Мұхтар Мағауин. Көлме-көл

Бөлісу:

13.04.2022 3938

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге...»

Ес білген шақта көкірек сыздатқан əн-өлең. Сырлы, əрі мұңды сарын. Көзіме шұбыра созылған қазақы көш елестейтін. Əуелде – көргенім, кейінірек – кітаптан оқығаным, ақыр түбі – тарихтан танығаным. Бастапқыда – жұпыны, уақыт оза келе – сəн-салтанатты, ең соңында – айдынды, алапат көріністер.

1944, мен төрт жастамын. Біздің ауыл – жиырма-шақты шаңырақ, меншік емес, колхозға тиесілі он, əлде он бес мың қоймен, терістік-батыс – Қарқаралы тарабына қарай, алды-артын жинақтап, үдере көшіп еді. Күндізгі азғана еру, түнгі, бел босатқан қоналқадан соң, тоқтаусыз жылжып, тура он төрт күн сапар шектік. Бетегелі бел, шалғынды кең жазық. Алдан орағытқан, дүркірей, секіре шауып, оңды-солды ойқастаған, қоңырқұрым, мың сан киік. Түнде аш қасқырлардың жауаптаса, үздіксіз ұлыған даусы. Иен түз. Екі жүз шақырымнан астам ұзына жол бойы тірі жан ұшыраспады. 1932 жылғы ғаламат ашаршылықта барлық жұрты қырылып біткен. Əлдеқалай аман қалған, селкеу жұқанасы Шыңғыстау тарабына ығысып, Бақанас өзені, кең өлкедегі, ол да ашыққан, өліп-жіткен, азып-тозған азғана жұртқа қосылып, жадау тіршілігін жалғаған. Енді, арада жеті-сегіз жыл өтер-өтпесте, жаңадан жеткен, оған қоса, бұрнағының сарқыны – бас көтерер азаматын түгелдей орыс-герман соғысына айдап əкетіп, арғы мен бергіден ес жиып үлгермеген ала-құла, селдір топ – кəрі-құртаң, қатын-қалаш – жарлы-жақыбай жұрт. Арық, жарғақ түйелерге құрым киізді кереге-уық, қара қос артылған жадау көш.

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге...»

Сол күндерде естіп, жадыма тұттым ба, əлде кейінірек ұқтым ба – нақты айта алмаймын. Əрине, Көлме-көл емес. Жорға, Жауыр-тағы, Шұбарайғыр. Иə. Ертегілік Көлме-көл емес. Əйткенмен, аңыз-жырдағы кеңіс, ерек өлке, колхоздың тікелей құрығынан тысқары, басқаша өмір жіптігі. Қайғылы, мұңды емес, жайсаң, жарқын да емес, қайткенде құбатөбел, əдепкі көш. Есімде, ешкімнің реніш, кейісі жоқ. Ал мен үшін болашағымды айқындаған, жаңа бір, шексіз көкжиек, өзгеше танымға жол ашқан, сəулетті сапар болып еді. Күнұзақ ат үсті, осы көшке жауапты атам Мағауияның алдында отырам. Жай ғана отырыс емес. Менің ерекше зердеме сенген, бəлкім, Тəңірінің сыбыры, өзгеше болашағымды түйсінген атам ел мен жер туралы қаншама əңгіме айтып еді. Анау – аруақты, əулие би атаңның күмбезі, мынау – жаудан қайтпаған батыр атаңның тас бейіті. Мынау жерде баяғыда, немесе кейінде сондай ғаламат оқиғалар болған. Анау қоныста осындай ерекше адамдар жасаған... Бəрін де көңілге түйіппін. Ал «Көлме-көл», бəлкім, бір-екі жыл кейін жатталды. Қайткенде, əуелгі көш – осы ерекше сапар кезіндегі сурет түрінде санаға қонақтап еді. Бұдан соң, арада төрт жыл өткенде – ұлы Мұхаң кейіптеген сəнді, салтанатты шеру – Құнанбай ауылының, Бөжей ауылының қалы кілем жабылған, атан түйелі салқар көштері...

Арада он жыл өтсін. Он сегіз жасқа келдім. Университет студенті. Өріс кеңейген, ізденіс аумағы шексіз ұлғайған. Енді Шыңғыс хан заманын зерделедік. Əуелгі басқы – Карпини мен Рубрук. Бұрнағы жалпы түсінікке үстеме – нақты, тарихи деректер. Əлемде теңдесі жоқ мың сан əскер. Қаптай өрген төрт түлік қалың мал. Жайсаң далада тіркесе, жайыла жылжыған ғаламат көш: алып арбалар үстіне орнатылған ауқымды киіз үй, яғни көк күймелер. Бұл деген – арғы-бергі əлемде жоқ жылжымалы қала. Апта бойы қатарласа, тіркесе көшеді, айдан ай өткеріп, кең қоныста байырқалап отырады. Сəн-салтанаттың, күш-қуаттың өзгеше көрінісі. Уақыт озған сайын еңселене, асқақтай түсіпті. Ақыры, қырықтың қырқасында – көкіректегі бар арман тарихи роман-дилогияға ұласты. Қайта туған Қазақ Ордасы. Ұлы қағанның айдынды ұлысының тікелей мұрагері – мына біздің жұртымыз. Жай ғана көш емес, бар тіршіліктің ұйытқысы.

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге,

Көлме-көл алыс дейді көрмегенге...»

Алыс болса да жетіппіз. Тар заман, қыспақ дəуірдің өзінде. Яғни, қиялда ғана ықтимал «Аласапыран».

Əйткенмен, арман-көлдің өзін де көруге жазыпты.

Тəуелсіздік қарсаңындағы алас-күлес кезең. 1989, əлде 1990 жыл. Ел аралаған, халқыңды қайта танып, жұртыңды жаңаша білмек, соны, тың серпін. Байсал, жан-жақты сапарлар. Өлең-əндегі аңызды, тұманды Көлме-көл шынында да бар екен. Шежірелі Қаратаудың терістік-шығыс беті. Жөн-жосығын естіп, арнайы соғып едім.

Арғы, жайдақтау жағасына келіп тоқтадық. Белес қырқалар етегінде, шығыстан батысқа қарай, ұзынынан созылып жатыр. Шығыс тарабы ендірек, шамасы үш жүз метрдей. Қос қаптал – бірер шақырымға тақау, қатарласа иіліп барып, доғалдана бітіседі екен. Бар тарапта жарқабағы құрық бойынан астам, түйетайлы емес, мүжілсе де тіпе-тік. Бас-аяқ, ұзына бойы, түпкі табанына дейін айқын көрініп тұр. Өйткені, суы құрғаған. Қара жердің өзі төмен түсіп кеткендей ойыс аумақ. Жап-жалаңаш, тайқы дөмпеш қу топырақ. Тек батыс мүйісте қотан орнындай ғана жасыл түбек көрінеді. Қамысты, қоғалы. Бір замандағы сəулетті көлдің соңғы сарқыны.

Əлбетте, аңыздық Көлме-көл өзінен өзі құрғамаған. Кейінгі, адам атаулыны, яғни қазақты жоспарлы түрде құрту үстіне, бар тарапта «табиғатты бағындыру» жобасымен жəне пайда мақсатында қазыналы Қаратауды жағалай қопарған, үңгіп қазған жабайы зорлық нəтижесінде сай-саладағы бұлақ, тұма атаулыны түгел тыйып, үлкенді-кішілі өзен жылғаларды тегіс сарқыған зұлмат нəтижесі. Бұқар атам айтқандай, «Айнала ішсе таусылмас – Көл суалмас демеңіз.» Төңірек тамырлары түгел кесілген Көлме-көл де суалыпты. Үңірейген орны ғана тұр. Баяғы, бай болған, бар болған, кең даланың кенересінен асып төгілген дарқан Қазақтың ХХ ғасырдағы тағдырының нақты суреті сияқты.

Жұқанасы ғана қалған көлдің қайтадан толысуы, асып төгілмесе де, əуелгі қалыбына жетуі мүмкін бе?

«Көңілде қайғы, қалың зар...» Дəл жиегіне келіп, жарқабақты жағалап, біраз жүрдім. Ішке түсуге... дауaламадым. Елеусіз бөгесін емес. Қайткенде, көңіл түкпірінде күмəн бар еді. Анау қоғалы қорамның асты – мый батпақ па, əлде аз да болса өмір жіптігі – мөлдір, таза су бар ма?.. Ақыры, соңғы қор сарқылған жоқ деп, көңіл жұбаттым. Бəлкім, бəлкім емес, анық – заманнан заман өткенде, ауа райы да өзгереді, түпкі шарадағы азғана, бірақ өміршең, өнімді су – астындағы тұма көздері, сырттағы, қайта тірілген бұлақ ағысы, аспанды айғыздай күркіреген жаңбырлы жаздағы жаңа жылғалар арқылы төтенше қуат алған Көлме-көл қайта тірілсе несі бар!

Ойлап тұрсам, Көлме-көл – арманды алыс өлке ғана емес, қастерлі меже, өзгеше нысан екен. Төңірегі түгел қырат бел, сайлауыт ойпаң. Тақау төңіректен мал өргізбесе, үй тігіп отыратын, жазыла жайылатын мекен емес. Теріскейге өтерде аял жасайтын азғана тыным ғана. Аял да емес. Көзге тойым, көңілге медеу, қуанышты ұшырас. «Көлме-көлді көрдік... Көлме-көлден астық...» Алты ай жазғы мереке, сəн-салтанат пен еркін өмірдің бастауы. Түстіктің қапырығынан аулақтап, бауыр жазылып, көкірек кере тыныс табатын байтақ əлемнің əуелгі қақпасы. Дəп қазір, 1989-1990 жылдары біздің алаш жұрты да осындай сырлы қақпаның босағасында тұр екен. Аттап өттік, межелі, арманды аймаққа аман жеттік. Ендігісі – замана қыспағынан тыс, тағдыр тəлкегінен басқаша, тек өзімізге, ел-жұртымыздың ұлттық тұрғысы мен азаматтың қажыр-қайратына қарап тұрған...

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге,

Көлме-көл алыс дейді көрмегенге...»

Соншама мұңды, сағынышты əуез бен сөз... кейінгі заман, ХІХ, тіпті, ХVІІІ ғасыр да емес, Қазақ Ордасы жаңа құрылып, бағзыдағы Шыңғыс хан империясы, кейінгі Алтын Орда ұлысының ұйықты бір пұшпағы – ежелгі ата мекенде Қазақ Ордасы атты жаңа бір мемлекет шаңырақ көтеріп, өрісін енді ғана кеңейте бастаған өзгеше заман – ХV ғасырдың ақырғы үшегіне тиесілі деп білем. Осыған жалғас кезеңде Ата-Қазақ Қаратаудан қайыра төгіліп, Сыр бойын еркін қоныстанып, жазғы жайлауға Сары-Арқаға шығатын. Əлбетте, самалды мұғал таудан жеріген жоқ. Бірақ қарым өлшеусіз ұзарған, ендігі көш межесі – Көлме-көл емес.

Бастапқы сырлы əуез бүгінге дейін сақталмаған сияқты. Мен, бəлкім, сол қаршадай кезім, сəбилік төрт жас пен балалық сегіз жас аралығында қаз-қалпында естіген болуым да. Бірақ жадымда қалмаған. Тек сиқырлы сөзі ғана көңілде тұныпты.

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге,

Көлме-көл алыс дейді көрмегенге;

Көлме-көл алыс болса көрмегенге...»

Сырлы əуезді алғаш толғаған даңғыл көкірек – қартаң кісі тəрізді. Көлме-көлді өткен жазда ғана көрген. Бұрнағыны айтпағанда. Араға жарым жыл ғана түскенмен, соншама алыста қалыпты. Ел аманда естелікке айналғандай. Қазір қыраулы қыс ортасы. Аяулы межеге қайыра жету оңай емес. Жүрек сыздаған сағыныш. Ақырғы арман. Өйткені... əн мен сөз иесі – тұғырдан тайған қария ғана емес, дəрмені кеміген, қуатынан айрылған, сырқау жан сияқты.

«Көлме-көл алыс болса көрмегенге,

Жаз шығар күн күркіреп өлмегенге!..»

Міне, сырлы, мағналы толғаудың шешім кілті. Аспан айрыла күн күркіреп, құтты алқапта нөсерлі жауын төгілген мезет – жайсаң жазға аман-есен жеткен жұрт қана Көлме-көлді қиялда емес, осы өмірде, қазқалпында, өз көзімен көрмек!

Əне! Күн күркіреп, жаз шықты. Жүз елу жылдық отарлық қыспақ, оның ішінде жетпіс жылдық қызыл қырғын – советтік зұлмат заманнан соң Қазақ халқы қайтадан ту көтеріп, өз Ордасын əйгіледі. Яғни, Сіз бен Біз. Мына Мен!

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге...»

Естен кеткен қадым заманнан бастап, тоқтаусыз, үдере көштік. Осынау, ғасырлар көшінің соңғы, біз еске салған жүз елу жылы айрықша ауыр болыпты, ал ақырғы жетпіс жылда, қанша қайталасақ артық емес, – қиямет қақпасында тұрдық.

«Көлме-көл алыс дейді көрмегенге...»

Соншама қиыр шалғай. Жердің түбі. Ақыры... жетіппіз. Негізгі шарты – тіршілік жіптігі үзілмеу екен. Үзілмедік. Құр сүлдеріміз қалса да.

«...Көлме-көл алыс болса көрмегенге,

Жаз шығар күн күркіреп, өлмегенге!..»

Біздің үш мың жылдық даңқты тарихы бар ұлы халқымыз арыдағы жайсаң жазынан соң, кейінгі ызғар күз, қақаған қыстан өтіп, енді мəңгілік, жаңа бір жазға иек артыпты. Қазақ байдың бар баласы. Оның ішінде бүткіл əулет-жұрағатыммен мен де бармын. Тəңірі алқаған Мұхтар Мағауин!

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге,

Көлме-көл алыс дейді көрмегенге;

Көлме-көл алыс болса көрмегенге,

Жаз шығар күн күркіреп өлмегенге!»

Осыдан тура екі апта бұрын Сексен жасқа келдім – 29 январь 2020. Менің Сексен жасым – туған халқымның сегіз мың жылдық ғұмырымен астас. Бұл тауарих алдағы жүздеген, мыңдаған жылға жалғаса береді. Қандас жұртыммен, тікелей ұрпағыммен бірге жасаймын.

Десе де... əр пенденің жеке өзіне ғана тиесілі, шектеулі ғұмыры бар. Қаншама ұзақ жасасаң да, алдыңда құрулы керме тұр. Яғни, кесімді тағдырың. Иə. Ол рас. Мына фəни жалғанда шынымен-ақ Көлме-көлге жеттік. Арманның асқаралы биігіне шықтық. Сонымен қатар... менің қадірлі басым, қайран ғұмырым Көлме-көлмен шектелмеуге тиіс.

Ол рас. Жүзге келсең де, кесімді сағатта көз жұмасың. Күмəнсіз жағдай. Бұдан əрі... не күтіп тұр?

Əуелде сүйегім саудырап, соңында үгіле тозып, күл-топыраққа ұласып, бардан жоққа айналуым зайыр, хақ. Əйтсе де... Мақшар таңына дейін, ес білмей, ойланбай, сезінбей, өзге түгілі өзімді ұмытып, туған жұртымды естен шығарып, дəрменсіз, шарасыз қалыпта, мызғып кеткен бір сəттей көрінгенмен, нешеме мың, бəлкім миллион жыл бойы, жадымнан айрылған кəріп жағдайда қалғым келмейді. Мəнісі не, мағнасы не?..

Жоқ!

Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш əулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған алпарыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мəңгілік Аруаққа айналам! Иə!

Мəңгілік Аруақ!

Хан-Тəңірінің басында, өткендегі Бабаларыммен жүздесіп, толық есеп беріп, бар шерім тарқаған соң, қаншама заман бойы Қазақ Аспанында шырқай ұшып жүрем. Тіршілікте өткенді кəміл таныдым, енді Бақи Аруақ кебінде, туған жұртымның кейінгі тағдырына куəгер болуым қажет. Елімнің есін жиғанын, алдыңғы Аталары, кейінгі Менің өзіме тартқан, қайратты, қуатты, жаңа бір қауым қалыптасып, Бабаларының басынан өткен, маған бұйырмаған, еңселі, кеніш заманға жеткенін көріп, біліп, жаным жай табуы шарт. Содан соң... Күн шеңберінің сырты, алыс бір Жұлдыздағы барақат мекенге кетіп, біржола тыншығармын. Осылай болуы анық, шүбəсіз. Бұған туған халқымның өткендегі даңқты тарихы, менің кейінгі болмысым айнымас, нақты айғақ деп білем.

Дəп солай.

Мəңгі Көк Тəңірінің күші-дүр!

11-12.ІІ.2020,

Күміс Бұлақ, АҚШ.

Бөлісу:

Көп оқылғандар