Нәзір Төреқұлұлының Сәкенге сыны

Бөлісу:

01.06.2022 5232

Әдебиет тарихында даулы мәселелер көптеп кездеседі. Соның бірі – Сәкен Сейфуллин мен Нәзір Төреқұлұлының арақатынасы. Бұл жайлы көптеген пікірлер айтылған. Бір топ Сәкенді жақтаса, екінші топ Нәзір Төреқұлұлының пікірлері орынды дегенді айтады. Нәзір Төреқұлұлын әдебиет сыншысы ретінде кеңінен танымал еткен еңбегі – Сәкен Сейфуллиннің «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағына білдірген пікірі. Оның бұл дүниесі «Темірқазық» журналында жарияланды.

Өз ұлтын шын сүйген адамды халқының әдебиеті мен тарихы бейжай қалдыра алмайды. XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының барлығы дерлік әр түрлі мамандық иелері болумен бірге ұлттық әдебиеттің де білгірлері болған. Н.Төреқұлов та әдебиеттің ұлттың өмірінде, рухани тіршілікте атқаратын аса маңызды қызметіне назар аударып отырған. Ол «әдебиет – халық айнасы. Ақынның жыры, әні, жазушының кестелі, майда сөзі елдің тілін кестелейді, тұрмысын суреттейді, сезімін оятады. Елге тура жол бастайды, түзу тәрбие береді, қысқасы елдің білім жүзінде тереңдігін әпереді, елдігіне жеткізеді» - деп білді. Сынға араласқан Н.Төреқұлов әдеби процесті сынның ролін «Сыншы /критик/ әр уакыт шынын сөйлеуге міндетті. Шынын сөйеу сыншының парызы. Сыншының «өтірігі» жұртқа зиян, жазушы мейлі «өлетін» болсын, критикасы мейлі көңіліне ауыр тиетін болсын, жазушының мінезі ауыр-ақ болсын, «аждаһадай жұтам» деп тұрған болсын, болмаса «жат тұрған бұл дүниеге мен ғаріп» деп көзіне жас алып жалынған болсын, сыншы еш нәрсеге қарамай, өз міндетін атқаруы тиіс! Жазушының жазғаны сыншы – би; сыншының сынына оқушы – би» деп білген. Осы бағытта өзі де бірнеше сын мақала жазды. Оның С.Сейфулиннің «Асау тұлпар», «Тар жол, тайғақ кешу», «Бақыт жолында» сияқты шығармаларына жазған рецензиялары белгілі. Нәзір Сәкеннің тым революцияшыл болып кеткендігін ұнатпаған болуы керек; шығармаларын аяусыз сынайды. Нәзірдің осы мақалаларынан оның пікірлерін ашық, жеріне жеткізе айта білетіндігі, қажетті жерлерінде юмор, ирония, сарказм сияқты жылы-жұмсақ, ащы әдістерді тиімді пайдаланып отыратын ерекшелігі де байқалады.

«Сыншы менен доктордың арасында бір-ақ айырма бар. Ол айырма: ауру кісі өлетін халге келіп қалған болса, доктор қарап, шынын сөйлемей, аурудың көңілін көтеріп кетсе, ол докторды ешкім айыптамайды. Шынын сөйлемей доктордың өз еркінде, доктордың «өтірігінен» жұртқа зиян жоқ... Сыншы болса ше? Сыншы (критик) әр уақыт шынын сөйлеуге міндетті. Шынын сөйлеу – сыншының парызы. Сыншының «өтірігі» – жұртқа зиян...» деп басталады бұл сыни мақала.

«Жазушының жазғанына – сыншы би, сыншының сынына – оқушы би...» деп жазады енді бір жерінде.

Жалпы Сәкеннің «Асау тұлпар» кітабына арналған сыни мақала өте өткір жазылған. Қостауынан гөрі сынап-мінеуі басым. Арада қаншама жылдар өтсе де бұл мақала өз мәнін, күшін жоймай отыр. Олай дейтін себебіміз – сыншының Сәкен өлеңдеріне қатысты көптеген ойларымен келіспеске болмайды. Поэзиялық қуаты кем дүниелерді Нәзір дөп басады. Дереу талдау жасай бастайды. Әріне, осы сын мақала өз кезінде әр түрлі ойға жетелеп, әдебиетшілер арасында үлкен дау-дамай туғызды. С.Сейфулинннің өзі де бұған қарсы пікір жазды. Тіпті кейбір әдебиетшілер бұны екеуінің арасындағы түсініспеушілікке, бас араздыкқа телігендей болды. «Нәзір Сәкенді әдейі сілейте сынап отыр, онын жігерін жасытпақшы, әйтпесе ол дәл соншалық жарамсыз жинақ емес» деушілер де табылды.

Мысалы С.Мұқанов «Сынға сын» атты мақаласында: «Нәзір «Асау тұлпарды» қолына алғаннан-ақ о жақ, бұ жағын сығалай қарап, ішінен сөкет нәрсе табуға тырысады... «Асау тұлпардағы» жақсы шығармалардың ешқайсысын көрмейді, ол шығармалардың революциялық, советтік қазақ әдебиетіндегі алғашқы қарлығаштар екенін айтпайды. Ол тек бұл жинактың қате, кемшіліктерін ғана тереді» деп жазды. Осылайша Нәзірге қарсы шығады да, сынның дұрыс жерлеріне токталып жатпайды.

Әрі қарай былай деп жалғастырады:

«Сынның дұрысы – әрбір коммунист, олардың ішінде Нәзір сықылды жауапты қызметкер қазақ тілінде шығып жатқан жаңа кітаптың бәрін оқып, біліп отыруға тиіс. Баспасөз – тәрбие қаруының бірі. Бұл каруды Коммуннстік партия кім көрінгеннің колына беріп отыра алмайды. Бұны, Нәзір жолдас та білетін сиякты. Бірақ таңқалдырарлық нәрсе – ол Түркістан республикасында басшылардың бірі боп тұрған шағында онда басылған кітаптардың ешқайсысына сын жазған емес. Кітаптарды былай қоя тұрғанда, соңғы екі-үш жылда «Ақжол» газетінің беттерінде коммунистік идеяға жат талай мақалалар басылды. Нәзір жолдас ол кезде Түркістан Орталық Атқару Комитетінде жауапты хатшы еді. Нәзір жолдас сыншы болса сонда қайда қалған?

«Асау тұлпарды» сынаумен Нәзір ескі карыздарын үстінен түсіре алмайды. Түркістан республикасының баспасөзінен Орта Азия жастары түгел тәрбие алуға тиісті. Бірақ оның беріп отырған тәрбиесі қандай? Ондағы баспасөз орындарының көбінде Қазақстаннан сытылып барған баншыл-ұлтшылдар отыр. Нәзір олардың Совет өкіметіне қарсы жазып, баспада жариялап жүрген шығармаларын неге көрмейді?» деп бір тоқтайды мақалада.

Бірақ, әділіне жүгіну керек. Сәбит Мұқанов осы жарияланымның бір жерінде екеуін де жақтамай, шындыққа табан тіреп, мынадай пікір білдіреді: «...«Азия» өлеңіне шыққан сыны да сын көтермейді. Сәкен Азияның майын тамызып мақтаса, Нәзір де сөйтіп Европаға кір жуытқысы келмейді. Шынында екеуінікі де кате...» депті.

Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, үлкен жазушымыз С.Мұқановтың «Сынға сын» мақаласында Нәзірдің артық-кем тұстары біршама көрініс тапқан. Мақаланы жоққа шығарудан аулақпыз. Бұл жердегі мақсатымыз – біріншіден, мақала туралы деректер келтіру, екіншіден, ондағы пікірлердің дұрыс-бұрыстығына тоқталу, зерделеу.

Нәзірдің сыны («Асау тұлпар» жинағы туралы) өз кезінде бірқатар пікір таласына негіз болса, ол кейінгі жылдарда да назардан тыс қалмады. Көптеген сыншыларымыз бен әдебиет зерттеушілеріміз сынның дұрыстығынан гөрі бұрыстығын баса айтумен болды. Бірқатар ғылыми еңбектер мен зерттеулерде сол бағыт шаң беріп отырды. Қысқасы, қазақ әдеби сынында да Нәзір Төреқұлұлының есімі тек қана нашар кырынан аталып, солай таныстырылып келді.

Филология ғылымдарының докторы С.Қирабаев «Сәкен Сейфуллин» деген монографиясында «...Әдеби-сын еңбегінде Нәзір (әсіресе Сәкен туралы мақалаларында) субъективтік пікірлерден аса алмады. Ол Сәкен өлеңдерінің революциялық (?) мазмұны жөнінде ештеме айтпастан, акынның жеке басына тіл тигізу, оны балағаттау сияқты теріс жол ұстанды»,- деп жазды.

Бұдан да басқа әр саққа жүгірту, әр бағытқа бұру секілді пікір таластары қай кезде де болып жатты.

Күні кешеге дейін осылай айтылып, осылай жазылуы заңдылық еді. Өйткені, Нәзір есімі «халық жауы» ретінде көпке дейін ашық айтылмады. Бұл – бір. Екіншіден, оның шығармашылық қырлары бұрын-соңды терең талданып жазыла қойған жоқ. Үшінші себеп – ол жазған әдеби сын еңбектердің тым өткірлігі, бетің бар, жүзің бар демейтін ащылығы... Бұндай сын, әрине, ешкімге де ұнай қоймасы белгілі. Сондықтан да тарихшы-зерттеушілеріміз оны үнемі айналып өтіп, ал оған мүмкіндік болмаған жағдайларда «солақай сыншы» ретінде түйреп тастап отырды.

Ал, шын мәнінде Нәзір сыны қандай сын еді? Ол расында да «аққа қара жағушы ма»?... «Солақай сыншы» ма?..

«...Кітаптың бір шетіне «күш – білімде» деп жазып та қойылған. «Бәсе, күш – білімде» дедім де, «Сәкен бізге не білім береді екен?» деп, басынан аяғына шейін оқып шықтым. Қарасам, «Асау тұлпар» дегені шынында да «асау» екен...» деп жалғастырады Нәзір.

Нәзірдің тілі – ащы тіл. Ол сынаған адамына аяугершілік көрсетіп отырмаған (Бәлкім, ең негізгі кемшілігі осы болар).

Мысалға жүгінелік, С.Сейфуллиннің «Маржан» деген өлеңін былай талдайды:

«...Маржан» деген өлеңін алайық. («Асау тұлпар», 8-бет):

Маржан, Маржан, қарағым!

Күлімдейді қабағың.

Сәкеннің көзі – Маржанның аяғында...

Түріліпті балағың,

Жалаңаш болған балтырың,

Не деген сұлу жарқыным!

Маржанның жұмыста жүргенін Сәкеннің өзі де біледі:

Маржан, Маржан, жүрегім,

Қолыңда сенің күрегің,

Жұмыста жүрсің білемін...

Жұмыста жүргенін өзі біле тұрса да, басында өз «қайғысы»:

Жалаңаш жұмыр білегің,

Мойнымнан құшшы – тіледім (!)

Орынсыз жерде іс қылып жүрген бір қатынға барып жармаса кетуі таңқаларлық. Бірақ ойлап қарағанда, таң қалатын дәнеме жоқ. «Жұмыста жүргенінде» оның ісі бар ма?!.».

Осылайша, ол өлеңнің ұйқасына, буынына назар аударып жатпайды, ең алдымен мағынасына шұқшия түсіп, біраз сілкілеп алады. Бұдан кейінгі талдауы да осы тектес.

Нәзір сынымен бір келісетін жеріміз – ақын сауатты болсын, нені жазса да біліп жазсын деген ойы. Күлді бадамды жинай бергеннен әдемі поэзия тумасы хақ. Әдемі поэзия – ең әуелі әдемілікке сүйсіне білуден барып туса керек. Бұл ретте С.Сейфуллиннің «тұрмыстық» поэзиясын Нәзір әділ сынаған, кемшіліктерін дөп басып айтқан.

Сәкеннің «Жазғы түнде» атты өлеңін оқи отырып:

«Торып шыққан жарыңды,

Уағдалы жерде барыңды,

білдіресің көрініп...»

деген жолдарды «түсініксіз, мағынасыз» деуі тағы да ақылға сияды. Не болмаса, «Асау тұлпардың» «Надежда, Үміт, Омила» деген өлеңін сынға алуы да шындықтан алшақ кетпеген.

Надежда, Үміт, Омила,

Аққуымсың, сәулемсің,

Түйін салып жас балдыр

Алма ержетіп өседі (!)

деп кете беретін өлең жолдарының әрбір қатарынан кемшілік байқалып тұрғанын, сөздердің олпы-солпылығын айтады. Сөйтіп келеді де Нәзір: «...білген әйелі осы. Бөтенін білмейді, көрмейді. Бірақ трагедия мұнда емес. Білмегендігін өзі сезбейді. Міне, трагедия қайда! Арабтың «жаһилмеркеп» дегені осы болады» дейді.

Ол Сәкеннің «Айт күні» өлеңін оқып шығып, исламды, шариғат заңын терең білмейтіндігін айтады. Не болмаса Сәкеннің «Азия» деген өлеңіндегі айтпақ ойын түсінбегендігін сездіреді, соны білдіре келіп, «бұл өлеңді жазғанда... не мақсаты бар екен?! Антисемитизмге қарсы жазайын деген болса, ниеті жақсы, бірақ пайдасы жоқ. Өйткені қазақ арасында мұндай нәрсенің жоқтығы бәрімізге белгілі» деп түйіндейді. Артық сөз бе? Біздіңше, жоқ.

Сыни мақаланың сонғы жағында Сәкен тәржімалаған аударма өлеңдерге де тоқталып өткен. Тәржімалардың артық-кем тұстарын дұрыс көрсеткен.

«Әдебиет – көптің малы», – дейді Нәзір. Сондықтан да «әдебиет үйіне кіретіндер әр уақыт «қатты тергеуден» өтуі тиіс». Осылай дей келеді де «әркім өз кайғысын жаза берсе, әдебиет ермек болып кетеді» дейді. Келіспеске шараңыз жоқ.

Филология ғылымдарының докторы, әдебиетші Б.Кенжебаев «...Сәкеннің ондағы біраз өлеңдерінің («Айт күні», «Жазғы түнде», «Азия», т.б.) саяси-идеялық қате-кемшіліктерін көрсетіп, сынаған. Шынын айту керек, өте орынды көрсеткен, әділ сынаған»,- деп жазды.

Нәзір Сәкеннің «Асау тұлпар» (1922) атты жинағы туралы «Қарасам, «Асау тұлпар» шынында да «асау» екен, бірақ асау болғанда «білімсіз асау» екен! Дәлел керек пе?! Дәлел керек болса, мен үндемейін, Сәкеннің өзін сөйлетейін, – дейді, де осы пікіріне нақтылы мысалдар келтіреді. «Мысалы, қатын туралы жырласаң» деп, осы тақырыптағы «Маржан», «Марияға», «Жазғы түнде», «Надежда, Үміт, Омила» сияқты өлендегі «Мен оны құшақтадым, ол мені құшақтады, бір-бірімізді құшақтадық» дегеннен басқа «білімді» білмейді. Кітаптағы 68 өлеңнің төрттен бірі әйел, махаббатқа арналған. Бірақ байғұстың білген әйелі – осы. Бөтенн білмейді, көрмейді. Бірақ трагедия мұнда емес. Білмегендігін өзі сезбейді. Міне, трагедия қайда? - деп, сынның қара бұлтын қоюлата түседі. Осындай тәртіппен Сәкеннің «Ай күні», «Азия» өлеңдері де өз «сыбағаларын» алған.

Нәзір Сәкеннің «Айт күні» өлеңін былайша сынаған: «Бірінші, сабаз исламды білмейді. Ақиқаттың қай күні түскенінен, «туысқандықтың» қай күні құшағын ашқанынан хабары жоқ. Махаббат, әйел туралы қанша «білімді» болса, «ислам» туралы да сонша». Сонша жағын талдап жатпаған, ислам туралы айтқанмойларына көңілі толмағандықтан «сабаз исламды білмейді» деп, қысқасынан қайырып, оған екі дәлел келтірумен ғана шектелген.

Нәзір: «Сөздің қысқасы: мұндай білімсіздікпен өлең жазып, әуре болып жүрудің өзі ұят. Білімсіз болғанда ұятты болу керек. Болмаса, Еуропаны жамандау керек болса, ауылда журген әншейін бір қарт ақынға: «Базарбай, кәні, бір Еуропаны жамандап бер» - десең, сол да шамасы келгенше жамандай берер еді. Сол Сәкеннен өткізбесе, қалыспас еді. Бірақ не пайда?

Жамандағанда, біліп жамандау керек. «Уа, Еуропа Еуропа» дегеннен болмайды. Әдебиет «митингі» емес. Біздің міндет – Еуропаның білімін, техникасын алып, капитализмнің бізге керекті өнерін үйреніп, кеңес үкіметін көркейту, күшейту... Жаңа өлеңдерінен Сәкеннің өз ақылыменен жазғандары түкке жарамайды» - деп, түгін қалдырмайды. Қыза-қыза келе қатты кетеді: «Ал десең де байғұс Сәкен өзінен шығарып, бір ұнамды, пікірлі өлең айта алмаған, Бір жақтан корнография жазған, бір жақтан Азия мен Еуропаны айыра алмай, басындағы ботқасын жұртқа үлестіріп берген, бір жағынан өзіне шығарып жағуға тура келгенде «білімсіздігін интернационалға қалай көрсеткен» кісіні революционер ақын деп айта алмаймыз». Ащы мысқылға, кекесінге, ашуға толы рецензияға кейде тым қатты кетіп қалатын жерлері де бар. Революционер Сәкенді «сабақ», «байғұс» деп кекетеді. Мұнысын Нәзірдің өзі де біліп отырған сияқты. «Әдебиет – көптің малы. Аяқбай, Таяқбайдың малы болмайды. Бұп себепті әдебиет – үйіне кіретіндер әр уақыт «қатты тергеуден» өтуі тиіс» – деп қатты кету себебін түсіндіреді.

Көп күттірмей-ақ Н.Төреқұловтың бұл пікіріне қарсы Сәкенді жақтаған мақалалар қаптап кетті. Сәкеннің ізбасары С.Мұқановтың «Сынға сын» мақаласында «Нәзірдің бұл сыны – қазақ совет әдебиетіндегі алғашқы сын мақалалардың бірі», «Нәзір Төреқұлұлының сын жаза бастауы жақсы беталыс» дей келіп, «Нәзір «Асау тұлпарды» қолына алғаннан-ақ о жақ, бұ жағын саралай қарап, сөкөт нәрсе табуға тырысады. «Асау тұлпардағы» жақсы шығармалардың ешқайсысын көрмейді... Тек бұл жинақтың қате-кемшіліктерін ғана тереді» – деп, Төреқұловты кінәлады. Нәзір айтқан пікірлерге партиялық тұрғыдан дау айтты. «Солай бола тұра «Асау тұлпар» төрт аяғынан түгел басқан шығарма деп, ешкім айтпайды. Тұлпардың сүрінген, жағалған жерлері де бар» – деп, Нәзір сынын түгел жоққа шығармай, жалпы негізімен келіскендей де болады. «Бірақ, сол қазақ еңбекші табының мүддесінен туған бірінші көркем шығарма» екендігін қатты ескертеді.

Н.Төреқұлов С.Сейфуллиннің «Бақыт жолында» атты пьесасын да сәтсіз жазылған деп тапқан. Мұнда да ондағы кемшіліктерге, әсірссе махаббат такырыбының қалай шешім тапқанына Сәкен десе тілі кышып тұратын Нәзірдің мұнда да мірдің оғындай діттеген жеріне қадалып жатады.

С.Сейфуллиннің «Бақыт жолында» пьесасына білдірген пікірлері де сынау бағытында жазылған құнды пікірлер:

«...Сейполлаұлының өлең, пьеса кітаптарымен қазақ халқын ағарту жолына Қазақстан баспасөзі бел байлап әбден кіріссе керек. Сейполлаұлы журнал окушыларымызға мәлім «Темірқазықтың» өткен санында да Сейполлаұлының үлгілі дәнді өлеңдерін жырлағамыз. Өлеңдерінің қызық жерлерін оқушыларымызға тартқамыз. Әрине, Қазақстан баспасөзінің надан қазақ елін ағартамын деген жолы – қасиетті жол. Бірақ бұл қасиетті жолды қалай іске асыруға керек? Мінеки, кеп сонда. Қазақстан баспасөзінің жолы баяғы жол, қалың бұқараны қалай ағартуды білмейді. Сорлы «Асау тұлпардан» нені көрсек, «Бақыт жолында» да көргенімізді растап отыр.

Пьесаға келейік. Пьесада не көрсетіледі? Пьесаның қысқаша мағынасы мынау: Мүслпма деген қызды әкесі Терлікбай Нөкербай деген болысқа бермекші болады. Терлікбай қызын болысқа берумен екі пайда таппақ. Бірінші: жұмысқа алынайын деп тұрған баласын босатпақ (қызыңды берсең, балаңды списоктен шығарам деген болыстың уәдесі болады). Мүслиманың кәрі, бай Нөкербайға барғысы келмейді. Мүслиманыц сүйген ғашығы Біржан деген мұғалім болады. Мүслиманы болысқа беруді үлкен ағасы Ермек те ұнатпайды. Ермек әкесіне ұрысады. Жігіттерді жиюмен пайдаланып, халықты жеген би, переуодшиктерді, қалпелерді тілдейді.

Олардың арсыздығын, сатылатындығын, өтірік діншілдігін бетіне басады. Ермектің халықтың надандығымен, жаман әдетпен күресуі кейбір жерлерінде балалық, топастық, томырықтығын көрсетеді. Мәселен: молдалардың алдында, «мұқатам» деген кісіше Ермек бөріксіз жалаң бас отырады. Домбыра шертеді. Шылым тартады. Желіге көтеріліп, әйелдің теңдігі туралы сөздер сөйлейді. Бірақ бұл мінездердің бәрі көзге түсе қоймайды. Пьесаның негізгі мағынасымен білінбейді. 17-ші жылы февраль төңкерісі болады. Дуанда «халық» хүкіметі кұрылады. Әйелге жол ашылады. Мүслима сүйгенімен қашады. Міне, пьесаның бар мағынасы осы. Театр кітаптарына қоятын өлшеуді бұл пьесаға өлшеп болмайды. Жазушының жақсы ойы – қазақ ішінде қазақ әйелінің теңсіздігін көрсету. Бұл міндетін жазушы өз шамасынша жығыла, сүріне орындаған. Қазақтың бір бұрышында болған уақиғаны жазу үшін дән сыршылдық, өзгерісшілдік керегі жоқ. Сахнада пьеса көрушілерге не реніш қыларлықтай, не сүйінерліктей жаңа рух бермейді. Өйткені бұл пьесада ондай «өзгеше бір әлеуметшілдік оты» жоқ. Пьесада теңдік сезімінің өзі Ермектің басында ғана. «Таң еркіне» Мүслимада алып-ұшып тұрған ештеңе жоқ. Мүслиманың өзі теңдікке селқос», – деп қайырады сыншы Нәзір.

Нәзірдің сыны – тек қана Сәкенді сынау. Сәкенді мінеу бағытында ғана болып қалмаған, ол сонымен кабат көпке айтар сөзін де осы мақаласына сыйғызған. «Революцияға не пайдалы?» деп сауал қояды да: «Не сөйлегеніңді өзің білмей жоқты-барды сөйлеу ме, жоқ, бірдеңе деуден бұрын әуелі өзіңді біліп алу керек пе? Басында ақылы бар адам соңғы жолды қабылдаған. Біздің тұрмысымызға да сол жол пайдалы», – дейді.

«Тар жол, тайғақ кешу» туралы да Нәзірдің Сәкенге қояр талабы жеткілікті. Алдымен, шығарманың жанрын белгісіз деп кіналайды. Оның сол кездегі қазақ қоғамының көркем бейнесі бола алмағанын сынайды. Романда кейбір қайраткерлерге берілген бағамен келіспейді. Шығармада «жалада қонғаны, тоқтағаны, не жылынғаны», Сәкеннің өзі домбыра шерткені, «кәрлен кесемен қымыз ішкені, қызбен қыдырғаны» суреттеле бергенін, өзін марапаттауға құрылған деп қатты сынайды. Шығарманың олпы-солпы жерлерін, жанр талаптарына жауап бермейтіндігін қадай көрсеткен. Нәзірдің бұл пікірлерімен Сәкеннің өзі де келіскен, бірақ арға тиетін артық сөздеріне реніш білдірген...

Бұл реңензияны да сол кездегі әдеби орта бір жақты қабылдай алмады. Бір қатары Нәзірді жақтамады. Тіпті кейбіреулері «екеуінің арасындағы бас араздықтың тағы бір көрінісі» дегенді айтып жатты. Әйтеуір не керек, Нәзірді қостаушылардан гөрі, даттаушылар көбейіп кетті.

Қазақ поэзиясында енді-енді жарқырап көріне бастаған жас ақын Әбділда Тәжібаевтың «Еңбекші қазаққа» басылған мақаласы Нәзірге соққы беру бағытын ұстанды [25, 5]. «Жаңа әдебиет» журналына Сәкеннің өзі жауап жазып, өзінің жазушылық позициясын қорғауға тырысқан.

Үлкен ғалым Есмағамбет Ысмайылов «Ақын және революция» деген монографиясында былай деп жазады:

«...Әлбетте, ұлтшыл жазушылар немесе Октябрь революциясы кезінде өздерінің саяси бағытынан жаңылып, алашордашылардың ықпалында болып, кейін совет жолына көшкен кейбір жауапты қызметкерлер де «Тар жол, тайғақ кешуге» қарсы шығып, шу көтерді. Бірақ қалың жұртшылық бұл кітапты қолдан-қолға тигізбей мейлінше кызыға оқиды. Жер-жердегі жастар, жұмысшылар, мұғалімдер, совет қызметкерлері «Тар жол, тайғақ кешуді» сынамақ болған Н.Төрекұлов, Ғ.Тоғжановтардың мақалаларына қарсы наразылық білдіріп, хаттар жазып жатты. Оның бәрінде де «Тар жол, тайғақ кешу» шын мәніндегі революцияшыл шығарма, Сәкен осының жалғасын жазса екен деп тілек қояды. Мұндап хаттарды татардың, қырғыздың, өзбек, башқұрт, қарақалпақтың оқушы жастары, жазушылары да көптен жазады...».

Ал, сонда бұл сын қандай сын еді деген сұрақ туындайды. «Тар жол, тайғақ кешу» туралы бірер сөз» деген сыни мақаласында Нәзір мейлінше

байсалды пікір айтуға тырысқан.

«Осы күні орысша болсын, қазақша болсын Қазақстандағы төңкеріс қозғалысы жайынан мынау дерлік көрнекті, негізді бір еңбек жоқ. Ең болмаса келесідегі «ұлы» жұмыстың керегіне жарарлық «шикі» деректер жиналып шықса да біздің әдебиетке үлкен олжа болар еді» деп бастайды Нәзір өз мақаласын. Сосын Сәкенге ауысады. Оның «Тар жол, тайғақ кешуін» соншалык зор үмітпен қолға алып, «жыртық жамауға жарайтын» шығар деген ойы болғанын да жасырмайды. Сонан кейін «Біз қазақ оқушылары алдында, жұртшылық алдында Сәкенмен шығып отырғанымыз бұл ғана емес...» деп, бұрынғы сыни мақалаларын тағы да еске салып өтеді.

Сосын «Тар жол, тайғақ кешуді» талдауға көшеді. Сыншы ең алдымен, бұл кітаптың әдеби жанрдың қай түріне жататынын білмей, басы қатқанын айтады. Әрине, бұл айтқаны біздіңше, үлкен кемшілік деуге жата қоймайды. Екінші кемшілігі деп мынаны айтады: Сәкен қоғам өмірінің суретін беруге талпынады, саяси қақтығыстарды терең талдағысы келеді, бірақ оған өресі жетпей жатады... Сөйтіп келеді де: «Оның бар білгені анық саяси айтыста есепке кіре алмайтын толып жатқан біртұтас боқтық, сөгу, былапыт, балағат... Міне, төңкеріс қозғалысының «тойын» Сәкен осылай қылып, жұртқа осындай «табақ» тартады...» депті. Нәзірдің бұл жазғанымен келісуіміз керек. «Тар жол, тайғақ кешудің» беттерін парақтай бастағанда осы айтқандарын еріксіз бас шұлғып қабылдапсыз. Жарайды, бұған да көп тоқталып жатпаута болар еді. Нәзір ендігі бір жерінде бұл шығарманың үшінші кемшілігі деп Сәкен көрген-білгенін тек хабарлап қана, баяндап қана отырса, оны түсінуге болар еді, алайда ол сол оқиғаларға өзінше баға бермекші болады, кейбір шалағайларды дәріптеп көрсеткісі келеді, содан кейін барып қателеседі дейді. Романдағы кейбір белсенділерге Сәкенніц баға беруін қостамайтынын айтады. Жекелеген адамдарды жөн-жосықсыз көкке көтере марапаттағанын ұнатпағанын білдіреді.

Бұл жерде Нәзірдің айтпағы – саяси, әлеуметтік оқиғаларға дұрыс баға беру керек, ал ол үшін ең алдымең терең сауатты болу кажет, міне сонда ғана қаламгер қайраты өз орнымен жұмсалады дегеи ой болуға тиіс:

Нәзір бұл шығарманың ең үлкен әрі ең негізгі кемшілігі деп оның көркемдік куатының нашарлығын, тілінің жұтаңдығын айтады. Оған тиісінше дәлелдер келтіреді. Осылайша ол С.Сейфуллиннің бұл кітабының ең осал, ең сәтсіз тұстарын дөп баса сөз етеді. Соны рет-ретімен әңгімелей келе, соңғы жағында: «далада қонғаны, тоңғаны не жылынғаны, Сәкеннің өзінің домбыра шерткені, «кәрлен кесемен қымыз ішкені, қызбен қыдырысқаны» сияқты керексіз нәрселер ғой...» деп түйеді. Мұндайдың бәрін теріп, тізе берсек, екінің бірі роман жазбас па еді деп меңзейді. Шығарманың бас-аяғы жиналмай, олпы-солпы болып тұрғанын айтады. Сыншының бұл пікірлерімен С.Сейфуллиннің өзі де ішінара болса да өз мақаласында кезінде келіскен болатын.

Сыншының бұл ойын қалай жоққа шығара аламыз? Ең бастысы, ол мұнда өзінің шын мәніндегі сыншылық қарымын байқата білген. Ал, оны қалай жеткізді? Бұл екінші мәселе.

Міне, сыншы Нәзір осылайша «Тар жол, тайғақ кешуді» талдап шығады. Әрине, біз тағы да қайталап айтамыз, бұл зерттеуімізде тек қана Нәзірдің жазғаны дұрыс еді деуден аулақпыз. Жасыратыны жок, сыни мақаланың өн бойынан артық-ауыс, кем-кетікті байқау қиын да емес. Алайда, ең негізгі мәселе – сыншының сыншылық карымында. Кім біледі, 1937 жылдың сойқаны араласып кетпегенде, Сәкен Нәзір сынының дұрыс жерлерін еске ала отырып, бұл еңбегіне қайта оралып соғар ма еді.

Осы жерде айта кетер тағы бір жәйт бар:

Нәзірдің әдеби сыны газет-журналға жарияланысымен-ақ, қоғамдық ой-пікірдің туындауына негіз салып отырған. Бұдан шығатын қорытынды қайсы? Демек, ол сыни еңбектерін жай, біреудің көңілі үшін жазуды мақсат етпеген. Оның жазғандары кай кезде де көңілін толқытқан мәселелерден барып туындап отырса керек. «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» деп жатамыз. Нәзір сыны да осы ретте жүректен шықкан сөз болып есептелінеді. Сосын да ол өз кезінде әдеби қауымның назарында болды. Жазғандарын қалт жібермеді.

Екіншіден, Нәзір сынды пікір таласына қарай бұра жазудың шебері екені байқалады. Оның кайсыбір әдеби сыны болмасын, көпшілік талқысына түспей қалған емес.

Бұдан шығатын түйін мынау: Нәзір 20-30-жылдардағы қазақ әдеби сынының қаз тұруына, сөйтіп қалыптасуына тікелей ықпал еткен, бұл іске сөзімен де, ісімен де ерекше қозғаушы күш бола білген әдебиетші.

Сөзді түйіндей келе айтарымыз – Нәзір осы мақалаларының өзімен-ақ қазақ әдеби сынының белгілі өкілдері қатарына қосылды. Ол даусыз шындық.

Ол әдебиетші, ғалым ретінде мынадай қырларымен ерекшеленетіні анық:

  • төл әдебиетіміздің арғы-бергісін жақсы білетін білімдар;

  • әдеби сынды жеріне жеткізе жазатын, тіпті пікір таласқа шақыра жазатын жүректі сыншы;

  • ауыз әдебиетін жннастырып, бастырушы;

  • әдеби тіл тазалығы үшін күресуші;

  • білгір де білікті аудармашы;

  • ең бастысы – туған әдебиетіне шын жаны аши білетіп, оның қадір-қасиетін терең түсіне алатын әдебиетші-қайраткер.

Қорыта келгенде, Нәзір Төреқұлұлы білімді сынның, терең ойлы әдебиетші-ғалым дәрежесіне көтеріле алған. Оны біз жоғарыда мысалға келтірген бірнеше кітаптары мен мерзімдік баспасөз беттерінде жарияланған әртүрлі сыни, әдеби мақалалары толық дәлелдей алады.

Бөлісу:

Көп оқылғандар