Асқар Алтай. Қайықтағы екеу

Бөлісу:

08.04.2022 3890

Үрейрей мен үміт, қорқыныш пен күдік иектеген осы бір әңгімені оқып отырып, соңына жете берген тұста «Бұл дүниенің ісі, о дүниеге жетпейді» дейтін бабалар танымы санамда жаңғырып өткендей болды. Әңгіме – жақсы мен жаманның, обал мен сауаптың бізге үйреншікті тұстарын емес, қалтарыстағы нәзік сәулесін, шүңеті терең ирімін безбендеп береді. Сосын да шығарманың астары – әдепкідей емес көп қабатты, көп қатпарлы. Сюжеттің арқауы біреу. Ол – кейіпкер Нарынның тағдырындай қанжығаға байланған ғафыл дүние. Қауқарсыз кеп. Бұл жерде оқырманның алдына түсіп уақиғаны баяндап беру әбестік болар. Дегенмен, Нарынның жастық шағындағы біреудің жалғызын (Бектемірді) жазым еткені мен жерорта жастан асқан шақта, әлдекімнің жалғыз ұлының (Жетпістің) қолында жаны қалғанын сараптай білмек ләзім. Алдыңғысы – өзі сал, өзі сері, қарымы қатты Нарынның жазиралы жастық шағында, барымта үстінде қолын қапияда қанға малған кесапаты; соңғысы – «Қарашада өмір тұр» (Абай) дейтін жар жағалаған жасында, сол кесапаттың қайрыла соққан салқыны. Салқыны ғана емес – аязды үскірігі. Алдыңғы Нарын мен соңғы Нарынның арасы жер мен көктей. Бірі – бурадай буырқанған білеу, сом алтынның сынығындай сұсты, айбатты. Екіншісі – үркек, секемшіл. Айбатын үрей жеңген дәрменсіз. Осы қос желінің бойында – адам баласының жан құпиясы, ажалдан һәм өзінен қашқан есерлігі; өзін де, өзгені де кешіре алмаған қиқарлығы; өзін де, өзгені де алдай алмайтын әлсіздігі қатар тоғытылып жатыр. Осы тұста екі уақиғаны қайықтағы екеудің арпалысымен бірге жымын жатқыза өрген жазушының шеберлігіне тәнті болмақ керек. Әңгіменің тақырыбы «Қайықтағы екеу» болғанымен, Нарынның ішінде неше «ит өліп» жатқанын кім білсін? Тұмсығы тасқа сүрініп, иә болмаса, долы толқын жарға ұрып жарылғандай емес, тымық көлдің бетінде бүйірі өз-өзінен сетінеген қайықтай тағдыр иелерін ешкім кіналай алмасы анық. Әңгіме осы бітімімен құнды және шынайы. Өмірдің өзіндей өткір, сұлу һәм аяр. Шағын ғана әңгіменің ауаны – Хакімнің «Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ...» деп келетін күңіренісімен санаңды сілкілеп алады. Әңгіменің атмосферасы – ауыр да, жеңіл де емес. Жұмбақ, сыршылдығымен, тура тартпай, көлденеңдей қалатын емексітуімен қызық. Күрделі. Оқып болып өз-өзіңе келгенде, ту сыртыңнан біреу «Қанжығада көрісейік!» деп тұрғандай ықылым күй кештіреді.

«Әдебиет порталы»

Әңгіме

Қараша іші.

Жетісудың ана өзені – Іле бойы жылы. Су салқындаған. Аспан бұлтты. Сұрқай. Жерұйық Жетісудан құс қайтып жатқан шақ.

Сасық қара қоңыздай дөңкиген жип көлігі көл жағасына кештетіп жетті. Жолсызбен жүргеннен сыртын құм ішінің шаңы басыпты. Қап-қара түсі бозборан. Сұрқай аспан түстес.

Көліктен атып түскен Жетпіс:

– Уһ! Жеттік-ау, аға, - деп салды; отырып-тұрып буын-буынын жазды.

Бозбалаға қарап қойған Нарындай атпал азамат ептеп езу тартты. Қоңыр салқын ауа тыныстарын ашты. Шылым алып, ерніне қыстырды. Жетпіс жапырылған қамыс арасындағы жолға түсті. Көлге қарай асықты.

Маңай ойпаң. Ық. Көл жиегі қалың қамыс. Ылғал мол.

Нарын шылымын сора түсіп, бозбаланың соңынан ерді. Көкті тұтас тұтқан бұлттан күн ұясына кірген-кірмегені де белгісіз. Төңірек бірақ жарық. Іңір енді түсіп келе жатқандай. Аяғындағы қонышты «берц» табаны асты күтірлеп қоя берді. Қамысты құрақ дауысы бұған баяғыдан таныс-ты.

Кенет ойына қол-аяғын қамыс қияғына тілдіріп, доңыз жымымен еңбектеп қашып, торайлар тығылатын қорыс асты «торай апанға» жасырынғаны есіне түсіп кеткені...

– Тфу! Артымнан қалмады ғой!..

Нарын ары қарай ойламауға тырысып, Жетпіс кеткен қамысты арна ішімен адымдай жөнелді. Қамыстың астын кеулеген қабат-қабат ескі қорысты бытырлата басып, табан асты қопаны былқылдата билетіп, жас серігін қуып жетуге асықты. Ол да бұған жеткізбей, ұзын сирақтарымен сидаңдап бағыпты. Ұшарындағы үлпершегін Сары-Есік атырау желемігі үкідей қозғаған нар қамыс іші сылдырлап, былдырлап кеткендей болды.

Ат бойы атан қамыс саптай қоршаған жалғызаяқ жол бұрма-бұрылысты екен. Қамыс арасынан көл жағасына оқыс шыға келді. Тап көл жиегі қопа-қамыссыз болып шықты. Ат арқандарлық жер көгал екен. Жазғы су деңгейі төмен түсіп, айдын шегінген жер ақ борықтанып, көл жиегімен ұласып кетіпті. Көл беті қимылсыз. Іңір түсіп келе жатқаннан жүзі қаранор.

Жазда судан шығарып тастаған ағаш қайық көгалда қалыпты...

Жетпіс сүйір қайық басында тұр екен. Бұл да оған жақындап келді. Сонда ғана сүйір қайықтың тап-тар астауының түбінде жатқан қос ескек пен ескектердің адам ұстайтын басы – құндағында шұбатылып жатқан қайысқа көзі түсіп кеткені.

Жүрегі бір сәт қозғалып кеткендей болып, жылдам лоблыды...

Қара қайыс қанжыға болып көрінді. Бос қайық түбінде жатқан қос ескектің жұмыр басын тесіп, жеке-жеке байлаған бір елідей жалпақ былғары көкірегін шоқтай қарыды. Қайық түбіне үңілген күйі қалшиып тұрып қалды.

Аузынан қалай ғана:

– Қанжыға ма? - деген оқыс сөз шығып кеткенін өзі де аңдамай қалды.

Нарынның оқыс қойған сұрағы мен қалшиған кебіне таңырқай қараған бозбала да түкке түсінбеді. Іле қағылез жігіт:

– А-а!.. Мынау ма? Иә. Ескек бүлдіргісі ғой... Жазда ертоқымның алдыңғы қанжығасын суырып алып, ескекке таға салғам, - деген жайбарақат қана.

Сол сәтте мұның жан-дүниесі алай-дүлей болып кетті. Бірдеңе деуге шамасы келмей, сілейді де қалды. Құлағынан «алдыңғы қанжыға» деген жас жігіттің дауысы кетпей, ол әдейі айтқандай санасында жаңғыра берді.

Бозбала жас та абыржып:

– Аға, не болды? Ауырып қалдыңыз ба? - дегенде ғана есін жиып алғандай болды.

– Һі-ім! - деп созып: – Жоқ! Жоғада, бауырым! - деген шығыстық қазақтарша сөз саптап. Сасқанынан «Кеттік-кеттік!» дей

берді.

– Осы жер ғой, аға, - деп Жетпіс тағы таңданды.

– А-а... иә! Солай екен ғой, - деп есін енді жиып алғандай болды бұл.

– Аға, қайық қаңсып қалыпты. Суға салып, кіріктіріп қояйық. Таң атқанша дайын болады, - деді.

Ол қайықты тұмсық тұсынан бекітілген шынжырдан ұстап, көлге қарай сүйрей жөнелді. Бұл денесі қорғасындай ауырлап, орнынан қозғала алмай қалды... Қарулы бозбала бұған мән бермеген күйі қайықты сүйреп апарып, суға төңкере жатқызып қойды. Іңір де қоюлана түсіп, қайық батқан су тыншып жатты.

Ай туа қоймаған мезгіл.

Сұрғылт аспан қой қарнының шарбы майындай ыдырап келе жатты. Толқынсыз тұнық та тырс етпеді. Тек алыстан қорсылдаған доңыз бен қырғауыл қоразының жақыннан шақырған үні естіліп тұрды. Америкалық үндістердің сүліктей сүйір, жіңішке «каягына» ұқсас етіп жасалынған, табаны темірмен қапталған көне қайық қана суға шөгіп, ертеңгі күнді күтті.

Бұл мол суға «Қашқақ көл» деп ат қойып алған да Жетпіс екен. Көктемде тасыған Іленің қашқан бір тармағы осы көлге шейін жететін көрінеді. Ол «Аузын ашса – жүрегі көрінетін» жас болып шығып, Бақанастан бері жол бойы салдырлап, біраз әңгімені қайырып тастады. Әкесінің жетпіс жасында дүниеге келіпті... Он жеті-ақ жасар бозбала. Жылқышы. Атан айғырлар шайнап, үйірден қуып жіберген сәуріктер жоғалып кетіп, осы көлді паналап жүргенінің үстінен түссе керек.

Содан бері қашақ сәуріктер кез қылған Қашқақ көлге үйірсек болып алыпты. Көңілі кетіп жүрген қараойлық сұлу Әспет бойжеткенді де ертіп келіп, суына шомылып, армансыз ойнап-күлгені бар... Ақындығы бар көрінеді, алғашқы махаббаты Әспетке арнап әуенімен өлең де шығарыпты.

«Сен кеткелі, мен өскелі,

Шаттықтың бір желі еспеді,

Көз алдымнан шықпайды әлі

Шырын шақтың елестері,

Өзің айтшы екеумізге...

бақыт ортақ емес пе еді?

Ә-әс-пе-е-ет-ау! Ә-әс-пе-е-ет!»

Осы бір өзгеше шумақты әуез Нарынның да санасына сыналана қалғаны...

Нарын да Алтайда әнші атанып, серуен құрып, жанынан әнге өлең де шығарып жіберіп жүруші еді-ау! Марқаның Қаройындағы қайран Қарлығаштай жесір келіншекке аттың терін үгіп, түнделетіп барушы еді-ау! Е, дүние-ай! Санасы да сергек болатын, біреу «әу» десе, ол әннің сөзін қолма-қол жадына тоқи қоятын.

Жастайынан мына Жетпістей білекті болатын...

«Ақкөңіл бозбаланың алақаны күректей, жұдырығы гүрзідей» деп топшылады. Өзі де дәп осындай жасөрен шағында аюдай қарулы, бойы да сұңғақ болғаны рас. Сыртынан ел айтып қалатын «шата» дегенді құлағы шалса да, сыр бермей, Алтайда қалың жылқының қызығымен, жастықтың қызуымен жүретін. Жастайынан тақымгер, шалмашы жылқышы атанып, жаз жайлауда жігітшілік пен серуеншілікті ұштастырған әнші болып өсіп еді.

Тек мына қайықшы жастың балуан білегіне ертең ілінетін ескек бүлдіргісі туралы айтқан – «ертоқымның алдыңғы қанжығасын суырып алғам» деген сөз – мұның арқасынан пышақ сұғып алғандай қадалды... Қайыс қанжыға санасын сілкіп өтті.

– Аға, таң қараңғысында келеміз. Аққулар сол уақта қорыс ішінен жайылымға шығады. Балық қопа түбінен өретін кез, - деді қайықты төңкеріп тастап, қасына оқыс келген бозбала. – Бұлт та ыдырап барады. Кешікпей ай да көрінер.

– Түсіндім. Көлікке барайық. Сен балықшы да болдың ғой...

– Ой, аға, бұл өңірде бәрі балықшы, бәрі аңшы. Қырғауыл мен қоянды қаладан келгендерге қырып береміз деп, бала-шағаға шейін мылтық ұстап кетті ғой... Аң-құс азайды қазір.

Жетпістің дауысынан налу білінді...

Мына бозбаланың өз жасына сай емес қарулығына сүйсініп келе жатса да, тар жерде жолығысатын баяғы бір он алты жасар өрімдей жастың ірілігі мен өрлігі Нарынның есіне қайта-қайта орала берді... Өзінің сол бір балаң бозбала үшін ертоқымының алдыңғы қанжығасын жылдам шешіп, суырып алғаны өлгенде санасынан өшер ме? Аттың теріне шыланып, маймен сыланғандай қара қайыс та тап сол сәтте қолында жылпылдап, саусақтары да сол сәтте шапшаң сыпылдап кетіп еді-ау! Ой, опасыз дүние-ай! Неге сол шақ сынаптай сусып, бәрі де қас пен көздің арасындай уақытта болғанын бұл әлі түсіне алмайды?!

Нарын осыдан он жылдай бұрын басынан кешкен кепті еріксіз есіне салған қанжығаға қыстығып та келеді... Бұған алаңсыз сөйлеп келе жатқан Жетпістің көзіне үлкен жігіт боп көрінген жас Бектемірден айырмашылығы да шамалы-ау!

– ...Аға, дайын болыңыз! Аққу ату да айыз қандыратын іс... Біздің Іле бойында қу еті – деликатес... астың төресі!

«Апырай, осы жүрісім не? Аққуды атпаушы еді...» деген күбірткі ой Нарынды шаншып өтті.

– Жә-ә! Ертерек демалайық. Телефон да ұстамайды... Ол да дұрыс болды. Жым-жырт. Жан жайланар енді.

– Қолтелефон құлақты сарсылтып, көзді шаршатады ғой, аға.

– Иә. Күні бойы миды шұқып тастайды.

– Мен тездетіп ас қамдап жіберейін. Сексеуіл де, жерошақ та дайын. Су қазір-ақ қайнайды. Сүр ет пен қазы қуат құяды.

– Сен ас қамдағанша палатка құра берейін.

Олар ымырт жабылысымен жақсылап тұрып ауқаттанып алысты. Сол бойы ақ палатка ішіне еніп, киімшең құлай кетісті. Бозбала Жетпіс басы тиер-тиместе пысылдай ұйықтап кетті. Жас қой.

Ал төртінші мүшелге кірген Нарын көзі ілініп кете қоймады. Қанжыға туралы оқиға ойына оралып, мазалай берді. Әлден уақытта кірпігі қамасып қалды. Шалқасынан жатқан күйі қорылға басты.

Шатыр ішіндегі екеу енді ғана ұйқы ұйығына шым батты...

Сол-ақ екен Нарын қорылы түс тұманына тұтыла берді...

...Жылқы қуып келеді екен. Түсі емес, өңі сияқты. Бәрі анық, айқын. Маусымның іші. Қасында – Керімбек.

Жылқыны Марқа өңірінің Қарой маңынан алып шығыпты. Бір үйір мал. Өңшең семіз, асау, құр жіберілген сәйгүліктер. Ұзақ жүріске шыдас бермес деп, құлындарды бөліп тастапты.

Сыбай жүріспен Марқаның Арда-Майда шатқалына да ілігіпті. Соңдарынан жасырын түскен жалғыз атты қуғыншыны да осы тұста байқады. Кім болса да, шатқал аузында күтіп алуды жөн көрді.

Нарын:

– Сен жылқыны шатқал ішіне терең түсіріп қайт! Албасты емес шығар... күтіп алайын! - деді Керімбекке.

Керімбек те:

– Қатты сөзге барма! Ауыл адамдарының бірі болар... Сөйлесіп көрерміз! Тез келем, - деп жөнеле берді.

Шатқал аузындағы тар жол қапталына қиялай біткен қалың балапан шырша ішіне жасырынған Нарын асыға күтті. Алдыңғы қанжығаларды әлде қандай болар деп, түйінін шешіп, тез суырып аларға босатып қойды.

Баспалап келе жатқан қуғыншы да кешікпеді. Ол өкпе тұстан тұяғын іліктірген сәтте шырша ішін ат омырауымен күштеп жарып, тұтқиылдан борбайлата атып шықты. Шыққан бойда ай-шайға қарамастан ат үстінен ұмтылды.

Мұндай қабағат қимылды жолаушы да күтпей қалды... Көз ілеспес жылдамдықпен қуғыншының тізгінін білегіне іліп жіберіп, өзіне бас салды. Алғашында сасып қалса да, ол да Нарынмен білектесе кеткені... Сонда ғана жап-жас бозбала екенін байқады. Ол бірақ қарулы екен. Мұның қолын қағып, білегінен ұстай бұрағанда темірдей саусақтары қышқаштай қысып жіберді.

Күнде бірақ бұғалық салып, құрық ұстап жүрген бұл бөрідей бұлқынып қап, білегін босатып, қос қолдап тегеурінін танытуға көшті. Бүркіттей шеңгелді жастың сол қолын қайырып үлгерді. Сол бойы шалқайта беріп, босатулы қанжығасын суырып алды да, бозбаланың мойнына шалып жіберді.

Осының бәрі қас қағым сәтте болып үлгерді...

Талай шу асауға шалма салып жүрген рақымсыз қолы бозбаланы да сол машықпен бір-ақ тартты. Көзіне асау тай елестегендей болып кетті... Екінші қанжығаны да суырып үлгеріп, ат үстінде шалқалап, демі жетпей қимылсыз қалған қуғыншыны бос тастай берді. Қос қанжыға ұшын саусақ ұшымен ептілікпен жалғап, жол бойы қатар өскен жуан шыршаның бұтағына бір айналдыра байлап үлгерді. Жылдам бозбала атын жетектей жөнелді.

Алпамсадай бозбала шырша бұтағында салақтай тербеліп қала берді...

Шатқал ішіне күн түспей, көлеңке ұзарған сәт еді. Бұл не істегеніне жете мән берем дегенше, Керімбектің де төмен жақтан желдіртіп, асығып келе жатқанын байқады.

Ол келе:

– Не істедің сен? Не істедің? – деп, баяу ырғалып тұрған бозбаланы құшақтай көтеріп, аттың үстінен асыға айқайлады. – Кес! Кес мынаны...

– Бізге куәгердің керегі жоқ!

– Қаныпезер-ай! Қаның сұйық екен ғой... Кес деймін! Кес!

Нарын қонышынан кездікті жылдам суырып, қанжығаны кесіп жіберді.

– Ойпырмай, не істедің сен!? Не істедің? Жап-жас бала ғой...

– Ажалына жүгіріп несі бар? Ізімізді аңдып...

Керімбек бозбала жасты шырша түбіне жатқызып, аузынан үрлеп, кеудесінен жұдырықпен қойғылап, бірсыпыра әуреленді. Онысынан бірақ түк шықпады.

Бозбала үзіліп кетіпті...

Осы сәтте шалқалай жатқан Нарын да тұншыға оянып кетті...

Аузымен дем алып, тынысы тарылғандай қолайсыз күйде жатыр екен. Жүрегі аузына тығылып, әлсіз соғады. Басын көтеріп отырды. Әлгінде көрген түсі сап етіп есінен шығып кетті... Бұл мән беріп те үлгермеді.

Жібек аралас жіппен тоқылған спортшылар шатырынан бозамық ай сәулесі көктей өтіпті. Аспанда ай туыпты. Жанындағы бозбала Жетпіс теріс қарап, қаннен-қаперсіз ұйқы құшағында жатыр.

Бұл еріксіз далаға шықты. Қамыс шетіне жақын барып, дәрет сындырды. Аспандағы толық ай сәулесі түнгі самал қозғаған қамыс арасында жылт-жылт ойнайды. Аспан шайдай ашылыпты. Толық айдың сәулесі төңіректі түгел кеулеп алыпты. Ызғар күшейіп келеді.

Түн ортасы-ау деп топшылады. Ұйқысы қашып кетті. Кейінгі кезде осы бір кеңірдектен алатын қорыл пәле болды. Шырт ұйқысын бұзатынды шығарды. Қанша шаршап келіп жығылса да, қыл тамақтан мыстан кемпір қысқандай тұншығып, оқыс оянатын болып жүр.

Орнына еңбектей кіріп, жата кетті. Ақ шатырдың жүзін ирек-ирек жол салған ай сәулесіне қарап жатып, көрген түсі ойына орала берді. Бұл түс – өңінде болған іс еді... Нағыз кесапат оқиға-тын.

Бозбала бір сиыршының жалғыз ұлы болып шыққан...

«Бектемірдің ісі» атанып, Керімбек екеуі Күршімнің сотының алдынан бір-ақ шығып еді-ау!.. Ұрлық малды Семей мен Өскеменнің базарына сырғытып отыратын пысық Сейдін екеуі бауыр ғой. Әкелері бір, аналары бөлек болғаны болмаса, ымы-жымы бір-ді... Сол сотпен де, адвокатпен де сөйлесіп, жең ұшынан «келісіп» бітістірген болатын. Керімбекті де «бозбала Бектемір қарсыласқан соң, абайсызда өлтіріп алдым» деп мойнына алдырып, бұған «шатқа жылқыны құлдатып жіберіп, қайта оралғанымда асулы тұрған баланы көріп, өз қолыммен түсіріп алдым» дегізіп, істі кері айналдыртқан. Керімбекке «отбасыңа алаңдама, менің мойнымда» деп сендіріп, жеті жылға айдатып жіберген-ді.

Сотқа «тұяғымнан айырды, тұқымсыз қалдым» деген Бектемірдей боздақтың әкесі:

– Ей, қаншелек шата! - деген түгі бетіне шығып, бұған үңіле қарап: – Қанжығада көрісейік!..

Басқа сөз айтпаған мосқал сиыршы.

Ал ағайын арасы арқылы «аларын алған» аяр сот мұны темір тордан сақтап қалып еді... Ақыры, сиыршы екеуі иенде ұшырасқан.

Бес жыл Жаңғызтөбеде абақтының дәмін татып, көкіректен құрт ауру болып оралған Керімбек Бектемірдің сиыршы әкесіне ауыл ақсақалдарымен барып, «мен ажалды адаммын, бірер айда ана дүниеге кетем... Балаңды өлтірген мен емес! Анау. Ақиретке кетерде «адам өлтірді» дегенді арқалап кетпейін деп келіп отырмын. Кессең, міне бас!» деп кешірім сұрапты.

Мұны сатып кетіпті...

Мосқал сиыршымен Керімбек оралған жылы қара күзде, Ертіс бойында мал қараймын деп жүріп жүздескен. Оның мойнында асулы мылтықты анадайдан байқап қалған. Сөйтсе, мұны ала жаздай аңдып жүріпті... Бұл мылтықтан сескеніп, тұра қашқан.

Аты шабан. Қамшылағанмен құтыла алмасын білген соң, қамысқа қарай тартқан. Жарау атты қуғыншы қамысқа кіріп кетер деді ме, бұған оқ атқан. Қосауыз мылтықтан едел-жедел дауыс шыққан бойда бұл да атымен омақаса құлаған. Оқ атқа тисе керек. Жануар төрт сирағын сермелеп қала берген. Ерден тымақша ұшқан бойы қопа қамыс ішіне қарай еңбектей қашқан.

Құдай қаққанда, жабайы шошқа шуайтын «доңыз жымға» кез болғаны. Жанталаса тұрып, еңкейе жүгіріп жөнелген. Артынан атпен түскен қуғыншы да бастырмалатып келеді. Сол бір ес кетіп, жан шыңғырған сәтте қалың қорыс астынан – тап алдынан бір топ торай қашып шыққаны... Бұл жандалбаса торайлар індете қазып тастаған қорыстың астына зып беріп қалай кіріп кеткенін білмейді.

Доңыз торайы қазып тастаған қорыс апан мұның шыбын жанына пана болған. Атпен сатырлата желген Бектемірдің кекті әкесі аң жымымен кете барған да, жым шетінен қазылған неше жылғы қалың қорыс мұның дүмдей тәнін жасырған.

Тура келген ажалдан «торай апаны» құтқарып қалып еді...

Қара күздегі осы оқиғадан кейін-ақ ешкімге ләм-мим деместен, бір-ақ күнде сонау Күршім өңірінен Алматы маңына көшіп кеткен. Ізінше Сейдін бауыры да Алатау баурайына қоныс аударған-ды. Бейуақта жолығып, бейуаз мерт болған бозбала «ісінен» бері де он жылдай уақыт өте шығыпты-ау!

Өткен өмірінің қу соқпағын ойша шалып жатып, көзі де ілініп кетті. Жүрек еті қатайып, мейірімсізденіп алған Нарынды қырындап жатқан күйде ұйқы құшағына алды. Ол алаңсыз. Қайтып зауалды түс те мазалай қоймады. Ай сәулесі ғана боз шатыр бетінде соқыр көбелек қанатындай елбең-елбең қағады.

Бозбала Жетпіс те шалжиып жатыр. Мұңсыз. Өлі ұйқы.

Таңсонар мезгіл. Ай дөңгелек жүзін көкжиектен жасырып үлгеріпті.

Шатырдағы екеуі таң қараңғысында оянды...

Дүниені таңғы ызғар кеулепті. Жылқының сауырына қырау тұрар салқын Сары-Есік атырауы қыратынан ойға қарай құлапты. Қамыс кекілін бозшашақ тұтып, ауырлап қалыпты. Құм-қайранды Іле бойын осы түн таңсонармен түскен боқырау құлдапты.

Екеуі үстеріне алабажақ келген қыстық «бушлат», аяқтарына шетелдік, ұзын қонышты резина етік киіп, қайық басына тез келді. Ауыр ағаш қайықты жағаға сүйреп шығарып, сүйір келген темір табанынан тіктеп қойып, ағаш қапталының суға кірікккен, кірікпегенін тексерген болды. Көлге түсірді.

Қаранор тартқан көл беті қимылсыз. Балық шолпылы да естілмейді.

Нарын арқасына асынып алған аң-құс ататын италияндық мылтықты қолына алды. Суға түскен қайық соңынан келіп, алдыңғы белағаш тақтайға отырды. Италияндық он екінші калибрлі «Бинелли» қаруын былғары қабынан сыпырып, бос қабын аяқ астына тастады.

Жетпіс те үнсіз ескекті есе жөнелді. Көл бетінде қозғалыс болғанмен, күйедей таң қараңғысында ештеме анық біліне қоймады. Су шеңбері жасырынбақ ойнады. Қайықшы болып отырған бозбала да ескек басын сүңгіте салып, сымпылсыз тартады. Ағаш қайықтың ақжем тұмсығы қаракөк айдынды қанжардай тіледі.

– Жазда Әспет үшін әкеліп едім... Жеңіл. Оқша зулайды, - деді бозбала қайығына сүйсіне түсіп.

– Сен жылқышы ғана емес, қайықшы да болдың ғой...

– Менікі еліктеу ғой, аға. Біздің жақта Балқашқа дейін барып, ау салатындар бар... Солар ғой қайықшы. Тасып жатқан Ілені де кесіп өте беретін.

– Біздің Зайсандағы Ақсуат пен Тұғылдың жігіттері деші!..

– Олар суда да сұрапыл жүзеді. Балық.

– Өзің ше?

– Бір кісідей, аға. Сіз ше?

– Ертістің жағасында тудық қой...

Қайық су жыландай сыбдырсыз, сынапша сызатсыз жылжып келеді. Уақыт та жылдам жылжып, таң сызаты білінді. Сонда ғана Нарын көл ортасына сұғына еніп жатқан қамысты мүйіске келіп қалғанын аңдады.

Жетпіс нар қамысты мүйіске жақындай бере:

– Нарын аға! - деді ақырын ғана. – Мүйістің ар жағында...

– Һі-ім! Қанды қанатың бері тарт!..

– Мылтықты осы арада... Кірпияз құс қой. Алыстан естіп, қиырдан көреді.

– Һі-ім! Күн де тымық. Бұйыртқанын...

– ...Жалайыр Шора қолдасын!

Жетпіс осы өңірдегі құсбегілер айтатын иеге сыйынып қойды.

– Иә, аруақ қолдасын! –деп қойды Нарын да.

Нарынның айнымалы көңіліндей көл суы да күз келе орта түсіпті... Жетпіс бұған мән беріп қойды. Таң сызаты да күшейіп, төңірек таң қараңғысынан арыла бастады.

Аумағы ат шаптырым айдын көлдің айналасы қорыс-қопа қамыс. Жыңғыл мен жиде, сексеуіл мен тораңғы шұбартып, аулақ өскен. Атам заманнан Іленің қашқан суы көктемде аткөпір толтыратын табиғи алып шанақты бір топ аққу мекендейтін. Олар жылда ерте көктемде келіп, ұя басып, балапанын ұшыратын. Биыл да сол үрдіс қайталанған.

Қорыс қамыс ішін жабайы доңыздар мекендейді. Олар да емін-еркін өсіп, торай-торапайларын көбейтіп, қыстап жататын. Сары-Есік атырауына сұғына еніп жатқан иендегі жұмбақ көлге аңшы-мерген, малшы-жалшы атаулы да жолай бермеуші еді. Қаңтарда қар бекіген соң көк бөрілер үйірі ғана доңыз аулауға соғып кететіні бар... Олар да тоқ ішегін доңыз майымен майлап, тазалау үшін келетін.

Қашқақ көл іші балыққа бай. Қияндағы көл көзден жырақ. Балықшы атаулы да біле бермейді... Иенде жатқан ен байлық бір. Иесі бар көрінеді. Қала жақтағы бір дөкей деседі білетіндер.

Жетпіс шошқа тұмсық мүйіске жақындаған сайын:

– Иә, сәт! - деп сыбырлап қояды.

Нарын аяғы астындағы қару қабын алып, өзі отырған белтақтай бетіне көлденең жапты. Су жаңа мылтығын сипап, құндағынан сүйіп қойды. Ескекті еппен ғана демеп келе жатқан бозбала оның бұл әрекетіне әрі таңырқап, әрі сүйсініп қалды. Нарынға «қару – түздік тағдырдың серігі» деген ой келді.

Бұл мылтықты жақында ғана Алматыдағы қару дүкенінен сатып алған. Қаруға әуестігі де сол бір қапылыста мерт кеткен бозбала Бектемірдің өлімінен кейін пайда болды ғой. «Торай апаны» шыбын жанын сақтап қалғаннан соң, осы Алатау бөктерінде аң-құс атуға үйірсектеп, жылдар өткен сайын «профессионал мерген» атанып үлгерді.

Жетіскеннен емес, жанынан қорыққаннан...

Жасынан епсекті қолы мен қырғи көзін жаны үшін жылдам жалдап, көкірегіне тығылған өлім қорқынышы сақ болуы мен қауіпсіздігіне жете мән беруіне мәжбүр еткен-ді. Қару ұстауға рұқсат алған. Қарудан қазір екі елі айырылмауға тырысатын. Өзі сияқты еті тірі ұлының арқасында қаруды бүгінде машина ішінде де алып жүретін күнге жетті... Бозбала Бектемірдің әкесі кегінен шошынғаннан да қарудың бірін үйде, біреуін түзде ұстайды. Бұған қарудан қымбат ештеңе жоқ боп көрінеді де тұрады.

Мүйістің арғы жағында аққулар таңғы «жайылымға» шығуға тиіс-ті. Оны да айтқан қасындағы бозбала. Екеуі де жай жылжыған қайықтың ақжем тұмсығынан көз асыра қарайды. Аққулар да жанарға шалынып қалар деген үміт үнсіздікке ұйытып, жетелей түседі.

Осы бір үміт пен күдік алмасқан сәтте мүйісті жапқан нар қамыс арасынан боз буалдыр көтерілгені. Көл бетімен жылқының қалың жалындай жайыла жылжыған дүлей тұман мүйіс тұмсығын да жаба берді.

Жетпіс жанталаса есе жөнелді.

– Жолымыз болды, аға! Тұманды жамылып жақындаймыз...

– Иә, бауырым, бірақ... тым қалың түсті-ау!

– Тап жандарынан шығамыз.

Таңғы тұман басып қалды. Нарын да жылдам жүзген қайық тұмсығына жақындап, қаруды серт ұстап, түрегеп тұр. Атып жіберуге дайын көңіл күймен боп-боз бу арасына үңіле түскен... Қайық та мүйіс тұмсығын айнала айдынға дендей енді. Көзге түрткісіз қалың тұманнан түк көрінбей, таңғы тыныштық та екеуінің санасын өлім сәті соғардай суық ойға билетті.

Тұманмен бар дүние жым-жырт күйге енді...

Жетпіс ескекті еспей, қайықты өз екпінімен қоя берген. Көне қайық та сүреңсіз су бетінде баяулай сырғыған. Аққулар алдарынан шықпаған. Нарын қарақшыдай қалқиып, кезенулі мылтығын мығым ұстап, қарашығы қаранор суға қадалулы... Бозбала екеуі де көл қуларын қан-қасап қылуды күтулі.

Тап осы сәт ешкім күтпеген дауыс естілді...

Ол дауыс қайық ішінен оқыс шықты. Шарт ете түскен дауыспен бірге көз ілеспес жағдай бірге орын алды. Қайықтың сол жақ ағаш қапталы ұзына бойына қақ айрылып, қара су лап қойып, қайық бір жағына оқыс аударылып кетті... Түкке де түсінбеген түздік азаматтар табан асты тепе-теңсіздік билеп, теңселген күйі су астына киімдерімен сүңгіді.

Аққу ататын мылтық та қолдан шығып кетті... Ол да терең көл түбіне бата берді.

Сарша тамыз бойы қаңсыған қабырғасы түнде сумен кіріксе де, көне қайық қос тақтайдың жымдасқан жігінен жарылып, су қысымы сыртынан қысқан бүйірінен кенет қақ айырылып еді. Табан темірі қалың қайық та төңкерілген күйі су түбіне шөге берген. Қапылыста қарашаның салқын суы қармаған қос азамат үрей құшағында суға тұншығып кеткен еді.

Алдымен ес жиған да бозбала Жетпіс болды...

Ол суық суға бір қанып жұтып алып, кісі бойы батқан тереңнен қол-аяғын сермей, жастық балғын қуатпен жоғары жанталаса көтерілді. Сол бойында су бетіне тез-ақ атып шықты. Жалма-жан киімдерін шеше бастады. Лезде тұттай жалаңаш қалды. Сонда ғана Нарынды іздей өткір жанарымен айдын үстін шолып өтті.

Бұл уақта Нарын шұңғыма иірімге тап келгендей терең батып, ауыр киімдері зіл тартып, суды қауып-қауып жұтып қалып еді. Көмейінен ақтарылған салқын сұйықтық ішін толтырып-ақ жіберді. Батып бара жатқанын бағамдап та үлгермеді. Тек осындайда адам баласында еркінен тыс оянатын құтқару инстикті жандәрмен қимылға келтірген. Су астында оқыс қимылға көшіп, кенет жоғары қарай көтеріле берді.

Инстинкке бағынышты тәні құрық бойы тереңге батқан оны игеріп әкетті. Жүректі жаулаған үрей мен сананы ессіз билеп алған қорқыныш құтқару инстиктіне бағынышты күй ауанымен қабағат әрекетке ұласты. Өлім аузындағы адамның көз алдына өткен өмірі келеді дейтін елес келмеді, ой-санасына әсер етер өзгеше бір күй билейді дейтін сезім де болмады... Ешбір әсерлі белгі Нарын бойынан байқалмады. Қанша уақыт өткені де, көл бетіне қалай шыққаны да ойына оралмастан, санасына сәп салдырмастан тез-ақ өте шықты. Тек қана су бетіне шыққан бойда бір жұтым ауаны қомағайлана, қылғына жұтып, оған да мән бере алмастан жанұшыра жүзуге кіріскен.

Қаранор су астынан кейін көк тұман тұтқан төңірек көзіне самаладай жарық көрінгені... Өзінен бұғалық салым жерде малтып, бұл су астынан «шығар ма, шықпас па» деп тұрған бозбаланың дауысын еміс-еміс құлағы шалғаны ғана.

– Аға-а... жағаға-а.. Жағаға-а... Суға кетеміз! - деген Жетпіс айғайына ғана әрең мән бергені.

Бозбала үстіндегі киімдерін сыпырып үлгергеніне де ой сала алмай, ауыр киімімен қорбаңдай ұмтылды. Құлашын жаза алмай сорлады... Сонда да бар күшін сала жүзді.

– Маған қарай... Мүйіске қарай! - деп тағы айғайлады. – Жылдам, аға! Суға кетеміз... Су салқын.

Тіл қатуға шамасы жоқ Нарын малмандай киіммен жандалбаса жүзе түсті. Жүзіп келе жатып батып кетіп, батып кетіп қайта шықты. Өңешінен суық су өзенше құйылды... Сонда да жаналқым жүзе берді. Тағы да бір тұншыға батып шықты. Осы бір сәт құлағы ашылғандай біртүрлі күй кешті... Сонау соқыр сана түкпірінен «алла-алла» деген беймәлім әуез естілгендей болды. Оған өзі де жете мән бере алмай, инстинкті түрде «Алла!Алла!» деп қосылып кеткенін де аңғармады. Сусоқты ауыр киімді денесін күшпен қимылдатып, ойсыз күйде жүзе берді... жүзе берді.

Жетпіс оны бақаша тарбаңдай малтып, бір орнында күтті. Нарын жүзіп жете-сала бозбала сырт киімдерін сыпырысуға кірісті. Екеулеп жатып қонышты етік пен қалың бушлатты шешіп, тұманнан қарауытқан мүйіс басына қарай қатарласа жүзді. Бозбала бірақ бұдан аулақтай, оза жүзді... Нарын жасында Ертіс пен Күршімнің суына жүзіп өскен болса да, күш-қуаты су жұтқаннан ба, әлде бойында үрей ұялағаннан ба, құлаштай алмады. Ағынды өзендей емес, тынып жатқан көлде жүзу әлде қайда ауыр болып шықты.

– Жаға жүз метрдей... Қол-аяқ қатпай тұрғанда қимылдап қалуымыз керек. Сіңір тартылмасын, аға!

Мұның жауап қатуға мұршасы жоқ еді. Әйтеуір малтыға малтып келеді. Салқын су сүйектен өтіп барады. Бойдағы қуат та тез арыла бергендей... Ал қамыс үкісін қырау басқан тұманды мүйіс те алыстап бара жатқандай.

Нарынға қарайлай жүзген Жетпіс жайындай қуатты. Бозбала жігіттің сыртқа тебіндеген балғын қуаты кеми қоймапты. Ол Нарынға қарайлап, қиялай жүзіп келеді. Атпал азамат Нарынның бірақ күш-қуаты қайтып-ақ қалыпты. Қаранор су салқыны сорып-ақ тастаса керек, деміге бастады.

Түзде жүрген екеу бір-біріне кіріптар хәлге түсті. Аққулар жылы жаққа ұшып кеткен бе, кезікпей жатып-ақ оқыс жағдайға ұшырап, қатерге тап болды.

Әбден малтыққан Нарын:

– Жа-а-ға-а!.. - деп қырылдады; көзі де бұлдырап, қарауыта бастады.

– Жақын қалдық. Шыдаңыз! - деді бозбала.

– Кө-ө-мектес!

– Аға, қолтықтай алмаймын! Шаршап келесіз... Мені қоса батырып әкетесіз!

– Ба-а-уы-рым, кө-ө-мектес!

– Аяғыңыздан демейін, аға! Қорықпаңыз! Жаға жақын. Жетеміз!

Бар тағдыры осы бір жас жігітке байлаулы Нарын қырындай малтып, ұмсына берді. Он жеті жасар бозбаланың сөзі – күпті көңіліне демеу, табанынан итерген қарулы алақаны – зілмауыр тәніне сүйеу. Ғайыптан бір тылсым күш біткендей күйге түсіп, құдай атын шақырып келе жатқанына да мән бере алмай, құлшына жүзе берді.

Екеуі өлдік-талдық дегенде қамысты жағаға да ілікті. Қамыстан уыстап ұстай бере Нарын тағы батты... Бозбала серігі көмегімен амалдап жүріп, батпақты жағаға да шықты-ау!

Қамысты қопа үстіне шалқасынан аунай кетті. Демі үзілердей ентіге тыныстайды. Көз алды қарауытып кеткен.

Қаранор тартқан аққулы көл ғана көк тұманнан айығып келе жатты. Қараша күні күңгірт-ті.

Қаңтар, 2022.

Көрнекі суретке Павел Митковтың картинасы пайдаланылды

Бөлісу:

Көп оқылғандар