ту етіп түрлі еңбектерін адамның бостандығына арнаған Жан Пол Сартр (1905-1980) 1964 жылы Нобель сыйлығы берілгенде «жазушыны мекемеге айналдыруға болмайды» деген уәжбен бас тартқан-ды. Мемлекеттен сыйлық алу үшін қағаз шығындап оларды мақтап әуіреге түсеміз. Мемлекеттің міндеті мен функциясын дұрыс түсінбеуден... Мемлекет жазушының жақсы еңбегіне жарнамашы болуға ғана міндетті. Жапония қатарлы көп елдерде солай. Мемлекет осы Иран – Қайғы сияқты «теріс саптаған теседей» үміткерлерді өзі Нобель-ге жарнамалап, ел мен жердің руһын көтеруі тиіс. Мемлекеттік сыйлыққа үміткер шығарманың жоқтаушысы, тектеушісі де қалың текті оқырман. Жарнамашысы, жәрдемшісі, әділетті шешімгері құдайдың жердегі көлеңкесі билік һәм өкімет.

«Өлеңді ойлап таппа, ол өзі қонсын...» деген атақты Осип Эмильевич Мандельштамнің (1891-1938) өзі Иосиф Сталиннен сыйлық дәметкені бар... Өкінштісі Сталин оған мүлде өзгеше «сюрприз» дайындап қойған...

«Хайуандық комедия», «Күшігінен таланған», «Мен ішпеген у бар ма?», «Батқан кеменің бейбақтары», «Желжуан», «Құдай қарғағандар», «Жамбылдың қызыл жолбарысы», «Негізгі шаруа», «Қанына тартқан қыңырлар», «Алтын адам», «Алтын ажал», «Киелі күнә», «Хан–Абылай–Сабалақ», «Жәбек-Шаған», «Гүл-Нәр», «Театр Романы», «Қорқыттың көрі», «Мауглидің оралуы», «Махамбет», «Қашғария», «Былыққа батқан қала», «Керкеткен» атты драмалық дастандарын жазды...

Эквадорлық ақын Хосе Румазо Гонсалес – José Rumazo González (1904-1995) 70 жасында әдебиет тарихында 1956 жылдан бастап 1986 жылға дейін ең ұзын эпикалық поэмасын жазыпты. Ол өз еңбегін отыз жыл бойы жазып бітіргенде 240 мың төрт таған шумақ 5000 парақты 7 томдық кітап болған деседі. Иран – Қайғының алдыңғы 13 томдығынан да сүбелі әрқайсысы 1000 беттен көз майын түгеген төрт томдық «Ғайып-Нама» еңбегі дәл бүгінгі біздің тақияға тар келмейтін рекорд болуы да мүмкін!?

Өкініштісі біз өзімізді өзіміз көрмейміз, тіпті жөнді бағалай да алмаймыз!?

* * *

Иран – Қайғы қатты кетеді кейде. Алақұйын. Қайғы болмаса бүйтер ме, дейсіз!? Қайғы, мұңсыз ақын – сусыз құла түздей болса керек. Жарамсақ тақпақтан жалыққан, қан-сөлсіз дәуір енді келмесе екен!?

«Жудым жүрек қанымен,

Аққа жаққан күйені...» – жан-раһымының жалғыз шелек қанымен жадысын тазалайды... Замананың ағымына қайыспай қарсы ағады ақын!

Заманнан ба,

Адамнан ба,

Білмедім –

Кең дүниеге келмей жатып кірледім,

Өмірім өмір емес менің –

Өң бояу,

Бәрі жалған:

Жылағаным,

Күлгенім...


Дүниеге келмей жатып кірлегені – қоғамның ауанының бұзылғаны екен. Сезгені, сезінгені де елден ерек. Оның өмірлік ұстанымы (credo) өте берік. Одан өлсе де өзгермейді. «Санамда Күн сөнді...» – дейді?!

Қоғам қайта қағынып,

Жүрегіме оқ атты –

Жаудан бетер шабынып,

Сенімімді жоғалтты.

«Арыстан орынын – түлкі алды, сұрқылтай қорлап сұңқарды, Ел келеке етті – есектің есігін күзеткен тұлпарды... Ноян алдында – қоянның, қоян алдында – ноянның – құбыл кездігіне ұрынып, ұяттың қанына боялдым...». Қайғының Абайша сор тұтқаны осы болар!? Барлығын алдын-ала сезгендей... Қоғамдағы бүткіл жалмаң дарақылыққа жанталаса өшігеді, өштеседі де өлеңімен тырнап қанын судай ағызады! Жандүниесімен түре айқайлайды.

Дүние Дүние болғалы

Болған ба мұндай сорақы:

Жерімде –

Өгей орманы,

Төрімде –

Даңғой, Дарақы...

Қандай халық болса – сондай патша боларын айтады, аһ ұрады. Өкінеді... «Шала» туралы жырлаған атсыз өлеңі өте ұзақ толғауы бар (Хайуандық комедия, 2014.-720 б.). Осы шала сөзінде өте көп мән жатыр (125-128 бб.).

«...Аспан – шала, Бұлт – шала, Жер де Көктей солмасын?! Халық – шала, Ұлт – шала, Қоғам шала болғасын...» немесе «...Ажар көркін мүк басқан марту заман...», «Өмір сүрдім дегенім атым ғана, күн санап көмілуде – өлудемін...». Мінеки! Бұдан өзге қалай айтыларын білмеймін!? «..Тірлігім – тірі өлім, Не айтам тас – өмірге?! Табанымда жүрегім, Жаным – иегімде...».

Көктеммен көгеріп, күзбен сарғайып жүретін қайғы – замннаның ақ, қара өңінен жаралған пенде. Бұны Мұқағали Мақатаевқа арнаған өлеңінде: «...Қорлық та баяғы, өзіңіз көргендей, құртуға таяды, құр сүлдем – өлгендей...». Басқаны білмеймін, Иран – Қайғыға өлім туралы айту біртүрлі жарасатындай сезіледі... Мүмкін ақынның бәрі сондай?! Бірақ, олардың әрқайсысы әлде қалай жырлайды, жылайды. Құдайдан медет тілеу, жырымен тәңірге табыну, жүгіну, ата аманатпен толғату қай заманнан бергі бәйіт.

Бір кезде, Күн шуақ шақта қазақ оқырмандары: өміри руһаниятты қайта жасауға тырысушы ғайып-саналы ақын Иран – Қайғыны қайталап оқитынына сенемін. Осы зәузетті ішкі тілегімізді тағыда қайғының өз сөзімен уақытша доғара тұрайық:

...Қызымның рахатын

Ер көрді,

Ұлымның рахатын

Жер көрді.

Жырымның рахатын

Ылайым,

Елім көрсін деп,

Құдайым,

Рахымыңды –

Сұрайын!?..

Астана. 2022.02.02.

Бөлісу:

Көп оқылғандар