Қаллеки театрында жаңа қойылым!
Бөлісу:
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 26 қыркүйек күні сағат 18.00, 20.30-да «01» атты қойылымның ПРЕМЬЕРАСЫН ұсынады.
«01». Жанр – драмедия. Қойылым авторы әрі қоюшы режиссері - Галина Пьянова. Соавторы – Қымбат Елубаева. Қоюшы суретші - Шынар Елембаева. Хореограф - Салтанат Сұңғат. Спектакль театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Бас дирижер - Ерлан Бейсембаев.
«01» – Қазақстанның астанасына деген сүйіспеншілікті білдірудің жолы ғана емес, ең әуелі бұл осында тұрып, қаланы шексіз сүйетін әрі жер бетіндегі ең үздік шаһарды жасаушы адамдар жайлы спектакль.
Ауылда өскен жас жігіт үлкен қалаға – астанаға, өз арманын орындау үшін, атақты артист болу үшін келеді. Түрлі оқиғаларға, бір қарағанда қисынсыз жайттарға тап бола жүріп, біздің кейіпкеріміз нағыз ҚАҺАРМАНҒА айналып, өзіндегі адалдық, сүйіспеншілік, мейірім сынды барша әлемге қажет құндылықтары бар АДАМДЫ таниды.
Актерлік құрам - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақыш Омар, Күлия Қожахметова, Кеңес Нұрланов, Қуандық Қыстықбай, Ерлан Малаев, Айнұр Бермұхамбетова, актер Қасымхан Бұғыбай, актриса Гауһар Жүсіпова, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов, Заңғар Әбенов, Инабат Әбенова, Диана Жолдыбек, Бәзіл Сұлтанғазы. Әлихан рөлінде – Дастан Әлімов.
«01» драмедиясы – өз қаласын сүйетін адамдар туралы. Жаңа қойылымды сахналау үшін «АРТиШОК» театрының режиссері Галина Пьянова арнайы шақырылды.
Режиссер Г.Пьянова: «Бұл қойылымда Қалибек Қуанышбаев театрының талантты, кез келген экспериментке дайын 14 артисі жұмылдырылған. Сонымен қатар, спектакльде симфониялық оркестр болады. Бұл көрермендерімізге дайындап отырған тосын сыйларымыздың бірі болмақ. Қойылым премьерасы театрдың эксперименталды алаңында өтуі - көрермендер үшін тағы бір күтпеген жағдай болмақ. Біз спектакльді паркингте ойнау туралы шешім қабылдадық. Өйткені дәл осы жер спектакльдің негізін құрайды... Махаббат туралы көзбе-көз қарап тұрып айту керек. Ал бұл жерде ол мүмкін. Мұнда көрермендер артистерді өте жақын қашықтықта көреді, тіпті қойылым арасында жүргендей сезімде болады. Эксперименталды алаңның тағы бір артықшылықтарының бірі мұнда ешқандай шектеулер жоқ. Артистер бір жерден екінші жерге еркін қозғалады. Қойылым сюжетіне елімізде өткен көптеген оқиғалар да енді.»
Драматургиялық шығарманы құрастыру барысында қала тұрғындары елордамен байланысты оқиғаларымен бөлісіп, өз үлестерін қосты.
Бөлісу: