«Желге ұшқан түстер» не дейді?..

Бөлісу:

12.04.2022 3185

Жас ақын Абзал Сүлейменнің өлеңдері әдеби қауымның назарын аударғалы біраз болды. Ол жайлы жазушы Дидар Амантай: «Қолымыздан жел болу жайлы армандау ғана келеді». Әрине, желдің айтқанымен жүргенше, өзің боран, жел, самал болған жақсы. Соқса – соға берсін, бірақ, еркіндігің, тәуелсіздігің, дербестігің қолыңда, өз туыңды өзің көтеріп, жорықтарды өзің бастап барасың. Бірақ, Абзалдың мына бір өлеңі Альбер Камюдің «Бөгдесін» («Чужой»), Жан-Поль Сартрдың «Лоқсу» («Тошнота») атты дүниесін еске түсіреді екен. Кезінде екеуін де аталған шығармалары үшін төмпештеп еді, антигуманист те, нигилист те болды. Шын мәнісінде, екі автордың дауға түскен қос туындысы екеуінің философиясының жалғасы, көркем прозалық кейіпкерлік нұсқасы ғана болатын» деген пікір білдіреді. Ал ақын Тоқтарәлі Таңжарық: «Абзалдардың буыны қайдан шықты деп жиі ойлаймын. Біздің буын алдыңғы буынның шектеуіндегі буын. Кейінгі буын өздері шығу керек болды. Абзал поэзиясында нақтылық бар. Абзалдың шағала туралы және «Әке өлтіру» атты өлеңінде нәзік жинақылық бар. Сол жинақылықты көпшілігіміз ұстай алмаймыз» деген ой айтады.

Желге ұшқан түстер... Сіз бұл тақырыптан не ұғынар едіңіз?.. Автор қиялынан туған мағынасыз тізбек пе? Әлде астарына беймәлім сыр бүккен тұңғиық ой ма? Не болса да дәстүрлі қазақ әдебиетіне бөгделеу сөйлем. Әзірше бізге «бейтаныс» сөйлемнің авторы – Абзал Сүлеймен. Жақында Алматыдағы Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада ақынның «Желге ұшқан түстер» атты жинағының таныстырылымы болды. Әлеуметтік желіде бұл жайлы хабар тарағаннан кейін атылмыш кітапты оқып көруге асыққанбыз. Бұған дейін де әдеби сайттардан автор өлеңдерінің біразын шолып шыққан едік. Кітапты қолға алып оқығаннан кейінгі әсер бөлек болады екен. Онда ақынның өлеңдері, көркем аудармалары мен әдеби зерттеулері еніпті. Т.С. Элиоттың «Шөл» поэмасы да тәржімаланып берілген. Біз бұл мақаламызда автор өлеңдеріне тоқталуды мақсат еттік.

Әдеби кітаптарды бұдан бұрын да оқып жүргенімізбен, Абзалдың туындылары бірден қабылдауға «ауыр» соққыны рас. Өлеңдер дәстүрлі поэзиялық үлгіден бөлек, ақ өлең түрінде жазылған. Бұнда ұйқастан гөрі астарлы меңзеу тәсілі байқалады. Автор оқырманды тұңғиық әлемге жетелейтіндей көрінді.

«Тағы біз,

Тәніміз байланған қараңғы көшені кезуге мәжбүрміз,

Біздің көзіміз де, қолымыз да байланған.

Жалаңаш ағаштар қолдарын созып шақырады тағы –

Жел ізін салған көшеге...».

Экзистенциализм. Ол өзінің қайталанбас болмысын ұққандай, мағынасыз әлемнен сытылып шыққысы келеді де еркіндікке ұмтылады. Ақын қиялынан туған әр жолдан осыны сезіндік. Өлең мағынасы екі-үш қайтара оқыған соң барып ашыла түсетіндей. Онда ақын көңіл күйін, әлденеге қарсылық пен мұң сарыны аңғарылады. «Қолымыздан жел болу туралы армандау ғана келеді...» дейді ақын. Шығармашылық арқылы желге айналып ұшқысы келеді. Өлең соңында:

«Күн орнына күн болуға тырысқан шамдарға көңіліміз толмай,

Менің де жел болғым келді...» – деп аяқтайды.

Бәлкім, табиғилыққа құштарлық не болмаса астарлап айтылған әлдебір жүйеге қарсылық шығар деп пайымдадық. Өлең болмысы, шынында да, дәстүрлі әдебиеттен өзгерек. Жапон поэзиясымен үндестік бардай көрінді. Мысалы, белгілі жапондық ақын Мацуо Басе табиғат суретін былай сипаттайды:

«Өлі бұтақта

Қарға қарайды

Күзгі кеш».

Бұнда айтарлықтай жасырын мағына жоқ. Жапонға тән поэзия хайку мысалы. Бірақ суреттеу жағынан ұқсастық бардай.

Экзистенциалистік шығармаларда көбіне мәнсіздіктен мән іздеуге тырысу байқалады. «Үрей» өлеңінде:

«Сезініп үлгермей түсінем,

Күрсініп үлгермей күз демін.

Руханияттардың ішінен

Өзімді іздедім,

Өзгені іздедім...» – дейді.

Адам өзін не үшін іздейді? Бәлкім, рухани шөліркегенде немесе болмыстың мағынасын түсіну үшін шығар. Жан дүниедегі дағдарыс ойлы жанды үрейлендіретіні рас. Егер дүниенің мәні қалмаса ары қарай өмір сүрудің де керегі болмас еді. Алып жер әлемінде адам кішкентай ғана молекула сияқты. Бірақ ол өзін дербес жаратылыс санайды. Өзінің кім екенін білуге тырысады. Не мақсатпен мына дүниеде жүргенін ұққысы келеді. Сондықтан да ақын:

«...Бір сәттік сезімдер шоғына,

Өртеніп кеткенде өмірім,

Түсіндім өзексіз екенін

Мағына таба алмай дел жүрмін,

Қараңғы түндерге көңілсіз жетемін...

Мен кіммін?» – дейді. Ішкі көңіл ауанына қарап, автордың айтқысы келген ойын ұққандай боласың. Ол өмірден өзгеше мән таппақ ниетпен қалыптасқан қағидаларды бұзып, өз сүрлеуімен жүргісі келеді. «Реликті шағала» өлеңінде:

«...Сыбырлаған қос шағала

Адам қолынан қаза тапқанда,

Ешкім де азалы дауыс естімеді..,

Биыл да Аралтөбе жетім...» – дейді ақын.

Былай қарағанда, біртүрлі қызық тізбектер. Өлең астына автор «Реликті шағала – көне заман шағаласы. Аралтөбе – Алакөл көліндегі реликті шағала ұя салатын арал» деген анықтама жазыпты. «Адам қолынан қаза тапқанда» деген сөйлем өлең жолдарында бірнеше рет кезігеді. Осы сөздің өзі оқырманға біраз нәрсені түсіндіретіндей.

Жалпы Абзал поэзиясы көбіне ақ өлең түрінде ұйқассыз жазылған. Тақырыптары да қызық әрі түсініксіздеу. Ақын «Әке өлтіру» атты өлеңінде былай дейді:

«...Оның соңғы сапарында желден жусан жапырылып,

Құйын топырақ көтерді.

Жерледік сосын біз оны,

Естеліктерімізбен бірге зіл батпан топырақ астына...».

Тақырыбы өте ауыр. Мағынасы да күрделі. Балалық шақтағы естеліктерін еске түсіріп, сол сәттегі сезімді қайта тірілткендей. Автордың психологияға бейімі байқалады. Адам жан әлемінің қатпарында жасырынып жатқан қорқыныш, үрей сезімін жақсы жеткізеді. Бірақ тым тұңғиыққа батып кеткендей әсер береді. Өлеңді жас шектеуіне қарап оқыған жөн сияқты. Мектеп оқушысының қабылдауына ауыр келетіні анық.

Автор қиялға көп ерік беретіндей. Өлеңдердің көбі «өзгеше ойдан» туған дүние секілді көрінеді. Ол өзінің «Қашу» атты арнауында былай дейді:

«Иә, ойымыз жұлдыздар іспетті шашырап сіңген қара аспан,

Біз көкке қарыздармыз, бауырым!» – дейді. Ақын «өзгеше ойлайтынын» меңзеп тұрғандай. Ой, қиялдың тізгінін бос жіберіп, ешқандай ережелерге бағынбайтынын жеткізгісі келгендей. Сосын:

«Қашықта, иә, бәлкім қиялымыз жетпес алыста,

Тым баяу ырғақпен келеді кезгім.

Соңы да белгісіз түстерден қалыс қап,

Келеді көрмей-ақ сезгім», – дейді. Осы жолдар ақынның негізгі мақсатын жеткізіп тұрғандай. Ол, бәлкім әлемді көңіл көзімен танып-білуге тырысатын шығар.

Кітапта бірқатар аударма өлеңдер берілген екен. Корей ақыны Чон Хо Сынның «Бала-Будда» өлеңі құрылымы мен мағыналық жағынан Абзал өлеңдеріне етене. Аударманың шынайы шығуы осыдан болса керек.

«...Мектеп оқушылары жазғы демалысында

Туристік автобустан түсіп,

Басы жоқ Буддалардың артына тұрып,

Өз басын қояды...

Бала-Будда...

Балақайлар өмірінде бір рет Будда болып көрсінші

Олар бұрын басынан осы үшін айырылған...».

Будда сөзі болмаса, бұл өлеңді Абзал өзі ойдан шығарып жазғандай әсер береді. Бәлкім, шығармашылық үндестіктен осылай көрінсе керек. Поляк ақыны Богдан Пьясецкидің «Шу» өлеңі де дәл сондай сезімге бөлейді:

«...Радио szyлап тұр, әке, дейді ол,

Оның жымиғаны айнадан енді көрінді.

Әке, қалай szyлап тұрғанын тыңдашы, тыңдап отырмын мен

Толығымен дыбысқа айналдым, дәл анам маған үйреткендей».

Ұйқассыз ақ өлең мазмұнынан автордың ішкі көңіл күйін сезуге болады. Ол да қарбалас тіршіліктен шаршап, қиялына ерік берген сияқты.

Абзал өлеңдерінен бүгінгі заманның қарбалас тіршілігіне қарсылық танытып, өз әлемін жасауға ұмтылған талпынысты көргендей боласың. Оның қиялы шексіз кеңістікте кезіп жүргендей әсер сыйлайды. Сол себепті бірден оны түсіну мүмкін емес. Екі-үш рет қайталап оқығанда санаға жете бастайды. Бәлкім, оны түсіну үшін оқырман да қиялға ерік беріп, Абзал әлеміне енуі керек шығар.

Бөлісу:

Көп оқылғандар