Көркем әдебиеттегі қара шаңырақ пайымы
Бөлісу:
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы Абайдың Семейден қайтқан сапарын суреттеуден басталады. Осы сәттен бастап Абайдың кенже інісі, тентек Оспан көзге түседі. Жалпы Оспанның Құнанбай әулетінде, оның ішінде Абай өмірінде, оның рухани әлемінде алатын орыны ерекше. Оспан қайтқанда «Жайнаған туың жығылмай, жақсы өліпсің япырым-ай!» деп жоқтауы көп нәрседен аян береді. Зәді бұл Оспан өлімі ғана емес, биік, парасатты өлімнің өлшем үлгісіндей аруақты сөз. Оспан біздің көкейімізде адал, аңғал, өткір, ерке тентек бейнесімен, айрықша болмыс-бітімімен қалды. Ақын Жұматай Жақыпбаев бір өлеңінде «Жан адамнан жасқанбай һәм жасымай, Құнанбаев Оспан құсап өсіп ем»,- деп жырлайды. Жалпы көркем әдебиетте болсын, тарихи-танымдық еңбектерде болсын, Оспан бейнесі толықтай ашылып көрсетілмегендей әсер қалдырады. Оның тұтас өмірі, батырлығы, ақылына сай іскерлігі өзі бір жеке шығармаға толықтай арқау болатын тұлға. Бүгін біз қазақ көркем әдебиетіндегі «Кенже бала» ұғымын талқылап өтпекпіз. Әңгіменің әлқиссасын Әуезовтің бала Оспанынан бастап отырғанымыз да сол. Шығарманы бірге еске түсіріп көрелік.
«Сөйткенше, сырттан Оспан кіріп келді. Кішкені інісі. Ауылға келгелі көп сұраса да, көре алмаған тентек, сотқар інісі. Ол сәлем беруді ұмытқан жоқ. Бірақ әкесі мен өзге ешкімге қарамастан, келе Абайды құшақтай алды. Өзінің де ең жақсы көретін туысқаны Абай еді. Екеуінің арасы 5-6 жас... Абай бір жағынан еріксіз күліп, екіншіден қысылып, бойын жиып алайын деп еді. Денесі кесек, қолы қайратты Оспан түрегеліп алып, шалқалата жығып салды. Және соның үстіне, ұртына тығып жүрген сілекейлі қатты нәрсені әп-сәтте Абайдың көйлегінің омырауын ашып, жалаңаш етіне тигізіп тастап жібереді. Абай сескеніп, тітіркеніп ырши берген... Оспан оның тітіркенгеніне мәз болып, әкесін ұмытып, сақылдап күліп: «Бақа! Бақа салып жібердім көйлегіне, - деп, Абайды бұрынғыдан да жаман тітіркендірді». Осылай алғаш кездескеннен Оспанның қияңқы тентектігіне жолығамыз. Келесі кездесетін жері Абайдың «Қодар мен Қамқа» дауынан кейін, Абай ауырып жатқан үйге, «ой, баурымдап!» шауып келетін Оспанның тағы да ожар мінезіне тап боламыз. «Қодар өлімін естіген жақындарының «ой, бауырымдап!» жоқтағанын Оспан естіп алып, ендігі өзінше оны ойынға айналдырған да, Абай үстіне бірақ шығатын тентектігі, оқырманға еріксіз езу тартқызаты. Тіпті – Ойбай, бау-ерім Абай! – деп қойып, сұңқ етті. Абай басы ауырып жатса да, еріксіз күліп жіберді». Әуезов осылай беру арқылы бала Оспан образын тамаша ашып береді. Ол әкесі ұрғанда жыламайды да, шешесі Ұлжанның ұрғанда керемет жылауық. Қаһарлы әкеден таяқ жедім деп жыламауы Оспанның нағыз кенжеге тән еркелігі мен қатар қайтпайтын қайсар мінезін танытса керек. Шығарма барысында Оспан осылай ожарлығын білдіру арқылы, Абайға жақын екендігін, онымен кішкентай кезінен бірге ойнап, сағынып қалған інінің ерке қылығы еді. Сол жақындығы ержеткен кезінде де қалмай Оспан Абайдың туыстарының ішіндегі шын жанашырларының бірі болады.
Келесіде Оспан бейнесі бізге, Абай, Тәкежандармен бірге бүлдірген тере баратын жолда кезігеді. Автор Оспан турасындағы баяндауларға келген де әрқашан оның тентектігіне соқпай кетпейді. Тіпті оған басқа мінез жараспайды да. Бала Оспан басқа балалардан сол сотқарлығымен ерекшеленеді. Енді осы жерде тентек кенже еркелікті ерлікке ауыстыра бастайды. Басқа балалар үйретілген тай мініп, бүлдіргенге кетіп жатқан да Оспан өзі қалап жылқышылардан енді ғана үйретіле бастаған, асаулығы бастықпаған ақ тайды мініп шығуы, Оспанның образын ары қарай аша түседі. Бір тентек, бір тентектің үстіне шығып алып, көрсеткен өнерлері барша баланы риза еткенімен қоймай, ағалары Абай мен Тәкежанды да қайран қалдырады. Бала болса да ағалары істей алмайтын ерлікті Оспан істейді. Оспан кейде осындай батыл, өткір қылығымен де ағаларынан артық бола алады. Бейне ертегідегі кенже батырлардай, ерлікке, күшке, қайратқа келген де бәрінен асып түсіп жатады. Қарасақ, қаршадай Оспан, қарғадай кішкенелігіне қарамай, қаршығадай қайрат көрсетіді. Бұл да нағыз кенже балаға лайық образ болып табылады.
Романды оқу барысында, осындай тентек Оспанмен ержеткен кезінде бірақ кездесеміз. Тоғайлы өзектен келе жатқан Абайға, өзіне атпен бір шомбал жігіт жақындап келе жатады. Қараса өзінің інісі Оспан, екі йығына екі кісі мінгендей зор, сыртынан қараған жанның көзі тоятын атбал азамат болған екен. Абайдың өзі күнде көріп жүрген інісінің үлкен келбетіне таң қалады. Енді сол ірі Оспан мінезі де ірі болып, әкесі Құнанбай сияқты қайсар болып ержетеді. Бықсыған пысықай қуларды жек көріп өседі. Әкенің қара шаңырағының мол мүлкіне ие болған ол жан-жағына жайлы, қолы ашық, жомарт. Сол мырзылығынан де, күндіз-түні үйінен қонақ үзілмейтін болады. Шығармадағы Тәкежан, Майбасар сияқты дүниеқорлықтан әсте аулақ. Мал мен дәулет, мансап қуған олардан көрі, өнер қуған, әділдікті жақтаған Абайды артық санайды. Өзі ілім-білімнің соңына түсе алмаса да, Абайдың насихат сөздерін қадір тұтды. Ағасының жағдайын жасап, тіпті Абай Әйгерімді аларда еш қысылмастан оның қалың малын санап береді. Кейін Абайдың қыстауын өзі бас болып, тағанынан бастап көтеріп салып береді. Сол Оспан Абайдың сараң байларды, жылпос қуларды сынаған өлеңін, түшіркене тыңдап Жиренше, Тәкежандарды мазақ етіп, әжуа-сықаққа айналдыратыны бар. Жүрегінде бір әділдік болмаса, Оспанның бұлай жан-тәнімен беріліп, Абайдай асқар тау ағасының дер кезінде қадірін біле білгені оның көрегендігі демей енді не дейміз. Мұхтар Әуезов өзінің осы эпопеясында Оспанның бейнесін осылай ақыл мен қайрат қатар біткен бейнеде ашып берген.
Енді Абай мен Оспан туралы айта кетсек. Абайдың да кейінгі өмірінде қорғанышсыз қалуы, сүйікті інісі, қамқор да батыл бауырының өмірден ерте озып кетуіде себеп болғандай. Басқасы болмаса да Оспанның мысынан қорқатын Абайдың күндестері, Оспан қайтқан соң тіпіт есіре бастап еді. Осылай Оспан бір өзінің емес, Абайдың да қамқоры бола білген жан. шығармадағы нар тұлғалы Оспан әділетшіл, жаңашыл Абай тобы жағында, қысас қыла алмаса да басқа ағалары Оспанның орынсыз ыржаңы мен мазағын ұнатпайтын. Абай шығарған өлеңдерді әдейі қайта-қайта айтқызып, сараң жора-жолдас, ағайын-туғанның айыптарын бетіне басудан таймайтын. Ал, Оспанды тыңдамай, оны ашуландыруға дәттері жетпейтін. Жалпы шығарма барысында Оспан образы Абайдың жақын інісі болумен ерекшеленгенімен қоймай, Абай өнерін шын қолдаушы, оның құйма құлақ тыңдарманы. Абайдың насихат нұрынан сусындаушы, оның үлгілі тәрбиесін көруші. Оспан бейнесі Құнанбай секілді аса жоғары деңгейге жетпеседе, шығарма барысында өз маңызы бар, өз орны бар, өзінің адами міндеті бар тұлға болды. Осылайша Оспан шығармадағы кенже балалық, шаңыраққа егелік бейнесіне сай шығады.
Әдебиетіміздегі кенже бала ұғымына тән жүлгені Оралхан Бөкейдің «Айпар-Ана» аңызнамасынан іздесек. «Көш күн шығысқа беттеді...» деген сөйлеммен басталатын шығарма, сонау замандағы жоңғардың қатты соққысына ұшыраған тобықты руының жөңкіле көшкен кезіндегі ауыр жағдайы суреттеледі. Бейбіт, қамсыз жатқан елді кенет басып қалған кәнігі жау, қазақтардың берекесін кетіріп, елін шауып, малын олжалап, әйел, бала-шағасын тартып алып масқаралаған кезі екен. Шығарма аса ауыр хәлдегі ел күйінен хабар бере бастайды да, жаудан ығысқан елдің үркіп-қорқып қашқан жағдайын баяндайды. Жаудан жеңіліп рухы жасыған жұрттың бас көтеруге дәрмені болмай, беталысын шығысқа беріп үдере көшіп, бой тасаламақ болады. Осы қан жұтқан қаралы көшті бастап келе жатқан Олжай батырдың бәйбішесі Айпара-ана еді. Айпара-ана әдеттегі әйел емес, бүкіл ауылдың қормалы, ордалы жұрттың тірегі болған ана. Еркектер шайқас алаңында қалғанда былайғы көпшілік қауымға бас-көз болып, тұрғызып, жүргізіп келе жатқан осы – Айпара-ана. Ол ана болғанда ауыл үйдің арасындағы әйел емес, бойына қасиет қонған, аузы дуалы, ер мінезді қайсар, иығына қанша жүк түссе де, қыңқ етпей көтере білетін адуынды ана. Ері Олжай жоқта ежелгі қонысына беттеген көшті алып келе жатқан ананың көрегендік, алдын-ала болжағыштық қасиеті оның бомысын тіпті биікте те түседі. Осы ананың үш ұлының ортаншысы жау қолынан қаза тауып, оның екі сәбиі Бөкенші мен Борсақ дұспан қолында қалады. Байыз таппаған ана жазықсыз екі сәбиді жау қолына қалдырғысы келмей, жорықтан енді келген ері Олжай батырға айтады, бірақ жаудан жеңіліп, ұлынан айырылып, қажып келген батыр қайран қылар амал айта алмай, өздерінің ләжісіз екенін айады. Енді Айпара-ана еріне сүйенудің пайдасы шамалы екеніне көз жеткізген соң, соңғы үміті кенжесі Жандосты жауға жалғыз жібеурге бекінеді.
Әулие анасының айтқанын екі етпеген Жандос жасанған жауға жасырынып аттанып кетеді. Осы шағарманың бір сәйкестік келіп тұрған жері, ертегі, эпос ізімен Айпара-ананың бұл міндетті басақаға емес, бірден ат жалын енді тартып мінген кенже ұлы Жандосқа тапсыруы еді. Ал, Жандостың екі інісін құтқармақ болған сапары, ежелгі дәстүр бойынша батырдың белгісіз сапарға шығуы, болмаса үйден аттану іспетті ерлікке толы қадам болып табылады. Айпара-ананың әулиелік қасиетімен сапардағы баласын желеп-жебеп отыратыны, оның кездесуі мүмкін қиындықтардан сақтандырып отыруы, олда ежелгі сарынның жаңғырып, өзгеше көрніс тапқан өрегі еді. Ұйықтап жатып, қапы да қолға түскен Жандосты Жоңғарлар кигізге орап, лаулап жанған отқа лақтырып, мазақ етіп жатқан кезде, кенет күн күркіреп, найзағай ойнап жоңғарлар қорыққанынан қашып кетуге мәжбүр болады. Кейін есін жиған бала бұл қалайда анасының шарапаты деп білді. Шығарма да «Жандос мұндай кездейсоқ сәттілікті, тіпті де табиғаттың құдіретіне сайған жоқ, өз шешесінің піріне жорыған. Өз шешесін әулие санайтын ол шырқырап отқа қақталып жатқанымды сезді де, Аллаға жалбарынып мені құтқарды деп ойдады. Кім білсін, солай шығар, әйтеуір сезімтал Айпара-ана Жандосатың қатты қиналғанын құмалақ ашып білгені рас!»- деп жазады жазушы Оралхан Бөкей.
Айпара-ананың миссиясы негізінен алдын-ала болжау, қауіп-қатерден сақтау, керек болса інгенді жіберіп батырға көмектестіру. Осындай аруақты сәттерді автор «Айпара-ана бұл түні таң атқанша ұйықтаған жоқ» деп баян етеді. Яғни, Қиял-ғжайып ертегілердегі көмекші дүлей күштердің орнын Айпара-ана басып, шығарманың көркемдік бояуын солғындатпай, өз биігіне көтере біледі. Бейне ертегідегі Ақ бөрі, Сұрқасқыр, Қыршаңқы тай, Самұрық құс, ақылды Ақсақал іспеттес батырға жөн көрсетіп, жол бастаушы бейнеде көрініп отырады. Енді батыр жолға шығып өзнің ана күткен үмітін ақтарлық ерлік іс істеп, екі ағасын құтқаруы керек. Шығарма да Жандостың қағылез де, шапшаң қимылдайтынын айта кетеді. Бұлда болса кенже ұлдың осы тапсырманы атқаруға әбден лайық екенін айғақтап береді. Осылай батыр жолға шығып, кенжелерге тағдыр нәсіп еткен қиын да, даңқты сапарда озінің қайтпастығын тағы да көрсете біледі.
Түмен қол барып тартып ала алмаған баланы, қаршадай ғана баланың қос бүлдіршінді құтқарып келемін деп бекімге келуі, Жандосытң ерік-жігерінің қаншама күшті екенін көрсетеді. Жоңғарлар кигізге орап отқа тастаса да, одан құтыла сала келген жағына тұра қашпастан, сапарын ары қарай жалғастырып, алған беті жоңғардың қақ ортасына қойып кетуінен көп нәрсені айтпай түсінеміз. Содан келесі өзінің ағасының отауы болып, одан да амалын тауып екі сәбиді ұрлап алып шыққаннан кейін, кездейсоқ ботасынан айырылған аруананың кездесе кетуі де панасыз үш ғарыпқа кенеттен ашылған жол еді. Кенже баланы сынау бұнымен бітпейді, ол енді жол азабын бір өзі көтеріп, екі інісін аман-есен жеткізу керек. Қараңғыда жарық нұрдай болған інгенге кездескен үш жетімге мінсе көлік, жесе тамақ, оранса киім болған аруананың септігі, көмегі аз болған жоқ. Бейне жер астында қалған кенжелерге кездесе кететін самұрықтай, желмая да желдей ағып жетмдерді жетер жеріне жеткізе бере жығылады. Осы жерінде Оралхан ертегілерден алшақтап ешқайда ұзап кетпенген, жазушының өзі де негізі шығармасына мифтік, аңыздық оқиғаларды жиі енгізетінін ескерсек, бұл жерінде сюжеттің негізгі сарынын сақтап, тек көмекшілері ауысқан. Қараңыз, сюжеттердің ешқандай өзгерісі жоқ. Мысалға жол ортадан қосылған Төстіктің достарындай бұдан ары қарай маған рұхсат жоқ дейтінін еске түседі. Аруана сары інген де – жетер жеріңе жеттің, менің бұдан әріге баруымның керегі шамалы дегендей бетін құбылаға бере жан тапсырады. Оралхан сар інгенді әдейі өлтірмеген шығар, бірақ, қалай болса да, кенже балаға байланысты тақырыпқа абайламай бойлаған ол оның қайталанып отыратын сюжет желісін бұлай өрбірін болжамаған да шығар. Бұл да жеке жазушы емес, әр қайсымыздың ата тек жадымызда жаңғырып жатқан ежелгі танымдарымыздың белең беруі шығар. Сол тақырыпты қозғар кезде өздігінен сюжеттердің тізбектелуіне алып келетін болар. Мысалға бала Оспанның сотқарлағы, бөгенайы бөлекше өскен ежелгі кенжелердің сотқарлығының жалғасы емес пе, біреудің баласын байқамай ұрып өлтіретін, біреудің өрмегін үзіп жүретін кенжелер бұл күнде де сол тентектігінен арылды десек өтірік айтқан болармыз. Сонымен көмекші күштер бәрін алдын ала біліп отыратын шалқұйрық, Ақбөрі, Сұрқасқырлардың орнын Айпара-ана алмастырса, жолдан жолай қосылатын көмекшілердің орнын сары інген басқан бұл аңыздық әңгіме ХХ ғасыр төрінде тұрып кенже баланы, кенже баланың ерлігін көтерген тақырып болғасын да бізге маңызы зор.
Бөлісу: