Оразақынның «Қара өлеңі»
Бөлісу:
«Біз білетін Оразақын табиғатына тән ойлы, жайлы, жібектей есіліп отыратын лиризмімен арман ағысын асықпай, ақырын лықсыта береді де сіз оған еріксіз елтисіз...» Бұл қазақ поэзиясының Хам ағаңы – Хамит Ерғалиевтің ақын Оразақын Асқар туралы ойынан бір үзік сыр. Хам ағаң Оразақын Асқардың ақындық, адамдық, шығармашылық болмысын тап басып отыр. Оразақын Асқарға бұндай қасиет туа бітті табиғатынан, туған жер топырағынан, тал бесігінде тербелген қара өлеңінен жұғысты болса керек. Оразақын Асқардың тұтас шығармашылығы арнасынан асып-төгілмей алысқа, сонау қиырларға құятын айбатты, терең өзендердің бітімін елестетеді. Бәрі қара өлең дегеннен шығады. Біз бүгін Оразақын Асқардың поэзиясымен қабат, қазақ қара өлеңін жинап, зерттеген, қазақ сөз өнеріне қосқан сүбелі еңбегі туралы аз-кем ой өрбітеміз.
Қазір біздің қолымызда Оразақын Асқардың ел аузынан тірнектеп жинап, реттеп құрастырған, 1989 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Қара өлең» атты кітабы тұр. Кітаптың қысқа ғана аннотациясында: «Ауыздан ауызға тарап, ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан ауыз әдебиетінің озық үлгілерінің бірі – қара өлеңдер. Талай кезеңдегі халықтың ой-арманын, мақсат-мұратын, қуаныш-сүйінішін бейнелейтін осынау қымбат қазына ел аузынан жиналып, жүйеленіп тұңғыш рет жеке кітап болып жарық көріп отыр»,- деп қысқаша түйінделген. Біз осы ретте тұңғыш деген сөзді қадап айтқымыз келіп отыр. Өйткені, көшпенділер өркениеті мен далалық мәдениеттің сарқылмас қайнарындай болған қаншама інжу-маржандарымыз желге шашылып кетті. Қаншамасы тарихтың терең қойнауында қалды. Қаншама шежірелі қазына шешен қарттардың көзімен бірге ана дүниеге аттанып кетті. Осының бәрі – асыл сөздің, нақты деректердің хатқа түспеуінен болып отыр. Осы тұрғыдан келгенде біз Оразақын Асқардың асыл рухы алдында мәңгілік басымызды иеміз.
Оразақын Асқар ел ішінен жинаған қара өлеңдерін, реттеп шартты түрде жиырма үш тақырыпқа жүйелеген. Олар: өлең туралы өлең, амандасу-танысу өлеңі, той бастар, тәлім өлең, жер-су өлеңі, тау өлең, жұлдыз өлең, балық өлең, көші-қон өлең, қамшы өлең, домбыра өлең, базар өлең, дүние-ғұмыр туралы өлең, ғашықтық-сүйіспеншілік туралы өлең, жігіт өлең, қыз өлең, сыңсыма, қайым өлең, бәдік өлең, жұмбақ өлең, өтірік өлең, елім-ай, қайырма өлең сынды жеке-жеке тақырыптарға жіктеледі. Кітапқа енген қара өлеңдер он мың жолға жуықтайды.
Оразақын Асқар «Қара өлеңнің қайнары» атты кіріспе сөзінде кітаптың жинақталу барысы, құрылымдық ерекшеліктері, қара өлеңнің тарихы мен табиғаты туралы тұшымды ойлар айтады. Алғы сөз былай басталады: «Халықпен бірге туып, біте қайнасып өмір кешіп келе жатқан қазақтың қара өлеңі он бір буынды, бірінші, екінші, төртінші жолы ұйқасқан, әр жолы төрт буынды сөзге бітетін төрт тағанды бір шумақтан тұрады. Кейде негізгі шумақтың ұйқасына сай екі немесе одан да көп жолдар қосатын кездер болады. Ол қосымшалар көбінше есте сақтала бермейді, сақталған күнде де әр түрлі нұсқада құбылып келуі мүмкін. Сондықтан негізгі төрт жол қара өлеңнің түбегейлі шумағы ретінде жалпыға ортақ болып қала береді. Екі сөзден құралған қара өлең ұғымы бір қарағанда өте түсінікті сияқты. Бірі көркем әдебиеттің түрін, екіншісі түсін білдіріп тұрғандай. «Нега қара?» деген сұрақ көкейімізде тұрса да, көбінесе оған жауап іздей бермейміз. Өлең ұғымы көне қыпшақ тіліндегі «ұла» сөзінен шыққан екен. Бұл – сөздердің бір-бірімен ұласуы, үйлесуі, ұйқасуы деген мағына береді». Одан ары Оразақын Асқар өлең сөзінің анықтауышы болып тұрған «қара» сөзінің мәні мен мағынасы туралы өз пікірін ортаға салады. Ақынның пайымдауынша «қара» сөзі заттың түсін білдіретін негізгі мағынасынан әлдеқайда терең ұғымда. Қара – әлемнің алғашқы қалпы, ежелгі, байырғы, түпкі деген мағыналардың ауқымын да өз ішіне қамти алады. Қазақтың қара шаңырақ, қара жол, қара қазан, қара тау, қара сөз сынды ұғымдары да осы ойдың ұшығын шығарады. Осы заңдылыққа сүйенсек қара өлең – ежелгі өлең, ескі өлең, өлеңдердің басы, бастауы деген кең тынысты ұғымды өзіне үстеп тұрғаны анық. Қара өлең – ежелгі өлең, яғни өлеңдердің өлеңі болады екен, онда оның иесі – халық. Қара өлең халықтың табиғатқа тамсануынан, қуаныш-сүйінішінен, өкініш-күйінішінен туындағаны анық. Сол сезімдері ежелгі бабаларымыз бір шумақ өлеңмен түйіндеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып бізге жеткені аян.
Осыдан ары Оразақын Асқардың өзіне сөз берейік: «Басқа халықтардың қара өлең тектес інжу-маржандары баяғыда-ақ жиналып, сан-салаға жіктеліп, кітап болып әлденеше рет қайта басылды. Өзге тілдерге де аударылып, әлем әдебиетінің алтын қорына қосылып үлгірді. Мәселен: «Әзербайжан халық өлеңдері» орыс тіліне «Ақындар кітапханасы» сериясынан екінші рет жарық көріп отыр. Ал қазақтың қара өлеңі зерттеушілердің назарына ерте іліккенімен, күні бүгінге дейін дұрыстап жиналып, жүйеленіп жарық көрмей келеді. Алғаш тыңнан із салған зерттеушілердің дәуіріне қарағанда одан бері қазақ ауыз әдебиеті біршама жинақталған».
Оразақын Асқар қара өлеңді сұрыптай келіп, танымдық, көркемдік, тәрбиелік мән-мағынасы туралы сөз қозғайды. Қара өлеңнің шеберлігін, көркемдік қуатын бүгінгі поэзияның биігінен бағалап талдайды.
Іші алтын өлеңімнің сырты – күміс,
Жақсы атқа бірдей бітер жорға жүріс.
Өлеңім – жақсылардың жан азығы,
Тағы да табам екі қолға бір іс.
Оразақын Асқар қара өлеңнің осы шумағын Абайдың атақты «Өлең сөздің – патшасы, сөз сарасы» деп келетін өлеңімен салыстырады. Бұл өлеңді Абай бұрын, иә халық бұрын айтса да, екеуіне ортақ бір ұғым бар. Ол – өлеңге қойылатын өлшем. Өлең өнеріне қойылатын үлкен талап мәселесі. Сөздің сиқырын, дәмін, нәрін, өзегін аңдай білетін ақынның шеберлік шыңы туралы екені түсінікті.
Басында Қаратаудың қар борайды,
Басына керім жігіт сәлде орайды.
Сәлдесін бір ораған қайта орайды,
Басына сол шіркіннің кім қарайды.
Ал қара өлеңнің осындай ежелгі нұсқасының Абай сөзімен тікелей қатысы болмаса да, бұндай өлең жолдарынан өз заманының, өз дәуірінің таңбасын анық аңдауға болады. Қара өлең міне осындай тарихи деректер беруімен қатар, зер салған зерттеушіге жер, су аттары, кей сөз тіркестерінің шығу себебі, мағынасы сияқты құнды деректерді ұсына алатын сипатқа ие. Осы сипаттарды Оразақын Асқар мысал келтіре баяндайды. Айталық, қара өлеңде «Қос қалқа» деген сөз жиі қайталанады. Бұл жұптасу айтысындағы екі жігіттің қарсылас әріптестеріне арналған атау. Күй аттарында көп айтылатын Қос алқа осы ежелгі өлеңдердегі «Қос алқа» ұғымымен сабақтасып жатуы әбден мүмкін. Қара өлеңдегі «Қос алқа» үлгісін шығарған ақындардың бірі күйші болуды да ғажап емес. Қазақ өнерінде сөз бен сазды қатар алып жүріу үрдісі әдепкі құбылыс. Сол жігіт кезекті тойда, сөз сайыстырған қос қызға арнап күй шығарды делік, бәрі де жарасымды. Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйі де сазды, назды, ырғақты келеді ғой. Өнер де бәрі мүмкін. Қара өлеңнің тағы бірінде: «Бұл тауда Маңғұс деген құс болады»,- деген жол бар. Ертеректе маңғұсы көп тауды «Маңғұстау» деп атамағанына кім кепіл? Міне, қара өлеңнің тереңіне бойласаңыз, осындай мәліметтерді жиі ұшыратасыз.
Жалпы қара өлңнің әр тармағының өз орыны, өз айтары бар. Көбіне алдыңғы екі тармағы мағынасыз болып келетіні туралы өткендегі бір мақаламызда аздап баян еткенбіз. Қара өлеңде үшінші тармақта өлеңнің тұтас мағыналық сипатын айқындап тұратын ерекшелік бар. Олар ойлы, образды келеді. Айталық: «Бірге өскен кішкентайдан, беу қарағым...», «Оралыңның барында ойнада күл...», «Көңілің шыныменен болса менде»... осылай үндесіп келетін тармақтар, қара өлеңнің нағыз алтын арқауы, алтын көпірі. Ақиқатында, қара өлеңнің төрт тармағы бірін-бірі толықтырып, бір-біріне үн қосып, саз қосып түрлендіріп отырады. Байырғы қара өлеңдер де ұйқас үшін айтылатын артық сөз болмайды да. Қара өлеңді тудырған жағыдай, оны айтушының қоғамдағы орны, кім екендігін білу өлеңді жан-жақты түсінуге мүмкіндік береді. Осы арқылы қара өлең өз заманының тарихи-әлеуметтік түп төркінінен де хабар беріп отырады. Қара өлеңнің бай философиясын отандық және шетелдік ауыз әдебиеті өлең үлгілерін былай қойғанда, жазба әдебиетінің таңдаулы туындыларымен қатар қойып қарастырсақ та, емін-еркін иық тірестіре алатынын анық бағамдауға болады.
Сұм тағдыр сұмырайға нан бересің,
Су мен жер, үй, салтанат, сән бересің.
Бір үзім нанға зар боп жүргендер бар,
Алмаған адал жанда бар ма еді өшің?
Бұл Қуандық Шаңғытбаев аударған Омар Һайямның рубайы. Енді есіңізге Абайдың ғапыл дүние туралы: «Сұм дүние тонап жатыр ісің бар ма, Баяғы күш, баяғы түсің бар ма? Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір, Желікпен жерге тықпас кісің бар ма?!» деп келетін мұң мен зарға, ашу мен налаға толы пәлсапалық ойларын есіңізге салайын. Содан соң, мына бір қара өлеңді оқып көріңіз.
Дүние, қудым сені жалықпай-ақ,
Судағы ұстатпайсың балықтай-ақ.
Біреуге мал мен басты түгел беріп,
Қойыпсың кейбіреуді жарытпай-ақ.
Омар Һайям, Абай Құнанбай һәм қазақтың қара өлеңі. Осы үш ұлының үш шумақ жырын салыстырып көрсеңіз өзара үндестікті, сабақтастықты, жалғастықты танып-білу аса қиынға соқпас деймін. Қайта бір-бірімен ой таластырып, сөз жарыстырып тұрғандай.
