Мергеннің ақындық белесі

Бөлісу:

20.04.2022 4654

Қазіргі қазақ өлеңдерінің тақырыптық диапазоны кең де, сан алуан. Ежелген келе жатқан сүйіспеншілік, көңіл-күй лирикаларын былай қойғанда,ежелден ауызға қақпақ болған, бұғаулы тақырыптар: ұлт мүддесі, оның өткені, болашағы, қазіргісі, ежелгі түркілік дәуір, түркілік сана, діни сана сияқты тақырыптардың тығыны ағытылды. Ешкім бөгет болмайды. Қанша жырласаң да өзің біл! Баяғы «Қызыл тіл қолым емес кісеңдеулі», - дейтіндей Мағжанның заманы жоқ. Осының барлығын тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріміз, еркіндігіміз деп түсінген жөн. Бұрынғыдай әдеби шығарма қалай жазылу керек, нені жазу керек, нені жазбау керек деп бақылау қоятын партиялық цензура жоқ. Нені жазсаң да еркің! Тек көркемдік мақсат-мұратты ұмытпасаң, эстетикалық идеядан ауытқымасаң болды.

«Поэзия керемет дамып кетіпті!» - деп жатыр біреулер. Бір қарасаң расында солай сияқты. Өлеңдердің поэтикалық ырғағы да, ұйқастары да мығым. Өлең техникасы да қатып тұр! Кез-келген өлеңдерінде аллитерация мен ассонансты, әріп, дыбыс әуезділігін, үйлесімін қырық құбылтып, құйқылжытып, зыр ойнатып, ерттеп мініп, алғандары қаншама!

Постмодерндік реңктегі өлеңдер де жетіп артылады. Осы жерде ой мен сезім бірлігі тоғысқан өлеңдердің азайып бара жатқанын айтуға тиіспіз. Дегенменде ойы кенеулі, сезімі мөлдір де шуақты, көркемдік көкжиегі сан- тарау, ақындық өрнегінде жұмбақта, тылсым сырлары мол ұшырасатын таланттар легі қазіргі жастар поэзиясында бой көрсетіп қалады. Осы таланттардың ішінде өзінің мұңлы да сыршыл жырларымен оқырмандарын жылы әсерге бөлеп жүрген бір ақын бар. Ол – Мерген Тоқсанбайұлы.

Өлең өлкесінде өзінің ақындық үнін айқындаған, ақындық орынын тапқан, кешегі албыртта, балаң жырларымен көрінген Мерген ақын, бірінде тың ойларымен баурайтын, қызықтыратын, еліктіретін, мазмұнымен келелі ойларға жетелейтін, пішінімен шымыр өлеңге айналған салмақты ақындық болмысты танытады. Ойы терең, сезімі нәзік, көркемдік қарымы –серпінді, тегеурінді. Ақынның соңғы кезде жарияланған, «Антитеза» жыр жинағын оқыған тұста осы ойларымыз беки түскендей болады.

Қазақтың Көкшедегі аяулы ақыны, зор талантт иесі, марқұм Төлеген Қажыбай кезінде Мерген поэзиясы жайында: «Мерген Тоқсанбай мен үшін қалам қағысы қапысыз қалыптасқан, айтары тың, әдемі поэтикалық пайымының парқы құнды ақын. Осы ойымды оның «Антитеза» атты өлеңдер қолжазбасымен танысу үстінде мығым орнықтыра түстім. Жырдан жырға ауыса ілгерілей түскен сайын жас жүрек жайып саусағын, ұмтылған шығар айға алыс» дегізер сезім пернелерінен сорғалап түскен балаң дауыс зорайын, ұлғая түседі, азаматтық ұстанымы бекіп, нығая береді», - дей келіп: «...Ақынның қаламынан қотарылған алдыңғы көңіл-күй сезімдері соңғы тарауға жеткенге дейін жетелі ойдың ордалы тұсына қапысыз көтеріліп алып, айтары ат басындай алтынға айырбасталмас аталы пікір пайымдауларымен ойлантады. Өмірдің күйініш пен сүйініш сипаттарын суреттеуге ден қояды», - деп жоғары бағасын берген екен.

Мерген өлең өлкесіне ат басын бұрғалы бері, әманда кіршіксіз, таза мөлдір ұғымдарға ден қояды. Әспеттей көтеріп, ту қылғысы келеді. Ақынның өмірдегі ұстанымы өлеңдегі ұстанымына айналып, керемет амплуа жасайды. Бірақ күрделі драматизмге толы өмір болмысы ол діттеген мұраттарға жеткізбей жатады. Мына бір жолдардан ақынның ширыққан көңіл-күйін ұғамыз:

Мен әу баста мынау аппақ әлемді,

Қасиет қонған қайран өлеңді,

Жайнамаздай таза ұстағым келіп еді,

Ал, енді?!

Ақын көңілінде қаяулы мұң, өкініш, сатқындық, опасыздық, ғұмыр драмасы, сан соқтырар әттегенайлар көрініс береді. Ақын жүрегінде сәулелі мұң, ішкі бір өксік бардай... Ақын «жалғыздықпен жылжып өткен күндерін», «жар басына жалғыз біткен аршадай» жай-күйін:

Жан жұлмалап жүрек-жапырақтарымды

Тоз-тоз болдым... арса-арса, арсамын! –

деген жолдармен ұтымды жеткізген! «Жарға біткен аршаның» күйін бастан кешкен ақынның мұңлы жаны «жаны жаздай жадыраған жанды» іздейді.

Бір жанардың жан тебірентер жарқылын,

Неге екені қайта-қайта аңсадым... –

дейді ақын көңілі. Бүкіл жинақтағы жырлардың концептуалдық түйіні «Апатиялық антитеза» өлеңінде көрініс беретін сияқты.

...Өңім – жас, көңіл – кәрі,

Өлім бе өмір мәні?!

Жүректе шаһар емес –

Махаббат қорымдары...

Жерім – бай, елім – кедей...

Бақытты,сорым дағы!

Ащы екен құрғыр өмір,

Тәтті ме өлім дәмі?!

Бұл сонау Брюсов, Белый, Мережковский, Блок, Бальмонт, Мағжан, Бернияздардан жеткен ұлы сарын- өмірдің мәнін өлімнен іздеу мотивінің Мерген ақында поэтикалық тұрғыда жаңғыруы сияқты. Жүректің мекені- шалқып тасып жатқан сайран шаһар емес,бірыңғай «махаббат қорымдары, «жері бай» болса да «елі кедей», «өмір мен өлім» – міне осының барлығы, ақын жүрегіндегі тайталасып жатқан өмір диллемалары Мергеннің поэтикалық ракурсындағы, беймаза да қамкөңіл, қаяулы сырлары себезгілейтін «апатиялық антитезасы»!

Ақынның шынайы сыры! Жыр жинағының негізгі квитэссенциясы да осыған саятын сияқты. Экзистенциалистік философия мен әдебиеттің негізгі өзегі болған бұл сарын да Мерген ақынға жат еместігі көрінеді. Мерген метафизикасы да осыны діттейтін сияқты.

Ақын жырларындағы образдылық, бейнелілік қабаттары, содан туындайтын сыр-сипаттар ерекше әңгіме етуге тұрарлық. Көркем образдан обьективтілік пен субьективтіліктің, қисынды мен қисынсыздың, жалпы мен жалқының, шындық пен қиялдың, қысқасы бір-бірімен мүлде қабыспайтын әрқилы керағар құбылыстардың, нәрселердің сипаттарын өз бойына үйлесімді түрде жинақтап, бір-бірімен байланыстырып, сол арқылы оларға жаңа қасиет дарыта алатын сипатын көруге болады. Академик З.Қабдолов: «Образ – эстетикалық мәні бар, суреткерлік қиял арқылы әрі дараланған әрі жинақталған адам өмірінің әсем суреті», - десе, академик З. Ахметов: «...көркем өнерде, соның ішінде әдеби шығармада жинақталған түрде суреттелетін өмір құбылысының нақтылы көрініс-қалпы, кейіпкердің көркем ой елегінен өткізіліп, қорытындылап жасалған тұлға – бейнесі», - деген тұжырым айтады. (Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы, 1976, Ахметов З. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі). Айнала құбылысты бедерлі айшықтауда Мергеннің көркемдік палитрасының бояуы қанықта, әсерлі, жанды, суретші. «Тебірену» өлеңіндегі мына бір жолдар ойымызды айғақтай түседі.

Маған мынау түнгі қара көк аспан,

Теңіз болып елестеуші еді о бастан.

Ай сәулесін мың сан толқын бөліп ап,

Омырауына жұлдыз етіп қадасқан,

Немесе:

...Ақ көбік боп толқын жатыр әнекей, «Құсжолымен» бабаларым өткен із», «Қызыл көз Күннің қарағанынан ұялып, қыз толқындардың көлдегі беттері күйді», «Көбелек қанатынан самал есіп, гүлдерді аймалады қырқадағы», «ысырып ақ көрпесін-ақ тұманнан», «ақ айдын алқа тақты аққулардан», «жел еркін көк жүзінде жүгіреді, қолына ақша бұлттан ақ ту алған» -

деген сәтті тіркестер Мерген жырларының көркемдік айшығын әрлей түсері сөзсіз.

Мерген жырларында да қазақ поэзиясының алтын арқауы, өзекті тіні болған тақырып – туған жер тынысы, кір жуып кіндік кескен орта, туған ауыл түтіні, ыстық ұя, асыл мекен көріністері көлбеңдеп, ұлттық нақыш, өрнекпен, перзенттік сезіммен жылы әсер қалдырады. Оны ақынның «Көш», «Таңсәрі», «Сұрақ», «Ауыл естеліктер», «Ауыл көші» т.б өлеңдерінен байқаймыз.

Жалпы Мергеннің туған жер, елге деген жырларында ұлттық рухқа суарылған ақындық патетика, этнофорлық (ұлттық болмыс, діл) сипат айқын сезіледі. Ақын туған жерге деген сезімін:

Өтсемші сені жыр етіп...

Өлсемші сені жыр етіп... –

деген асқақ үнмен паш етеді.

Оның «Байлаулы төбет аулада, Босат деп шынжыр жұлқылап», «Жер тартып жирен қарайтын, Жем берсеңші деп шұрқырап», - деп келетін жыр жолдары кім-кімнің де көңіл түкпіріндегі ескі таныс елестерді тірілтіп, жүрегіне сағыныш ұялатып, мұңға бөлері анық. Туған жерге кіндігімен байланған Мерген ақын Есенин мен Мағжан сияқты:

Тар қалаға сыя алмай сосын, білем,

Кең далаға бұрамын көшімді Мен! –

деп жар салады. Мерген қаламынан туған сүйіспеншілік тақырыбындағы өлеңдерді де көп ұшырастырдық. Мергенннің де Петрарка ғашық болған Лаура сияқты, Жұматай ғашық болған Ләйлә сияқты ақындық ғұмырдың поэтикалық аңсары болған өмірінде табынып өтер өз Музасы бары хақ. Жырларында өзін қанша алдарқатып басқа мәселелерге ойысса да әйтеуір қайта айналып осы бір сүйікті тұлғасына орала беретіні сезіледі. Ақын «Сені іздеп кетіп едім, Қолды сілтеп бәріне. Көңілімнің жетігенін, зар жылатып тағы не?» - десе, енді бірде: «Бақыт таппай басқа ешкімнен, жұп бола алмай қосылып. Сенсіз қалып баз кештім Мен, Тағдырымнан шошынып» - деп мұңға батады.

Мергеннің бұл тараптағы « Сен кеткен соң», «Іңкәрім», «Ақжарқын», «Мен келдім», «Өңімде жалғызбын» сияқты өлеңдері оқырмандарын сырлы бір дүниеге шақырып, жүректерге ұшқын тастап, әсерлі бір сезім, тәтті бір мұңға бөлері анық. Кей тұстарда:

Махаббатым өртеді,

Жүрегімде жанымды...

Қылығың бал, ерке еді,

Күлгеніңді сағындым... –

деген сияқты жеңіл шумақтар кездескенмен, артынша: «Көк түтін боп бар қызық, Ұшып кетті шошындым. Жетіп келді, жалғыздық, ойлар, ойлар, сосын мұң» - деген салмақты шумақтарға ауысып жүре береді. Ақынның осы сипаттағы жырларында қамырықты көңіл-күй, өксікті сезім, көкіректегі жазылмас бір драма, сәулелі бір мұң әлдилеген өкініш табы сезіледі. Оны ақынның: «Сөзден – жылу, көзден – мейір дәметкем, Үміттерім алдамшы екен, қап әттең!» - деген жүрекжарды сыр ұштығынан байқаймыз. Ақын бірде: «Ләйләсіз жүрмін отқа еніп, Жұматай құсап», - деп өз жалғыздығына мұңайса, енді бірде: «Бәріде бар. Тек сен жоқсың жарығым. Керегі не бәрінің?» - деп түңілгендей күй кешеді. Қалай айтсақ та ақын көңілінде сол бір сүйікті жанға деген мұң аралас қуаныш, сағыныш, алдағы күндеріне деген үміт оты бар. Оны мына жолдардан анық байқаймыз:

Өңімде жалғызбын...

Өлеңде – сағыныш,

Сезім мен үміт бар,

Түсімде сен барсың...

Жібітер жан мұзын.

Мергеннің осы сипаттағы жырларынан:

Екеуміз: Көшеде кездеспедік, кафеде отырмадық,

Ән болып айтылмадық, жыр болып оқылмадық,

Бақтарда қыдырмадық, қалада қаңғырмадық,

Лаулатып кеш батырмай, атқан жоқ таң нұрланып –

деген жолдарды кездестірдік. Осы жыр қалай айтсаң да орыстың әйгілі ақын қызы Марина Цветаеваның « Мне нравиться, что Вы больны не мной» - деген жырымен тонның ішкі бауындай үндестік сезіле берді. Бұл – поэтикалық ауыс-түйіс пе, әлде өнердегі ықпалдастық па, әлде біз айта беретін мәтін интертекстуалдылығы ма, қалай болғанда да бұл Мергеннің шығармашылық ізденісін, ақындық әлеуетінің сан қырлылығын паш ететін, айғақтайтын жақсы қасиеттері екені даусыз.

Мерген жырларының аурасы – тұңғиық та тылсым сырлардың ұштығына жетелейтіндей.. Жұмбақ та сырлы әлем өз иіріміне тартатындай ма қалай?! ... Ақынның «Үш түн болды ...», «Қара құдық басында» т.б өлеңдерінен осы сипатты байқадық. Құдық ақын үшін бір тылсым күш, иррационалды қорқыныш, үрей ұялататын ұғым. Оған оның бала кезінде құдыққа қарап тұрған сәтте апасы марқұм айтатын: « Әй құдыққа түсіп кетпе байқа!» - деген ескертуі де осы сезімді еселей, үстей түсері сөзсіз. Ақын: «Құдық болып елестейді неге түн? Бір тылсым бар мені тарта беретін», - десе, енді бірде: «Сол құдыққа түсіп кеткен жоқпа па екен, Балалығым ұшты-күйлі жоғалды?!» - деп өзінің балалық бал дәуренінің ұшты-күйлі жоғалуын да осы құдықтан көреді. Осы иррационалдық үрей әкелетін құдықтың концептілік бітімін «Соқыр шалдың жанарындай», «Құдық болып елестейді неге түн?» - деп сипаттап келіп, ақын:

Құдық біткен көрінеді неге енді

Шәкәрімнің қасіреті секілді?! –

деп концептуалдық ой түйеді. Осы бір иррационалды үрей ақынның:

Әлдекімнен қашамын,

Күш салып.

Әлдекімге жатамын

Ұсталып... –

деген жыр жолдарында («Үш түн болды...») жалғасын табады. Мергенді ақын ретінде, азамат ретінде халқының өткені мен бүгіні қатты толғандыратыны оның жырларынан айқын сезіліп, мен мұндалап тұрады. Өткен тарихта салтанатты шақтары туралы айбынды болмыс-сипатын өзінің «Қасірет» атты өлеңінде:

Алаш – алаш болғалы,

Атамыз атқа қонғалы.

Арлан қасқырдай үйірлі,

Әбжыландай ордалы.

Ойласа, ойы тереңде,

Сөйлесе, сөзі қордалы, –

деп келмеске кеткен дәуреннің көне сүрлеуін тебірене толғаса, енді бірде атажұртының айбынды, сұсты кескін-келбетін:

Оң қанатым – Ақ орда,

Сол қанатым – Көк орда.

Жерім кең көшіп, қонарға,

Айбаты мұндай болар ма?!

Сол Алтын орда тұсында,

Дұшпанды алған қысымға, -

деп ширыға үн қатады. Ақын осындай өткен күндер елесін сағынышпен тебірене еске ала отырып, елінің бүгінгі күнін:

Бүгінгі күнді ойласам,

Бетпақдаладай қураймын.

Қайғы алып қайтемін көңіліме,

Айналып қайта тумаймын... –

деп, Алаш қасіретін жыр жолдары арқылы төгіп-төгіп өтеді. Ақынның көкірек түкпіріндегі, жан сырындағы осы бір қасірет сарыны тек ақынның ғана емес, халқының да қасіретін білдіріп тұрған іспетті.

Лиризм – әдебиеттегі көркемдік категориялардың бірі. Ол әдебиеттің эпос, лирика, драма сияқты барлық жанрларына тән. Лиризм, әсіресе лирика жанрында алабөтен, әсерлі де қызулы, сезімге тиетін нәзік нәрсе. Мергеннің ақындық болмысында да осы лиризм сипаты айрықша көрініс табады. Оны ақынның мұңлы да сырлы сезімдері анық байқалатын «Соңғы қоңырау» өлеңіндегі мына бір жолдардан айқын аңғарамыз:

Соңғы қоңырау. Соңғы вальс.

Көгершіндер...

Ұшар, кетер... о қайтіп бөгерсіңдер?

...Біздің ауыл шетінде сыныптасым

Жалғыз жатыр...

Мәңгі бірге боламыз дегенсіңдер...

Бұл жыр жолдарында өткен өмір өткеліктеріндегі бал дәурен бозбалалық шақтағы сайран күндер, жастыққа мас болған қайран күндер, сынып бітірердегі сыныптастарға деген қимас қоштасу сезімдері, мезгілсіз дүниеден өткен сыныптас досқа деген өкініш аралас сағынышты сыр ақындық лиризм ағыны арқылы сыр боп, мұң боп, себезгілей түседі. Сондықтан Мерген жырларын сөз еткенде, оның жырларындағы самал желдей өбіп, жан жүрегіңді шадыман бір сезімдерге толтырып жіберетін осы бір лиризм сипатын айтпай тұра алмаймыз.

Мерген жырларында ұлттық болмыс, сыр-сипат мол ұшырасады. Ол – әсіресе туған даласына өте құштар сезімдегі ақын. Мерген үшін туған даласының жазы да, қысы да ыстық, жанына алабөтен жақын. Оны:

Бұл далада бос қурайды сыбызғы етсе сал Самал,

Сайтан құсап жазда Сағым билеген.

Боз бағана қыл қобыздай болса дәл,

Жыннан бетер қыста боран күйлеген, -

деген жолдарынан түсінеміз. Бүгінгі заманның ақыны Мерген дәстүрлі мәдениеттен қол үзбей, оның жалғасы ретінде өткен дәуірлердегі сері ғұмырды аңсайды, серілік салтты жоқтайды. Ақын:

Толқытып әнді тулатсам,

Қара домбырамды күйлетіп.

Қарағайларды шулатсам,

Ақ қайыңдарды билетіп, -

деп баяғы сері көңілмен серілік, өнерпаздық үлкен идеалдарға қол сермегендей:

Түнімен тұрған таң асып,

Тобылғы меңді торымен.

Сән-салтанатым жарасып,

Сал-серілердің жолымен, -

деп шалқыған көңіл сырларын сездіреді. Осы бір көңіл-күйді: «Көшкен дәуренді көксеу бұл, Сағынып сері ғұмырды», - деп түйін жасайды.

Ұлтының дәстүр-салтын сүйген, көшпелі ғұмырын сүйген ақын жаны, әсіресе жылқыға құмар, жылқы болғанда, хас жүйрік тұлпарға құмар! Бүгінгі күннің перзенті өткен дәуірдегі бабалары құсап:

Күрең белде көсіліп,

Ел мерейін өсіріп!

Бәйгеден озар күн қайда?

Есер көңілім есіріп! –

деп шалқып төгіледі. Ақын көккейінде, аңсарлы көңілінде тек қана дүлдүл тұлпар бейнесі сұлбаланып, бір кетпейді. Осы бір сұлба алыс бір аңсарларға жетелегендей... Осы бір сәулелі үміт арманын ақын:

Есік пен төрдей тұлпарды

қайта жолға сап,

Кешегі Ақан серілер құсап толғасақ,

Амантай аға,

Біздің жылқыда сондай ат бар ма,

айтшы осы?

Жүрейік біз де Атығай,

Қарауылға олжа сап! –

деп үлкен мұрат биігін меңзейді. Сайып келгенде, ақын осы бір аңсарлы, сайранды кеңістікті аңсағандай: «Мен мына тар қапас қаладан жалығам, Желіге байлаған құлындай», - деп өзінің жан сырын паш етеді.

Түйіндей айтсақ, Мергеннің ақындық белесі жайында айтар ойымыз осы сипатта тұжырымдалады. Мерген ақынның жыр өлкесінде әлі де айтары да, жазары да мол. Өзінің ақындық кредосын:

...Тұлпарын мінсем өлеңнің,

Сұңқарын жырдың түлетіп –

деп паш еткен ақынның жан сырына бізде сенеміз!

Бөлісу:

Көп оқылғандар