Тізімбек Анашұлы. «Фауст» қытайшаға 4 рет, «Арылу» 22 рет аударылған

Бөлісу:

29.04.2022 3901

Өнерде шекара жоқ дейді, өнердің бірі әдебиет. Адамзат жасаған ұлы ой сұлулығының қай пұшпағын түгендеп жүрген адам болса да сыры мен мұңы ортақ. Бүгін Қытайда тұратын қандасымыз, жас ақын, аудармашы Тізімбек Анашұлымен жасаған Қытай әдебиеті, аударма және кітап оқу дағдылары туралы шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Қытайдың осы заман ақындарының бірі Хайзыны аударғаның есімізде. Қытай әдебиетінде қазіргі қазақ оқырманына жетуге тиісті тағы қандай ақындар мен жазушыларды атай аласың? Қысқаша таныстырып, қытай әдебиетіндегі орынымен қоса айтып өтсең.

Тізімбек Анашұлы

– Рахмет, Есбол. Көп қайталанатын сұрақтар сияқты көрінгенімен, маңызды мәселелер төңірегіндегі, қанша қайталанса да, мәнін жоймас сұрақтар қойыпсың. Мен Хайзыдан бірер өлең аударғанмын. Бірақ, оныммен Хайзыны аудардым дей алмаймын. Тәржімаға мұрындық болған басты кілтипан – өлеңінің өзіндік өзгеше бітімі барлығынан және университетте жүргенде, Хайзы туралы біраз зерттеулерді көріп, біршама терең түсінік қалыптастырғандығымнан. Егер біреу пәленбай деген мен көрмеген ақынды аудар десе, баспас едім. Менің қытай ақындары туралы танымым шектеулі, осы Хайзының төңірегіндегі Шичуан, Ло И-хы қатарлы ақындарды көрдім. Сұхбаттарына көбірек назар салдым. Аты дабылдап жататын Додо, Гучың, Бейдау қатарлы біраз ақындардың қолға ілінгенін оқыдым, алайда, ешқайсысын арнайы іздемедім. Өзің білесің, совет кезінде, әсіресе, алпысыншы жылдары әдебиетке келгендердің қазақ тілінде жазатындары орысшаға, орыс тілінде жазатындары қазақшаға шорқақ болған. Бұл жерде мен әдеби тіл туралы айтып отырмын. Екі тілді бірдей ұстағандары некен-саяқ. Бар болған күннің өзінде, біреуіне бейімдеу тұрмақ. Біз де сол сияқты, қытай тіліне таза қазақ тілінен келдік. Бірдеңе шығарсақ, осы қазақшадан шығарамыз. Ал, қытайша үлкен дүние жазам деп ойламаймын, тіпті, оған құлшынбаймын да. Ондай бекім жасау ақымақтық болар еді. Қайсы тілдің уызына қансаң, со тілдің бағын жандырасың. Өлең маған қазақша оқығанда ғана өлеңге көбірек ұқсайтынын айтпақшымын. Әрине, кейбір қытайша өлеңдер өзінің нағыз поэзия екенін бірден аңғартатын кездері де болады. Сондайда аудармаға ниеттенесің. Мен қытай тілі арқылы Еуропа әдебиетіне қол создым десем, өтірік айтпаған болар едім. Баяғыда Пекинде дәріс сөйлеп жұргенде Тұрсын Жұртбай аға: «табандарыңмен алтын таптап жүргендеріңді білмейсіңдер», – деп еді. Жасынан Абайдың сыншыл ортасының тәрбиесінде өскен, өзі де көп оқыған Тұрсекең қытай тіліндегі бүкіл дүниенің ақыл-ойын меңзеп тұрғаны ғой. Шынымен де, Қытайда аударма қатты өскен. Әлем әдебиетіндегі танымал классиктерден тартып, қатардағы жазарманға дейін тайлы-таяғы қалмай, әдебиет қана емес, жалпы, мәдени жәдігер атаулы дерлік қотарылған. Былтыр «Фаустты» қарау үстінде көрдім, қытайша төрт түрлі аударма нұсқасы бар екен, мен төртеуіне де жалтақтап біраз жүрдім де, ғылыми түсініктемесі ең мол бір нұсқасын таңдадым. Ал, Толстойдың «Арылуы» жиырма екі рет аударылған. Қазақшаға бірде-бір рет аударылмаған әлдекімнің бір романының он қанша тәржіма нұсқасы жүрсе, таң қалмай-ақ қой. Халқы аз біздің жұрт не істесе жөн? Қолына қалам алған кез келген қазақ бір шет тілін меңгерсе, ол тілде көркем әдебиеттен сусындайтын деңгейге жеткен соң, қолайына келетін бірер кітапты тәржімалап кетуі керек. Қағазға басылған соң, өшпейді, игілігін келер ұрпақ көреді. Бірер кітап өз шығармашылығыңа да көлеңке түсіре қоймайды, әрі машық, әрі үлгі-өнеге алу болмақ. Уақыт жар берсе, қатысты зерттеу еңбектерімен, сын мақалалармен таныса отырып, бір бөлім қытайдың осызаман ақындарын аударсам деген ниетім бар, солардың кез келгені туралы ондаған зерттеу кітабі жазылып қойған, түгел адақтап шығуың қажет, сонда діттегеніңе жетуің мүмкін. Сен айтқан тақырыпқа осыдан кейін оралу керек шығар, өз басым басқа да қытай танушылар айтатындай, қытайдың бүгінгі поэзиясы озық деңгейге көтерілді деп білем. Тағы бір ескере кететін жәйіт, түбір тілге (аморфты тіл) жататын қытай тілі мен жалғамалы тілге (аглютинативті тіл) жататын басқа тілдердің айырықша парқы бар. Бұл өлеңде әсіресе айқын көрінбек. Өлеңнің көркемдік әсерін молайтатын ырғақ, буын, ұйқас дегендер қытайдың осызаман тілінде өз рөлінен айрылып қалмақ, ішкі ұйқас, поэтикалық жүк арқалайтын сөздерді төкпелеу немесе ойды, сезімді бейнелейтін образдарды ұйқассыз орналастыру сияқтылар басты көркемдеу тәсілі ретінде әйгіленбек. Себебі, қытайшада бір сөз бір буыннан тұрады, яғни, бір иероглифтен, болмаса екі немесе үш иероглифтен бір сөз құралады, бір иероглифты келесі тармақтағы тағы бір иероглифке ұйқастырып отырмайсың, ал, қазақ тілінде өлең бірер буын ғана емес, кейде бүтін тармақ болып ұйқаса береді. Енді осы ұйқассыз өлеңді ақ өлең екен деп қотара салмайсың, ой мен сезімді сақтаумен бір уақытта, қытай тілді оқырманға қалай әсер етсе, қазақ тілді оқырманға солай әсер ететіндей үлгілі жолды таңдап аударуың керек, былайша айтқанда, жаңағы «ақ өлеңің» қазақшада ұйқасып та кетуі, қазақтың күпісі мен тымағын киіп шығуы тиіс. Бастысы, ақынның биік сезімі, поэетикалық түйсігі түпнұсқадағыдай сақталса жетіп жатыр, бұл жерде Тәкен Әлімқұлов ескертетіндей, ана ақынмен "бәсекеге" түсесің – ол қытайша жазғанды сен қазақша қайта жазасың, асыра алмасаң да, тең тұруға құлшынуға міндеттісің. Абай Байронды аударғанда, сондай аударманың ең озық үлгісін көрсетпей ме, қараңыз:

Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын!

Алтынды домбыраңмен келші жақын.

Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,

Бейіштің үні шығар қоңыр салқын.

«Тыншығарсың сен дағы, Сабыр қылсаң азырағын» Абайдың соқтықпалы өмір жолымен таныс, шығармаларымен сырлас адам Гетенікі деп ойламас еді. Солай, бір ақын үшін, оны тудырған халықты толық тануға тура келмек. Сондықтан, біздің жігіттер оңайға, жеңілге жүгірмей, алдымен, сол жұрттың мәдениетін танығаны, қатысты әдебиетті түгел қарап шыққаны жөн. Бізден қазақстанға барып, «аңқау елге арамза молда болып жүргендер» өзінің де, өзгенің де құнын түсірмесе екен, ең соңында зиян шегетін, тағы да, қазақ тілді оқырман. Басқа халықты кім көрінген емес, өз ұлтын таныған, ұлттық әдебиетті жүйелі оқып игерген оқырман ғана толық түсінуге қауқарлы. Мен оны тумай жатып экспериментке көшіп кеткен, ұлттық әдебиеттен шала сауатты «данышпандар» жүзеге асырады дегенге сенбеймін.

Йүйхуа

– Өлеңнің жайы осылай делік, қытай прозасы туралы не айтуға болады?

– Қытай прозасы туралы әңгімелер есіме бірден белгілі қытайтанушы неміс Кубинді (Wolfgang Kubin) түсіреді. Бұл кісі бірқанша сұхбатында біздің прозамыздың «бетін жер қылғаны» бар. Бір қызығы, ең үлкен қытайтанушылардың (ең ұлы қазақтанушы да осы немістерден шықты, ол – марқұм бейіште нұры шалқығыр Герольд Бельгер ағамыз) қатарында есімі құрметпен аталатын оның қытай прозасын жоққа шығарғанын ешкім теріс көрген жоқ. Аудармашылар қосыны мол проза сонда да шетелге аударылып жатыр, немістің өзіне де көп аударылады. Кубинның сұхбаттардағы сол көзқарастарын пысықтап өтумен шектелмекпін. Кубин айтады: «Маған қытайдың осызаман әдебиеті ұнамайды, оларды базар мен ақша көбірек мазалайды, ақша үшін... атақ үшін, оқырманды өзіне үйіру үшін жазатын жазушылар өте көп, қандай нәрсе хаюандық құштарлыққа толы болса, соны жазады, басқалардың назарын өзіне аудармақ, ақша таппақ бақай есеппен базар мен БАҚ-тың артында мұрынын тескен бұқаша сүмеңдеп кеп жүргені. Жазушылар әдебиетке қастерлі кәсіп ретінде қарамайтын болды, бұндай орта «қоқыр» халтура тудырғанымен, жақсы шығармалар азая бермек. Осызаман қытай әдебиеті көне қытай әдебиетіне жетпейді дейтінім содан... Қазіргі қытай жазушылары оқиғаны әңгімелеу үшін әңгіме жазады, қызықты оқиғаның жолында кейіпкердің жан дүниесін былай ысырып қояды, сюжет қаншалық қызғылықты болса, кейіпкер соншалық құнсыз, қуыс кеуде, менше, прозада бірер кейіпкер ғана қалыптап, оның жан дүниесі мен рухани келбетін баса суреттеу өте маңызды. Кейбір белгілі жазушылар баяғы жазғанын қайта қаужап, жаңа шығарма құрастырғансиды, онысы – бір түскен батпағына қайта-қайта құйлау... 1979 жылдан кейінгі сөз өнеріне аялдағанда, Хан Шаугүң, Уаң Ән-и, Уаң Мыңдардың прозасынан басқа, қазіргі қытай поэзиясын ғана әлемдік әдебиетке қосар едім. Жоңгоны қойып, Германия мен Американың өзінде осызаманғы әдебиет дағдарысқа ұшырады. Әдебиет туралы ұғым 1968 жылдан кейін мүлдем өзгеріп кетті, оқырман мен сыншыларға роман ғана әдебиет сияқты көрінеді. Алайда, романдардың көбісінің деңгейі өлеңдермен теңдесе алмайтындай дәрежеде, тіпті, кейбірінің дәм-татуы жоқ. Йүйхуаның «Ағайындыларын» қазір кім оқиды? Қалтарыста бір әйелдің артын сүрткенін аңдитын еркектің әңгімесіне қалай төзуге болады? Онысы тағы 100 бетке таяу!.. Бұлармен салыстырғанда, Шичуанның идеясы әлдеқайда тереңірек...»; «Мо Йән, Йүйхуа, Сутұң, Би Фи-йүйлердің Қытайда шыққан кітаптары Германияға жетісімен, кітап емес, кетпектей қақтамаға айналады. Немістің оқымыстылары, әдебиетшілері бұл кітаптарды тыжырына қабылдайды. Өздері үшін емес, әдебиетті түсінбейтіндер үшін жазылған кітаптар деп ойлайды... Мо Йән «Өмір, өлім арпалысы» романын арнайы түрде тараулық үлгімен жазған. Еуропа жазушылары әдетте прозада бір адамды жазады, ал, Мо Йән бір жазса, он қанша адамды жазады, бұған қалай шыдайсың. Қытайдың осызаман прозиктері кейіпкердің жан дүниесіне үңілмейді, адам дегеннің не екенін мүлдем түсінбейді. Олардың жазып жүргені кісі ұғылының сыртқы қалыбы ғана». Міне, бізден көп білімді, елімізге белгілі, терең эрудициялы Кубин «өтежаншалап» талқанын шығарған жоғарыдағы жазушыларды мен қазақ оқырмандарына оқуға ұсынамын. Қалай десек те, аты аталған осы жазушылардың біздегі қоғамдық өмірге, рухани мәдениетке бетбұрыс әкелген озық шығармалары жетерлік. Мо Янь орыс тіліне толық аударылды. Қытайша танымайтындар, сол тәржіма нұсқаларға жүгініп, артығын үйренуіне, әділ бағасын беруіне болады. Біздегі қазақтардың ішінде оларды қытайшадан тікелей қазақшаға аударуға қабылетті, сауатты аудармашылар табылады. Қазақстан қытай әдебиетіне шын ынталы болса, лайықты қаламақымен соларды жұмысқа тартуға тиіс.

Мо Йән

– Қытай әдебиетінің бүгінгі деңгейге көтерілуіне қандай нақты жағдайлар себеп болды деп қарайсың? Қытай әдебиетіндегі үрдісті (Нобель деңгейіне жету, оқырманның молдығы, жазушының танымалдығы секілді жақтар) қазақ әдебиетінде жүзеге асыруға бола ма?

– Бұны екі жақтан қарастыруға болар. Әуелі, жоғарыда айтып өттік, аудармашылар қосыны мол, нақтылы жұмыстар дер кезінде жасалады. Ел ішінде көп оқылған жазушы бірден шетелге де аударылап қояды, және аудармамен ақын-жазушылар емес, маман аудармашылар айналысады. Екіншіден, бір жарым миллиард халқы бар мемлекетте қаламақы проблемасы деген болмайды. Ең нашар жазушының кітабі елу, жүз мың данамен тарайды. Қазаққа оны жүзеге асыру қалай болар екен? Біздің жазушыларға бес мыңның өзі мол көрінетін сыңайлы. Бізге ең тура, әрі машақатты жол ғана қалған – бүкіл ұлт оқырмандыққа тәрбиеленуі керек. Абайдың айналасының кітапқа деген ықыласы қандай еді? Соның бәрі жалғыз адамның шарапаты. Басқа жол жоқ. Жапондар, еуропалықтар қалай оқиды кітапты? Пекинде оқып жүргенде, метроға кез келген ақ нәсілді қауымның өкілі қолына кітап ұстап шығатыны таң қалдыратын. Соның бәрі тегін емес екен. Бала жастан керегін кітаптан табуға дағдыланған. Нобель деңгей емес, мұрат та емес, жазушы өзінен бұрынғы жазушылардың бәріне шәкірт және бәрімен бәсекелес, шеберлікте солармен тең түсуге тырысар, ал, адамгершілікте, кісілікте бәрінен асуға талаптануы керек.

– Қазіргі Қытайдағы қазақ әдебиетінің болашағы қандай? Бұған Қазақ елімен рухани байланыстың ықпалы қанша? Қытай әдебиетінің ықпалы мен өзге елдер әдебиетінің ықпалы қаншалық?

– Біздегі қазақ жұрты, алдыдағы ағалар өз туған топырағында тарихтың кешуін бүкіл қытай халқымен бірге кешіп бүгінге жетті. Ақсақалдарымыз мүмкіндігінің шегінде жұмыс жасап, пешенесіне жазылғанның бәрін көре жүріп, біраз дүниелер жазып кетті. Мен бізден бұрын өмір сүрген әкелеріміздің, аталарымыздың еңбегіне құрметпен қараймын. Олардың еңбегі әрі Қытай мәдениетіне қосылған үлес, әрі қазақ әдебиетінің алтын қорына түсуге тиіс асыл қазына, тату, тарихи көрші екі елге бірдей ортақ мұра, жазған-сызған дүниелері үтір-нүктесіне дейін бүлінбей қотарылып алынуы қажет. Себебі, онда қазақтың тілі, қазіргі жұртымызға белгісіз тарих кешулерінің ізі, дәстүріміздің бұзылмаған суреті бар. Өткен ғасырда бір миллиардтан астам халқы бар мемлекетіміз Гете, Достоевский сияқты ірі тұлғаларды бере алмағаны сияқты, Қытайдағы қазақтардан Әуезовтың деңгейіндегі жазушы, Мағжан мен Мұқағалиға тетелес ақын шыққан жоқ. Алайда, өткендегі осы ағаларымыз ұлы мәдениеті бар үлкен мемлекеттің мұрагерлері ретінде құрметке лайық, оларды ескерусіз қалдыруға, «ұмытуға болмайды». Ал, Қытайдағы қазақ тілді әдебиеттің бүгінгі өкілдерінің болашақта қаншалық деңгейге баратынына өзім бірдеңе дей алмаймын. Әйтеуір, жаңағы Әуезов, Мағжан, Мұқағалилар бізден бұдан кейін де шықпайды. Менің өзімнің тұрғыластарым, аға, бауырларыма – қазақ тілінің уызына қанып өскен буынға еңбекқорлық жетіспей жатқан сияқты. Алдымда қыр-сырына қанық Мұрат Әуес, Шалқар Қаныкей, Серік Құлжақан, Мұрат Зүлкәпіл қатарлас, Құсыман Құмаш, Ыбырай Дүйсен тетелес ағаларым, Тілеубек Жұмақан, Мұрал Мақсұт, Жанатбек Серғазы тұрғылас бірге жүріп, бірге тұрған іні-бауыр жігіттер бар, мен жүзін көрмеген қаншама қыз-жігіттер жазып жүр, барлығына тілектестікпен қараймын. Үлкен кісілікке, биік деңгейге жетсе екен деп ойлаймын. Бұлар қытай тілі арқылы Жоңго әдебиеті мен әлем әдебиетінің алтын қоймасына ену мүмкіндігіне ие, айналып келіп қазақ тілді әдебиетке қызмет етуге міндетті. Жоғарыдағы екі Мұраттың көп оқитыны өзіме ұнайды, Талдаубек Әшімқан деген филология ғылымдарынан доктор ағамыз бар, не жазса да, көп ізденіп, ыждағатпен жазады екен, осының бәрі біздің жігіттерге керек қасиеттер. Ел аман, жұрт тыныш болса, болашақта бәрі өз орындарын алуға тиіс. Ірі мәдениет жасаған алып Қытай елі мен тарихи ұлы көршіміз – Қазақстан арасындағы мызғымас достықтың, мәдени селбестіктің әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне игі ықпалын тигізетіні күмәнсіз.

– Қазіргі кезде Қытай – экономикасы да, технологиясы да жоғары дамып жатқан алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Осы жағдайдың кітап оқуға (көркем әдебиет) кері әсері бар ма?

– Шын оқырманға мұның бәрі кедергі емес. Дей тұрғанмен, экономиканы қарыштап дамыту ұраны бүтін бір дәуір адамдарын ақша табатын машинаға айналдырып жіберетін жағдайлар тарихта болған. Біз түгілі, жиырманшы ғасырдағы бүкіл адамзат мемлекет дейтін тілсіз механиканың кішкентай бөлшектері сияқты болып қалған жоқ па. Деседе, тоқтық – барлық рухани игіліктің кепілі. Оңтүстіктегі дамыған қалаларда тұрған кезімде көрдім, оқуға керемет жағдайлар жасалған. Арнап салынған ғимараттардың таңдап алған орнының жайлылығы, құрылғыларының кемелділігі және онда сақталған кітаптардың молдығы дамыған мемлекеттердегідей, мүмкін болған қызметтер түгел қамтамасыз етілген. 2016 жылы Алматы мен Астанада болып қайттым ғой, сендердің ел де осы үлгілерді қабылдап, мәдениет пен оқу-ағартуға көңіл бөлуге тиіс.

– Қазіргі қоғамда ақпарат алуда кітаптан көрі бейненің (видео) рөлі басымдыққа өтті. Көркем әдебиет орнына кино көру, тарихи және танымдық мақалалар орнына құжатты фильм көру, ал жаңалықтарды газет немесе сайттан оқығаннан көрі қысқа видео жаңалықтардан қарай салатын әдет пайда болды. Бұл кітаптың қадірін түсіріп жатқан секілді. Жастардың кітап оқу үрдісін қайта қалпына келтіру үшін не істеуге болады деп ойлайсың?

– Қазір бұған әлем деңгейінде бас қатыратын болды. Көзқарақты ата-анадан тартып ғалым, оқымыстыға, мектеп пен мәдениет миністірліктеріне дейінгі аралықта нақты жұмыстар жасалып жатса керек. Осы қалпы кете берсе, болашақта адамзатта үлкен рухани дағдарыстар болуы мүмкін. Біздегі доуйін (сендерде «тик-ток») көптеген адамның жатса-тұрса қолынан тастамай көретін ермегіне айналды. Менің өзімнің телефонымда бұндай видео көретін деталдардың бірде-бірі жоқ. Бұларда жарияланатын бейнебаяндардың басым көбі көрілімін арттыруды, лайк жинауды көздейтіндіктен, сапасыз қоқыр-қоқсық өріп жүреді. Балаларды табиғатқа, саяхатқа көп алып шығу, спорт ойындарымен айналыстырудың қажеті зор. Үйге кітапті көп жиюдың, кішкентайлардың көзіне көрінетін жерге қоюдың да әсері болмай қоймайды. Ата-ананың өзінде кітап оқитын әдет қалыптасқан ба, үйде балалармен отырғанда қолға кітап аласың ба, міне, бұлар – өте маңызды мәселелер. Смартфонның құлдығына әке-шеше алдымен өзі түсіп кетсе, онда баладан үміт күту – артық іс. Ұрпағымызға кітапханалар, ондағы қаз-қатар кітаптар бізге беретін сиқырлы әсер дарығаны, олардың сау денелі, рухы кемел адам болып қалыптасып шығуы менің өз басымның игілігінен жоғары тұратын дұға-тілегім. Біз шет-жағасын таныған ондай игіліктен балалар кенде болмаса екен деп тілеймін, барлық өткен қасиетті рухтар мен жақсылардың, бір барлықтың шарапаты құлындарымызға да тие көргей!

– Өзіңнің кітап оқу дағдың туралы айта кетсең, қалай уақыт табасың, қаншалық жиі оқисың?

– Көркем әдебиет, атында көркем деп тұрғанындай, мәңгі аңсататын, сағындыратын сырлы әлем. Есігінен аттасаң, сырына қанықсаң, мейлі қай салада жүрсең де, жүрек түкпірінен қасиетті орын беріп, бір өмір елеңдеп өтетін, кітаптар бар ғой, рухани өмір бар ғой деп, қиын уақытта жаныңды делбейтін киелі кеңістік. Өзіңді сол жерден табасың, күнделік күйбеңнен озып, соған оралуға ділгір боласың. Кітап оқылмай қалған уақыттарда бүкіл дүние қараң қалады. Әдетте кітап оқымайтындар кітап оқитын адам болып көрінуге, кітаптармен суретке түсіп әлеуметтік желіге салуға құштар болады ғой. Кейбіреулері саған кітап туралы ақыл айтуға әуес. Әсіресе, оқуды кешірек бастағандар сөйтеді. Тағы біреулер бірер кітап оқыса, өзіне өзі симай қалады, аузы қышып, сөзі тасып, не оқығанын жариялағысы келіп тұрады. Бұл әдет аз оқитын, кәсіби оқуға машықтанбаған адамдардан көп көрінеді. Менің ойымда, жаратқан ие дарын берген ұлдарына екі міндет артады. Біреуі, әрине, жазу, енді бірі – оқу. Жазу мен оқу – маңдайына мөр басылып туған талант үшін бірдей парыз. Өзіме келсем, біз көргенді сен де көрдің, ана тіліміздегі қол жететін кітаптарды оқуға әуел бастан ынталы болдым. Бірінші оқыған романым – «Абай жолы» эпопиясы екен. Басқа кітаптарға ұрынбай, алдымен осы Әуезовке жолыққаныма шүкірлік айтам. Мен Абай (романдағы Абай) он үш-он төрт жаста ұшырайтын катарсистен («Түңіліп барып түлеу» дейді бұны Тұрсын Жұртбай) жаңа ғана өткен едім, романға қарасам, Абаймен ортақ халім бар, осыдан кейін өзім де Абайдың өмірін сүруім керек деген балалық аңсар ояныпты. Алғашқы әліппе Абай мен Әуезов болған соң, прозаға талап өте жоғары еді, көркемдігі төмен романдарды бірден танитынмын. Классикалық әдебиет мені көбірек қызықтырады, мәнді көсемсөздерді, естелік-жазбаларды және тарих тақырыбындағы зерттеулерді қолға түссе, құр жібермеймін. Өзім өлең жазғаныммен, өлеңді сирек оқимын. Соңғы жылдары Еуропа әдебиетінің нұсқаларын қытай тілінде оқып жүрмін. Ал, шынымен ақыл айту керек болса, оқуды енді бастағандарға мен де, баяғыда «Мен» хамсасында Мұхтар Мағауин қоятын талапты қояр едім – жиырма жасқа дейін барлық оқу түгесілуі керек. Кітап оқымай, жиырмадан өтіп кеткен талант болсаң, амал жоқ, тағдырдың жазуы сол, біз де қайғыра көңіл айтамыз, сен енді шығармашылықта ең жоғары межеңе жете алмайсың. Әуелі, адасасың. Қазір адасып жүрген анау жігіттерің бар ғой, жиырманы оқусыз өткізіп алғандар, олар – қайғыдағы, қара жамылған жандар, есіркеуге, тіпті, мүсіркеуге мұқтаж. Мұхаңның талабын аз жеңілдетіп, жиырмаға дейін қазақ тіліндегі ең құнды кітаптарды толық қамтып үлгерген оқырманнан үміт күте тұрайық. Егер үлгірмесе, ол кейін, міндетті түрде, туған халқының әдебиетіне мұрын шүйіріп қарайтын көп көркеуденің бірі болып шығады. Ана тілінің болашағын да күстаналайтын бейшара кейіпке түседі, сол тілде жазып жүрсе де, сорлылығын қоя алмайды, халықты өз бойымен өлшегісі келеді.

Сұрағыңа келейін, соңғы жылдарда, күнде тыртыңдап, қолбайлау қызмет пен тұрмыс күйбеңінен бөліп алған аз уақытты кітапқа ғана арнау керек болса да, мандытып оқыдым дей алмаймын. Бар мүмкіндікті қолдан жіберіп алған бізді де кеңпейіл кітаптардың киесі кеңшілігіне ала көрсе екен, қалған ғұмырымыз өкінішіміздің орнын толтыруға жетсе екен деп тілеймін, бұл да – сол Мағауин ақсақал айтқан сөз. Барлық оқуымыз жылға шақсақ, айына екі-ақ кітаптан айналатын сияқты. Таза шығармашылық еркіндікке қызметті қойған күні жететін шығармын. Оқу өлгенше тоқтамайды ғой. Артық емес, кем де емес, күніге қырық бетті ештеңеден алаңдамай отырып оқитын мұршам болса, тәуба айтар едім. Мен өзім жазу мен оқу үшін басын құрбандыққа шалған жансебіл оқырмандардың қатарына қосылмаймын. Осы жолда кімді үлгі тұту қажет десең, Абайды атар едім, шәкіртке ондай қатаң, ондай жанашыр, қамкөңіл ұстазды басқа жерден іздеп әуре болмау керек, Абай не істе десе, соны істе, өл десе, өл. Абайдың әлемінде әділетсіздікке, бойкүйездікке иненің жасуындай да орын жоқ.

Сөзді осы арадан доғарайын. Сұхбат алғаныңа рахмет, Есбол. Бізден шыққан лебіздің біреулерге пайдасы тиіп жатса, қуанамын. Қатар жүргендердің бір-бірінен сұхбат алып, өздерінен тұлға жасауға тыраштанатындары, істеген ісімен көрінбей, үстем сөзімен жұртты үйіруге құлшынатындары болады. Есті оқырман бізді де солардың қатарында көріп қалмаса екен. Үй-үйелменіңе амандық, жазуыңа береке, тыныштық, бақ-тәлей тілеймін!

– Татымды әңгімеңе, тұшымды ойларыңа көп рахмет! Аман болайық.

Бөлісу:

Көп оқылғандар