Серікзат Дүйсенғазы. Ұлт мұрасын түгендеуші

Бөлісу:

14.04.2022 2977

(Жазушы Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасы хақында)

Қай ұлттың болсын көне дәуірден бері рухани қалыптасуын, даналығын, даралығын салт-дәстүріне, тұрмыстық және фольклорлық мұраларына қарап танимыз. Әр халықтың ежелгі мәдениеті, дәстүрі, философиясы, психологиясы, этнографиясы ауыз әдебиетінен көрінетіні шүбәсіз ақиқат. Қазақ халқының да сан ғасырлық қалыптасу тарихынан көрініс беретін фольклорлық жәдіргерлеріміз өте мол. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында көрнекті фольклортанушы-ғалым, академик Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен шыққан «Бабалар сөзі» жүз томдық жинағының жарық көруі әлемдік мәдениеттегі теңдессіз оқиғаға баланып жүр. Ғалымдардың айтуынша, оның сыртында әлі баспаға берілмеген елу томға жуық мұрамыз бар көрінеді. Бұл ұлттың баға жетпес байлығы деп айтуға толық негіз бар. Сол мұралардың біршама бөлігі Қытай қазақтарына тиесілі. Бұл мақалада Қытайдағы қазақ фольклорын жинауға атсалысып, көптеген романдар мен тарихи эсселер жазғансоңында он бес том әдеби, тарихи еңбек қалдырған жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің шығармашылығына тоқталмақпыз.

Академик Сейіт Қасқабасов 2018 жылы сәуірде Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен З. Сәніктің 15 томдық жинағының тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде: «Тау сілеміндей мол мұра фольклор, ауыз әдебиеті, жыр-аңыздар, ел әңгімелері, көркем проза, этнографиялық жазбалар, жолсапарлар, публицистикалық материалдар, романдар, повестер мен көркем әңгімелер, қысқа афоризмдер мен нақыл сөздер сынды әдебиеттің алуан жанрында қалам тербеуі Зейнолла Сәніктің шығармашылық қазынасы бай адам болғанын қапысыз көрсетеді. Шын мәнінде, ол сан қырлы талант иесі болатын. Бір ғана «Бабалар сөзінің» жиырма томы Қытай қазақтары фольклорының негізінде шыққанын айтсақ, бұл қыруар еңбекті жинау жолында Зекеңнің еңбегі ұшан-теңіз болды», – деп атап көрсетеді.

М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған «Шет елдердегі қазақ әдебиеті» ұжымдық монографиясында Қытайдағы қазақ диаспорасы 1980 жылдан басталған «Ауыз әдебиетінің әдебиетінің үлгілерінен» әрбір аудан төрт кітаптан 81 том құрастырғанын жайлы дерек бар. Бұған қоса Үрімшіде шығатын «Шалғын», «Мұра» журналдарында ауыз әдебиетін насихаттаған 200-ден аса мақала жарияланыпты. «1979 жылы «Қазақ мақал-мәтелдері» (О. Қанапин т.б. құрастырған), 1980 жылы шыққан «Қазақ халық ертегілері» (О. Қанапин. З. Сәнік құрастырған) бұл жұмыстың алғашқы жемісі еді» [1, 32], – деп жазады.

Әдебиеттанушы-ғалым Жолдасбек Мәмбетов «Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасы» монографиялық еңбегінде: «Сондай қаламгерлерді бірі – жазушы, фольклоршы, этнограф Зейнолла Сәнік – күллі ғұмырын Қытай Халық Республикасында өткізген шығармашылық иесі. Бірақ оның шығармашылық жолы негізінен туған халқының ауыз әдебиетін жинаудан, қазақтың тұрмысы мен салт-дәстүріне қатысты көптеген материалдарды топтастырып, зерттеуден басталған. Сонымен қатар, қазақ тарихына байланысты табылған ұлттық рухани мұраларымызды да кездескен жерінен тауып алып, жазып Шыңжаңдағы қазақ тілінде шығатын баспасөз бетінде жариялап отырған» [2, 5], – дейді. Демек, жоғарыда айтылған екі жүз мақалада Зейнолла Сәніктің де үлесі бар деген сөз. «Бабалар сөзі» 100 томдығының құрастырушылары 2015 жылы 30 сәуірде «Бабалар сөзі - даналар көзі (ІV бөлім)» деген атаумен «Kazinform» ақпараттық порталында жариялаған қысқаша шолуда жинақтың 58 томына Зейнолла Сәнік жариялаған «Қисса ер Қабанбай» жырының енгені туралды мәлімет береді.

Қаламгердің ұлттық мұраға қатысты жазған еңбектерінің сүбелісі «Қазақ этнографиясы» еңбегі. Қызы Жанат Зейноллақызының бірлескен авторлығымен шыққан бұл еңбек жазушының 15 томдық шығармалар жинағының 7-8 томдарына енген.

Шыңжаң қазақтары арасында бұл салада тұңғыш еңбек саналатын кітапқа қазақтың ұлттық дәстүр-салты, рухани дүниетанымы, ата кәсібі, ұлттық киімі мен тағамы, наным-сенімдері, заңдары, т.б. топтастырылған. Авторлар ұлттық этнографиямызды үш бөлімге бөліп қарастырады. Жолдасбек Ормаханұлы мен Сержан Тоқтасынұлы құрастырған «Мәңгілік жол» деген кітапта: «Қазақ халқының өзгелерден айрықша болмысын, ойлау деңгейі мен болмысын танытар, ежелден келе жатқан алтын көмбемізді жинақтап, зерделеуде, оның өткен күндердегі сипаты мен бүгінгі таңдағы болмысын саралай зерттеуде Зекеңнің қосқан үлесі мол. Ол мәдениеттанушы, этнограф қызы Жанатпен бірлесе отырып, жалпы этнография ғылымы туралы, қазақ халқының шығу төркіні мен оны шежіресіне, оны құрайтын ру мен тайпалық одақтарға, олардың орналасу аймақтарына, сондай-ақ халқымыздың бұрыннан келе жатқан заттық мәдениетіне де зерттеу жүргізіп ел назарына ұсынады. Әкесі мен қызының жазған бұл қазыналы еңбегі 2012 жылы Бейжиңдегі «Ұлттар» баспасынан жарық көрген екен. Араға уақыт салып 2017 жылы жарық көрген 15 томдық шығармалар жинағына енуі – халық пайдасына біткен іс болды» [3, 266], – деп жазады. Қаламгер З. Сәнік «Қазақ этнографиясы» еңбегін бірнеше бөлімге бөліп қарастырады. Бірінші бөлімді «Этнография дегеніміз не?», екінші бөлімді «Заттық этнография туралы түсінік», үшінші бөлімді «Рухани этнография» деп атаған. Кітапты жазу барысында ұзақ жылдар жинаған мол мағлұматтарды жүйелі пайдаланады.

Бірінші бөлімде этнографияның теориясына, сипаты мен міндеттеріне, басты ерекшеліктеріне, зерттелу тарихына және басты өкілдеріне тоқталады. Арғысы түркілер мен үйсін, ғұн, қаңлы тайпалары, бергісі қазақ этногрфиясының ғылыми жүйеленуіне еңбек еткен итальян саяхатшысы Марко Полодан бастап, Мұхаммед Бабыр, Әбілғазы Баһадүр, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри, Ш. Уәлиханов, В. Радлов, Ы. Алтынсарин, Ә. Диваев, Қ. Халиди, М. Ж. Көпеев, Н. Аристов, Г. Потанин, Л. Гумилев сияқты ғалымдардың еңбегін ерекше атап өтеді.

«Заттық этнография туралы түсінік» деген екінші бөлімді бірнеше тарауларға жіктеп, «Қазақтар», «Қазақтың тұрғын үйлері», «Ауыл шаруашылығы», «Басқа кәсіптер», «Қазақтың ұлттық киімдері», «Қазақтың ұлттық қолөнері» «Қазақтың ұлттық тағамдары», «Қазақтың ұлттық ойындары» бөлімдерге таратып баяндайды.

«Қазақ» сөзінің шығу тегінен бастап, ата шежіре, рулар тарихы, қазақтың таңбалары сияқты ұлттың қалыптасуына маңызды дүниелерді қамтиды. Одан кейін қазақ тұрғын үйлерінің алғаш пайда болу тарихы мен уақыт өте келе дамып, жайлы тұраққа айналуына дейінгі аралықты саралайды. Сонау сақ пен ғұн, үйсін дәуіріндегі тас үңгірден тартып, түрлі өзгерістерге ұшырап жеткен қазіргі қазақ үйдің тарихын тарқатады. Одан әрі әңгіме қазақтың киіз үй мәдениетіне ұласып, киіз үйдің құрылымы, киіз үйдің сүйегі мен жабдықтарын, безендірілуін ұғынықты түсіндіреді.

Сол қазақ үйде ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз мал шаруашылығымен айналысқаны белгілі. Келесі тараушада мал шаруашылығын тілге тиек етіп, қазақ төрт түліктің қолға үйретілуі жайында сөз қозғайды. Түйе, жылқы, сиыр, қой және ешкі малдарының пайда болуы туралы қазақы таным-түсінікті, мифтік ұғымдарды, аңыздағы ертегідегі сипаттарын, олар туралы мақал-мәтелдер мен халық даналығын, дәлел ретінде ұсынады. Қазақтың ата дәстүрінде бар атбегілікке, аттың сынына, бәйгеден озатын аттың белгілеріне сипаттама жасайды. Халқымыздың төрт түлік малға салған ен-таңбасына, рулар мен тайпалардың белгілерінің ерекшеліктерін түсіндіреді.

Ата кәсібіміз мал шаруашылығымен қатар қазақ халқының егін шаруашылығымен айналысқанына да дәлелдер келтіреді. Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысынан қазылған ежелгі үйсін молаларынан табылған темір соқа мен егіншілік құрал-саймандары туралы деректерді алға тартып, ғалымдардың қазақ даласында егіншіліктің пайда болуы «қола» дәуірінен басталады деген тұжырымын нақтылай түседі.

Қазақтың аңшылық кәсібінің ерекше түрі – құсбегілік. Қаламгердің қыран құстың тамағынан бастап, аңға салуға баптағанда пайдаланатын томаға, биялай, тұғыр, балақбау, құндақ, балдақ, т.б. сияқты заттардың қажеттілігін талдап түсіндіреді. Балықшылықты қазақтың сол уақыттағы жаппай кәсібі деп айта алмаймыз. Дегенмен автор кейбір өңірлердің сулы аймақтарында балық аулау кәсібі де болғанын дәлелдейді. Оны қазақтың «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген мақалымен бекітіп, қара өлеңнің құрамындағы балық өлеңді мысалға келтіреді. Балық өлеңде он тоғыз балықтың түрін кездесетінін айтады. Бұл қазақ мүлде балық ауламаған деген кейбір теріс түсінікті жоққа шығару деп қабылдау керек.

Кітаптағы қазақтың көнеден қалыптасқан ұлттық өлшемдер туралы ұғымын түсіндіруі ерекше назар аудартады. Қазақтың «Жеті өлшеп, бір кес», «Қарыстан сүйем жуық», «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген мақалдарына мысалға ала отырып, барлығын ретімен жіктеп көрсетеді. Мәселен, ұзындық өлшемдерін – бір елі, сынық сүйем, бір қарыс, бір табан, бір құлаш, әудем жер, көз көрім жер, атшаптырым, құнаншаптырым, қозыкөш жер, көш жер, айшылық жол, т.б, шамалық өлшемдерін – бір түйір, бір шымшым, бір тамшы, бір атым, бір шөкім, бір қасық, бір кесек, бір шөміш, бір табақ, бір асым, бір дағар, бір ұрттам, бір тістем, бір қора, бір үйір, бір үзім, бір шайлық, т.б., басқаларға қарағанда аз кездесетін ауырлық өлшемдерін – қос уыс, бір көтерем, батпан, зіл батпан, бір тең, т. б., көлемдік өлшемдерін – от орнындай, үй орнындай, шынының аузындай,бір қора қойдың орнындай, жер ошақтай, оймақтай, иненің жасуындай, түймедей, табандай, ұлтарақтай т.б., уақыт өлшемін – қас қағым, көзді ашып жұмғанша, ауызды жиып алғанша, бие сауым, ет пісірім, талтүс, екінті, ақшам, жұлдыз шыға, Үркер жамбасқа түсе, бір күн, бір сөтке, т.б., тереңдік өлшемдерін – кісі бойы, белуардан, тобық бойы, тізе бойы, ат құлағынан, шашадан, құрық бойы, арқан бойы, найза бойы, т.б. деген түрлерге бөліп, ежелден қалыптасқан ұғымдарды сәтті жүйелейді.

Келесі тарауда қазақтың ұлттық киімдерінің ерекшеліктерін талдайды. Қазақ киімдерінің арғы тегі, түрлері мен жасалуы, қазақ киімдерінің үлгілері, ерлер мен әйелдер киімінің өзгешелігін айта отырып, әр рудың өзінің ерекшелігін көресетін киім бас киім, жеңді, жеңсіз киімдер, аяқ киім түрлеріне мән береді. Сонымен бірге, бұл тарауда батырлардың киетін сауыттары мен қару-жарақтарының түрлеріне де сипаттама беріп, әрқайсының жеке тарихына тоқталады.

Бұдан кейінгі тарауларында қазақтың ұлттық қолөнері мен зергерлік өнерін, ағашшылық өнері және қолөнер жабдықтарын, қазақтың ер-тұрман әбзелдері мен ою-өрнектердің мағынасын, қазақтың ұлттық тағамдарын, бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табақ, жастар табағы, жай табақ, т.б. сияқты табақ тартудың ретін, сүт тағамдарын жүйелі баяндайды. Қазақтың ұлттық ойындары мен ат спорты туралы ойындарын, балалар ойындарын «заттық этнография» бөлімінде әңгімелейді.

«Этнография мазмұны жағынан екі үлкен салаған бөлінеді. Біріншіден, ол бір ұлттың заттық мәдениетін, оның бұрынғысы мен қазіргісін зерттейді, екіншіден, ол заттық мәдениетпен бірге рухани мәдениетті де зерттейді» [4, 22], – дейді автор.

Рухани мәдениетті зерттеуге арналған «Рухани этнография» деп аталатын үшінші бөлімінде «Қазақ қоғамының құрылымы», «Ежелгі наным-сенімдер», «Қазақтың халықтық ғылымдарынан», «Қазақ заңдары», «Қазақтың бала тәрбиелеу дәстүрі», «Тұрмыс-салт тәрбиесінің нақтылы ережелері», «Қазақтың өлім ұзату дәстүрі», «Қазақтың этнопедагогикасы» сияқты бірнеше тарауларға бөліп қарастырады.

«Қазақ қоғамының құрылымы» тарауында қазақтың рулық жүйесі мен туыстық қатынасын кеңінен тарқатады. Туыстық жүйені атажұрт, нағашы жұрт, қайын жұрт, құда-құдағилар, дос-тамыр, құрдастар деп бөлсе, рулық жүйені тарихтың тереңінен тартып, үш жүз ұстынына айналған уақыттан кезден былайғы руларды тарқатып баяндайды.

Қазақтың отбасылық жүйесі мен есім қою дәстүріне де арнайы тоқталады. «Қазақтың ат қоюында екі үлкен ерекшелік бар. Оның бірі – онда асқақ арман, тамаша қиял, шалқыған көңіл-күй, қуаныш-шаттықты өз ұрпағында болуды көксегендіктен, ұл балаларын бай болса екен деп, Дәулетбай, Сасықбай, Диқанбай, Малдыбай атаса, қыз балаларын гүлді, нұрлы, сұлу, сымбатты болса екен деп – Айсұлу, Құндыз, Жұлдыз, Нұргүл, Гүлнұр, батыр ержүрек болса екен деп тарихта өткен әйгілі адамдардың, есімі, ғұлама, әрі дана болса екен деп пайғамбар , тәуіптердің есімін қойған» [5, 26], – дейді. Солайша ат қоюды жеті түрлі ерекшелік негізінде жіктейді. Адамдардың арман-тілегі негізінде туған есімдерді Бақытбек, Бақытжан, Байбатыр, т.б., аң-құстар мен өсімдіктердің, жауарлардың иесі мен киесі бар деген ұғымнан туған есімдерді Жылқыбай, Түйебай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қаршыға, Құндыз, Бұлбұл, Алмабай, Қамысбай, т.б., саны көп рулардай өсіп-өнсе екен деген ниеттен туған Арғынбай, Найманбай, Қоңыратбай, Уақбай, т.б., батырлардың қару жарағы мен ұлттық тағамдар, ат әбзелдеріне байланысты Мылтықбай, Найзабек, Қылышбай, Садақбай, Шоқпарбай, Тарыбай, Қымызбай, Сандықбай, Дәртебай, Қамытбай, Астаубай, т.б. есімдер. Ай-күн жыл қайыру есебі мен күн аттарына байланысты қойылған Қаңтарбай, Мамырбек, Маусымбек, Қоянбай, Жетібай, Бесбай, Құрманбек, Мереке, Айтбай т.б., Ислам дініне байланысты қойылған Мекебай, Нығметолла, Шапиқ, Фатима, Мәдина, Мұхаммед, Кәрім т.б., бала тоқтамай немесе бала көтермей жүргенде қойылатын Елеусіз, Қадірсіз, Шылғаубай, Ұлтарақ, Тұрдықан, Тоқтаубай,, Тоқтасын, кілең қыз туғанда Ұлбосын, Ұлбике, Дәмелі, т.б. есімдердің ерекшелігін қалың оқырманға түсінікті тілмен әңгімелейді.

Ежелгі наным-сенімдерге байланысты күнге, айға, жұлдызға табыну, хайуанаттарға табыну, табиғат құбылыстарына табыну, аруаққа табыну секілді ескірсе де әлі кейбіреулері ұлттық жадыда сақталып қалған дәстүрлерді де өзіндік көзқараспен зерделейді. Бұдан соң «Қазақ бақсылары және бақсылық әдебиет» деген тараушада бақсылардың қоғамдағы орны туралы айтып өтеді. «Керейдің Көкше әулиесі, Найманның Құбатегін, Кетбұға сияқты жыраулары сол кезде бүкіл махара халқының пірі, тәуап, тағзым жасайтын барлық тайпалардың «тәңірмен тілдесетін» киелі адамына айналған» [5, 39], – дейді. Елге даңқы жайылған бақсылар, жын шақыру жырлары, бұлт пен жауын шақыру жырлары, арбау жырлары, дерт көшіру өлеңдері мен бәдік өлеңдерді осы тараушада талдайды.

Халқымыздың ғасырлар бойы ұстанған ислам діні, ислам ғұламалары туралы «Исламдық наным және ислам мәдениеті» деген тараушада жазады. Исламның қазақ даласына таралуы, қажыға барған қазақтардың тарихы туралы өте қызық мағлұматтар береді. Одан ары қарай киелі сандар мен түстер туралы, қазақтың халықтық ғылымы, қазақтың бала тәрбиелеу дәстүрі, тұрмыс-салт тәобиесінің ережелері, қазақтың өлім ұзату дәстүрі қазақтың этномедицинасы, қазақ заңдары, этнопедагогикасы егжей-тегжейлі баяндалады.

Халық ертегілері мен аңыздары, шешендік өнері, айтыс өнері, ұлттық ойындар, тіл ғылымының мұралары, мақал-мәтелдер, мифтік ұғымдар, т.б. туралы жазғандары да ұлттық мұрамызға қосылған өлшеусіз үлес. Автордың өзі: «1950 жылдардан кейін бұл салада белгілі жұмыстар істеліп, әдеби мұралар біраз жиналып, реттелген болатын. Бірақ кейінгі кезде он жылға созылған Қытайдың мәдениет революциясы кезінде тінту, жою, өртеу саясатының зардабынан әдеби мұралар қара материал, улы шөп ретінде өртеліп, ойрандалды. Әдеби мұраларды жинап, зерттеген адамдар ауыр соққыға ұшырап, қуғынға түсті. Әдеби мұраларға мұрагер ескі көздер азайып барады. Мұндай жайт бүгінгі күнде бізге әдеби мұраларды шұғыл құтқару талабын қойып отыр. Сондықтан жоғалуға бет алып бара жатқан әдеби мұраларымызды жинап, реттеуге белсене кірісуге тиіспіз» [6, 6], – деп дабыл қағады. Өзіне үлкен жауапкершілік ала отырып мол материал жинап, оларды сараптап қағазға түсірген.

З. Сәніктің «Қазақ емшілігі мен дәрігерлігі» туралы еңбегі де халық медицинасын насихаттауға таптырмайтын құнды қазына. Кітапты автор өз тәжірибесіне сүйене отырып жазғанын айтады. «Бұл кітапшаны жазып шығудағы мақсат – өзім білген, әрі қолданып келген қазақ халқының емшілігі және дәрігерлігі жөнінде тәжірибелерін қорытындылау, қазақтың емшілігі мен дәрігерлігін талпынушылардың талабына сәйкесіп, олардың ата мұраны үйренуіне аз да болса қолайлылық тудыру еді» [7,284], – деген сөзінен автордың бұл саланы практикалық тұрғыдан да жақсы білгенін аңғарамыз. Асқазан-ішек, кеңірдек-өңеш, жыныс мүшелері, тері аурулары, жел-құз, сүзек аурулары, т.б. дерттер жайлы айта отырып, олардан емделу жолын көрсетеді. Сонымен қатар оташылық қасиет туралы да, шөп-дәрілердің емдік рөлі туралы да жан-жақты тарқатады.

Кешегі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сияқты жазушылықпен қатар ұлт мұрасын түгендеуде өлшеусіз үлес қосқан Зейнолла Сәніктің қазақ этнографиясын, фольклор мен әдеби мұраны жүйелі түрде жинап, қағазға түсіріп кетуі ерекше бағалауға лайық еңбек деп санаймыз. Қаламгердің жазып қалдырған мұраларында осы саланы зерттеп жүрген жас ғалымдар мен кәсіби зерттеушілерге таптырмайтын құнды мәліметтер мол.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Шет елдердегі қазақ әдебиеті: ұжымдық монография. - Алматы, 2014, «Evo Press», 2014, – 592 б.

2. Мәмбетов Ж. Зейнолла Сәніктің шығамаршылық мұрасы: монография – Алматы, Қазақ университеті, 2018. – 267 б.

3. Ормаханұлы Ж. Тоқтасынұлы С. Мәңгілік жол, - Алматы, «Qazmura», 2019, – 296 б.

4. Сәнік З. Көп томдық шығармалар жинағы, - Алматы, «Ан Арыс», 2017, Т.7, - 448 б.

5. Сәнік З. Көп томдық шығармалар жинағы, - Алматы, «Ан Арыс», 2017, Т.8, - 328 б.

6. Сәнік З. Көп томдық шығармалар жинағы, - Алматы, «Ан Арыс», 2017, Т.12, - 316 б.

7. Сәнік З. Көп томдық шығармалар жинағы, - Алматы, «Ан Арыс», 2017, Т.13, - 376 б.

Серікзат Дүйсенғазы,

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті Телерадио және қоғаммен

кафедрасының меңгерушісі, филология

ғылымдарының кандидаты, доцент

Бөлісу:

Көп оқылғандар