Жаңа маусым. «Абай» – театрдың бойтұмары
Бөлісу:
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының XXXII жаңа маусымы қыркүйектің 21-і күні М.Әуезовтің «Абай» драмасымен ашылады.
«Абай» қойылымының алғашқы премьерасы қойылып, көрерменді тәнті еткеніне де биыл он үш жылдың жүзі болыпты. Бұл жағынан «Абайды» осы театрдың бойтұмары десек жарасады. Биыл да көрермен тереңдігімен ойға шомдырып, биіктігімен толқытар Абайымен, ғасыр бұрынғы қараңғы заманды сынап, қазақ қоғамындағы керітартпалыққа қарсы тұрған философ Абайымен қайтадан қауышады. Қанша уақыт өтсе де Абайдың ойы мен мұңы ескірмейді, Абайдың уайымы көкейтесті күйінде. Осы данышпан Абайды ойнайтын Қазақстанның халық әртисі Тілектес Мейрамов, ал жас Абайдың образын сомдаушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов. Спектакльден көрермен жас, қайратты, бүкіл көрер жақсылығы мен азабы алда, ел ісіне араласып, Айдар мен Ажарды қорғауға күш салып, әділдікті жақтағаны үшін Оразбайдан таяқ жейтін Абай мен Әбіші мен Мағауиясынан айрылып дүниеден баз кешкен, кемеліне келіп, үлкен ақынға, данышпанға айналған Абайды қатар көреді.
ӨМІР ӨЗГЕРГЕН САЙЫН ЖАНДАНЫП ОТЫРАДЫ
Қойылымның режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков ағамызға 2-3 сұрақ қойған едік.
- "Абай жолын қайталап оқыған сайын Абайды басқаша тани түсемін, қайтара оқыған сайын ол басқа адам сияқты болады" деп бір профессор мұғаліміміз айтатын. Спектакльдегі екі Абайдың бірінен өмірден беті қайтпаған жас адамның қайратын, екіншісінен бастыққан, сабырға келіп, қалың ойға көп билеткен Абайды көреміз ғой, арада қаншама жыл өтті, егер сізге қойылымды қайтадан басқаша қою керек болса Абайыңызды өзгертер ме едіңіз?
- Егер бұл «Абай» спектаклін сізге қайтадан ұсынса басқаша қояр ма едіңіз? – дейсіз ғой, әрине, уақыт өткен сайын, заман өзгерген сайын заман талабына сай бәрі де өзгеріп отырады, театрда да өзгерістер болып отыру керек. Абай спектакліне келетін болсақ, бұл «Абай» шығармасындағы Абай – философ, Абай –данышпан, Абай – портреттік образ. Художественный вымысел деген болады яғни көркемдік қиял, егер Қозы-Көрпешті, Еңлік-Кебекті болмаса Қарагөз дегендерді алсам, оны қайтадан өзгертіп, бүгінгі заманға сай алып келуге болады, ал Абайдың философиясын, терең ойын, Абайдың өмір бойы аңсап кеткен мұратын, кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиетін қалай өзгертесің? Мен, мысалы, соны ойланып-толғанып, қойылымды осылай қойған едім. Бұл енді жас албырт Абай мен ақыл тоқтатқан ақсақал, данышпан Абай ғой, ал енді актерлер Мейрамовты, Өтеуіловты алсақ, тісқаққан мықты актерлер. Актерлер, мысалы, бүгінгі заманғы өзгеріске, бүгінгі уақытта болып жатқан небір кезеңдерге қарап, актерлік ойынымен ғана жаңғыртуға болады деген ойдамын, әрине, текст сол ретінде қалады.
- "Мен ішпеген у бар ма?" деп күңіренетін жері – осы қазақтың сөзі ғой айналып келгенде. Халық Абайды жай көру үшін келмейтін шығар, ол арқылы өз күйін тануға келетін шығар дейді бір ойымыз...
- Әрине, театр терең ұғым, ойын-сауық ордасы емес, қызық керек болса күлдіретін, қызықтыратын басқа да бағдарламалар толып жатыр. Театр – ол ой салады, әрине рецепт бермейді, қалай өмір сүру туралы айтпайды, бірақ, ой кештіреді. Мысалға, театрымыздың ұлы реформаторы Станиславский: «егер де мен қойылымымда бір адамға ой салсам, менің мақсатым орындалды деп есептеймін» деген. Біреулер болады, мен ақшасын төледім, ал енді мені қызықтыр, күлдірт дейді, театр ондай мақсатта жұмыс істемейді, театрдың өз айтатын терең ойлары болады. Әрине, ойды күлдіру арқылы да жеткізуге болады, драма арқылы да жеткізуге болады, мысалы, кейбір спектакльдерді көргеннен кейін адам өзгеріп шығады, тазарып шығады, мұны катарсис дейді, бұл актерлердің ойынымен, режиссердің қойған тәсілімен болатын нәрсе. Катарсис деген әбден бір шиеленіскен уақытта орнынан қозғалмай, тұра алмай, денесі шіміркеніп, сондай бір күйге әкелсе, актерлардың ойыны мен театрдың музыка, жарық қою сияқты мықты бір тәсілдерімен сондай бір жағдайға жеткізсе, көрермен ішіне бірнәрсе түйіп кетеді. Мәселен, менің бар ойым осында. Театрға кіргеннен бастап «нені көрсем екен, не топшылаймын» деп келген адам ғана театрдан өзіне керегін тауып алады деп ойлаймын.
- Қ.Қуанышбаев театры әр маусым сайын Абаймен ашылады, осы уақыт аралығында актерлер ойынының дамып, жарқырай түскені байқала ма? мысалы, Тілектес ағаймен, Нұркен Өтеуіловпен, басқа актерлермен кездескенде "Абай" туралы сөйлесесіздер ме?
- Әрине, кездескен сайын біз сөйлесіп тұрамыз. Бірақ, кей кезде кездесудің де сәті түспей қалады, кей кезде Абай туралы қайтадан әңгімелесуге уақыт болмай қалады, бірақ біз спектакльді қойылар алдында стол басында читкадан бастап қаншама терлеп талқыладық, қаншама ойға ой қостық, соның бәрі ойларында жүк ретінде, тәжірибе ретінде қалды ғой. Тілектес ағамыз халық әртісі, қаншама тәжірибесі бар тісқаққан, мықты актер, Нұркен Өтеуілов те одан кем түспейді, екеуі де майталман маман, оларға мен сенемін, жаңа айттым, актер сол текст, сол Абай ойымен өмірдің ағымына қарай ойынын да өзгертіп отыруына болады, оны бүгінгі заманға сай келтіріп, ішкі жан-дүниесін өзгертіп, акцент қойып, акцентті мына жерде басымдау алып, мына жерде сәл тоқтау қойып, ойын арқылы жеткізуге болады. Енді бұл маусым ашылғанда, маусым жабылғанда қойылатын Абай шығармасы ғой, бұған енді кейінгі жастар келіп өз ойын, бүгінгі заманның көзқарасымен келіп, басқаша айтам дейтін болса, әрине, құба-құп. Тағы да қайталап айтамын, Абай шығармасының өте терең жазылғаны сондай, бүгінгі заманның өзгерісіне, кейбір кикілжің тұстарында да өмір өзгерген сайын жанданып отырады. Өйткені оның айтқан ойы адамзат туралы, ол – мәңгілік тақырып, сондықтан да классика болып қалады.
- Айдар мен Ажарды қорғайтын Абай ғажап, қайраты бойында, тек таяқ жейтін жері ауыр болады...
- Бұл тарихта болған оқиға екен. Өзінің жақындары итше сабаған екен, болған оқиға, оны сахна тілімен ғана жасадық қой. Онда оның тығырыққа тірелген шағы, осыдан келіп ренжіген, таяқ жеп ашынған кезінде өзінің: «Кетем, шығысқа кетем» деген ішкі ойлары бар, сонда үлкен Абай: «Сен қайда барасың? Кетпе!Еліңді, халқыңды қайда тастап кетесің? дейді. Бұл жерде Абай өзімен-өзі, өзінің ішкі ойымен күреседі. Сондай сахна. Кейінгі спектакльдерді қойып жатыр ғой жастар, жаңадан, бүгінгі заманға сәйкестіріп, әр режиссер біліміне, тәрбиесіне қарай қояды, бірақ, чувство меры дейтін нәрсе болады, ол деген мөлшерін, шамасын білу деген сөз, сол мөлшерден асып кетпеу керек. Әрине, ондай спектакльдерде фантазияңды оятып, нешетүрлі құбылысқа баруға болады, ал Әуезовтің «Абай» шығармасындағы Абайдың ана философиясын ойынға айналдырып, жеңіл-желпі эффектіге тығып жіберетін болсақ, Абайымыз шықпай, образ құриды ғой. Қазір эффект деген пайда болды, аяқ астынан от шығарып жіберу, сахнаны суға толтырып көл қып жіберу, кейіпкерді суға шомылдыру... форма деген болады, пішін мен мазмұны сәйкес келу керек, кейде пішіні басым болып кетеді де айтатын ой жерде қалады. Осы жағынан келгенде іштей ренішім бар. Формасы мен мазмұны екеуін бірдей алып жүру керек. Кейде мазмұн басым болып кетсе сахнада әңгіме-дүкен құрылып, ұзақ паузалар жасалып, ешқандай әрекет жоқ, ол да болмайды. Сыртқы пішін мен ішкі мазмұн сай болып тұрса ғана спектакль толыққанды болып тұрады деп ойлаймын.
АБАЙДЫҢ КІЛТІ
Жас Абайдың образын сомдаушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіловтен Абай ролін шығаруға қатысты ойын сұрап білген едік.
Абайдың образын ашу туралы айту қиын. Кілтін – мен Абайдың өзінен, жанынан, жүрегінен, өз басынан, қарасөздерінен, поэзиясынан, әндерінен іздедім. Абайдың өз әлеміне кіру керек болды. Абайдың кілті өзінде. Оны таба алдым ба, таппадым ба, оған көрермен төреші. Жалпы Абайдың айтатыны – адамның адам болып қалыптасуы. Жаратқан бізді адам қылып жаратты ма, осы миссияны дұрыс атқару. «Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын» деген өзінің сөзі бар ғой. Жүрегіңді таза ұстауды айтады. Абайдың бес ақ нәрсесін күделікті өмірде қолдансақ жетеді, артық ештеңенің керегі жоқ. Қанағатшылдығымыз болса, әділдігіміз болса, шыншылдығымыз болса, бізге одан артық не керек? Шамамыз жетсе Абайды сахнада көрсетіп жатқан кезде сырларын ашу, көрермен жүрегіне Абайдың ішіндегі қайнап жатқан нәрсесін жеткізу азаматтық борышым деуге болады. Естеліктер арқылы Абайдың қандай адам болғанын біліп, мінезінен, мысалы, оның ұрымен диалогынан, кейін оны өзгерткенінен Абайдың әулиелік биікке шыққан адам екенін түсіндік. Біз Абайды түсінгенде, Абаймен сырлас болған кезде, санамызға сіңірген кезде ғана біздің рухани деңгейіміз туралы айтуға болады. Ал қазіргі қоғамдық жағдайда рухани байлық туралы айту қиын. Іздену керек. Оқу керек. Осы ғой айтатыны Абайдың.
ЖАҢА МАУСЫМДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Жанғалиұлы биылғы жаңа маусымда көрерменді қуантар жақсы жаңалықтар барын айтады:
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры кезекті маусымын 21-қыркүйекте ашады. Биыл мемлекетімізде болып жатқан жақсы өзгерістердің бірі жаңадан облыстар ашылып жатыр, соны есепке ала отырып, Абай облысына алғашқы гастрольдік сапарымызды жасаймыз. «Құнанбай», «Абай» бар, Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасы бар, «Алтайдан ауған ел», «Қызыл орамалды шынарым», «Шәмші» спектакльдері Семей қаласында 29 қыркүйек пен 2-қазанда өтеді. Балаларға арналған «Бразилия байлығы» атты ертегіміз бар, шығыс халқына осы спектакльдерді көрсетіп қайтамыз деп жоспарлап отырмыз. Оның алдында театрда «01» атты қаламызға құрмет ретінде жаңа драмалық сипатта спектакль дайындап жатырмыз, сол спектакльдің премьерасы болады. Одан кейін Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығын да атап өтпекшіміз, сол кісінің өзі жазған «Бала мерген» қойылымын балаларға тарту етпекшіміз, сондай-ақ театрымыз биыл республикалық драма театрлар фестивалін өткізеді. Бұл фестиваль Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналады, Қазақстандағы соңғы 2-3 маусымды ашқан үздік спектакльдер көрсетіліп, бәйгеге қатысады. Үздіктер анықталатын болады. Біраз жоспарларымыз бар, уақыт талабына сай кей жоспарларымыз өзгеріп жатыр. Жаңа премьералар қойып, көрерменмен қолтықтаса жұмыс істеу бізге мәртебе.
Бөлісу: