Біржан Ахмер. Ахмет мұрасы: Ғаламтордағы қателіктер
Бөлісу:
Қазақ әдебиеті мен тілін зерттеп, ұлт құндылығын басты назарға алған белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық лабораториясына дендеп енсек, біршама өнегелі ойларды, өрелі пайымдарды кездестіреміз. Әсіресе, ақын аударма саласында тынбай еңбек етті. Орыстың әйгілі шайыры Иван Андреевич Крылов туындыларын қазақ тіліне аударып, 1909 жылы «Қырық мысал» деген атпен Петербург қаласында кітап қылып бастырды. Бұл – ең алдымен балалар әдебиетінің дамуына, балалар парасатының өсуіне әсер еткен классикалық шығармалар жинағы еді. Ерекше символдық астар, жануарлар мен адамдардың психологиялық параллелизмі шебер суреттелген. Әр өлеңнің өміршеңдігі – адам жанын қозғап өтетін мәңгілік идеялармен, рухани кодтармен сабақтас. Жан мен тән, ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, мейірім мен зұлымдық – адам барда жасай беретін құбылыстар. Сондықтан А.Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» бүгінгі бүлдіршіндердің де қажетіне, рухани-адамгершілік мұрат-мақсаттарына жарай алады.
Біз бүгін қазақ тілді порталдарда жарияланған «Қырық мысалдың» және басқа да шығармалардың мағыналық-идеялық құрылымын, грамматикалық қателерін зерделемекпіз. Әрине, түпнұсқа кітапта зәредей шүбә жоқ. Барлық гәп – сол түпнұсқаны бұрмалап, орфографиялық қателіктерге бой алдырған сайт пен порталдарда. Сайт редакторлары ақын мұрасының дұрыс насихатталуына, қатесіз жариялануына жауапкершілікпен қарауы тиіс еді. Өкінішке қарай, мұндай олқылықтардан көз алып жүру мүмкін емес. Егер ғаламтордағы осындай жағдаяттар азын-аулақ аудиторияны қамтыса, онда, бәлкім, өзекті болмас еді. Бірақ қазіргі ақпараттық-технология дамыған ғасырда көптеген мектеп оқушылары, студенттер, қарапайым оқырман интернет ресурстарын ғана пайдаланып жүр. Қазіргі таңда кітап оқу мәдениеті, кітапханаға бару, түпнұсқа материалдарды оқу үрдісі кенжелеп қалғаны шындық. Бір өкініштісі, бір сайтта жарияланған өлеңнің қателігі – қалған барлық порталдарда кезігеді. Кейбір материалдың қаралым саны 50000 немесе 60000-нан асады. Яғни, 60000 оқырман қате шығарманы пайдаланған.
Біз түпнұсқа шығарманы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған «Алты томдық шығармалар жинағынан» (Алматы, «Ел-шежіре», 2013 жыл. I том) алып, сайттардағы шығармалармен салыстырып көреміз. Орфоргафиялық қателерді бағамдай отырып, сыни пікір мен толымды идеяларды ортаға салуға тырысамыз.
«Аққу, шортан һәм шаян» өлеңі бойынша:
Сайтта (wikisource.org):
Жүк бірақ әлі күнге орнында тұр,
Бырыңғай тартпаған соң бәрі тегіс.
Кітапта:
Жүк бірақ әлі күнге орнында тұр,
Бірыңғай тартпаған соң бәрі тегіс.
«Маймыл» өлеңі бойынша:
Сайтта (bilim-all.kz):
«Пәленійе, бәрекелді, жарайды!», – деп,
Шығады сол уақытта жақсы атың.
Кітапта:
«Пәленше, бәрекелді, жарайды!», – деп,
Шығады сол уақытта жақсы атың.
«Өгіз бен бақа» өлеңі бойынша:
Сайтта (bilim-all.kz):
Жолдасы жауап берді сондай бүй деп:
«Өгіздей болу саған қайда, шырақ»...
Кітапта:
Жолдасы жауап берді сонда бүй деп:
«Өгіздей болу саған қайда, шырақ»...
«Емен мен қамыс» өлеңі бойынша:
Сайтта (zharar.com):
Ызыңдап қүлағыңа сыбырласа,
Бұғасың, бүгілесің сонша төмен.
Кітапта:
Ызыңдап құлағыңа сыбырласа,
Бұғасың, бүгілесің сонша төмен.
«Екі шыбын» өлеңі бойынша:
Сайтта (bilim-all.kz):
Кейбіреу көтереді мұрнын көке,
Өз әлдін өзі білген адам көп пе?
Кітапта:
Кейбіреу көтереді мұрнын көкке,
Өз әлдін өзі білген адам көп пе?
Мәтіндегі «Бырыңғай», «Пәленійе», «сондай», «қүлағыңа», «көке» сөздерінде біріншіден мағыналық қате болса, екіншіден қарапайым орфографиялық олқылықтар бар екенін білеміз. Біздіңше, аталған сөздердің осылайша жариялануына немқұрайлылық пен заң үстемдігінің жоқтығы әсерін тигізген. Бұл үрдіс – тек қазіргі ақпараттық жүйелерде ғана емес, қалыптасқан, танымал баспаларда да кездеседі. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мамандары кітаптың аннотациясына: «Жинақ бұған дейін жарық көрген басылымдармен салыстырылып, кезінде кеткен мәтін ішіндегі кейбір қателер түпнұсқа бойынша түзетіліп, қалпына келтірілді. А.Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасы тәуелсіздік кезеңдегі қазақ ғылымына аса қажет екені айқын», – деп жазған. Алайда, мұндағы мәселе – сөздердің ауысуы, мағыналық құрылымы, яки түпнұсқа сөздің синоним сөздерге құбылуы туралы жағдаяттар.
А.Байтұрсынұлының И.А.Крыловтан аударған өлеңдерін тура мағынадағы аударма емес, еркін аударма деп қабылдауға болады. Еркін аудармада ақын ұлттық менталитетті, ұлттық ұстанымдарды өз халқының түпкі салтына қарай өзгерте алады. Ахаңнан бөлек, Крыловтың шығармаларына Абай Құнанбайұлы да, Ыбырай Алтынсарин де қызықты, кейбіреуін аударды. Ендеше, Эзоп пен Лафантеннен бастау алған И.А.Крыловтың мысалдары жалпыадамзаттық құндылықтар деңгейіне жеткенін байқаймыз. Мұндағы ізгілік категориясы, ішкі катарсис мәселелері заман ағымына ілесе отырып, үнемі өзекті болып отырған. Бұл туралы белгілі ғалым, профессор Б.Әбілқасымов: «Әрбір өлеңі бір қарағанда аударма дейтіндей күдік шақырмайды. Ал, екінші жағынан, тереңірек үңіле қараған адамға аударма екенін және оның өте шебер жасалғанын мойындауға тура келеді. Аударма екенін кейде байқамай қалатыныңыз өлеңдегі бүкіл айтылмыш ой, мазмұнның қазақы ұғымға ешбір жаттығы жоқтығынан», – дейді.
Қарымды қаламгердің әдеби мұрасын ғаламтор алаңында жариялауда тілдік, мағыналық құрылымдардың дұрыс жүйеленуі қажет екенін байқаймыз. Дегенмен, олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік беретін де жайттар бар. Мәселен, Stan.kz сайты «Ахмет Байтұрсынұлының ең үздік 10 өлеңі» мақаласының төменгі жағына «Қате бар ма? Белгілеп, CTRL + Enter батырмаларын басыңыз» деген функция енгізген. Сол батырманы басқаннан кейін экранда «Мәтіндегі қате. (Қате мәтінді белгілеу қажет). Түсініктеме» деген жазу шығады. Осы функцияны орындау арқылы сайт редакторларымен байланыс орнатып, аталған факт бойынша өзгерістер енгізуге болады. Жалпы, осындай қолайлы жүйені мемлекеттік тілде ақпарат тарататын барлық порталдарға енгізген жөн.
Ақын шығырмашылығынан бөлек, ғаламторда оның өмірбаяны туралы мәліметтер де қате жазылып жатады. Әуелі, көп сайттар ақынның тегін дұрыс жазбайды. Кеңес одағынан қалған – «ов» жалғауын жалғауға тырысады. Шын мәнінде, ұлттық болмысқа сәйкес «Ахмет Байтұрсынұлы» деген толыққанды есім жөн деп танимыз. Сонымен қатар, Urfodu.ru сайтында ақынның өмірбаяны көрсетілген. Мәтінді талдасақ: «Ахмет Байтұрсынов (Дұрысы: А.Байтұрсынұлы) – ақын, әдебиет (Дұрысы: Әдебиетті) зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Ол 1873 жылы 18 қаңтарда (Дұрысы: 1872 жылы 5 қыркүйекте) қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек (Дұрысы: Сарытүбек) деген жерде дүниеге келеді (Дұрысы: Келді). 1884 ж. Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген. 1895-1909 ж. Ақтобе (Дұрысы: Ақтөбе), Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс-қазақ училищерінде (Дұрысы: Училишесінде) мұғалімдік қызмет атқарады (Дұрысы: Атқарған). Байтұрсыновтың қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш еңбегі – «Әдебиет танытқыш» (1926). Байтұрсынов тілші ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілінің мәселелері туралы мақалалар жазды». Қарапайым оқырман ретінде мәтіннің лексикалық, грамматикалық қателерін аңғармау мүмкін емес. Бұл – толыққанды мәтіннің кіріспесі ғана. Ал мәтінді толық оқысақ, кемшін тұстар көптеп кездесетініне күмәніміз жоқ.
Қазіргі инновациялық технологиялар дамыған кезеңде жоғарыдағы мәтіндерді қазақшадан орысшаға «Google аудармашы» бағдарламасы арқылы жылдам аударуға болады. Алайда бұл бағдарламада кейбір орфографиялық, лексикалық қателер кезігеді. Сондықтан аударған ақпаратты тағы бір қарап, қазақ тілінің сөз жүйесі мен тілдік заңдылығы бойынша тексеру қажет. Олай болмаған жағдайда, аталған мәтіндегідей біршама шалағайлық орын алады.
Тіл қолданысын жүйелеудегі проблемаларды жою бойынша елімізде біраз іргелі жұмыстар атқарылды. «Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы» (emle.kz) түйіткілді мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысуда. А.Тасымов «Орфографиялық сауаттылық мәселесі» мақаласында: «Орта және жоғары оқу орындарында, мерзімді баспасөз беттерінде сөздердің жазылуындағы ала-құлалық жиі байқалып жүр. Бұл мемлекеттік тіліміздің орфографиясы мен орфоэпиясын, грамматикасы мен әдеби түрін жете білуді қажет етеді. Сөздерді, оның дыбыстарын дұрыс жазу үшін белгілі бір ережелер жинағы керек болса, тіл ғылымында бұл саланы тексеретін (зерттейтін) ғылым – орфография. Ол тілдің түрлі жақтары мен олардың байланысын ескере отырып, нақтылы принциптерге сүйенеді», – дейді.
Мерзімді баспасөздерде, Мемлекеттік Бұқаралық ақпарат құралдарында, сайттарда тек А.Байтұрсынұлының ғана емес, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы, Алаш қайраткерлері М.Дулатұлы, Ә.Бөкейханұлы, М.Жұмабайұлы, сонымен қатар, әйгілі ақындар М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Молдағалиевтың шығармаларын жариялауда да шалалық байқалады. Әрбір туындыдағы орфографиялық қателерді зерделей келе, мемлекеттік тілді құрметтемеу мәселесі әлі де өзекті һәм күрделі екенін аңғарамыз. Мұндай кілтипандарды ҚР Әділет министрлігі құзырындағы Заңнама институты жанынан ашылған Лингвистикалық орталық мамандары жіті зерттеп, тиісті мекемелерге хат жаза отырып, алыптардың мұрасын бірізділікке түсіруі керек. Олай болмаған жағдайда, жас өрен оқушылар, бүлдіршін балалар, жалпы әдебиетсүйер оқырман порталдардағы кемшін тұстарды дұрыс деп бағалап, қисынсыз ақпараттың «құрсауында» қалуы ғажап емес.
Түйіндей келе, «Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек», – деп ұлт ұстазы айтқандай, мемлекеттік тіл мәселесіне әрбір қазақ баласы бей-жай қарамай, Алаш ардақтыларының туындыларын, нақыл сөздерін, сүбелі сөз, салмақты пайымдарын әдеби тіл нормаларын сақтай отырып насихаттағаны абзал.
Бөлісу: