«Өлілерге арналған әңгіме»

Бөлісу:

19.04.2022 4124

Драматург-жазушы Ықылас Шалғынбай шығармашылығы жайында белгілі ақын Ардақ Нұрғазыұлы: «Бекет» пьесасы санасы дәстүрлік қоғамда қалып қойған, бірақ өзі постмодернистік әлемде жасап жатқан, содан туындаған дағдарыстан басы айналған біздің төл қоғамымыздың келбетін тереңнен ашқан. Кітаптан оқып алып, жақсы тамақ ішіп, тамаша көлік міну үшін қалаға бармақ болып жолға шыққан екеу соңында қаланың бар, не жоқ екенін білмей, тіпті, аялдамадан қалаға баратын автобустың өтетін, өтпейтінін де біле алмай дал болады. Олар үшін аялдаманың (өздері жер басып өмір сүріп тұрған жер) өзі бары мен жоғы белгісіз болып шығады. Бұл бүгінгі біздің жаһандық саясат пен экономиканың «соқыр ішегіне» кіріп бара жатқан тағдырымызды елестетпей ме?» деген ой айтыпты. Ал жазушы-драматург, әдебиеттанушы Әлібек Байбол «Өлілерге арналған әңгіме» туралы мынадай ой айтады: «Ықылас Шалғынбайдың «Өлілерге арналған әңгімесі» – ойлы шығарма, бірнеше дүркін оқып шықтым. Патрик Зюскиндтың «Әтірші» романымен танысқанымда, қатты таңырқаған ем. Мұнда да иіс денотаты алғашқы планға ойысады екен. Бас кейіпкердің үстінен шыққан иіс, бұл – тұрмыс-тіршіліктің иісі, қамсыздықтың иісі, томаға-тұйықтықтың иісі, ішке қара қандай қатқан реніштің иісі, тоқыраудың иісі, сенімсіздік-үмітсіздіктің иісі, жұмыссыздықтың иісі, бәлкім пендешілікпен істелінген күнәнің иісі. Туындыдағы дәрігер – қоғамды емдеуші фактор. Бұл жерде дәрігер де дәрменсіз болып тұр, танысы – Асқар да шарасыз күйде. Бүгінгі адам сырын сыртқа шашқысы жоқ. Имандай шынын айтайын десе, оны жынды-есерсоқ деп қабылдап та қалуы мүмкін. Қазіргі адам ешкімге сенбейді, бәрінен көңілі қалған-ды. Кісінің артықшылығын да, кемшілігін де өзге емес, өзі ғана біледі, сезеді, сырт адам бұны байқай бермес. «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар ғой. Жасырудың, немкеттіліктің арты жақсылыққа алып бармасы анық (әңгіменің шарықтау шегі-финалы сондай ойға жетеледі). Сасыған-мүңкіген-күңсіген иіс – шіріп, жойылып-жоқ болудың басы. Жалпы бір шолғанда бәрі дұрыс, бәрі әдемі, бір ет, бір май боп жатқан секілденуі мүмкін, өйткені «әтір» сеуіп, әсемдеп, жасырып-жұқтап қойғанбыз, алайда астын аршып, қопарып, үңіліп, ден қойып, зер сала қарасақ қоғамның іріп-шіріп, «дерті» асқынып, белшесінен былыққа батып жатқанын байқар едік. Өлі емес, тірі болғанда да прогресс, адами прогресс, елдік прогресс жүзеге аспақ. Көркем туындыдан түйгеніміз – осы».

Жақында жазушы-драматург Ықылас Шалғынбайдың «Өлілерге арналған әңгімесін» оқып шықтым. Бұдан бірер жыл бұрын жазылған шығарма екен. Әңгімені оқығанда әуелі күлкі қысқаны рас. Соңына қарай ол әсерден арылып, мүлде қарама-қарсы әсерге тап болдым. Иә, жылағым келді. Кәдімгідей еңіреп жылағым келген. Бұл оқырман ретінде алған алғашқы әсер. Содан соң қайталап оқуға кірістім.

Расында, әңгіме тірілерге арналмаған сияқты көрінді. Шынында да, өлілерге арналған әңгіме. Өзінің кім екенін ұмыта бастап, құжынаған көптің ішінде рухани өле бастағандарға дәрі деп айтуға болады. Шығарманы оқып отырып, өзіңнің де сол оқиғаға қатысың бардай көрінеді екен. Бір кезде сенің де ішкі әлеміңде болған біртүрлі таныс күй. Жазушының шеберлігінен осындай әсерге бөленесіз. Мазмұндап айтқанда, оқиға былай өрбиді. Бейтаныс адам бірінші жақпен әңгімелеп жатыр. Өз басындағы жайтты баян етеді. Кейіпкер жігіт өзінің кәдімгі күндердің бір күнінде саси бастағанын байқайды. Терезені ашып, ауаны тазартып, жуынып-шайынса да қолаңса иістен арыла алмайды. Науқаспын ба деп, дәрігерге барады. Бірақ аурудың ешбір белгісі жоқ екенін айтады дәрігер. Басын төмен салып жалдамалы пәтеріне қайтып келеді. Ол іштей өзінің өліп қалғанын сезеді. Сасық иіс содан шығып жатыр екен. Қорқыныш пен «жұрт не ойлайды» деген ұяттан өзегі өртенеді. Бұған шыдай алмаған кейіпкер өз-өзіне қол салмақ болған тұстан әңгіме аяқталады. Жалпы мазмұны осындай.

Әңгіме қысқа болғанымен, құндылығы жоғары деп айтуға бірнеше себеп бар. Біріншіден, өз уақытында айтылған сөздің салмағы ауыр болатыны секілді, бұл әңгіме де өз заманында жазылған. Құндылықтар құлдырап, адам сезімдері дағдарысқа ұшыраған тұста өмірге келген туынды. Екіншіден, Чеховтың «Краткость – сестра таланта» дегініндей, Ықылас та қысқа әңгіменің бойына көптеген мәселені сыйдырып жіберген. Адам сезімдерінің әлсіреуі, суицидтік ойлау, қоғамның қатыгездігі, бәрі-бәрі әңгіме бойынан табылады. Үшіншіден, шынайы. Оқып отырып кәдімгідей сеніп қаласың. Сол оқиға көз алдыңда кинодағыдай тізбектеліп өтіп жатады. Төртіншіден, юмор басым. Әңгімедегі юмор адамды бірден баурап алады. Шығарманың тілі жеңіл. Сөзіміз дәлелді болуы үшін осы айтылған құндылықтарға жеке-жеке тоқталсақ дейміз.

Акутагаваның «Расемон қақпасы» атты әңгімесі еске түсті. Сюжеттік жағынан ешбір байланыс жоқ. Әйтсе де, атмосфера ұқсап кетеді. «Расемон қақпасының» кейіпкері жантүршігерлік ортада – қаңыраған Киотода жүріп, өліктердің арасынан өмір іздейді. Өлмеу үшін ұрлық жасауға бел байлайды. Оған ішкі сезімі екі түрлі ой айтады: бір – ұрлық жасамау. Сол арқылы ар-намысын сақтап қалып, абыроймен өлу. Екіншісі – ұрлық жасап, арсыз атанса да аман қалу. Сол кездегі уақыттың жағдаятына салғанда, ол ұрлық жасаса – ешқандай сөкеттік болмас еді. Себебі заман солай. Адамдар қырылып жатыр. Тірі қалғандары күнкөріс қамы үшін неше түрлі сұмдыққа барады. Соңында кейіпкер Расемон қақпасының үстінде өліп жатқан әйелдің шашын жұлған кемпірді көреді. Жаны қалмай қорқады әрі оның әрекетінен жиіркенеді. Кемпірге қылышын тақағанда ол бұл іске жан сақтау үшін барғанын айтады. Екі ойда тұрған кейіпкер кемпірдің әңгімесінен соң ар-намыспен өлуді емес, жанын сақтау жолын таңдайды да оның кимоносын ұрлап, түнге сіңіп жоқ болады. Бұндай оғаш оқиғаларға сол замандағы ашаршылық нәубеті себеп болған болар. Бұндағы кейіпкерлер әрекеті бір-бірімен байланысқан. Кемпір өлген әйелдің шашын жан сақтау үшін жұлады, ал ол әйел кезінде жыланды балық деп алдап сатқан, бас кейіпкер болса кемпірдің кимоносын ұрлап қашады. Ықылыс Шалғынбайдың «Өлілерге арналған әңгімесінде» де жантүршігерлік сезімдер бар: «Иә, қайдан қайтып келе жатқанымды ұмытып қалыппын. Әйтеуір аласұрып жұмыс іздеп жүрген күндердің бірі болу керек. Дұрыс айтасыз, сол күні жаңбыр өте қатты жауған болатын. Жатаққа келе сала су болған киімдерімді шешіп жатып үстімнен біртүрлі иіс шығып тұрғанын байқаған едім. Дереу моншаға кіріп, сабынды көпіршітіп, әбден жуындым. Денемдегі иіс кеткендей болды. Бойымды билеген қорқыныш лезде ғайып болып, моншадан шықтым да, жатып қалдым. Ертесі таңертең оянғанымда бөлменің ішін адам шыдап тұра алмайтын өте жиіркенішті сасық иіс жайлап алыпты. Қандай иіс дейсіз бе? Кәдімгі ұзақ тұрып, құрттап, сасып кететін ет болады ғой, соған келіңкірейді. Шыдай алмай, терезені аштым. Бөлменің іші тазарғандай болды. Денемді иіскеп едім, сасып кетіпті. Лоқсып құсып жібере жаздадым. Үсті-басым кәдімгі өлексе сасып тұр екен». Адамның өзін өліп қалғандай сезінуі жан дүниесінің құлдырауынан болса керек. Оған не әсер етуі мүмкін? Бәлкім, құндылықтары ауысқан қоғам немесе өмір ағымы. Дамыған нарық заманында адамның ішкі әлемі жалаңаштанып, рухани аштық орын алғандай. Адамдардың бір-бірін іздеуін айтпақ түгілі, тіпті туыстың өзі теріс айналатын уақыт. «Өлілерге арналған әңгіме» сол заманның қасіретін жалғыз кейіпкердің сезімі арқылы шебер жеткізеді.

Әдебиеттегі ең күрделі жанрдың бірі – әңгіме жанры. Шағын оқиғаға жазушы бар ойын сыйдыруы керек. Қысқа әңгімеге үлкен ойды жүктеу шеберлікті талап етеді. «Өлілерге арналған әңгіме» ықшам болса да, бірнеше мәселені көтерген. Жұмыссыздық, содан келіп шығатын адамның өзін қоғамға қажетсіз зат ретінде сезінуі, адамдар арасындағы рухани байланыстың үзілуі, суицид, айта берсе тағы көп мәселе бар. Адам қай кезде суицидті ойға барады? Өзін керексіз санау, ішкі жалғыздық, қоғамға сыйыспау... Бұл әңгімеде осы мәселелердің түйінін тапқандай боласыз. Әңгіме соңында мынадай жолдар бар: «Орныма келіп қайта жаттым. «Енді не істеуім керек?» дедім өзіме-өзім күбірлеп. Бар ойым, өз тәнімнен құтылу ғана болды. Әрине, мен оны, тәнімді айтамын, кейінгі кездері жек көре бастаған едім. Әр күні айнаға қараған сайын екі иығым төмен түсіп, жағым мүлде суалып, сорайып өсіп кеткен, құлағым қалқиып, үлкейіп бара жатқан секілді көрінетін. Көздерім де ішке қарай тартылып, шүңірейіп кеткендей. Түрім кәдімгі өлген адамның бейнесі секілді болып кеткен еді. Енді келіп ол мынадай жиіркенішті сасық иіс жұқтырып алғанда мен оны қалай өмірімнің соңына дейін сүйреп жүрмекпін. Айтыңыздаршы! Өзімнің адам түсініп болмайтын дертке шалдыққанымды сол кезде түсіндім. Сол күні түнге қарай адам аяғы сирегенде қаланың шетіндегі үлкен өзенге қарай бет түзедім».

Бүгінгі күні адамды қарумен өлтірудің керегі жоқ. Егер одан құтылғыңыз келсе оған бейжай қараңыз. Ол адамды бұл әлемде мүлде болмағандай көрсеңіз жеткілікті. Сонда өзі-ақ өмірден түңіліп, «керексіз» тіршілігін тоқтатуға тырысады. Адамды рухани өлтіру деген осы болса керек.

Әңгімедегі шынайылық оқырманды өзіне тарта түседі. Артық-ауыз сөз жоқ. Бәрі де ықшам әрі сенімді суреттелген. Кейіпкердің ауылдан келген досымен диалогы біраз ойға жетелейді: «– Терезеңді кішкене ашып қойсаңшы, бөлменің іші не болып кеткен?!

Терезені ертерек ашып қоюым керек еді, біліп қойды деп ойладым.

– Үстімнен жиіркенішті сасық иіс шығып жатыр.

– Қалжыңдамашы.

Ол тісін ақситып күліп жіберді.

– Шынымен. Саси бастадым. Бөлмедегі соның иісі.

Ол орнынан тұрып қасыма келіп, денемді иіскеді.

– Қайдағы иіс. Ешқандай жаман иіс шығып тұрған жоқ.

– Неге сендерге білінбейді, мен саси бастадым, түсінемісің?! Ертең шіріп кетуім де мүмкін. Көңіліне ауыр алып қалмасын деп әдейі айтпай отырсың.

Күйгелектене оны кінәлай тіл қаттым.

– Сен жынданайын дегенбісің?

Ол маған үрейлене қарады. Оның бәрібір мені түсінбейтінін сездім де, не үшін келгенін сұрадым. Ауылға қайтуға қарызға ақша сұрап келіпті. Ауылдағы шешем мен жалғыз інімді ойладым. Олар маған үміт артып отыр ғой.

Үнсіз біраз отырдым да тіл қаттым.

– Менде ақша жоқ. Болса берер едім.

Ол ауыр күрсінді.

– Кешкі автобуспен кетіп қалайын деп едім.

Екеуміз де үнсіз қалдық. Ол орнынан баяу көтерілді де кетуге ыңғайланды.

– Ауылға барсаң мені иістеніп саси бастапты деп айта көрмеші. Шешем алаңдап қалады ғой, – дедім өтінішпен. Ол бетіме ұзақ қарап тұрды да еш жауап қатпастан есікті жауып, шығып кетті».

Шығармада диалог құру әрі оның шынайы шығуы күрделі процесс. Диалог шынайы шықса оқырман да жылы қабылдайды. Бәлкім, автор бір кездері өзі басынан кешкен сезімдерді жазған болар. Бүгінгі таңда екінің бірі жұмыс табудың азабын бастан кешіп жүр. Әсіресе ауылдан келгендер тілдік дискриминацияға ұшырап, күйзеліске түседі. Диалогтан әлеуметтік мәселелерді де кездестіреміз.

Әңгімедегі ең сәтті дүние – юмор. Юмор оқырманды бірден баурап әкетеді. Кейіпкер басындағы күрделі жағдайды автор қызықты суреттеген. «Денемді ысқылап, сабынды көпіршітіп әбден жуындым. Бірақ қанша жуынсам да күлімсі иіс кетер емес. Кеткендей болады да, біраз тұрып қайтадан иістеніп, өрши бастайды. Иістің қайдан шығып жатқанын білмек болып, аяғымды, қолтығымды, аузымды, қысқасы жаман иіс шығатын жердің бәрін тексеріп шықтым. Бірақ олар саси қоймаған секілді. Сол кезде ішкі органдарымның біреуі бүлінгеніне анық көзім жетті». Автордың тілі қарапайым, бірақ әсерлі. Кейіпкердің жан дүниесіндегі күйзелісті айтып жатып та оқырманды күлкіге тартады. Бұрынырақта көрген америкалық бір фильмде осыған ұқсас сюжет бар еді. Ерлі-зайыпты екі жас саяхатқа шығып, сонда жол апатынан қыз қайтыс болады. Бірақ оны қыздың өзі білмейді. Жігіт қана сезеді. Бірақ жарына айта алмайды. «Өліп қалдың» деп айтса, әрине, сенбейді ғой. Күлімсі иіс бара-бара күшейіп, денесі бұзыла бастағанда ғана қыз өзінің өлгенін түсінеді. Қорқынышты сюжет. Бұл әңгіме де бір жағынан соған ұқсас. Бірақ юмор арқылы жазушы оны әсерлі жеткізген. Әсіресе дәрігермен болған диалог қызық. «Дәрігер бетіме қарап ұзақ отырды да нарау тіл қатты.

– Қай жерің ауырады?

Бойымды билеген үрейден арыла алмай, кібіртіктеп:

– Сасып кеттім, – дедім.

– Не болдым дейсің?

Дәрігер сұраулы бейнемен қарады.

– Денемнен күлімсі иіс шығып, қанша жусам да кетпей жатыр, – дедім күмілжи тіл қатып.

Дәрігер жиіркенгендей болып, еңкейіп келіп, денемді жасқана иіскеп көрді де:

– Қайдағы жаман иіс? Әтірдің иісі шығып тұр ғой, – деді.

– Иә, иіс білінбеу үшін әтір сеуіп алдым. Мен саси бастаған секілдімін. Тексеріп көріңізші, – деп жалына тіл қаттым...».

Диалогты оқып отырып күлкіге қарық боласың. Себебі ойға келмейтін сөздер. Оқиға қиялдан туса да сенімді. Оқыған сайын көзіңе дәрігер мен кейіпкердің бейнесі елестейді. Бұл да автордың шеберлігі болса керек. Басында әңгімені оқи бастағанда дегбірің таусылып, аяғына жеткенше асығасың. Оқып болғаннан кейін қайта үңілгің келеді. Қорқынышты сюжеттің өзін де күлкілі жеткізу мүмкін екен ғой деп таңданасың. Сатиралық тілмен әлеуметтік, рухани дағдарыстарды оңай әрі көркем тілмен жеткізуге болады екен. Қоғамды өзгертетін, адамның ойына әсер беретін қару өнер болса, оның ішінде Сөз өнері ең көркем әрі күрделі өнер екеніне осы әңгімені оқи отырып көз жете түсті. Бұл да бүгінгі қазақ әдебиетінің қоржынына түскен олжа.

Бөлісу:

Көп оқылғандар