«Эпостық дастандардың шығу тегі сөз болғанда олар тұрмыс-салт жырларының негізінде туды деп айтуға кәміл болады»,- деп жазады Мұхтар Әуезов. «Ал тұрмыс-салт жырларының өзіне, оның бір түріне жататын қара өлең үлгісі негіз болмады ма екен»,- деген ойды Оразақын Асқар құптай түседі. Осы тұста ауыз әдебиетінің ең ықшам түрі мақал-мәтелдер еске түседі. Мақал-мателдердің табиғаты, ойы, құрлымдық жинақылығы бәрібір де қара өлеңнің сойына жақын келеді. Ал ауыз әдебиетінің арыдан келе жатқан үлгісінің бірі айтыс болса, оның қара өлеңнің бел баласы екеніне дау жоқ. Далалық айтыс әртүрлі себептерге байланысты өтеді. Соның бірі – той. Тойдағы айтыстың түрі көп. Соның бірі – екі-екіден жұптасып, ер-әйел болып төрт кісі бірігіп айтысады. Бұл арада Оразақын Асқар кітаптан оқыған, ие, біреуден естігенді емес, шет жағалап өзі көрген жайттарды баяндайды. Айтыстың «Қос алқа» атты бұл түрінің қара өлеңмен қандай қатысы барын жоғарыда аз ғана баяндап өттік. Ары қарай қара өлеңнің басқа тақырыптық ерекшеліктеріне мән берелік.
Отанды, туған жерді, өскен елді сүю, оның қадір-қасиетін ұғыну сынды ғұмырлық өміршеңдігін жоғалтпайтын таным – қара өлеңнің де қырағы көзінен қиыс қалған емес. Жалпы қара өлеңнің бармаған тақырыбы, айтпаған сөзі жоқтың қасы.
Күнде алшы түсірсең де асығыңды,
Көрмейді жат жер сені тасы құрлы.
Шеңгел де өз жерінде дүркірейді,
Әркімнің өз елінде басы құнды.
Туған жер, туған ел қасиетін байырғы қазақ сөзі осылай жеріне жеткізе, шебер шендестіріп, көріктендіріп айтады. Туған ел бар да, туған топырақ бар да, оны басып жүрге айдарлы ұл, бұрымды қыз бар да, осы бір шумақ өлеңнің қадір-қасиеті еш уақытта пәс тартпас. Елімен бірге, тілімен бірге жасай берер. Қара өлең – қашан да жақсылықтың жаршысы. Шынайы адал достың ту ұстаушысы.
Қара су қанша ішсең де тоғы болмас,
Жақсаң да қанша қамыс шоғы болмас.
Қадір білмес жаманмен жолдас болсаң,
Қарап жүріп атарға оғы болмас.
Міне, қазақ халқының өмір туралы, өмірлік дос туралы пайымы. Достық, адалдық туралы ұстанымы. Осы өлеңнің мазмұнын, көркемдік ерекшелігін, табиғи бояуын безбендеп көрсеңіз, сөйлемдердің ішкі байланысын, табиғи құрлымын анық байқауға болады.
Сынама хас батырды жаралыда,
Сынама хас сұлуды қаралыда.
Өзіңе өзге қамқор болсын десең,
Басқаның қарап үйрен қабағына.
Бұндай шумақтарды қандай гуманист ұлт шығаруы мүмкін. Адам өмірінің тұтас мәні, ойлы-шұңқырлы жолы, кедергісі мен кесапаты, бәрі-бәрі ізгілік, сыйластық деген асыл ұғымдарға келіп тоғысады ғой. Бұл тіршіліктің, тіршілік етудің, тіршілікті сүюдің – ең биік, ең асқақ ұстанымы болмақ. Осындай бекзат, текті өлеңдерді қайталап оқи бергің келеді.
Еркім жоқ жылқы құрлы баққан кеңге,
Сен жақтан жаным сергір соққан желге.
Түскенде сен есіме сенер болсаң,
Көзімнен аққу жүзер аққан селге.
Қара өлеңнің қабат-қабат құпияларының бірі осылай махаббаттың аппақ шыңдарына жетелейді. Жалпы, өлең, оның ішінде қара өлең – ұлттық танымның жемісі. Қара өлең – ұлттың мінезіне, болмысына қарай туады. Ол – ұлттың эстетикасының анық белгісі. Жан әлемі кіршіксіз, ойлау жүйесі таза халықтан ғана осындай парасатты поэзия туса керек. Әсте, махаббат пен парасат егіз ұғым екенін екенін парықтап жүру ләзім дейміз.
Сонымен, Оразақын Асқар қара өлең туралы ойларын былай жалғастырады. Әуелгі сөзді айнытпай берелік: «...Күн шыға аттанған тойшылар пәленнің айтқаны, түгеннің шығарғаны деп өлең жаттап, табыспен тарасады тұс-тұсқа. Әр тойда айтылған шұрайлы шумақ, әсерлі ән ел есінде қалып, халық мүлкіне, қара өлең қорына қосылып жатады. Сөйтіп бір тойда ел көзіне түскен әнші, ақындардың даңқын естіген өзге ақын, өлеңшілер келесі тойда арнайы іздеп барып айтысу арқылы пәлен мен түгеннің айтысы деген аты шулы айтыстар дүниеге келеді. Демек қазіргі ұғымымыздағы бірме-бір жеке айтыстың шығу тегі, қайнар бұлағы жоғарыда суреттелген қос-қостан айтысатын қара өлең айтысы». Айтыс пен қара өлең ұғымының түп мәнін ұзақ қарастырған Оразақын Асқар, бұл тұрғыдан барынша шынайы әрі ғылыми пікірлер пайымдайды. Әдетте айтыс өлеңдері көбіне әнмен, өз әуенімен айтылады. Оның мақамы жеке дауысты әндерден бөлек, терме, жыр, толғау мақамдарынан басқа. Дегенмен, жұптасқан айтыстардан жекпе-жек айтыстардың туындағаны сияқты қара өлең әндерінен қазіргі ұғымымыздағы жеке ән, ән айту өрбіген. Қайырма өлең қара өлеңге емес, әнге тән. Егер ән әуенінде қайырма бар болса, қайырма өлең кезкелген қара өлеңге қосарланып айтыла береді. Ал әнде қайырма жоқ болса қара өлеңнің ешқайсысына да қосылмайды. Ән шығаратын композиторлар, текст жазатын ақындар дараланған заманда бірде ән бұрын туып, өлең кейін әннің рухына сай жазылып жатады. Енді бірде жақсы өлеңді ұнатып қалған композитор ыңылдап өлеңді айта жүріп, әнді кейін шығарып жұптайды. Ал о баста қара өлең алдымен туған сияқты. Ән содан кейін шыққан. Бір шумақ қара өлеңнің бірнеше әнге текст болып таңылып жүре беретіні де сондықтан. Мәселен: «Сен қалайсың, жан қалқа, мен дегенде» деп басталатын шумақ халық әні «Ақайша» мен «Қарағым-айға» бірдей ортақ болып жүр. Қазір де кейде дайын мәтіні жоқ композитор жаңадан жарыққа шықпақшы жаңа әнін байырғы қара өлеңнің шумағына салып, «Ауылым көшіп барады белден асып» деп күбірлей ыңылдап отыратынын көріп те жүрміз.
Әуелі бас қосқаным – Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды.
Өлгені Төлегеннің рас болса
Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?
Осындай жүрек жарды қара өлең Қыз Жібек сынды текті арудың қасіретті қайғысы үстінде алдымен өлең түрінде өзегін өртеп шығып, содан кейін әнге, зарға ұласып ауыздан-ауызға таралып, біраз уақыт ән түрінде өмір кешуі де әбден мүмкін. Бертін келе қазір аты белгісіз талантты ақынның шабытына қозғау салып, ұланғайыр лиро-эпосқа айналмағанына кім кепіл. Жалпы қара өлең өз заманында барлық жанрдың міндетін атқарған сияқты. Барлық фольклорлық жанрларды бауырына басып, балапандай өрбіткен тәрізді. Оразақын Асқардың пікірінен соң осылай айтсақ асылық бола қоймас дейміз.
Сөз соңында ақын Оразақын Асқардың қара өлеңді ел ішінен қалай жинағаны туралы баян етелік. Автордың өзі оны былай деп еске алады: «Әкем бәйіт, хисса, батырлар жырын домбырамен сүйемелдеп, әнге қосып жатқа айтушы еді. Ат жетер жердегі жақын тойға арнайы шақыртатын өлеңші Жаңылқан деген нағашы жеңгемізге қосылып шешем де айтысқа қатынасатын. Осындай ойын-тойшыл ортада туып-өскендіктен жасымыздан халық өлеңі құлағымызға сіңісті болған жайы бар. Осыны білетін, естіген кейбір үлкен-кіші жолдастардың өтінішіне орай ойымда бар қара өлең шумақтарының таңдаулыларын айтып беріп, жазып беріп жүруші едім. Солардың кейбіреулері «осының бәрін жинап баспаға неге ұсынбайсың» деген кеңес те берді. Осыдан кейін жадымызда сақталған қара өлең шумақтарын қағаз бетіне түсіре жүруді, ел ішіне барғанда қара өлеңді білетін адамдардан тың шумақтар естісек жинай жүруді әдетке айналдырдық. Сонда да қара өлең атаулының бәрін емес, көкейге қонымды көркемін, жан толқытар әсерлісін ойлысын, оттысын таңдадық. Ұқсастарын салыстырып, озығын алдық. Әр сөзін саралап, салмақтап, сапалысын ғана санатқа қосып жүрдік. Дербес ойы бар ұқсас шумақтарды қосалқы түр ретінде қатар алып, тізбектей орналастырдық. Мұндай іріктеуге қанша ықыласты болсақ та ырыққа көнбей қойған қара өлең шумақтары да кездесті». Оразақын Асқардың ырқына көнбей қойған шумақтардың бірінен мысал келтірейік.
Дүние опа қылмас жинағанмен,
Кетесің бір күн тастап қимағанмен.
Басыңды кім сыйласа машайығың,
Өзіңді болғын жолдас сыйлағанмен.
Оразақын Асқар осы өлеңдегі «машайық» сөзіне күмәнмен қарайды. Бірақ осы тектес қара өлеңді кімнен естісе де, қайдан оқыса да, мұрағат құжаттарынан қараса да осы «машайық» шыға берген. Сол арқылы өзінің өзгермейтінін, тапжылмайтынын, былайша айтқанда түпнұсқа екенін танытқан. Сонымен Оразақын ағамыз осы сөзге арнайы түсініктеме беріп қалдыруды жөн санаған. Сөйтсе, бұл сөздің жеті түрлі мағанасы бар екен. Ал өлеңде «машайық» сөзі рухани ұстазың, қамқор тәрбиешің деген мағына беріп тұр. Осындай да «Пәледен машайық қашып құтылыпты» деген байырғы мақал еске түседі. Қара өлеңді жинаудың жапасы бір бөлекте, реттеп, жүйелеп берудің машақаты бір бөлек. Жанкешті шаруа. Оразақын Асқар қара өлеңдерді сұрыптап, сапқа тізер алдында, кейбір өзгеріске ұшыраған, алдыңғы екі тармағы тым мәнсіз өлеңдерді, дәл сондай басқа нұсқасымен, бірақ, алдыңғы тармақтардың мағыналы нұсқасымен ауыстырып жөнге келтіреді. Оған Оразақын ағамыз былай деп мысал келтіреді.
Ендеше Құнанкерім, Құнанкерім,
Жарасар Құнанкерге құранды ерім,-
деген егіз жолдың біріншісі әлгіндей ретпен:
Бәйгеден озып келген Құнанкерім,
Жарасар Құнанкерге құранды ерім,-
болып толығады.
Бәрін айта берсек әңгіменің ауаны алыс, көкжиегі кең ғой. Ең бастысы Оразақын Асқардың азапты еңбегімен, ыждағатты тәрбиесімен, жадысының беріктігімен, өлеңге деген ізгі махаббатымен он мың жолға жуық қара өлеңдер жинағы осылай кітап болып дүниеге келеді. «Қара өлең» кітабы шыққалы да отыз жылдан асыпты. Одан бері де толықты, тіпті де жүйеленді деп сенеміз. Дегенмен, қара өлеңді зерттеу, ғылыми талдау мәселесі әлі де өзекті. Қара өлеңнің ішіне бүккен құпиясын ашу сөзтану ғылымындағы кезек күттірмейтін шаруалардың бірі екені анық. «Қалайша ақынмын деп айталамын, Халқымның өз айтқанын қайталадым» деп Мұқағали айтқандай, қазақтың кең даласын желдей кезіп, ауыздан ауызға жөңкіліп жүрген ұлан-асыр байлығын, әз халқының аялы алақанына салып, қоржынына қайыра толтырып берген Оразақын Асқар ағамыздың рухына тағы бір мәрте бас иеміз.
Көрнекісуреттер еркін ақпарат көзінен алынды
Бөлісу: