Эрих Мария Ремарк. Махаббат декадансы

Бөлісу:

20.05.2022 3431

(әңгіме)

«Декаданс» сөзіне нақты анықтама беру өте қиын, ханым! Біз дауысымызды жай шығаруға, өтпелі күйлерге, эстетикалық тартымдылыққа бейімбіз. Біз бақылаушымыз, өзімізді сырттай бақылаймыз, бірақ қатысушы болуға аса құлықты емеспіз. Жеңіл, құбылмалы, экзотикалық көңіл-күй – біз үшін сезімнен де көп нәрсені білдіреді. Біз айналаны есірткі іспетті қабылдаймыз, қоршаған барлық нәрсеге сол сіңіп кеткендей еліреміз, әсіресе әйелдерге келгенде сондаймыз. Бабаларымыз сезіммен сүйді, біз болса жүйкемен жақсы көреміз. Олардың мақсаты – иелену, үнемі иелік ету болса; біз үшін иелік ету – ештеңе емес, бар қызық – иелену мүмкіндігі. Біз үшін Әйелдер – алтын қоңыр тәтті дәрі!

Жымиясыз ғой, ханым, маған сеніңіз: махаббаттағы ең тәтті сәт соңы емес, ең тәтті сәт соған жеткізетін жолдағы жанталас. Сезімнің оянуына дейінгі сәттердің барлығы, яғни байқатпай бақылау, сенімсіз әрекеттер, әр қадамды аңдап басу, сездірмей мысықтабандап сақтықпен сырғу, көзге көрінбес ішкі күрестер – біз үшін ләззат осылар! Біздің бабаларымыз үшін махаббат қасиетті ұғым немесе жағдайға байланысты сырахана түсінігі ғана болды. Ал бізге ол ескі венециялық залдағы керемет рапираларда семсерлесу. Онда шамдар айна күміс болатқа шағылысады, ал қабырғаларда ескі парча жарқырайды...

Дерексіз сөзімнің астарын ашу үшін бір жағдайды баяндап бергім келіп отыр. Менің сол иығымда жұқа тыртық бар. Ол тарамыстай тыртықтың да өз тарихы бар. Бір жыл бұрын тектіліктің және сол тектіліктің жойылу қауіпінің белгісі болған жіңішке балтырлы келіншек менің назарымды сымдай сирағымен өзіне аударды. Оның да шашы сіздікіндей ақшыл болды, тек сіздікі сияқты жез түсті емес. Бұл менің назарымды аудартқан екінші нәрсе болды. Үшінші, шешуші себеп – ол оның Метерлинк туралы сөйлесуге және оны Д'Аннунциомен салыстыруға тырысқан адамды қуып жіберуі болды. Өкінішке орай, аса құрметті ханым, ер адамдардың нәсіл ретінде өздерінің бастапқы табиғи сезімдерінен айырылып, буржуазияланғандары соншалық, олар ханымдармен аса салқындылықпен және ұстамдылықпен сөйлесуге, олармен құрғақ фактілерді талқылауға, олардың алдында ақылды болып көрінуге ғана батылы жетіп жүр. Ер адам ханымның бойынан қашан да әйелді көре білу керек, әйелдің тартымдылығы үнемі бірінші орында тұру керек. Қазіргі ер азаматтардың әйелді әр сөзімен, әрекетімен баурайтын таза ер азаматқа тән табиғи сезімдер қайсысында бар? Еркекті жек көретініне, не керісінше жақсы көретініне қарамастан кез келген әйел әлсіздікке бой алдырмай тұра алмайтын сергек серілік күш қазіргі ерлерде қалды ма?

Мені осы сәтсіздеу әзілім үшін кешіріңіз, қымбаттым, тағы бір темекі беріңізші. Көріп отырсыз ғой, бұл оқиғаны жайбарақат отырып айту мүмкін емес: сонымен мен бұл әйелдің бойынан сезімталдық пен жүйке жұқалығын байқадым; десе де, оның сезімі аса сергек болмайтын, ол күрестің қауіпті болмауын қадағалай білетін тәжірибелі болатын. Өйткені, ханымның әлсіз дірілі – ол жүйке мен темпераменттің жекпе-жегі. Егер темперамент жеңсе, құрыдым дей бер. Ал менде темперамент...

Мен оның шәй ішкенін жиі бақылайтынмын, оның жүйкесінің толқуын содан тез-ақ сездім.

Содан кейін шыныаяқтар шылдырлады, астарында бұйығы белгілері бар сөз сайысы басталды. Беті бері қарағанын сездім. Тапқыр әңгіме эпиграмма сияқты тұрақсыз тепе-теңдікте тұрған кезде күтпеген жерден батыл бұрылыс жасадым. Ол ондайға дайын емес еді. Есеңгіреп қалды, мен болсам рахаттандым. Содан соң қолын сүйдім де кетіп қалдым.

Келесі күні ол саусақтарының ұшына дейін тапқырлықпен қаруланып келді, маған дес бермеді, мен әңгіме арасында парадокс енгізіп, оның қытығына тиіп отырдым да аяқ астынан жұмсақ дауыспен, балалық тазалыққа ауып кеттім, ол әрекетім оны тағы да тығырыққа тіреді.

Ол да қырағы екен, менің жүгенделмейтін жанды жерімді, яғни темпераментімді бірден байқады.

Ол әйел ерекше сұлу болды. Киім оның тірсегін әдемі айқындап тұратын, ол көйлек кимейтін. Білегінің ақтығы аңсарыңды аудыратын.... Оның жанына жақындағанда қаным бойыма сыймай тасып кететін. Мен оны жасырдым. Ол мұны сезді. Содан кейін мен өз позициямды әлсіретпеу үшін ештеңені жасырмауға тырыстым.

Біз биледік. Ол мені тек тынысымызды алыстан тыңдай алатын қашықтықта ұстады. Оның ол әрекеті мені одан сайын есеңгіретті. Мен ақымақтық жасадым, шыдамсыздық таныттым, мүмкіндіктерді жіберіп алдым, оны байқатпай жөндеуге тырыстым, оның жымиғанын көрдім, шалындым, құладым, ақырында үнсіз қалдым.

Мен жеңіле бастадым. Менің парадокстарым мен оқыс ойларым енді оны тығырыққа тіремейтін болды. Үндемейтін жерде ол жымиятын және әдейі байқатып тұрып жымиятын-ды. Ол біліп тұрып маған жол беріп отырды. Мен мүмкіндікті пайдаланғанда кекесінмен күліп отырды. Оны мен байқамаған кезде өзі соған қарай сілтейтін. Сол кезде менің жүйкем жұқара бастады.

Мен оның барлық қадамының есептеліп қойғанын білдім. Ол өзінің қаруымен күрес жүргізді. Мені қауқарсыз халге түсіргенде, бәрінің бітетінін, яғни оның маған берілетінін түсіндім. Оның маған жәй емес, ыстық сезіммен берілетінін түсіндім, бірақ мен ұяттан келесі күні маңдайыма оқ атуыма тура келетін еді.

Мен қатты қобалжи бастадым. Менде атавистикалық бірдеңе оянғандай болды. Мен ол әйелді сүйдім. Қанымның қайнауы қырағылығымды қалжыратып, көңіл көзін көлегейлеп жіберді. Сезім жалған картиналарды көрсете бастады. Мен қауіпті жағдайда болдым.

Бір күні ол мені бір шыны шайға шақырды. Байсалды қалыппен қарсы алды. Мен оның көзінде жеңіл желік іздегенім бекер екен. Оның бейнесінде бірде-бір ирониялық қатпар болған жоқ. Ол маған нәзік, тіпті сентименталды болып көрінді. Қулық-сұмдықтың барлығы ғайып болып кеткен. Бұл мені қауіпті, меланхолиялық көңіл-күйге душар етті, мұндай жағдай жапырақ жауған күзгі маусымда, түрлі-түсті, бірақ өлі жапырақтардың ағашқа ілініп тұрған кезіндей болатын...

Мен одан Чайковскийдің "Сөзсіз ән" туындысын рояльда ойнауын өтіндім. Ол ойнап жатқанда мен оның киімінің ашық жерінен арқасындағы сызықтарға көз салып тұрдым. Даладағы желдің ырғағымен тербеліп құлап жатқан жапырақтар қандай керемет! Менен бір қадам қашықтықта тұрған иықтардың төменге созылған сызықтары, шаштың хош иісі, елең-алаң уақыт, кішкене қайғы белгісі бар әнтек ашылған еріндер, құмығып шыққан мұңды дыбыстар...

Мен толқып кетіп оның қолын сүйдім де кетуге ыңғайландым.

Ол мені ұстап алды.

– Қалшы. Мен қазір келемін, – деді. Әйел даусының күмістей сыңғырлағанын алғаш есітуім еді.

Мен қатып қалдым. Дағдарып тұрдым. Буырқанған қан бойымды қуалап самайыма бір-ақ шапшыды. Миымның түкпірінде сана бұлқынып, суық шындық сыртқа шыққысы келіп бұлқынады. Мен көпірген сезімнің ішінен сол суық сананы ұстап алайын деп едім әйел бөлмеге қайта кірді.

Жатын бөлме есігін ол ашық қалдырды. Бөлме алакөлеңкеленген екен. Төсек жапқыштың шілтерлі жиегі көрінеді.

Қара түсті жұқа жібек мата. Сол жібектен әлемдегі ең сұлу мүсіннің сұлбасы жатын бөлме жақтан түскен жарықтың сәулесімен көз тартып тұр. Жанары тылсымға толы тұңғиық, әрі таза. Жіңішке, нәзік қолдары маған қарай тартылады. Менің қаным санамды ысырып, бойымды билеп, денемді қыздырып, шыдамсыздана шапшып теріме сыймай барады. Мен оны бас салып төсекке тартып алып кеттім.

Қолым жібек киімнің сыртын дірілдей сипады, кенет, бірдеңе, бәлкім, ыстық қанның астында жасырынған кешіккен ой ма, білмеймін, менің көзімді ашуға мәжбүр етті. Алдымда жүзі парасатты жанды көрдім, көзі жұмулы екен. Мұрнының жиектері сезімнен әлсіз дірілдеп, ерні елеуреп, емеурін тартып тұр екен, дегенмен, еріндерінің етегінде жәй жымиыс жасырынғанын байқадым, ол – мен жеңдім, жеңдім деп тұрғандай еді..

Мен тұзаққа түсейін деп жатқанымды бірден түсіндім. Ұшып тұрдым. Дереу бойымды жинап алдым. Қанымның арыны басылып арнасына түсті. Мен белгісіз мелодияны салып ысқырдым.

Ол да біреу қамшымен ұрғандай ұшып тұрды. Маған қарап, бәрін түсінді. Бірақ ол бұдан былай өзі қолданған қауіпті құралдарды қолдана алмады, өзі оятқан асау сезімдерді тыныштандыра алмады. Олар күштірек болды. Нәпсі оның денесін тұтас тұтқындап алған еді. Ол нәпсінің нәріне шомылғысы келіп шыдамсызданып барады; оның бойындағы от лаулап тұр.

Мен кетуге ыңғайландым. Сіз, мына қылығыңыздың әйел үшін өліммен тең қорлық екенін білесіз бе? Ол мені бір дүлей күшпен өзіне қарай тартты. Үстелінде үнемі жататын жұқа мавритандық қанжарды алды да есіктің алдына барып тұрды:

– Кетіп көр, өз қолыммен өлтірем...

Қорқыныштан бүкіл денем қатып қалды.

Жағдай күрт өзгерді. Осыған дейінгі әсердің барлығы жоқ болып кетті. Ойын және күрес, мазақ ету мен тапқырлық бәрі де ғайып болды. Шешім тек соған байланысты болды.

Менің табиғат құбылыстарын қалай жақсы көретінімді білесіз. От, теңіз, дауыл. Кенеттен, мен осындай таза табиғи дүлей күштің, жердегі қарапайым инстинкттің, әйелдің қалауының алдында тұрмын! Мен оны табиғаттың басқа көріністері сияқты жақсы көруге мәжбүр болар едім, егер... – Ия, егер ол шынымен өзінің табиғи тілегін дәлелдей алғанда! Сол кезде ғана мен оның сөзсіз құлы болар едім. Дәлелдеу үшін бір қадам қажет болды. Бір сөз айтпастан, ала көзбен бір қарап, есікке қарай аяңдай бергенде қанжар жарқ ете қалды, мен оның иығыма кіргенін сездім. Бірден қан шапшыды.

Ол қанжарды алысқа лақтырып жіберді де, аяғыма жығылып, өкіре жылап кешірім сұрады:

– Кешір. Қолымен жараны ұстап: – Кешір – деп жылай берді.

– Басында сіз жеңіске жетейін деп қалып едіңіз, ханым. Кейін – егер, сіз соны шын мәнінде жасағанда, яғни мені қанжармен ұрғаныңызда, сіздің табиғи тылсым таза күшіңізге, табиғатпен тығыз байланысыңызға, сезім бұлқынысыңыздың боямасыз көрінісіне көзім жеткенде сізді сүймеуге хақым болмас еді, бірақ сіз жарты жолда жасып қалдыңыз. Сіз шешім қабылдап тұрдыңыз, бірақ оны жүзеге асыруға жігеріңіз жетпеді. Сіз рух пен ішкі қалаудың квинтэссенциясы да, байланысы да емессіз. Сіз солардың қопсасы ғанасыз. Әйел емессіз. Нәсілі әйел жаратылыссыз! Жылдамырақ тұрмысқа шығыңыз.

Маркиз үндемей қалды. Әңгіме тыңдап тұрған әйел бірден бойын тіктеп:

– Мені жайыма қалдырыңыз! Тез арада! Қайтып көзіме көрінбеңіз! Сізді енді көргім келмейді - деді де шығып кетті... Ол артынан қарап тұр. Бас киімін киіп жатып, жымиды. Ол ертең сол асау әйелді айызы қанып ауыздықтайтынын, ал әйел оны ұйықтап қалғанда байқамады деп ойлап, иығындағы жұқа тыртығын білдірмей сүйетінін білді.

Аударған: Ақлима Исмаил

Бөлісу:

Көп оқылғандар