Сенің алтын тұяғың бар, самға енді Көкмойнақ

Бөлісу:

19.07.2022 4398

Елордамыздағы Жастар сарайында ән мен әуезді, әсем ырғақ пен құдыретті поэзияны ұштастырған tauel{di}siz жастар жобасының ұйымдастыруымен «Хикая» атты ғаламат өнер кеші өтті. Оқырманның интеллектуал поэзияға деген сұранысын қанағаттандырып, қызығушылығын оятқан жобада жаңа толқын жас ақындардың шығармашылығы жоғары дәрежеде сахналанды.

Бұл кеш бұрынғы кешке мүлде ұқсамайды. Жас ақындардың нәби көңілі мен табиғаты мөлдір сезімдерінен туған ғазалдары жаңаша стильде, яғни ән мен бидің, түрлі музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен шебер үйлескен заманауи коллабарацияда оқылды. Биік деңгейде сахналанған жыр-жауһарлары Мақпал Жұмабай, Тұрсынбек Башар, Әсел Кәрібай, Ұмтыл Зарыққан, Файзулла Төлтай, Бауыржан Майтай тәрізді аға-әпкелеріміздің, кейінгі толқын Әсем Құлманова, Жұлдыз Молдағали, Ислам Қабылұлы секілді жаңа талап, жас ақындардың шығармаларының ішінен таңдалған.

Үшінші мәрте ұйымдастырылған жас өнерпаздар кешінің негізгі мақсаты адамзаттың қазіргі хәлі мен жасанды зият байланысын көрсетіп, көршіліс елдерде орын алған сұм соғыстың залал-зардабын, зұлмат-зобалаңын әшкерелеп, еліміздегі саяси ахуал мен өз болмысымыздың ішінде туындаған сауалдарға барынша үңілуге бағыт-бағдар сілтеу. Және осынау аты мен заты ерекше жоба «сапалы әрі қолжетімді» қазақша контент санының артуына үлесін қосып, тәуелсіздік жылдары өсіп-өнген жастардың ішкі үні мен таным-көзқарасын өнер аясында жеткізуді мұрат тұтады.

Задында, бүкіл әлем бұған дейін жапаны жастардан емес, қарттардан шеккені белгілі. Мұны баяны қанмен жазылған әлем тарихының өткенінен білеміз. Сырты бүтін қазіргі қазақ социумының ішкі жүйесі ащы өтіріктер мен жасанды жаңғырықтарға құрылуы жастардың жанын ауыртса керек, олар өздерінің өнері арқылы көңіл сөзін жеткізуге бекінген. Tauel{di}siz – поэзия арқылы қоғамды сан түрлі мәселелерге қатысты үн қатуды көздейтін арт-жоба. Жоба жетекшісі Жұбаныш Руслан атты жас продюсер. Ол мектеп жасынан бастап өткізелетін түрлі көркемсөз байқауларына, жоғары оқу орындарындағы поэзия кештеріне қатысып, қабілетін шыңдаған. Қызығы бұл байқауларға іштей көңілі толмауы осы жоба-идеясының тууына себепкер болғанын жасырмады. Руслан өз сөзінде қазақ поэзиясының әлеуеті кеңдігін тілге тиек етті. «Отан, Жер-Ана» сынды туындылардан бөлек мега тақырыптар қаузалатын шығармаларды заманауи форматқа лайықтап, «неге басқаша өнер кештерін бермеске» деген ойдың әсерімен 2019 жылы алғаш рет Жастар Театрында шағын қойылымымызды ұсындық дейді. Топтың екінші реттік кеші 2021 жылы елордамыздағы Конгресс-Холл сарайында «Бетперде» атауымен өткен. «Тәуелсіз» өз атына сай еркін ойлы жастардан құрылған топ. Алдағы уақытта Қазақстанның әр өңірі мен аймағын аралап, өз кештерін беру – басты жоспарларының бірі. Қазіргі күні топ құрамында отызға жуық сайдың тасындай іріктелген жас өнерпаз бар. «Хикая» кеші үкіметтен бөлінген грант көмегінің негізінде өткізілген. Айтулы кештің «Хикая» аталуы инстаграм, ватсап, фейсбук әлеуметтік желілеріндегі сториз-статустармен байланысты екен. «Біздер хикаялар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Кеш барысында өзекті тақырыптарды, нақтырақ айтсақ қазақ тілі мәселесін, қазақ әйелдерінің жан айқайын, табиғат, адамның психологиялық күйін қамтуға тырыстық», - дейді жоба авторы.

Кештің кульминациясы қайғылы «Қаңтар оқиғасына» қатысты оқиға сахналанған тұс болатын. Қобыз сарынының сүйемелдеуімен жас ақын Файзулла Төлтайдың «Қаңтар қасіреті» жайлы өлеңіне жан бітіп, сөйлеп сала берді. Зал толы көрерменнің ауыр үнсіздігі – халық жүрегінде қыстыққан шерлі сезімнің бұлқынысындай әсер қалдырды. Жауынгер рухты жас қаламгердің ол өлеңі былайша түйінделеді:

Біз сонда соңғы үмітімізбен

суға батып бара жатқан күнді

Көкмойнақтың тұяғына септік,

Қыранның қанатын бердік.

Самға енді, Көкмойнақ!

Сенің алтын тұяғың бар,

Алып қанатың бар,

Сен енді еркінсің, Көкмойнақ!

Болашақ бізді ту ғып желбірететін болады, Көкмойнақ.

Болашақ сенімен жүйткитін болады, Көкмойнақ.

Қалықта төменге қарамай!

Қалықта!

Дәлізден «Тоқ...», «Тоқ...» етіп,

Аяқ киім даусы жақындап келеді…

«Тоқ...».

«Тоқ..».

«Тоқ...».

Бұл жыр – үміт пен күдік шарпысқан жыр. Ұлттың басына туар қайғы мен қуанышты, бақыт пен нәубетті әуелі ақын өз жүрегінен өткізетіні ақиқат. Шынтуайтына келгенде біз өмір сүретін қоғам жүрегінде расымен де «Тұтқын шыңғырады, Көкмойнақ кісінейді». Жыр аяқтала бере «Қаңтар қасіретінің» феноменіне айналған Әділет Әдікеннің әнін топ өнерпаздары хормен шырқады.

Tauel{di}siz жобасының жастарына бағыт сілтеп, әр жетістігіне қуанып, кем-кетігін түзеу жолында ақыл-кеңесін айтып, жаңаша идеяларына қолдау білдіріп жүрген аға-ұстаздарының бірі алаштанушы, ақын, тәуелсіз журналист Ықылас Ожайұлы. «Хикая» кешінен соң Ықылас аға Ожайұлынан көрермен ретіндегі пікірі мен көзқарасын сұраған едік. Қазақ поэзиясын заманауи форматта сахналап жүрген жастардың бұл ісіне Ықылас ағамыз мейірлі кейіппен:

- «Бір нәрсенің басын ашып айтқым келеді. Көп адамдар «Тәуелсіз» жобасының идеясы менікі деп ойлайды екен. Бұл топтың негізін салушы Руслан, Әсем, Нұржауған секілді қыз-жігіттердің шәкірттерім екені рас. Ақ адалына келсек, өздері жеткен жетістікке «мен жеткіздім» деу ыңғайсыз болады. Әсте, олай емес. Поэзияны заманауиландырып, музыка, би қосу деген нәрселер аға буынның ойына кіріп шықпаған дүние. Екіншіден, интеллектуал поэзия деген қандай поэзия? Қазір эстрадалық, трибуналдық поэзия турасындағы көзқарастарда мәтіннің қуаты ғана сөз етіледі. Оны сокральді қылудың түкке де қажеті жоқ. Бұл стереотипті қиратып, поэзияны да осыншалықты жанды, пәрменді, күшті қылуға болады екен ғой. Шыны керек, шәкірттерімнің поэзия өнерін мен ойламаған деңгейге шығара алғанына қуандым. Алматыдағы «Бетперде» кеші де керемет өтті.

Бұл қойылымда жаңа уақытты шындығы бар. Қойылым арқылы тек қазақ қоғамын емес, әлемде орын алып жатқан ахуалдарды көре аламыз. Біз әлемнің ішіндеміз. Егер әлемнің мәдениеті құнсызданса, қыл аяғы біз тіршілік ететін жерде белгілі бір ақау болса, бұл бәрімізге байланысты нәрсе. Үлкен тақырыптарды өнер арқылы қаузау, жастардың санасын кеңейтуге, ұлтымызды есейтуге, сақайтуға септігін тигізер еді. Қалтасында қаражаты бар азаматтар кешке дейін айтысты қолдай бергенше, неге осы жастарға көмек қолын созбайды екен?

Кез келген нәрсенің жетіспейтін тұсы болады. Қойылымға қазақ мәдениетін, ән-күйін көбірек қоссаңыздар деген нәрсені ескерттім. Жасырмай айтайын, «Тәуелсіз» жобасы көңіліме қозғау салды. Соның бірі суицид мәселесі. Кештің әсері сондай суицид турасында мақала жазғым келді. Адамның өз-өзіне қол жұмсауы әлемнің ең үлкен проблемаларының бірі ғой. Былайша айтқанда поэзия деген жауынгер жанр арқылы ішімізде бұғып жатқан толқыныстарымызды жарыққа шығарып, қойылым ретінде ұсынуға әбден болатынын түсіндім. Ал оның моделі дайын-ақ.

- Жобаның құрылымдық режиссурасын әлі де болса жетілдіре түсу керек секілді. Бұған не айтасыз?

- Русланға да айттым, бұл бастаманы тоқтатпай, жалғастыра беру ләзім. Оған материалдық ресурс та қажет. Мүмкіндігінше жастармен жұмыс істеп, бір-екі автормен шектелмей, Қазақстанның әр өңіріндегі қаламгерлерге сауын айтып, бір тақырыпты ұсынса жақсы болушы еді. Бұлардың бір ерекшелігі, әрбір концерт сайын жаңадан топ жасақтайды. «Тәуелсіз» жобасы кішігірім сахналық театр болған жерде, тұрақты түрде алты-жеті кәсіби өнерпазды ұстап қалғаны жөн екенін айрықша айтқым келеді. Шама-шарқымша театрлық қойылымдарды бақылап жүрген адаммын. Байқап қарасам, бұл топтың ең үлкен плюсі натурализмді сақтауында екен. Неге десеңіз, «академиялық қойылған дауыс» деген нәрселер адамды шаршатады. Яғни, профессионалды әртістердің болмауының өзі топтың шынайылығы мен үлкен плюсі.

Хикая кеші жайлы бірер сөз айтайық. Қазіргі жасанды зерде адамзат өміріне қаншалық әсер етеді? Қаншалықты техникаланып барамыз? Адам мен техника арасындағы байланыс пен мұқтаждық бізді қайда апарады? Кез келген нәрсенің нарқы мен бағасы өз уақытында анықталмайды. Әлеуметтік желіге байланған сананың нәтижесін он-жиырма жылдан кейін көретініміз анық. Украиндағы соғыс мәселесі болсын, автократизм, имперализм секілді идеялар қазір адамзатты қаншалықты әбігерге салып отыр. Міне, бүгінгі кеште осы тақырыптар қозғалды.

- Жастар тарапынан сахналанған кейбір ашық көріністер біздегі билікке ұнамауы мүмкін ғой. Осы тұрғыдан алғанда қандай да бір кедергілер болуы ықтимал ма? Қалай ойлайсыз?

- Мемлекет әлі де сол үрей, цензура секілді ескі саяси тәсілмен жүрсе, әбден мүмкін. Әйткенмен, ұтып алған жоба әрі қарай жалғасса екен деп тілеймін. Қозғалыс пен тәжірибе артқан сайын топтың өнері де шыңдала бермек. Бізде бір қызық түсінік бар. Мемлекеттің мемлекет болып отқаны халық салығының есебінен емес пе? Бізде бір шенеуніктердің психологиясын ықтайтын түсінік бар. Ол дұрыс емес. Керісінше, ұлт өнері өрістесе мемлекет қуану керек. Жалпы өнерде бәсеке болғаны жақсы. Айтыстың жойқын аудиториясын өзің де білесің ғой. Міне, бұл топты сондай деңгейге дейін көтерсек, ғажап болар еді. Өңір-өңірді аралап, халықтың көз алдында көп жұмыс істеу керек. Мұны әдебиетке қатысты айтайын, біздің мына аға буынның да кертартпалығы бар. Алматыдағы кеште Жазушылар Одағынан бір адам келіп, төбе көрсеткен жоқ. Санала тұрғыдан солардың бұл солардың егістігі ғой? Жалғыз ғана ол емес, қазіргі поэзияның әлеуеті қайда кетіп барады? Бұл – бөлек әңгіме. Өнерде шекара жоқ. Көш жүре түзеледі. Театрдың ғұмыры ұзақ болғай! Ешкім аспаннан салбырап түскен жоқ. Тәжірибе арқылы өз кемшілігімен күресіп, ұзақ сапарға шығуына тілекшімін!»-деп шынайы жауап берді.

P.S: «Тәуелсіз» – интеллектуал поэзияны қағаздан құтқарып, жан бітіріп, қоғамдық қозғалысқа түсіруге болатынын қазақ аудиториясына дәлелдеп жүрген топ. Кеш көрермендері өз көкейіндегі түйткілді мәселелердің көтеріліп, көркем өнер түрінде жеткізілгеніне бек риза болды. Еліміздің болашағын баянды етер де осындай еркін ойлы, азат жастар екені сөзсіз. Жобаның алдағы жоспарына сәттілік тілейміз!

Бөлісу:

Көп оқылғандар