Шуақты жырлар шырайы

Бөлісу:

27.08.2022 2281

Поэзия... жыр жинағы... Бұл ұғымдардың аясына көп нәрсе сыйып тұрғандай. Поэзия әр ақынның жан баспаған жазиралы әлем, көз қимаған, үлбіреген әсем гүлі болса, оның жыр кітабы – сол жазиралы әлемнің, сұлулық сипатының бір-бір бөлшегі іспетті. Қай ақынның да жинағын біз осындай жүрек лүпілімен қолға аламыз. Қобалжимыз, толғанамыз. Қалай десек те, бей-жай қарай алмаймыз.

Өлеңдері мерзімдік баспасөз беттерінде жарияланып жүрген көкшелік ақын Қайырбай Төреғожаның «Күншуақ» атты жыр кітабын да осындай сезім үстінде қолға алдық. Қолға алдық та, алғашқы беттен қалам қуатты қалыптасып үлгерген кәнігі ақынның ой әлеміне сүңгіп кеттік. Ақынның өзіндік жыр өлкесі мен мұңдалап, ә дегеннен өзіне ынтықтыра түсті. Көз алдымызда барлығымызға таныс, аяулы бейнелер, ыстық суреттер көлбеңдеп, көшіп жүре берді.

Балалық шақтың бал күлкісі, жүрек елжірей де лүпілдей соғатын жастыққа тән ынтық күй, бұла сезім, қариялардың аяулы алақаны, аға-жеңгелердің риясыз ықыласы, құрбы-құрдастардың жарасымды назы, туған ауылдың жанға жайлы ыстық құшағы, өскен орта, аяулы мекен, құлпырған табиғат суреті, міне, осылардың баршасы жыр тілінде қиялымыз бен сезімімізге қозғау салып, жан-дүниемімізді әдемі әсерге бөлегендей еді. Қайырбай Төреғожаның ақындық болмысы жөнінде белгілі айтыс ақыны, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов былай деп жазады: «Қайырбайды көргенде ауылды көргендей боламын. Оның таудай тұлғасы, ұяң мінезі, ұяң көзі байтақ даланың байырғы байсалды қазақтарының болмысын елестетеді. Мол пішілген, кең жаратылған жанның ақын болмауы мүмкін еместей. Қайырбайдың өлеңдері де өзіндей табиғи, мейірімді. Алғаш Алматыда «Жұлдыз» журналында ширек ғасырдай бұрын жүздескенде туған жерімізден, Көкшетауымыздан осындай иман жүзді ақын ініміздің өсіп келе жатқанына қуана құшақ жайып едім. Сол пейіл, сол ықыласпен сыйласып келе жатырмыз. Оның өлеңдеріндегі жанға жайлы жылы ағыстар мына жанталасқан уақытта ізгі сезімдерді қозғайды. Сағыныш сырларын шертіп, шуақты ойларды оятады». 

Жинақтағы қай өлеңді алып оқысақ та, оның түп қазығы – ақынның шымырқанған азаматтық үні. Өзі шыр етіп дүниеге келген топыраққа деген үлкен сағыныш пен құрмет, балалық махаббат бір-бірімен тығыз үйлесім тауып, сізді де тылсым тұңғиығына тартып әкетеді. Мәселен, мына бір жыр жолдарынан біз соны қапысыз ұқтық:

...Туған жердің қадірін,

Сонда білдім, о, ғажап!

Жанарымнан ақырын,

Жүрді бір жас сырғанап.

 

Солай-солай жүздескен,

Күндер біздің армансыз.

Ертең кетер бір кешпен,

Талай лаулап жанғанбыз.

 

Баласы едік ауылдың,

Жүзімізде сол шырай.

Сен де, мен де ауырдым,

Туған жермен осылай!

Мұндай алғаусыз ақын көңілін біз де құптаймыз. Әсіресе, осы өлеңдегі іңкәр сезімді, ағынан жарылған шындықты бағалаймыз. «Елім» деп соққан ақын жүрегінің тағатсыз лүпілін айнытпай беретін мына шумаққа да зер салып көріңізші:

Жеткізбейтін белдермен,

Жаяу тартып кеттім мен.

Орман, дала, көлдермен,

Алып-ұшып жеттім мен!

Шіркін десейші, сонау бала кезімізден-ақ көбіміздің басымыздан өткен жағдай емес пе бұл. Туған жерге, туған үйге деген ыстық сағыныштың не екенін бұдан артық дәл берудің өзі мүмкін емес сияқты. Қайда жүрсін, ақын жүрегі өз елі, өскен ортасы, дарқан даласымен осылай бірге соғады. Жинақтағы осы тақырыпқа жазылған «Дала ұлымын», «Көкшем менің, көгілдір таулары бар», «Ауылға хат», «Туған ауыл, келдім саған», «Көк түтін көлбей ұшып мұржалардан...», «Ауылдан аттанарда», «Сол ауылдан мен кеттім» өлеңдері де бірін-бірі толықтырып, тұтас бір ұлтымыздың алтын бесігі – ауыл құдіретін таныта түседі. Әсіресе, ақын үшін өзі туып-өскен жер жәннаты – Көкшесінің орны тым бөлек. Оны ешқашан ешбір жермен айырбастамасқа бар.

Содан бері жырласа да сан ақын,

Жүз өлеңнен бір өлең бар озатын.

Кербез сұлу Көкшетауы Арқаның – 

Сұлулыққа гимні ғой қазақтың! – 

деп қасиетті өңір ерекшелігін дәл беретіні де тегі, содан болу керек. Ақын жаны қашанда мазасыз. Өзінің балалық бал дәурені өткен туған ауылының кешегі кескін-келбетін, есте қалған өзіне етене жақын мінез-құлықтарды, қимас тұлғаларды іздем, одан сайын шарқ ұрады. Бүгінгі күн биігінен аңсайды, сағынады, солар деп жүрегі елжірейді. Осы жолда мұң-налаға да беріліп, көп нәрсені таппай елегізиді. Сондай сәттерде ақын мұңы, жүрек тебіренісі біздің де мұңымыз, біздің де жүрек тебіреніміз болып кететіні қалам иесінің әрқайсымыздың көкейіміздегіні дөп басуынан шығар:

Кешегі ауыл, кешегі ауыл,

Жаманатын білмеймін мен.

Ағаларға наздана қап,

Жеңгелер-ай, күндей күлген.

 

Шіркін, елдің сол пейілі,

Қарсы алдымнан шықса тағы.

Әрбір сөзі тәбәрік,

Шалдарымның қайда атағы?!

 

Ойлап, ойлап, қоям бәрін,

Оралмайды өткен күндер.

Көкейімнен кіл сұрақтар,

Қайда жүрсем кетпедіңдер!..

Иә, ақын осындай өзінің туып-өскен даласын, оның адамдарын асқақтатуға бар да, төмендеткісі жоқ. Мұны жоғарыдағыдай салыстырулар арқылы шебер беріп, кешегі мен бүгінгі уақыт кеңістігіне де өз бағасын іркіп қалмайды. Қазақтың кең-байтақ жерінен өзінше ой түйетін мына бір елдік мінезі де бойыңды шымырлатып өтерліктей:

Сыртта сабалайды жауын әлі,

Қырандай өршіл дейді тау ұлдары.

Біз аға, тауда емес, далада өстік,

Кей-кейде жұлқи соғар дауылдары.

 

Тауларға қарап өссе тау баласы,

Сондай бір бақ-талабы бар, шамасы.

Бірақ та, ойлап көрсек бұл қазақтың,

Таудай ұл тудырмаған қай даласы?! – 

десе, бұған да келіспеске хақымыз бар ма. Өзінің кең даласының төрт бұрышын осылай асқақтататын ақын үшін туған жерінің әрбір бұтасы, әрбір ағашы да қымбат. Оны өзінің бар асылына балаған ақын жүрегі бұл орайда да ешбір қиянтқа төзбейді:

Зәрі соқса ақ түтек бұрқасынның,

Иілмейтін өр едің, жалқы асылым!

Жайрап жатыр жаңқалар,

Ойран жатыр,

Салған жүзі біреудің балтасының.

 

Төсқаққанның жапқанда шалғайын көк,

Бүрін жарар баяғы ақ қайың жоқ.

Ойлап қоям өткенді, мен де бір күн,

Сұлулықты жылатып алмайын деп.

Міне, ақынның бұл өмірдегі қаншама қарама-қайшылықтар мен қатыгездіктерді көре жүріп, көкейіне бір түйгені осы! Сұлулыққа селкеу түсірмеу үшін түбірінен кесілген ағаштан да сабақ алады, сондай сабақты сізге де алғызғысы келеді. Жинақта мұндай ағынан ақтарылған сырлар мен сабасы кең ойлар «Жыр жазған түндерде», «Сенім», «Тумай жүрген мұңлық едім жыр мүлде...», «Оқиыншы Мұқағали жырларын», «Қолтаңба», «Қарағым, білесің бе мына бізді...», «Ағалық тұғыры», «Балада талап жатарын...», «Сөз мәуесі, ой мәуесі жайқалған», «Осынау абыр-сабыр дүниенің...», «Ақын қазасы», «Мұқа, бізді жебей көр...», «Өкініш», тағы басқа өлеңдерінде де аз кездеспейді. Ал «Сенім» деген өлеңінде ақын салмақты жырдың туын жықпайтынын:

Тыншымас армандарым ертеңімен,

Тағдырға тік қараумен ер жетіп ем.

Мен енді дүбіріне мына күннің,

Намысын жиырма бестің ерте кірем, - 

деген өршіл үнімен білдіреді. Сөйтіп, өзінің әу бастан ақындық кредосын да биік ұстайтын, өмірін өлеңге, өлеңін өмірге айналдырғысы келетін қаламгер екендігін сездіреді. 

«Қайырбай өлеңдерінде алматылық ақындардың қолтаңбасы бар. Бүгін міне, біз соны көріп, қуанып отырмыз. Қайырбай творчествосы Төлеген Айбергеновше айтқанда, «Құм басқан меңіреу шөлдерден» атылып шыққан кәусар бұлақтай жүрекке жылы әсер етіп, таң қалдырғаны да ақиқат» дейді белгілі қаламгер Өмірзақ Мұқай. Ақынның ілкі сәттеріндегі өмір, қоғам, заман жайлы ой толғаныстары, арманды тәтті мұңы, сәулелі қуанышы, ащы өксігі жинақтың негізгі ой-өзегіне айналған алтын арқау. Табиғатында өлеңді адамның болмыс-бітімімен бөліп алып қарамайтын, сірә, оны өзімнің ар-ұятым, өмірімнің мәні мен мұраты деп ұғатын ақын:

Ақындық жетер жаным биік пе екен,

Түбі бір жырымды елге сүйікті етем.

Мен солай өміріме жаз боламын,

Мен солай ғасырымды биіктетемін, - 

десе, оған да иланып, тілектес боларыңыз хақ. Өйткені, тынымсыз ақын жүрегіне оны да айтқызатын поэзия атты құдіретке шексіз сүйіспеншілігі мен осы жолда ерте-кеш пе, бәрібір «тасты жарып шығарына» өз-өзіне сенімі. Бұл – асып-тасқандық емес, біздіңше, осы реттегі өз мүмкіндігін білуі. Сондықтан, не десек те, бұлай сөйлеу ақынға жарасып тұр!

Қашанда заман мұңы дегеніміз – ақын мұңы. Қоғам дерті шайырдың да дертіне айналып, маза бермейді. Оған мысалды сонау бағзы замандардан мыңдап келтіруге болады. Ұлт тағдырының көлеңкелі тұстарына алаңдаған ақын туған халқының өткен дәуірлердегі айбынды да асқақ болмысын, «сүйем жерін ойлаған» бабаларының «арыстанмен арыстанша алысқан», «ашу буып, оттай жанған көздерін», «қара түгіл ханыңа да өрлі» кездерін алға тарта отырып, қазіргі кейбір пүшәйман халімізге қынжыла түссе де, бәрібір ертеңге деген үміт отын сөндірмейді, бұл орайда, бар сенімін тәуелсіздігіміздің ғасыры – жиырма бірінші ғасырға артады.

...Ойлап, ойлап, ойдан ұшып үзеңгі,

Сонау белден қара жаяу қайтқам.

Не дер еді, тілі шұбар бұл елді,

Қайран бабам, келе қалса ғайыптан.

 

Көрмей жатып, санайтұғын бір ғажап,

Жаңа ғасыр, сенде үміт, сенде мұң.

Дүниеге көзін ашпай тұр қазақ,

Жақсы-ау, сенің соны оята келгенің.

Сенем саған, санам саған, жас ғасыр!..

Міне, ұлт намысы, ұлт мүддесі жанын ауыртқан ақын сөздері «мен қазақпын» деген кез-келгеннің намысын жанып жатқандай. «Жан ашуы немесе ана тілімен сырласу» атты өлңінде:

Өтті-ау, саған намыссыздың мазағы,

Ұран жазса, сан қатемен жазады.

Түзей алмай жүр көшіңді қисайған,

Жер бетінің он миллион қазағы! – 

деп белгілі шындықты жаныңа өмірдің өз мысалынан одан сайын батыра айтары тағы бар. Дегенмен, «өзіңді-өзің мұқатқаның – әлсіздігің» деген грек нақылына сүйенген ақын туған халқын беталды қаралай ьерушілерге қарсы.

...Жамандамаңдар қазақты,

Көрген ол көрдей азапты.

Қасы да оған қитығып,

Досы да оған тас атты.

Жетуге мына халіне,

Ерлігің дәудің жасапты.

Жамандамаңдар қазақты! – 

дейді кей-кейде сондай бос ғайбатқа жаны күйініп. Кешегі алмағайып заманда қалмақты жеңген, патшаны ықтырып, желтоқсанның да суық ызғарына бой бермеген қазақтың өр мінез, дара болмысын:

Жоңғар жоқ, қалың қазақ бар,

Азаттық деген ғажап бар!

Күркіреп өткен замандар,

Күрсінтіп өткен азап бар.

Аты да түбі асқақтар,

Заты да түбі асқақтар,

Халқымды жамандамаңдар,

Қазақты жамандамаңдар! – 

деп түйіндеуі де ақынның өз ұлтына ақ адал көңілінің, осы жолда көп нәрсенің парқына бара білуінің белгсі, соның нағыз лейтмотиві секілді дер едік.

Жинаққа енген өлеңдерде ақынның ішкі стихиясы, көркемдік қуатын айғақтайтын мұндай айшықтар мол. Дүниеге өзіндік жоғары түйсікпен қарайтын ақын табиғат, мезгіл суреттерін беруде де қара жаяу емес. Оның  осы тақырыптағы өлеңдері де әсерлі, бейнелі болып келеді. Бұған да мысал керек болса, мінекей:

Көк түтін көлбей ұшып мұржалардан,

Аспанға ақ шудалы рең жалақан.

Бүгінгі көңілді ме күн райына,

Қара шал нық басады түсіп аттан.

 

Жел де жоқ, аяз да жоқ үйреншікті,

Көрші қыз бұлаң қағып үйден шықты.

Кешегі үдей соққан долы боран,

Қотанға көлік ізін сиретіпті...

 

Немесе күздің сұрғылт көрінісін суреттеген мына бір шынайы да дәл штрихтарға үңіліп көріңіз:

 

Бел бозаңыт, сарытап құрақ түсі,

Қыркүйекте құс қиқу, құлақ түрші.

Тостағаны жуылмай келген аспан,

Томсырайып сәріден жылап тұрды.

 

Сараңдығы  ұстаған ала жаздай,

Қара сұр бұлт қарайды қара жазбай.

Бірсуатты айналып кетпей қойған,

Ет жүрегі езілген, бала қазды-ай!..

Ақын жинағында қарастыра берсек, мұндай ой мен сезім екеуі де домбыраның қос шегіндей сәтті өрілген шұрайлы шумақтар әлі де табыла түсері хақ. Біздің мақсат – оларды тізбелей беру емес, барға бар деп сүйсініп, оқырманмен осы жинақты оқығандағы азды-көпті олжамызбен бөлісу. Ал, қазбаласаң табылар мін өлең жазатын қай кәсіби ақыннан да қылаң беріп қалары анық.

Қайырбай өлеңдерінде алып-жұлып бара жатқан қызылды-жасылды тіркестер, әсіресе қызыл, шешенсінген, ділмәр сөздер жоқ. Ақынның өлең жолдары тап өзіндей қарапайым да жатық. Бірақ, бұл қарапайым жолдардың әр жағында қаншама салмақты ойлар, көңіл мен жүректі бірдей баурап алар сәулелі сезімдер мен мұңдалайды. Ақын үшін біздіңше, бұл да шеберлік. Олай болса, оқырман қауымға осындай шуақты жыр жинағын ұсынған Қайырбайдың алда да мұнымен шектеліп қалмасына кәміл сенеміз. Сенеміз де, алғашқы кітабымен-ақ өзін танытқан ақыннан жаңа тың дүниелер күтеміз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар