Жан-Мари Гюстав Ле Клезио
Бөлісу:
Бүгін француз жазушысы Жан-Мари Гюстав Ле Клезионың туған күні. Жазуға дейін жарты әлемді шарлаған ол туғаннан Франция мен Маврикия сынды екі елдің азаматы. Балалық шағы Нигерияда өткен. Әкесі біраз жыл сол елде дәрігерлік қызмет еткен еді. Содан соң университет бітірген жас маман Ле Клезио алыстағы АҚШ-та мұғалім болып еңбек етеді. Тайланд пен Мексикада әскери борышын өтейді. Қайбір жылы Оңтүстік Кореяға барып, француз тілі мен әдебиетінен сабақ бергені бар. Сөйте жүріп корей халқының тарихын, аңыз-ертегілері мен бақсылық дәстүрін зерттейді. 1970-1974 жылдары Панама аралында индейцтермен бірге де өмір сүреді. Тіпті, «Чалам Баламның әулиелігі» сынды индейцтердің эпосын тәржімалап жарыққа шығарғаны да бар. Қысқасы, өмірі қып-қызыл саяхаттан тұратын жазушы.
Дарынды бала Леклезио жеті жасында-ақ қолына қалам алған деседі. Сөйтіп теңіз туралы кітап жазады. Ал небары жиырма үш жасында жарық көрген «Хаттама» романы үшін оған Ренодо сыйлығын береді. Ол аздай Гонкур сыйлығына үміткер ретінде тіркеледі. Сыншылар жазушының аталмыш романын эстетикалық тұрғыдан Альбер Камюдың «Бөгдесімен» шендестіреді. Романда электр шамы, пышақ немесе темекі сынды ұсақ-түйекті барынша сипаттап, үңілу көп. Тіпті кейіпкерлердің екеуара әңгімесі кезінде де оқырман назарын басқа нәрселерге бұрып отырады. Бұл әлбетте жазушының басқаға ұқсамайтын ерекшелігі.
Романның басты қаһарманы Адам теңізді жағалай орналасқан әлдебір қаланың көшесінде сандалып ұзақ жүреді. Өйткені оның жанын жегідей жеген сұрақтар жәй таптырмайтын. Ол өзінің кім екенін білгісі келеді. Өйткені жақында ғана саптан шыққан жауынгермін бе, жоқ әлде жындыхананың пациентімін бе деген ой оны әбден қажытқан. Шығарма эпизодтық сюжеттерге құрылып, сахналық үзінділермен өріледі. Бір сөзбен айтқанда кино тілімен жазылған дүние. Роман құбылмалы, аумалы-төкпелі дүниенің байыбына барғысы келетін адамның аласұрған сезімдерін суреттеуімен құнды. Адам үшін өзінен басқалардың бәрі қорқынышты екі аяқтылар. Қоғам құдды табан астында жатқан ергежейлілер ордасы сынды. Кейіпкері үнемі өлім туралы ойлайтын және одан қорқатын шығарма абсурдтық сипатта жазылған.
Леклезионың 1965 жылы жарық көрген «Безгелдек» әңгімелер жинағы да, жетпісінші жылы шыққан «Соғыс» атты кітабы да жанталасқан, қоғамнан өз орнын іздеген адамдар мен сүрепетсіз қалалар туралы шығармалардан тұрады. Ал «Алыптар» кітабындағы оқиғалар бастан аяқ супермаркетте өтеді. Сондағы келімді-кетімді кісілердің ағыны мен ызың-шудан есі шығып жындана жаздайтын адам туралы қызықты хикаяға толы.
Шығармашылық ғұмырында отыздан аса кітап жазған Леклезионың творчествосы екі сарынға бөлінеді. Алғашқысы – 1963-1975 жылдар аралығы. Бұл кезде автор жаңашылдығымен, француз тілінің әдебиеттегі ұлан-асыр мүмкіндігін таныта алуымен көзге түскен болатын. Сондай-ақ психикасы бұзылған адамдар туралы көп жазған. Замандастар оны сол жылдары бүлікші-жазушы атайтын.
Жетпісінші жылдардың соңына қарай Леклезио балалық, жалғыздық, саяхат тақырыбына қарай ойысады. Енді оны тәжірибелік шығармалар жазу қызықтырмайтын болды. Байыпты сюжетке бай шығармалары жарық көре бастады. Бұрынғы сюжетсіз сюжет жасауды автор тарихи зертеулерге, иммиграция, аластау және өзгеріс турасындағы тақырыптармен алмастырды. Жазушының бұл тұрғыдағы қалыпқа түскен байсалды қолтаңбасы «Шөлде», «Алтын іздеуші» немесе «Адасқан жұлдыз» сынды романдарынан анық аңғарылады.
1980 жылы Леклезио «Шөлде» романы үшін Поль Моран атындағы сыйлықты алады. Роман миграция тақырыбын қаузайды. Шығармада екі кейіпкердің оқиғасы қатар өріліп отырады. Біріншісі – туарег-бала. Бала ХХ ғасырда африка елдерінде болған француздарға қарсы көтеріліске қатысады. Бірақ, толқу жеңіліспен аяқталып, көтерілісшілер түгел қырғынға ұшырайды. Екінші кейіпкер – жетім қыз. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Мароккода өмір сүрген ол ықтиярсыз некеден құтылу үшін Францияға эмиграцияға кеткісі келіп жанталасады.
Леклезионың 1992 жылы жарық көрген «Адасқан жұлдыз» романы да осы эмиграция тақырыбын қаузайды. Бас кейіпкері – жойыт қыз Италиядан Францияға кетуді армандайды.
1994 жылы Жан-Мари Гюстав Ле Клезио француз тілінде жазатын ұлы қаламгер деп мойындалады. 2008 жылы Нобель сыйлығын алады.
Бөлісу: