Күліп отырып, күрсінесіз бе...

Бөлісу:

03.08.2022 9965

Оқырман деген де қызық, соңғы кезде кітапты көңіл-күйге байланысты таңдайтын әдет таптық па, кейде қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға шындық көзімен қарайтын жаңа бірдеңе оқығың келетіні бар. Тапқандай боласың. Бірақ, жаныңа бір жеңілдік берудің орнына оқығаныңнан көбіне үмітсіздік пен тығырыққа тірелгендікті сезінесің. Әйтеуір, көңілде бір алаң бар. Осы көңіл-күйден ғой, Т.Шапайдың «Күлкі және көз жасы» кітабын қайтадан қолға алдық, осындағы әлеуметтік конфликт, қоғамдағы патология, мұң, стресс өзіміздікі болғаннан ба... жанымызға алабөтен жақындығын сезіндік. (Бұл тек «Саяси әңгімеге» қатысты емес).

Соңғы кезде дүниенің абсурд екенін тоқтамастан дәлелдей беретін сюрреализмді шошымай қабылдайтын болыппыз. Бұл әлде сәт арасында балалап, жан-жағыңды тұмшалап тастайтын көбіктің арасында тұншығып, ештеңенің анық бағытын білмей беталды лағып жүрген топпен бірге мең зең болғаннан ба, әлде дәл жанымыздағы жеті бастының от демінен заһар білініп, әлсін-әлсін айбат шегіп қоятынынан «түбі не болар екен?» деп іш жиямыз ба... Бір ақылдың ісі керегін түсінеміз. Бірақ, түсіну бір басқа, оны жасау керек.

Әл-әзірге... «ұрпағының несібесін жаттай тонап ұрламайтын, атақ пен сыйлық үшін сатпайтын, патшасы асатпай жатып «менің көзім жетті, сіз, сірә, мәңгі өлмейсіз! (Т.Ш)» деп жарбаңдамайтын, рухы биік, сапалық жағынан дамыған ұлт болайық» дегенді аузымызбен айтқанымызбен, санамыз қабылдайтын емес.

Тұрсынжан Шапай: «Менің көзім жетті: біз әйтеуір, аштан өлмейді екенбіз. Бізге келетін тажалдың аты басқа екен. Қазақтың жаны үшін күрес жүріп жатыр!» дейді.

Қазақтың жаны үшін күрес бола қалса сол жалғыз жанды өзгенің талауына бермей алып қалу үшін ара түсетін кіміміз бар? Мынауың тым пессимист екен демеңіз, Құдайдан үмітіміз болғасын халықтың өз ішінен жаңа батырлар шығарына сенеміз. Мәселе басқада.

Біреулер белгісіздік пен тұрақсыздық белең алып, сұрағы көбейген Суқұйғыштар дәуірі келді дейді, осындай елең-алаң шақта адамдардың айналаны тануы, алысқа көз жіберіп, әрнені болжайтын сезімталдығы күшейетін көрінеді, рас шығар, әйтеуір, соңғы кезде біздің де (қара халықтың) көзіміз ашылып келеді! Кімнің кім екенін танып қалдық, халықпен біргеміз деп жүргендер мұртын майлап болып Мальдиви асты, осы опа берер деп үміт күткеніміз омақастырып кетті, көзіміз ашылғаны сондай, пәлен-пәштуән министрлер мен шенеуніктердің де сырын біліп болдық, мұраты – мансабы, бар алаңы – өз құлқыны екен. Оларда тек бір ғана қорқыныш бар, ертең осы тыққан-пыққанымды тартып алмаса екен, ұсталмасам екен дейді. Елге жақын еді дейтұғын ақыны бар, жазушысы бар, қаптаған қайраткері бар, атақ пен сыйлықтың кезегінен босамай жатыр. Және оларда Т.Шапайдың әңгімесіндегідей «Қалам көтерген қояндардың» үрейі бар.

«Мен көп ағаларыма қызығамын. Қай заманға да тез күйлейді, сызатсыз сіңеді. «Капитал» мен «Құранның арасын екі-ақ аттайды. Екі дүниенің басын иілтіп, даналықты тең ұстайды: садақ қып тартып жамбы атса да, қияқ етіп, қобыз шалса да соның қаруы. Және міндетті түрде жүлде алады.... Қызығамын. Бірақ, түсінемін. Бұл – жанның ерлігі, рухтың мықтылығынан емес. ішкі темірқазықтың жоқтығынан. Олар күнбағыстың басы сияқты: төбесінен қандай күн шықса да, бәрібір – қашан басқанға дейінгі жолын қалт етпей қайталайды...» дейді Т.Шапай.

Ондайда осы ел түбі жалғыздықтың зарын тартпаса екен дейсің. Өйткені оның тағдыры ешбір идеалы жоқтардың қолында тұр. Өмірде идеалы жоқтар шешім шығарып, билік айтса халық үшін одан қауіпті ештеңе жоқ. Идеалы жоқ адамдар өзіне сенімсіздіктен орнықты, берік ұстанымы болмайды, олардың билікке келуімен сыбайластық кеулеп, құлқынның ындыны күшейіп, өтірік пен берекесіздік қаулап, гүлдеп, көз жетер жерге дейін шығандап кетеді. Идеалы болмағаннан да ізгілікке сенбейтін, «қайырымды қала тұрғындары» деген трактаттың мәнін түсінбейтін адамдар халықты билеуді оңай шаруа көреді, идеалы болмағаннан кейін де Құдайдың екінші аты – халық дегенге сайқымазақтана мырс етіп, мінбеде отырып, «қант таусылса балмен шай іш» деп ешкімнің миына келмейтін «керемет» ақыл айтады.

Тұрсынжан Шапайдың жазғандарында шытырман оқиға, ұзақ жазылған дүниелер жоқ, ең бірінші ерекшелігі – ықшамдық, локонизм, шағын дүние жазып отырып та, үлкен ой айта алу. Юморына күліп отырып, өзің де байқамай қырық келілік ойды көтеріп кетесің. Өзі нені сезді, нені көрді, соны ғана суреттеп, осы форма арқылы біздің тіршілігіміздің қайшылықтарын санамалап отырып көрсете береді, ең соңында... оның баяндауындағы қарабайыр болмысымыздан басқа түгілі өзіміз шошитындай күйге түсеміз. Мысқылы ащы. Қаламгер осылай айту арқылы ұлтсыздану қаупінен сақтандырады.

«Қолым қалт еткенде қайғыра қою – кейінгі жылдары әдетіме енді. Өйткені, күле-күле шаршадық. Күле-күле тоздық. Ыза мен шер қысқанда адам күледі» дей келіп, осы біздің қоғамдағы бүкіл қотыр мен жараның бәрін тізе кетеді, сөйтсе, қазақтар қамсыз-мұңсыз мәз болып жүргенде күллі дүние өзгеріп кетіпті. Осыны жазып отырған қаламгер арасында күлдіріп қоюды ұмытпайды, біз болсақ күлімсіреп (өзін-өзі мазақтаған ақымақ адамның кейпімен) оқи түсеміз. Бірақ, ортасына ойысқанда күлкің жоғалып, ішіңнен лықсыған бір мұң көтеріліп, ол бір тамшы жасқа айналып, тамағыңа келіп тұрып қалады. Не әрі, не бері өтпейді. Жазушы күлдіріп отырып, қырыққа келгенше әлденеше рет тілімденіп үлгерген жүрегіңе тұз сеуіп жібергендей дыз-дыз еткізіп, айта түседі. «Қазақты боқтау, қазақты жамандау, қазақтың өзін-өзінен жеркендіріп, бездіріп жіберу – 1917 жылдан бастап өркендеген бизнестің жаңа түрі болатын. Қазақты боқтағандар кезінде шен алды, шекпен киді, қызметі өсті, абыройлы, атақты болды. Ел басқарды... Қазақты тепкілеп, тірідей жерге көмсең, қазір де жақсы тұрасың.... Өйткені, бізде шетсіз-шексіз, қиырсыз, қисынсыз, пәтуасыз демократия-дүр... Күлесің...» дейді автор. Ирония, сарказм дейсіз бе... қабылдауыңызға қарай. Кейде ирониялық авангард көрінеді – бұл қазіргі модернизмнің екінші ағымы.

Т. Шапайдың кейіпкері Мырқымбай және тағы сол Мырқымбай сияқтылар. Бірақ, бұлар Бейімбеттің баяғы Мырқымбайы емес, болған-толған, өз қағынан жерінген, «элитный» Мырқымбайлар. Олар парламентте, министрліктерде, әр жердегі қымбат креслоларда отыр. Бұл Мырқымбайлар бұрынғыдай емес, өздерінің кім екенін мақтаныш көретін болған, айта салған бір сөзі сол бойы қазақ даласын шарлап кететінін білген сайын кеуделері аяққаптай. Автордың «Түсінікті» деген әңгімесі де, «Қызық әңгімесі» де осылардың образын аша түсуге арналған. «Пәкең және XX ғасыр» әңгімесіндегі кейіпкер де құдай біледі, осы Мырқымбай шығар. «Осы біз не істедік өзі» дегендегі халтурщик те... Халтурщиктер туралы жазғандарын бір төбе қылып бөліп айтуға болады. «Қашқандар мен қуғандар» соның жалғасы іспеттес. «Әдеби айтыс» пен «Ғылым жолын қуған ініге кеңес» деген сияқтылар да бар. Одан бөлек «Жақсы кісі», «Мұражай», «Кабинет», «Біздің мадақ» дейтін шағын әңгімелердің бәрінде біздің жасандылығымыз, жарамсақтығымыз көрінеді. Ал, «Маймыл» – кей адамның қолына билік тигенде көзін шел басатынын, «Әлемдік алма» – даңғойлығымызды әшкерелейді. «Бәйге» әңгімесінде де «қазақ екі миллионға шашылады, бірақ бір миллиондық бәйгені қайтсе де алады» деп біздің қисынды-қисынсыз әрекеттерімізді әжуалайды. Масқараның көкесі, ән бәйгесіне Ақан серінің әнін қосып жібергенде, ол әннің кімдікі екенін қазылар білмейді, ән бәйге ала алмай қалады. Ақан Серінің «Құлагері» тағы «мертігеді». Адамның сайтанға айналуын жазған Гоголь сияқты Тұрсынжан Шапай да адамдардың күлкі шақырғаннан бұрын ызаңды келтіретін майда іс-әрекеттерін әшкерелейді. Автордың «Саяси қайраткердің портретінде» де, «Менде ұят жоқ», «Шойын бақа», «Апатия» т.б. әңгімелерінде осы мәселе қайталай айтылады.

Жазушы Ж. Қорғасбектің «Үркер» хабарында әдебиет сыншысы Ә.Меңдеке Т. Шапайдың «Жағымсыз кейіпкер» әңгімесіне «карнавалдық стиль» деген анықтама берді. Автордың осы әңгімесіндегі басты кейіпкердің баспаға барғанша мүләйім кейіпте кітап ішіндегі өз орнында тұрғанымен, әбден баспадан шығуға енді бір қадам қалған ең жауапты мезетте тайғанақтық танытып қашып кетуінен бүгінгі қоғамда халық үшін, ұлттың мүддесі үшін мойнына жауапкершілік алатын, «Мен халық үшін осылай жасаймын, осыны істеймін» деп нық сөйлей алатын тұлғалардың жоқтығын меңзейтіні туралы көңілге қонымды пікірлер айтқаны есімізде. Ар жағын өзіңіз ойланып, оңашада қиялы – қайық, ақылы – дария болатын ойлау мүмкіндігіңізге ерік беріп, тарқата беруге болады. Алды-артына қарамай безе жөнелуіне қарағанда шамасы ана кітап та еңсені езіп жіберетін, кілең трагедияны сөз еткен шығарма болу керек, әйтеуір кейіпкер сол кітапты тастай қашады. Бұл көп адамның әртүрлі саяси оқиғалардан кейін маңдайы тасқа соғылып, рухы үтіктеліп, түпсанада («модный» психологтар айтатындай) жасырынған үрей-қорқынышқа беріліп, өзінің «менін» жоғалтып алғанын да көрсетеді. Т.Шапайдың кейіпкерін де түсінгің келеді, ол қайбір қағанағы қарқ болатындай тәуір сюжеттің ішінде жүр дейсіз, біздің тарихты қарасаңыз, кілең мұң мен зардан тұрады, «Қаратаудың басынан көш келедіден» бастап кешегі Желтоқсан оқиғасы, Жаңаөзен оқиғасы, Қаңтар оқиғасына дейінгі аралықтағы мамыражай кезіміздің өзі мұңнан ада болды дегенді бір шеті күдікпен қажалмаған сеніммен айта алмаймыз ғой. Мына шығармадағы басты кейіпкер де өзі қазақ болғасын шығар, өмірінде бір ғажайып жақсылық көрмегендіктен шығар, әйтеуір, оған өзінің кітаптағы бейшара, сорлы, жағымсыз кейіпкер ретіндегі образы ұнамайды.

Автордың бүкіл шығармасындағы «Мен» деп өз атынан сөйлейтін кейіпкері – айналып келгенде тұтас қоғам. Қытықтамай ақ күлдіріп, драма жасамай-ақ жылата жаздайтыны – стилі. Бұл стиль тарихтың мәдени құндылықтар жүйесі күрт өзгеретін өтпелі кезеңдерінде көрінеді екен. Әдебиет тарихына қатысты қараған кезде бұл стиль ежелгі дәуірде пайда болған, орта ғасырда да, Боккаччо, Рабле, Сервантес, Шекспир шығатын Қайта өрлеу өнерінде де өзінше дамығаны айтылады. Орыс ғалымдары бұл карнавалдық стильдегі әдебиеттің дәстүрлерін өздерінің фольклорынан да, 17 ғасырдағы халықтық сатирадан, тіпті Пушкин, Гогольден де табады. Жазушы шығармасында «мен» деп отырғанымен, біз одан әңгүдік, мақтаншақ, делқұлы, әумесер, көрсеқызар өзімізді көреміз. Және бір қызығы, жазушы Тұрсынжан Шапайда үйдегі мақыра-мүкәммал да, сөйлемдер де, керек десеңіз, шыбын да сөйлей береді. Мұның антропоморфизм деген термині бар. Бірақ, оңашада авторға сыр ашатын жанды-жансыздың да айтқандарын құр сөз дей алмайсың. Астары әлемет.

Қаламгердің біздің санаға құдды қорғаныш қабатындай болып жабысқан құлдық мінезді көлеңкесін де қалдырмай сол күйі өшіруге деген құлшынысы түбі ақтала ма, ақталмай ма... Егер санадағы құлдықтан арылсақ, бізді ұлт деп танымайтын кеудемсоқтарға басымызға шығуға жол бермес едік. Онда біз о бір жылдары меңдеп алып, босатпай қойған «летаргиялық» ұйқы фазасынан шығып, өзімізді жан-дәрмен шымшылап оятып алып, санамызда бірдеңе жарқ етіп, аяқастынан ой кешер едік. Ой соқты болған жаман, ой кешкен әрқашан да жақсы. Шынымен де, мықты ұлт боламыз ба? Әлде «қазақстандық» болып божырап, бір ауыз қазақша сөйлемейтін бала өсіріп, оны орыс класына бергенімізге ырза болып, «маргинал қазақ» көрсе тыжырынып, ел, жер тақырыбындағы әңгімеге қосылмай, жемқорлықтан қабырғасы сөгіліп, іргетасы құлауға айналған мемлекетіміз үшін түк жанымыз ауырмай, қарнымыз тоқ болғанына ырза кейіпте, билігі барға жарамсақтанып, әйтпесе осыған шүкір деп талтаңдап жүре береміз бе?

Бөлісу:

Көп оқылғандар