Торғынның «Сөз» әлемі
Бөлісу:
Торғын Жолдасбекқызы есімі аталса елең етпейтін жан кемде-кем. Өзгеше болмысымен, ерекше тағдырымен, ғажайып шығармашылығымен халық жүрегінен орын алған жан жақында ғана ұзаққа созылған дерттен фәниді тастап, бақиға аттанды. Оның өмір жолы күреске толы. Шығармаларынан шынайылық пен табиғилықты көреміз. Өз сұхбаттарында ылғи да күрескерлікті, тағдыр сынақтарымен бетпе-бет келгенде күйреп кетпеуді насихаттаушы еді. Оның мотивациялық сөздері қаншама жанға ерік-жігер берді. «Ересектерге ғажайыпқа сенуді қайта үйрену керек шығар. Өз басым өмірім үлкенді-кішілі ғажайыптан тұратынын қайта көре бастағаныма көп болған жоқ. Қалайша ұмытады оны адам. Себебі көп қой. Ең басты қорқыныш болар. Қорқыныштың да түрі көп. «Өзгенің баласы» деген бір ауыз сөздің өзін алып қарасақ, өзгенің бәріне бізге тиесіліні тартып алатындай үрке қарап, сонымызды жасыру үшін әлгінің артықшылығының өзінен кемшілік тауып, мін іздеуді үйрендік. Ақыр соңында тек кем-кетікті көру әдетімізге айналды. Өз бойымыздағы жақсыны да көре алмайтын болдық. Сөйте жүріп, армандау, сену мен ұша білуден өз еркімізбен бас тартқанымызды өзіміз де ұқпай қалдық. Ақыр соңыда өзімізге деген сеніміміз азайғаны сонша, бар бақыт, шаттық пен жақсыға, ғажайыпқа ылайықты жан екенімізді де ұмыттық. Ғажайып өмірімізге сол үшін жолай алмай қалған шығар...» депті бір сұхбатында. Торғынның шығармашылығы жайында әдебиетші Гүлсезім Әділбекқызы былай дейді: «Торғын Жолдасбекқызының прозалық туындыларының басты құндылығы – шынайылығында. Бұның басты себебі – автор өз басынан өткен оқиғаларды, сезімдерді қағаз бетіне түсірген. Әсіресе «Араша», «Таңдау», «Менің таңдауым», «Қоқыс», «Тағы араша жайлы» әңгімелерінің оқырманға берері көп. Қоғам рухани дағдарыстан құтылмай, жүрек көзін ашпай алға қадам басуы мүмкін емес. Бұл орайда автордың әңгімелеріндегі мағыналы ойлар санаға төңкеріс жасайды, жігерлендіреді, ертеңгі күнге сенім сыйлайды».
Шұға десе Шұға. Шұға, өй, шіркіннің өзі де
келбетті еді... ақ құба, талдырмаш, көзі қап-қара,
осы, үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса,
ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген
бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай,
бір түрлі паң еді-ау, шіркін...
Бейімбет Майлин
"Шұғаның белгісі"
Қазақта естірту деген дәстүр бар. Біреудің кісісі өліп, суық хабарын ата-ана, туған-туыс, ел-жұртына өлеңмен естірту дәстүрі халқымыздың ежелгі құндылығындай көмескілене бастағанын байқайсың. Бүгін әлдебіреу бақиға озса әлеуметтік желіден хабарын естіп есеңгіреп жатқан жұрт аз ба?.. Әсіресе елге елеулі жандарды жоғалту ауыр. «Торғын Жолдасбекқызы қайтыс болыпты» деген жазбаны әлеуметтік желіден көргенде көпшіліктің жүрегіне батқаны рас. Айналасы аз уақыттың ішінде жазушылық қырмен танылған талант еді.
Торғын шығармашылығын оның өмірінен бөліп қарастыру мүмкін еместей. Тауқыметті тағдырға теңселіп жүрсе де тоқырауға ұшырамаған таза болмысын туындыларынан көреміз. Кейде біздің «Өмір өзі не?» деген сұраққа бас қатырып, тұщымды жауап таба алмай қиналатынымыз бар. Тіпті өлімнің мәнін тапқымыз келетін кездер болады. Бірақ өмірді түсінбей жатып өлім туралы ойлану қаншалықты мәнді?.. Сондай сәтте соңғы деміне дейін өмір үшін күрескен Торғынның тағдырына бір рет үңіліп көріңіз. Мұқағали неліктен «Өмір дейтін – өлемін деп қарамау» дегенін аңғара түсесіз.
Өмір дейтініміз өмірбойғы күрес екен. Бұны да біз Торғынның тағдырынан білеміз. Небәрі 37 жасында ұзаққа созылған дертпен күресе-күресе жеңіліс тапты. Әрине, ажалды жеңетін жеңімпаз жоқ. Торғынның жеңілісі өзгелерден бөлек. Ол өлімнен жеңілсе де, өмірден жеңілмеді. Құдай берген қабілетін сарқа тауысып, артына сөз қалдырды. Бойға біткен дарынын даңқ үшін емес, жан мен тәніне дауа табу мақсатында жұмсапты. Бір сұхбатында «Менде әңгіме жазып кетемін деген ой болмады. Жай ғана жаныма ем іздеп жүрдім... Талантты оятам деп өзін асыра қамшыламау керек. Арқаны кеңге салып, тыныштықта өзін тыңдаса, қалауын табады. Біреудің қолынан тігін тігу келсе, бірі бала тәрбиесіне жақсы. Мәселен, мен 29 жасыма дейін жаза алатынымды мүлдем білген жоқпын. Әлде іште тұншықтырып келдім бе екен... Өз-өзіме көңілім толмайтын. Айналамдағы адамның бәрі менен зор жетістікке жеткендей көрінетін. Ал қазіргі кезде байқасам, өзімді табуға жай ғана уақыт бөлмеппін» деген екен. Торғынның қаламгерлік қабілеті тасты жарып шыққан нәзік гүл секілді қандай қиын жағдайда да бүрлеп шығыпты. Оны біз артында қалдырған туындыларынан білеміз. Қара сөздің киесін жан жүрегімен түсінгенін көреміз. Оның «Сөз» атты повесі бұған дәлел бола алады.
Сөз. Үш әріптен тұратын қып-қысқа жазудың мәні қаншалықты терең екенін Торғынның «Сөзінен» аңғарамыз. Біз ауыздан шыққан әр сөзімізді бағып жүрміз бе? «Екі елі ауызға төрт елі қақпақ қой» деген бабалар тәмсілін қаншалықты ұстанамыз? Торғынның «Сөз» атты повесін оқып шықсаңыз әрбір сөзіңізге ие болуға бейілденеріңіз анық.
Сөз жайында көптеген тәмсілдер бар. «Айтылған сөз – атылған оқ» дейді халық. Атақты Омар Хайям бір рубаиында «...Айтпаған сөзіңнің – мырзасы, ал айтқан сөздің – құлысың» дейді. Қазақ әуелде сөзге әрқашан мән берген. Бір сөз үшін бір ел ажыраған кездер болған. Бір сөзге тоқтаған халықпыз деп те мақтанамыз. «Сөз» повесінде халық түсінігіндегі сөздің мәні ашыла түседі. Шығарманы оқи отырып, сөзге неліктен соншалықты сақ болу керегін де ұғынамыз.
- Көктем шығысымен, кері қайтамын. Тірі болсам, оралам. Тек сол кезге дейін, соған дейін...
Шеше байғұс егілді. Алайда орыстың сары кемпірі оның бұл сөзіне де, мөлтілдеген көзіне де жіби қоймады. Мелшиіп бір қарады да, қақпаны тарс жауып, ішке кіріп кете барды.
Рысбала болса, өйте алған жоқ. Сол орнынан тырп етпей ұзақтау тұрып, аула ішіне телміре қарай берді. Сондағы қия алмағаны: бірінен-бірі аумайтын екі кішкене домалақ көз, сары қыздары – бес жасар Ажар мен үш жасар Базар еді.
Повесть осылай басталады. Отызыншы жылдардағы зұлматты аштық кезеңі. Үш баласын асырауға шамасы келмеген Рысбала екі қызын балалар үйіне өткізіп, өзі Ысқақ атты ұлын ертіп кете барады. «Артымда із қалсын» деген ерінің тілегін осылайша орындайды. Негізгі кейіпкер – Ажар. Шығармада аштық кезінен басталған оның арпалысқа толы азапты өмірі суреттелген. Бір ғана сөз Ажардың бүкіл өмірін қасіретке толтырады. Бала кезде көз алдында аштықтан әлі құрып, соңғы демін шығарып жатқан сіңлісі Базардың бейнесі, өгей шеше Әйімнің әлегі, ең ауыры – Әбдірештің сөзі. Бұның бәрі Ажардың рухын түсіре алмайды. Өзіне ғашық болып, қарата алмаған Әйімнің інісі Әбдірештің қарғыс сөзі Ажарға өле-өлгенше ілесіп жүреді. Соғысқа аттанып бара жатқан Әбдіреш Ажарға қарғыс айтып кетеді:
Әншейінде жігітке ауыз аштырмай тулайтын қыз, бүгін олай ете алмады. Жәй ғана жігітке тесіле қарап, сілейіп тұра берді. Тек біраз ентігін басып алған соң, Әбдіреш қайта:
– Ал, саған Ажарым, тілерім... – дей бергенде еріксіз бірнеше адым кері шегінді. Жігіт болса:
– Саған тілерім – өмірде байға жарыма! Бұл өмірде кімді артық сүйсең, соған жете алмай, зарығып өт. Сонда бәлкім, менің хәлімді ұғарсың. Мына мені де бір аярсың... – деді де, көзден тамып кеткен жасын көрсеткісі келмей, сырт айналып кете барды. Сол жүргеннен тоқтаған жоқ. Кері бұрылып та қарамады.
Әбдірештің осы бір сөзі шығарманың негізгі түйіні іспеттес. Бас кейіпкер Ажардың тағдыры да осы сөзге байланып қалғанын көреміз. Бәлкім, Ажар өзін құлай сүйген Әбдірешке қарамай Шайқы есімді жігітке тұрмысқа шыққанына іштей кінәлі сезінген де шығар. Ауқатты Ақмолда қарияның жалғыз ұлы Шайқы екеуі бір көргеннен көңіл қосып, отау құрса да өгей шешенің қыспағынан құтыла алмайды. Берген қалыңмалын азсынып, қайта-қайта келе берген Әйім ақыры оларды ажыратып тынады. Жетім деп бетіне басқан Ақмоданың бір сөзіне бола Ажар жалғыз ұлын қалдырып, үш жылдық бақытты өмірі көрген түстей боп, өгей шешенің үйіне қайтып келеді. Автор бұл жерде де сөз киесіне ерекше мән берген. Ажардың Шайқыға тұрмысқа шықпай тұрып айтқаны ойға түседі:
Ұзаққа созылмаған кездесуден үйге оралған Жамал:
– Қалқам, не айтасың? Жігіт көңіліңнен шықты ма? – деп сұрады. Ұзақ ойланбаған қыз:
– Жеңеше, ұнағанда қандай. Осы адаммен үш жыл үй болып, бір жүрсем де арманым жоқ, – деді күлімдей.
Үш жыл бақытты ғұмыр кешкеніне өзін сендірген Ажар. Сол үйдің отымен кіріп, күлімен шыққан, майданға кеткен ерлердің орнына ауыр еңбекті қоса атқарып жүрсе де сүйіп қосылған Шайқының жанында өткізген үш жылын бақытқа балайды. Қатыгез қайынатаның ауыр сөзінен кейін жалғыз ұлын қалдырып кете барады. Жастай жетімдікке тағдыры байланып, өгей шешенің түртпегін көріп өскен ол өзін өмір бойы қайғы көру үшін ғана жаралған жандай сезінетін кейіпкер. Үш жылдың өзі оған көптей. Үш жылдан кейінгі өмірінде Ажардың тұйықталған болмысын көресіз. Сырты өжет болғанымен, ішінде жиналған шері шемендей. Әбдірештің қарғағанындай, үш рет отау құрып, үш жарынан да айырылған бейбақ. Автор Ажардың болмысын шынайы жеткізгені сондай, оқып отырып өңменге ащы бір өксік келе беретінін байқайсыз. Тым ауыр. Бір адам үшін көтере алмайтын жүктей. Бірақ соны Ажар көтеріп жүреді.
Ажардың болмысы – күрделі болмыс. Бәлкім, аштықтың нәубетіне тап келген ұрпақтың болмысы осындай болар. Қатал деп айтуға келмейтін, азапты тағдырға бой ұсынып, қайғысын ішіне жұтқан, сөйте тұра ешкімге тіс жармай тұйық әлемдеріне сіңіп кеткен бұйығы жандар. Әйел бола тұра көз жасы дегенді ұмытқан мұңлықтар. Өмірдің сынағына сүрініп құласа да еңсесін қайта көтеруге қауқарлылар. Шығармадағы Ажар да сондай мықты жан. Ол ешқашан өміріне өкпе артпайды. Әл-дәрмені құрығанша еңбек етіп жүре береді. Повестің соңына қарай қартайған Ажарды көреміз. Сексеннен асса да шатырға өзі шығып жүрген кемпірдің қайратына таңданасыз. Ұл-қыздары бола тұра бөлек кетіп, оңаша өмір сүруді қалаған әйелдің әрекетіне қайран қаласыз. Өмір бойы еңбек етіп үйренген ол біреудің қолына қарап күн кешуді ар санайды. Өзегін жарып шыққан өз балаларына да мүсәпір күйін көрсеткісі келмейді. Одан да жеке кетіп, оңаша күн кешуді қалайды.
Автор «Сөз» повесінде өзінің нағашы әжесінің тағдырын суреттеген. Торғын шығармаларының ерекшелігі де осында. Ол өмірдің өзінен алған шынайы тағдырларды қаламына арқау еткен. Торғын бір сұхбатында: «Бұл өмірде адамның өзінің сенімінен асқан қарғыс та, сенімінен асқан бата да жоқ. Сол кезде Ажар он бес жаста. Әбдіреш апамды қарғап, «Байға жарыма, өмірде кімді жақсы көрсең содан айырыла бер» деп айтқан кезде он бес жастағы Ажар жай ғана соған сеніп қалған сияқты. Өткен жолы отырғанда сол бір ойды әлі де өзгерткім келіп: «Апа, саған бірнәрсе айтайын ба? Сен соны түсіне ме екенсің?.. Апа, Әбдіреш тірі екен» деймін. Апам күледі. «Қайдан шығардың оны?» дейді. «Апа, Әбдіреш сені ешуақытта көрмеймін деп, Мәскеуде қалып қойыпты...» деймін. Апам: «Өтірікті керемет айттың. Ол баяғыда кеткен адам ғой. Қара қағаз да келіп қойған» дейді маған. Бірақ көңілі көтеріңкіреп қалды» депті.
«Сөз» деп аталған повестің астарында өз әжесінің өмір тарихы жатқанын автор осылайша жайып салады. Нағашы әжесі Ажардың тағдырын суреттеп береді. Торғын қаламынан нәзік мұңмен қатар, өжет рухты да байқаймыз. Ажардың болмысы оның өз болмысына да ұқсап кететіндей. Қайғыға қайыспайтын қайсар болмыс. Ол осы повесі арқылы сөз киесінің қандай боларын көрсетеді.
Жазушы қаламының қуатын шығарманы бастауы мен аяқтауынан байқауға болады. Повестің соңында Ажар былай дейді:
– Әбдіреш-ау, Әбдіреш... Ал, міне, қарашы, мен не болдым? Сен не болдың? Расында, маған осыны тіледің бе? Маған қолың жетпегенде, шынымен-ақ осылай қиналдың ба? – деп тіл қатты. Алайда еш жауап болмады...
Адам баласы өз қолында орасан күш, жойқын қарудың барын біле ме? Әсте білмейді-ау?! Білсе, осыншалық сөзге салғырт бола ма?..
Бас кейіпкер өмірінің соңында тағы да сол бағы Әбдірештің сөзін еске алады. Жанындай жақсы көрген қызы Мекештің, оның артынан сүйікті немересі Қарлығаның да аурудан қайтыс болғанына өзін кінәлі сезінетіндей. Ажар осының бәрін Әбдірештің жас күнінде өзіне айтқан сол бір қарғысты сөзінен болды деп сенеді. Бір ауыз сөзге бүкіл бір тағдыры байланып қалғандай көреді. Өмірінің соңына қарай өзін құлай сүйетінін айта беретін Әбдірешті еске алуы да бекер емес. «Біреудің обалына қалдым ба» деп ойласа керек. Торғын нағашы әжесінің ішінде тұншыққан ойды шебер жеткізеді. Ажарды қайғы-мұңға құламайтын берік ағаш секілді бейнелейді. Ішінде не болып жатса да сыртына шығармайтын жанның соңғы сәттердегі күрсінісімен-ақ оның бүкіл өміріндегі қасіреттің тамырын көрсетіп береді. Шығарманы оқып отырып, Ажардың да жылап алуға хақысы бар ет пен сүйектен жаралған жан екенін түсінесің. Әйткенмен ол көзінен бір тамшы жас шығармайды. Мұң-шерін ішіне жұтып жүре береді. Соққан дауылға құламай, тік тұрады. Өз әжесінің күшті рухын Торғын осылайша жеткізеді. Бәлкім, ол өз жан дүниесінің арпалысын да «Сөз» арқылы көрсеткен шығар.
Бөлісу: