Көкшулан немесе Тұрысбек Сәукетаевтың «Алтыншы оқ» әңгімесі туралы

Бөлісу:

17.06.2022 5174

Тұрысбек Сәукетаев туындылары шынайылығымен, қанық бояуымен, көркем табиғатымен танымал. Қаламгер шығармашылығы жайында жазушы-журналист Ертай Айғалиұлы: «Тұрысбек ағамыздың шығармаларын бұрыннан үнемі қадағалап отыратын оқырмандарының бірімін. Оның «Сүткенже», «Айлы түн еді», «Қайыңдар, әппақ қайыңдар», «Көлеңкелер патшалығы» сынды әңгіме-хикаяттарын, сондай-ақ «Ай қараңғысы», «Желқайық», «Эпилог», «Қызылбектің қазасы» тәрізді романдарының біршамасын ой таразысынан өткізіп, тіптен «Ай қараңғысы» романы жөнінде өз пікірімді газет бетінде білдіргенмін. Тұрысбектің жазу мәнері, стилі өзгелерге ұқсамайды деп кесіп-пішіп айтуға хақым да жоқ шығар. Алайда қай шығармасын оқысаң да жаңашылдық лебі самал желдей желпіп, ноқтамен жетектегендей оқырманын оқиға желісімен өзіне тарта білетін «сиқыры» бар. Бұл жазушының шеберлігі, бұл оның үнемі ізденетіндігінің белгісі деп білемін» депті. Ал ақын Сейфолла Оспан жазушы жайында мынадай пікір айтады: «Тұрысбек – бүгіндері талай повес­тер мен әңгімелердің һәм роман­дардың авторы. Уақыт өз дегенін жасап, ұлы өзгерістерге алып келді. Бірақ Тұрысбектің жазуындағы өзіндік тартымдылық пен салмақтылықтың өлшемі қалай болды екен деген ой мені көптен бері толғантып жүрген болатын. Кезінде мен бұл жігіттің кешегі 1986 жылғы Желтоқсан уақиғасына құрылған тамаша романына да көз салып өткен болатынмын. Оның да өзіндік бет-бейнесі ғажап екен. Және сол Желтоқсан өңіріндегі қасіретті уақиғаның желісін әлсіретіп алмай, биіктен көрсете білгеніне ырза болғаным бар».

Тұрысбек Сәукетаев қолтаңбасымен алғаш рет «Мен – жындымын» атты траги-комедиялық сарындағы романы арқылы танысқан едік. Бұнда жазушы қазіргі қоғам өмірінің өзекті жараларын көрсетіп берген-ді. Жақында ғаламтордан соңғы шыққан «Алтыншы оқ» атты әңгімесін оқып, қаламгер шығармашылығын басқа қырынан көргендей болдық. Әңгіме несімен ерекшеленеді? Прозаны қалт жібермей қарап отыратын көзі қарақты оқырман үшін осы бір сұраққа жауап іздеп көрейік.

Жалпылама алғанда, оқиға қазақ даласын жайлаған аштық нәубетін жеткізеді. Патшалық дәуірден кейінгі советтер билігінің жасаған қан-қасабын жазушы қысқа ғана уақиғамен баяндап береді. Әңгімедегі негізгі кейіпкер адам емес. Автор көкшулан арланның жүрген жолдары арқылы шығарма атмосферасын шебер жасаған. Кез келген туындыда ең әуелі оқиғаның басталған тұсы маңызды. Кейде сөздің бір ғана жолы адамды өзіне баурап әкетуі мүмкін. Содан бастап шығарма, автор және оқырман арасындағы байланыс басталады.

Жиырмасыншы ғасыр басында қазақ жұртының барлығы дерлік ұжымдастыру саясатының кесірінен қолдан жасалған аштыққа душар болды. Әлі де көшпелі тұрмыстан ажырамаған ел малынан айырылған соң, жаппай қырылуға бет алды. Қариялардан сыр суыртпақтағанда сол кезеңнің суретін сөзбен салып берер еді. Қаңырап қан сасыған дала бейнесі, аштықтан бұратылған бірлі-жарым жандардың дәрменсіз халі, ата-әжеңіздің аузынан естіген сәтте, сіздің де төбе құйқаңызды шымырлатқан болар. «Алтыншы оқ» әңгімесі дәл сол кезеңнің қасіретін баяндайды. Әңгімені оқи отырып, жыртқыш екеш жыртқыштың өзі адамға адамдай опасыздық жасамайтынын түсінесің. Автор Құлансаз деген аймақта орын алған оқиғаны жазған. Бұл жағдай өмірде болған-болмағаны жазушының өзіне аян десек те, сол кездегі ашаршылық нәубетінің тарихи шындық екені белгілі. Әңгіме былайша басталады:

«Кеш түсе Құлансазда жел гулейді жағы сембей. Сарнауық жел үңірейген кеңістікке үрей үрлегендей, дел-сал бейуақ селк етіп, түршіге діріл қағады. Шөп басы қобыз шалып, сусылдап, сыңсып зар төккенде, сан-санақсыз жылап-сықтап, өкіріп-өксіген дауыстар қайта тіріліп, күңірене жөнеледі. Қылта қаққан қау селеу мен бидайық боз қырау шашын жайып, арлы-берлі теңселе боздайды.

Көз байлана жылаулы далада ымырт қойнынан үзіле мың-сан аруақ ұшып-ұшып тұрады. Ақ кебінін сүйретіп, бір-біріне соқтығыса теңселіп, Құлансаздың төсіне сыймай кетеді. Әрқайсысы өз зарын айтып, у-шу шырылдап жылап таң бозарып атқанша жүреді екен. Ел аузындағы аңыз солай дейді...»

Автордың суреттеу тәсілі мен тіл тазалығы әңгіме басталғаннан шығарманы тартымды етіп тұр. Оқырман әрі қарай мұңлы сарынның баяндалатынын іштей сезсе керек. Бұдан ары оқиға өрбиді. Құлансазда кезіп жүрген көкшулан арланның бастан кешкен уақиғасы деуге де болатын шығар. Арлан қасқыр аң болса да өткенін ойлап, мұң шегеді. Бұрынғы бақытты күндерін еске алып, көкке қарап ұлиды. Опат болған бөлтіріктерін сағына, зарлайды. Бір ауылда бірге бейғам өмір сүрген жас мырзаны да ұмытпайды. Ал қазір мырза да, оның отбасы да, өзінің жылы ұясы да ойран болған. Көкшулан арлан соларды еске алып, зар илейді. Автор аң екеш аңның да өзіне тән мұңы барын жеткізеді. Адам қолынан жасалған зауалды жыртқыштың өзі көтере алмай жер бауырлап қалатынын меңзейді. Құлансазды кезіп жүрген көкшулан арланның жылы ұясы, бөлтіріктері де, мырза мен оның отбасы да бір қолдан зәбір көреді. Қызыл үкіметтің қасапшысы Прохордың «мылтығына» тап келеді. Автор мырзаның басындағы қайғысын, аштықтан бұратылған мұңлы халін былайша суреттейді:

«...Өлген шешенің қу шандыр төсін сорып, жұлқылап, ішіндегі жыланы бол-бол деп жанын суырып барады. «Қиналдың-ау… не қайран қылам? Әлде!..». Шарасыздық қамауында аласұрған сорлы әке қолдан келген жақсылығым осы деген ессіздікпен қонышынан күміс сапты сапысын суырып алып, баланың үзілгелі тұрған қылдай мойнына кезей берді де, қолы сылқ түсіп, тізерлей кетті. Сәлден соң ақыл тапқандай жүзі сергіп, жөн деген ісіне бекінген ыңғаймен серпіле көтерілді. Сапымен білегінің көктамырын орып жіберіп, баланың аузына тосты. Жайымен аққан жылымшы қанды аш, обыр ауыз құныға сорды. «Құлыным, сен аман болшы, бір сәтке болса да, жаның тынышталсыншы, жарығым!» деп әке жүрегі соңғы қуатын салып, дүрсіл қағады. «Сен сөнбеші, сен өлмеші» деп өмірінің соңғы сәулесін беріп жатыр. Қадалған обыр ауыз әлсіз тәннің бар қуат-нәрін суыра сорып қат­ты да қалды. Жылымшы қанмен бірге өмірдің соңғы тамшысы сөніп бара жатқан сәбидің талықсыған таңдайына тамып жатты...»

Жалғызын сақтап қалу үшін өзін құрбан еткен мырзаның әрекетін сол бір зұлмат жылдары қанша азамат жасады екен... Ащы болса да осындай көріністің бір кездері өмірде болғанын түсініп, іштей егілесің. Әңгімені оқи отырып «Дүниеде адам өмірінен құнды және адам өмірінен арзан не бар?..» деп ойлайды екенсің. Иә, аштық кезінде адамның өмірінен арзан ештеңе болмаған да шығар. Сондай қиын кезеңнің өзінде кейбір құндылықтар мәнін жоғалтпайды екен. Ата-анаға баланың өмірінен қымбат ештеңе болмаса керек. Мырза мен оның жары үшін солай. Олар өмірінің соңғы сәулесін ұлына берді. Баласының ақыры не болатынын ойлаған жоқ. Тек аман қалғанын қалады. Жалғыз ұлының «кісікиікке» айналатынын қайдан білсін. Иә, шынында да, баланы көкшулан арланның көмегімен киіктер асырап, бағады. Бір кездері өзіне жасаған жақсылығын ұмытпаған арлан мырзаның ұлын құтқарып, киіктерге қосады. Әрине, бұл жерде аңыз сарыны бар. Автор сол арқылы оқиғаны шытырман етіп баяндаған. Әйтпесе, шынайы өмірде аң мен адам арасындағы етене байланыс болуы неғайбіл. Жазушы осындай тәсілмен табиғат пен адамның тығыз байланысын суреттейді. Әрнәрсенің өзіне тән заңдылығы болатынын жеткізеді. Егер адам аңдарға орынсыз тиіспесе, олар да өз алдына жүретінін меңзейді. Мырза да арланның бөлтіріктеріне тиіспеуші еді. Сол жақсылығын көкшулан арлан кезі келгенде қайтарады. Баланы киіктер арасына апарып, аман алып қалады. Киік сүтінен нәр алған бала өсе келе өзі де киікке ұқсай бастайды.

«Киік емген бала тез қуат жиып, күн санап жетілді. Түз тағысына ілесіп, тынымсыз қозғалыста дамыл таппай жүгіретіндіктен, аяқ-қолы созыла серейіп өсіп, сіңірлі, серпінді, шымыр бола түсті. Қасқыр анда-санда қасына келіп, өнебойынан сау жер қалдырмай жалайды. Сілекейін жағып, ұсақ бүртікшелері бар тұтқыр тілімен тарақтай жалағанда, сүйсініп жатып ұйықтап кететін. Бірте-бірте денесіне қарайып, үлпілдеген тығыз түк қаптай бастады. Суық түсе қасқыр бұларды қайырып әкеп баяғы киіктің табынына қосқан. Шашы жалбырап бет-аузын жапқан, белі бүкшиіп алдыңғы екі аяғы жерге бір тиіп, бірде тимей шоқаңдап жүгірген белгісіз мақұлықтан алғашқыда қалың киік үркіп дүркірей қашқан. Сарыжағал ешкі де солармен ілесе тырағайлаған. Бірақ жол ортада қалт тұрып, біресе табынға қарап маңырап, біресе шоқалаңдап анадайда келе жатқан балаға қарап маңырап, ақыры кері қайырылған. Енесі мен лақтай табысқан екеуге қалың табын одырая қарап тұр. Әне, бұлар қорыққан құбыжық ешкінің бауырына тізерлей кетіп еміп жатыр. Мүйіздердің қалың қанжары жағалай самсап, бір басып, екі басып жақындай берді. Қорс-қорс пысқырып иіс тартты. Жоқ, бөтен емес, өз иістері. Сол күннен бастап бала қалың киіктің ішіне сіңіп кетті жатырқаусыз...»

Баланың киіктер ортасында бейғам жүруіне себепші болған көкшулан арлан еді. Жақсылыққа жақсылықпен жауап қайтарған ол баланы жалғыз қалдырмайды. Аң бола тұрып, адамды бауырына тартады. Өзі асырай алмасын біліп, киіктер арасына жібереді. Солай бола тұра, әркез келіп мейірімін төгіп кетеді. Табиғаттың тылсым сырын автор осылайша баяндайды. Бәлкім, аңыз арқылы адам санасына әсер еткісі келген шығар. Аңызда да бір шындық бар дейді ғой. Осындайда Римнің негізін қалаушылар – қасқыр емген қос ағайынды Ромул мен Рем аңызы еске түседі. Өзенге лақтырылған қос нәрестені қасқыр асырап алады. Кейіннен олар Рим империясының алғашқы билеушілері атанған. Әрине, бұл аңыз ғана.

Киіктер арасындағы өзгеше «аңның» сыбысы Прохордың да құлағына жеткен. Қан иісі танауына сіңіп қалған жан тыныш жата алсын ба. Енді ол жұрт сыбырлап айтып жүрген «кісікиіктің» ізіне түседі.

«– Айтпақшы, мын киргиздардың оттап жүргені не сөз? Бір адам киік боп кеткен дей ме? Сондай сандыраққа кім сенеді? Бұл жабайы жұртқа не дерсің!

– Иә, сондай сөз бар. Бірақ ол жазадан қашып, киіктің арасында тығылып жүрген жау болуы да ықтимал ғой? Бұл жабайылардан бәрі де шығады!..» деп өзара сөйлескен Прохор «кісікиікті» аулауға аттанады. Адам атып үйренген олар үшін киік ату түк те емес еді.

«Прохордың талай келген үйреншікті жері. Көктемгі қар суы орған биік аңғар. Топырағы босаң, борбас. Жер қазып әуре болмайсың.


Бастарына қап кигізіп, қолдары артына қайрылып байланған шалажансар төрт тірі өлікті былқ-сылқ еткізіп сүйреп түсірді де, жарқабақтың басына қатар тұрғызып қойды. Прохор қиядағы қызыл түлкіні көріп дегбірі қашқан қанқұмар аңшыдай демігіп, ерекше шабытпен көздері жайнап кетті. Әдейі арқан бойы шегініп барып, екі жігітке «көріңдер, халық жауларын, міне, былай атады» дегендей мақтанышпен револьверін кезеді. Прохор расында сұрмерген еді. Мүлт кеткен жоқ. Әр атқаны қарақұсқа кірш қадалып жатты...»

Құлансаздың түн болса шалғын басында қобыз шалып жағы сембейтін сарнауық желі бәрін-бәрін естір құлаққа сыбырлап тұр-ау…»

Бөлісу:

Көп оқылғандар