Қазақ қоғамы: Ұлттық билеу жүйесі

Бөлісу:

30.08.2022 3839

XXI ғасырда белең алған жаһандастыру (глаболизмация) үрдісі жүздеген ұлттар мен ұлыстардың төлтума мәдениеттерін бірегейлендіріп (идентичность) ақыр соңында құрдымға кетіруде. Әуелде үстем елдің мәдениеті кіріптар елдің мәдениетімен аккультурация сипатында болып, уақыт өте келе бұл процесс ассимилияция деңгейіне көтеріледі, яғни үстем мәдениет кіріптар мәдениетті жұтып қояды.

Кер заманның қиғаш тағдырдың талай теперішін, зобалаңын бастан кешірген, мұқалса да жігері жасымаған киелі де қасиетті қазақ мәдениеті, қазақ руханияты шын мәнінде үлкен түлеуді, жаңғыруды (регенерация) бастан кешіруде. Әлем философтары мен мәдениеттанушылары тарапынан салыстырмалы түрде аз зерттелген, ежелгі сақ, ғұн, түркі мәдениеттерімен гомогенді (біртектес) болып келетін көшпелі қазақ мәдениеті, қазақ руханияты шын мәнінде тылсымы терең, эзотериялық жүйе. Оның сакрольды болмысы да киелісі де  осында. 

Қазіргі кезде қазақ мәдениеті, қазақ қоғамы уақыт алға қойған жаңа бетбұрыстарға икемделіп, шынайы рухани жаңғыру үрдісін бастан кешіруде.

Туған жеріміздегі ежелгі мәдениет өкілдері әлемдік өркениет пен мәдениетке өлшеусіз үлес, зор табыс әкелгенін енді бағамдап отырмыз. Ұзақ уақыттар бойы ғылымдағы еуропоцентристік теория төлтума мәдениетіміздің әлемдік өркениетпен тікелей байланысын мансұқтап келді. 

Ғылымдағы мұндай еуропоцентристік идеяның кеңістік кезеңде шетел, орыс ғалымдарын былай қойғанда, қандас, тегі қазақ, қазақ ғалымдарына өз зардабын тигізбей қалған жоқ.

Кезінде қазақ совет ғалымы академик Серғали Толыбеков өзінің «Кочевое общество казахов» деп аталатын көлемді еңбегінде қазақтарда мемлекет те, тарихта, мәдениет те болған жоқ деп біржақты теріс тұжырым жасап, өз бетінше лаққаны ұмтыла қойған жоқ. 

Көрші елдің лауазымды тұлғасының аузынан да осы тақылеттес пікірлердің шығуының көп себептері де өзімізде жатқандығын ойласақ.

Көшпелі қазақ қоғамының мәдени, рухани,саяси болмыс бітімі енді ғана обьективті ғылыми пайымдаулардың өзегіне айнала бастады. Солардың бірі –көшпелі қазақ қоғамындағы ұлттық билік жүйесі. XV-ғасырдың орта тұсында көшпелі қазақ ру-тайпалары «қазақ» деген ортақ атпен бір тудың, астына жиналып, біртұтас халық болып ұйысып, өзінің мемлекеттік бірлестігі Қазақ Ордасын құрды. Осы кезеңдер тұсында қазақтың нешеме айтулы ұлдары ел қамының болашағына араласып, біртұтас ел болу кедергілеріне қарсы күрестерде шыңдалып, халық сүйіспеншілігіне бөленді. Төле, Қазыбек, Әйтеке, Бәйдібек, Есей, Досай, Саржан, Саққұлақ, Досбол, Байдалы, Киікбай, Төребай, Қылышбай, Бөлтүрік сияқты жүздеген орақ тілді, шешен билері; Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Бұхарбай, Бұғыбай, Ағыбай, Есет, Жанқожа сияқты халқының қамын ойлап, ұлтарақтай жеріне дейін қорғай білген батырлары; Асанқайғы, Бұхар, Қазтуған, Жиембет, Ақтанберді, Мұрат, Дулат, Шернияз, Шортанбай сияқты халықты ынтымақ пен бірлікке, тәуелсіз елдікке шақырған кемеңгер ойшыл, ақын-жыраулары өмірге келді.

Қазақ халқының ел басқару жүйесі-әулет, ауыл, ел, мемлекет басқару жүйелерінен тұрған. Әулет –жеті атадан туысатын (шамамаен 20-25 үй) адамдарды шоғырландырған. Басқарудың бұл буыны туыстық жүйеден тұратындықтан, олар алыстан башты іздемей, араларындағы жасы үлкені басқара берген.

Әулет басқарудың негізгі жұмыстары-туыстар арасындағы шаруадан басқа, шілдеханадан бастап, қайтқан қариясының жаназасына дейінгі істерді үйлестіріп, осыларға барлығын қатыстырып отырған.

Бір атаға жататын бірнеше әулет адамдары ауыл болып қалыптасқан. Араларынан ауылдастарына сыйлы, ұйымдастыру қабілеті бар біреуін ауыл басшысы етіп қоятын болған. Ауыл басқарудың негізгі тетігі-«ауыл болсаң-қауым бол» -дегенге сүйенеді. Ауыл басшысы мен ауыл адамдары қауымдық міндеттерін жақсы түсініп, әр іске барынша ат салысып отырған.

Қазақ ауылы жер атауымен аталмаған. Ауыл-сол жердегі бедел иесі немесе сол ауыл басшысының есімімен (Байғабыл ауылы, Сәтбай ауылы, Қошқарбай ауылы, Қанай ауылы) аталған.

Ел басқару ісіне бір елдің барлық басқару шаруасы түгел қараған. Жоғарыдағы басқарудың әулет, ауыл буындарынан өзгешелігі сол-оның басқару құрамында –ел басқарушысы, биі, батыры  сияқты адамдары болған. Бұл лауазым иелерінің немен айналысатынын аталып тұрған атауынан да аңғарасың. Ел басқарушысы- жалпы басқару ісімен, би-ел арасындағы дулы істерді реттеумен, батыр –елді жаудан қорғау жайымен айналысқан.

Елдің атауы – сол елдің ірі рулымең атауымен, аталған. Мысалы: Адай елі, Шекті елі, Табын елі, Қарауыл елі, Атығай елі, Керей елі т.б. Кейде өңір атауларымен «Сыр бойы» елі, «Жайық бойы» елі , «Көкшетау» елі, «Ұлытау» елі, «Баянауыл» елі, «Қарқаралы» елі тағы сол сияқты. Өңір атауымен аталатын елге бірнеше ру құрамасы енген.

Мемлекет басқару ісі қазақта хандық биліктің қолында болған. Қазақ қоғамында хандықты «Ұлы хандық», «Кіші хандық» деп, екіге бөлген. Әр хандықтың құрамында –хан (жеке билеуші), би, әскер басы (сарбаз), ақылгөй (сарай) ақын, уәзірлер тобы, шабармандар ме олармандар тобы тағы басқа да ішкі шаруашылық атқару жүйелері болған.

Ханның атқару кеңесі болған. Оған ханның өз билері, әскер басы, уәзірлер тобы, сарай ақыны кірген. Кезекті істерді хан қалай атқаруды осылармен ақылдасып шешкен. Шешілген мәселе бойынша хан жарлығы халыққа жария етіп жеткізілген.

Би-хандық биліктегі лауазым иеленетін екінші тұлға. Биді билер кеңесі сайлаған. Билер кеңесіне сол хандықтағы елдің билері кірген. Ол билерді кіші билер деп атаған. Кіші билер сайланбаған, олар қабілетіне қарай танылып, қойылған. Бидің қызметі негізінен мемлекет аралық дипломатиялық қызметтермен, өз хандығына қарайтын аумақтағы даулы мәселелерді қарастырып шешу болған. Билер өздері қарап, шешкен мәселелерге байланысты шешім қабылдап, оның орындалуын тиісті адамдардан талап еткен.

Билер билігі әділдігімен көпшілік көңілінен шығып отырған. Би болатын адам-білімпаз, ақын, батыл, заңгер, саясаткер, әділетті, тәрбиелі сияқты жан-жақты қабілет-қасиетке ие болу керек. Осындай қасиеттері бар биді хан да, қар да (бұқара) тыңдап, оған жүгініп, шешіміне құлдық ұрып, бас иген.

Қазақ билерінің болмыс-сирпаты жөнінде, белгілі заңгер-ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Салық Зиманов былай деп жазады: «Қазақ құқығы нормаларын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші, әрі реформаторы, сот билігін ел бірлігіне арнаған, көне дәстүрді берік ұстанған билер деп аталатын ерекше тап еді. Бұл қазақ билері Шығыстағы басқарушы-билерден өзгеше болып қалыспасты. Олар әрі ақын, әрі шешен, философ, әрі ойшыл, әдет-ғұрып құқығының білгірі және оның реформаторы, әскери қолбасшы және басқарушы еді, ал көзқарасы негізінен-өз қызметінде жергілікті ру мүдделерінен бұрын Қазақша биінің моральдық-құқықтық мәртебесі халықтың-«Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген талабынан көрініс тапты.» (Қазақтың АТА заңдары. Алматы «Жеті жарғы» 2004,8 бет).

Қазақтың құқықтық өмірінің демократиялық сипатын, қазақ билерінің әділеттен аттамас, қиянатқа бармас, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» принципін ұстанатын, қара қылы қар жарар әділеттігін ревалюцияға дейін Ш.Уәлиханов, А.Левшин, А.Янушкевич, И.А.Козлов, Н.К.Максимов, Баллюзек Л.Ф., Маковецкий К.Е.Леонтьев А.М., Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Сейфуллин т.б. сияқты орыс, шетел, қазақ ғалымдары өте таңданыспен жазды. Патшалық Ресейдің, құқық жүйелерінің өзі дәстүрлі қазақ құқығына әсері болса да, оның құрылымдық жүйесін өзгерте алмады, жоя алмады. XIX ғасырдың ортасында Шоқан Уәлиханов : «Билер соты, 50 жыл бойғы орыс саясатының әсеріне қарамастан, бізге дейінгі жүздеген, бәлкім мыңдаған жылдар бұрын қандай болса, сол қалпында қалды», - деп жазды.

Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов : «Қазақ биінің орны бөлек еді», - дей келіп «Қазақтың би һәм билігін өзгертіп не керек шірік жіп қанша жалғанғанымен не іске жарайды? Бұл биді, билікті жоғалтып, қазақты орыс судыясына қарату керек деп орыс айтады; шариғатқа қарату керек деп біздің молдалар айтады. Біз мұның екеуіне де қол қоймаймыз...» деп жазады. (Бөкейханов Ә//Қазақ.1994.№50).

Ахмет Байтұрсынов: «Бұрынғы әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатұғын жақсы дәрі еді, бұл күнгі арам билердің қолында дәрі болмақ түгіл, у болып жұғып тұр»-деп, бұрынғы билерді «әділ билер» деп баға береді.

Қаныш Сәтбаев: «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары, білімі бар» деп қазақ билерінің моральдық-зияткерлік бітімінің жоғары деңгейде болғанын тұжырымдайды.

Қазақ қоғамы сөз құдіретін жоғары бағалаған. Дауласқан даугерлерді, жауласқан ішкі жауларды бір ауыз сөзбен тоқтатқан. Шешендік өнер адамдардың қарым-қатынастарының, барлық деңгейлерінде-отбасылық, рулық, мемлекеттік –негізгі атрибуттардың бірі болып есептеледі. Сөздік қордың байлығы, оны пайдалана білу ерекше бағаланды. Қазақи сот билігі-билер соты шешендік сөз күші –құдыретіне негізделген. Би-қазақ құқығы нормаларының білгірі,әрі шешен болған. Шешендік өнердің бастапқы қайнар көзі, оның сақтаушысы, әрі реформаторы-соттық билікті жүзеге асырған билер болатын.

Шешендік өнердің көрнекті зерттеушісі Б. Адамбаевтың пікірі бойынша: «Қазақ шешендік өнері XII-XIII ғасырларды «Майқы би мен Аяз билерден басталады». Ал академик-жазушы М.Әуезов: «Әрбір хан өз қасында ақылшы болатын биді таңдағанда,ең алдымен сөз тапқыш өткір деген шешеннен, судырлаған ақыннан алатын», - деп жазса, әдебиеттанушы ғалым Р.Бердібаев: Ұлы билер барлық кезде үлкенді-кішілі іс-әрекетінің бәрінде ел мүддесін өз бастарының мүддесінен жоғары қойған», - деп жазды.

Шешен туралы Бөлтірік шешен былай толғапты: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ . Сөзден ащы нәрсе жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл» деген екен.

Академик Р.Сыздықова : «Бұрынғы билікте айыптаушының да, қарсылаушының да, үкім айтушының да сөздерінде дәстүрлі стероетип модельдер: мақал-мәтелдер, кәнігі аналог-салыстырулар т.б. басты роль атқаратын болса, қазіргі билікті (сотта) айтылмақ ойдың логикалығы, аргументтің күштілігі, пікірдің айқындығы басты орынға шығады. Сөз жоқ, бұрынғы биліктерде де логика мен аргумент шешуші роль атқарған, бірақ осыларды білдіруде жүгінетін құралы-«шешен» тіл, яғни ақыл үйретер дидактикалық жолдар, өмірдің философиялық түйіндері – сентенция, мақал-мәтелдер, «бұрынғылардың айтқандары» болып отырғын» (Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі. Қазақ ССР-інің «ҒЫЛЫМ» баспасы. Алматы, 1987.50-51 б.б.).

Түйіндей айтқанда ежелден көшпелі мемлекеттік дәстүрі бар қазақ қоғамының Ата заңының жүйелі құрылымына «Қасымның қасқа жолында», «Есімнің ескі жолында», Тәуке ханның «Жеті жарғысында» айқын көрініс тапты. Онда қазақ  билерінің даналығы, тереңдігі, білімі, тәжірибесі; ақыл-ойының қуаттылығы жинақталған. Бүгінгі Ата заңымыз, Қазақстан Республикасының Конституциясы бабаларымыз қалыптастырған заңдық жүйенің жалғасы боларына сеніміміз кәміл бол берсін.

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар