Ұлттық рух алыптары: Ахмет Байтұрсынұлы және Ғұмар Қараш үндестігі

Бөлісу:

26.09.2022 13268

Қалам қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы және Ғұмар Қараштың Алаш идеясы тоғыстырған шығармашылық тұлғаларындағы үндестікке елшілдік рух, ұлтшылдық сезім, мемлекетшілдік сана үйлесімі тән. 

Қазақ кәсіби публицистикасы мен журналистикасын қалыптастыруға тарихи еңбек еткен олар ояну дәуірінің мұрат-мақсатын әлеумет санасына сіңірудегі баспасөз маңызын тереңнен байыптады. Ахмет: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (Құрметті оқушылар!), «Газет қызметі – халыққа бас, көз, құлақ, тіл болып ұлтының ар-абыройын күзетіп, жұртын жақсылыққа бастау, жаманшылықтан сақтандыру» (Орынбор, 2 февраль) –  деп түйсе, Ғұмар Қараш алғашқы ұлттық басылымдарымыздың бірегейі «Қазақстанда» жарияланған «Газет деген не зат» мақаласында: «...Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – казит, со себепті казит – біздің басшымыз, казит – біздің достар алдындағы көркіміз. Дұспандарға қарсы құралымыз, казит – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз, казит – біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шам шырағымыз» (Қазақстан. Орал, 2012. 27-бет )  деп жазды. 

«Қазақстан» «Қазақ» газетінің жарық көруін алты Алашқа зор қуанышпен жеткізді: «Орынбордан нағыз қазақ тілінде «Қазақ» атты казит шықты. Бас жазушысы «Қырық мысалды» шығарған атақды ақынымыз Амет Байтұрсынов, ақша шығарыб бастырушы Мұстафа Оразаев деген азамат. Газетдің мақсұды қазақға көз, құлақ болу». 

«Қазақ» басылымындағы «Қазақстан» газетасы» жарияланымында «Оралски қаласында он шақты нөмер шығып тоқтаған «Қазақстан» жаңадан шыға бастады... «Қазақстанның» 27 январьда шықққан бірінші номері басқармамызға келді. Кітап формасында сегіз бет болып басылады екен. Аяғында бір беті орысша» («Қазақ» газеті. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. 16-бет) деген хабарлама берілді.

1913 жылы Орынборда «Қазақ» газеті ұлт ұстазының редакторлығымен тұсауын кескенде Ғұмар «Сүйінші» өлеңін арнады:

Ғұмар шығармашылығы, жарық көрген жинақтары «Қазақ» газетінде лайықты түрде бағаланып отырды. Мәселен, «Әдебиет кеші» деген мақалада Орынбор театрында он проценті жаралы әскерлерге берілу шартымен «Оқушыларға жәрдем жамиғаты» пайдасына әдебиет кеші ұйымдастырылғаны, медресе шәкірттері «Ахау семей», «Құбақан» әндерін салып, Ахметтің «Қазақ қалпы», Ғұмардың «Бар еді қазағымның оңған күні» деген өлеңдерін айтқаны» жазылды. «Қазақ» басқармасында сатылатын кітаптар» хабарламасында А.Байтұрсынұлының «Әліппе», «Маса», «Тіл құралы», М.Дулатұлының «Қирағат» кітабы», «Бақытсыз Жамал», «Есеп құралы», Ғ.Қараштың «Аға тұлпар» кітабы атап көрсетілді.

«Қазақ» газетінде Ғ.Қараштың «Сүйінші», «Екі бауырға» өлеңдері, «Білім жарысы хақында», «Шарғы мәселесі», «Шарғы мәселе хақында», «Юсуф Субан баласына ашық хат», «Варшавада қазақ студенттер», «Астархан жері», «Бөкейлік керегі» (Ғ.Ахметұғлы, С.Меңдешұғлы, Н.Ибраһим баласымен бірге), «Мектеп ашылуы», «Ішкі орда», «Қазақтың мүфтілікке қосылуы туралы», «Мекеме шариғиеде қазақ бөлімі», «Ішкі Орда имамдарына» сынды басқа да мақалалары басылды. 

«Екі бауырға» өлеңінде татар және қазақ арасында түсінбестіктен туындаған дүрдараздыққа бой алдырмай, отаршылдықтан арылудағы ортақ мақсатқа жұмылу қажеттігіне ой салды. Бұл кезеңде Ахметтің Уфа сапарынан соң «Туған тілім» өлеңі, «Шекіспей, бекіспейді» мақаласы жарық көргені мәлім. 

Ғұмардың алғашқы өлең жинағы – «Бала тұлпар» (Уфа, 1911). Ақын қалам қайраткерлерінің елдік ұстанымын жіті ұғынып, замана шындығын айшықтаудағы Ахмет Байтұрсынұлының жан айқайына үн қосады:

                          Қара қазақ баласы,

                          Қысымға талай көніп тұр.

                          «Білмейді надан халық» деп,

                          Жалалы жерден болып тұр.

                          Қойшылар тұрып көкжалдан,

                          Ахмед айтқан келіп тұр. 

Ұлт ұстазы «Досмайыл қажыға ашық хат» мақаласында Уфа шәкірттері «Қазақ» басқармасына «Бала тұлпар», «Өрнек», «Тумыш» кітаптарын тапсырғанын жазды (Байтұрсынұлы А. Алты томдық шығармалар жинағы. «Ер Сайын», «23 жоқтау» ауыз әдеби мұрасы, көсемсөздір, табылған туындылары. – Алматы: «Ел-шежіре», 2013. Т. V 249-бет). «

Аға тұлпар» өлеңдер жинағының 1914 жылы Орынбордағы «Дин ва магишат» баспасынан жарық көруіне санаткер үлкен еңбек сіңірді. Кітаптағы «Замана жайынан», «Замананың адамы», «Бұ заман», «Қазаққа», «Алайма, алаш», «Қашан қадірі білінер» өлеңдері «Маса» жинағындағы «Қазақ қалпы», «Қазақ салты», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жұртыма», «Жұбату», «Ғылым» т.б. саяси-әлеуметтік лирикасымен үндесіп жатыр. 

       1917 жылдың  21-26 шілде аралығында Орынборда өткен Бірінші жалпы қазақ съезінің бағдарламасында қарастырылған он төрт мәселенің бірі – дін жайы болатын. «Қазақ» газетінде құрылтай қаулысы, соның ішінде дін мәселесіне қатысты қабылданған он үш тармақтың он бірінші тармағында: «Орал облысынан қазылыққа сайланған Қайырша Ахметжанұғлын һәм бөкейліктен Ғұмар Қарашұғлын съез лайық көрді. Өзге қазыларды әр облыс өзі сайлауға қалдырғаны» айтылған.

       Ғұмар 1917 жылы көктемде Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылман одағының кезекті құрылтайына қатысып, Ресейдің Еуропа бөлігі мен Сібір мұсылмандары Діни басқармасының алты қазиының біреуі болып сайланады. Бұған қатысты «Қазақ» газетінде «Ғұмар Қарашев – қазы» деген хабарлама берілді. 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында өткен Екінші жалпы қазақ съезіне қатысқан ол «Алашқа», «Алаш азаматтарына», «Көреміз бе?», «Келер ме екен?» атты өлеңдерін жазды. 

       Ақын «Жарық жолға бастаушыға ереміз бе, Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе? Таза қанды, кірсіз жанды қазақ жұрты Өз алдына ел болғанын көреміз бе?» деп тәуелсіз мемлекет құрудың өмірлік талаптарын өткір қойды. Қай істе болмасын дос пен дұшпанын айыратын Алаш перзентінің мерейі үстем, өзгелерден еңселі болуы үшін оқу-білім тереңдігі, береке-бірлік жоғарылығы, ұлттық сана-сезім асқақтығы, саяси бағыт-бағдар айқындығы, қоғамдық және діни имандылық ұстанымдар нақтылығы қажет. Осындай іргелі шарттарға иек артқан, оны ұстанған ұлттың алар асуы, шығар биігі де зәулім болмақ.

Жалқаулықты, бос жүрісті тастағанын,

Орынсызға дәулет мүлкін шашпағанын,

Керек жерде бойды балап қашпағанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

 

Әулие деп көрінгенге бас ұрмауын,

Дін деп қорқып ақиқатты жасырмауын,

Ешнәрсені өлшеуіне асырмауын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе? 

 

«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,

Бақ-дәулеті туып-өсіп балқығанын,

Әрбір істе қазақ исі аңқығаны,

Тірлікте көзімізбен көреміз бе?

(Қараңыз: Ғұмар Қараш шығармалары. / І том. Поэзиялық шығармалары / Ж.Набиоллаұлы, Қ.Құттымұратұлы. – Орал, 2018. 288-бет ).

Тәуелсіздіктің басты сипаты – мемлекеттік істердің ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі, өз жерінің қазба байлығын халық игілігіне жаратуы десек, осынау кемелділікке жетудің жолдарына қатысты ғасыр басында-ақ Ғұмар келелі ойлар түйеді.

Өз жерінен шыққан кенді өзі алғанын,

Әдемілеп айқұш-ұйқұш жол салғанын,

Еуропаның өнерінен үлгі алғанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

 

«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,

Бақ дәулеті туып өсіп балқығанын,

Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?!.

Алаш туы астына біріккен қалам қайраткерлерінің тұтас ұлтты ұйыстырар реформаторлық қадамдарын кеңес саясаты қабылдамады. А.Байтұрсынұлы атап өткеніндей, қазақ зиялыларының қызметі заңсыз делініп, олардың басын алғанға 25 мың рубльге дейін ақша берілетін болды (Қараңыз: Кәкішев Т. Санадағы жаралар.  – Алматы: Қазақстан, 1992. 76-бет). 

       Ғұмар Алаш автономиясы жарияланған кезеңде жазылған «Алашқа», «Алаш азаматтарына» өлеңдерінде ұлысты әлеуметтік белсенділікке, ел мен жерді қорғауға шақырды.

«Тұрымтай» жинағындағы азаматтық поэзия Алаш ардақтылары ұстанған тәуелсіз мемлекет құру идеясын әлеумет санасына сіңіруімен маңызды.

«Күн туды» өлеңінде «Екі талай іс болып, Елге қиын күн туды. Аспанда ай тұтылып, Жер-жиһанды қан жуды» деп, зарыға жеткен азаттықты сақтап қалу сыналар тарихи сәтте барша күшті ел болуға жұмылдыру, Отанды қорғау сияқты ұлттық маңызы ерекше мәселелерді қоғамдық деңгейде көтереді.

«Өтер ме екен?», «Келер ме екен?» өлеңдерінде ұлттық идеяның жаршысы бола отырып, «Тұрымтай» жинағында үзілмес желідей тартылған Алаш зиялыларының өмірлік мақсатын байыптайды.

Қайғылы қара күндер өтер ме екен,

Қолайсыз мінді мінез бітер ме екен?

Ит болып ырылдасып өткен күндер,

Жоқ болып ізі, жолы кетер ме екен?

Түсініп айтқан сөзге қазақ ұлы,

Іждиһат ел болуға етер ме екен?

Оранған ақ жүрекке иманының,

Қадірін біліп таза күтер ме екен?

Табылып ойға алғаны бәрі болып,

Еңіреп ер мұратқа жетер ме екен! (Өтер ме екен?) 

Ғұмар ұлт намысы, жұрт жұмысы қасиетті ұғымдар, сондықтан да оларға имандай ұйып, қағбадай тауап ету биік парыздың өтелуі деп ұғындырады.

Ақ орда алаш көріп келер ме екен, 

Жамырап келіп еніп кірер ме екен? 

Сарғайып сағындырып қолға түскен 

Асылдың қадір бұлын білер ме екен? 

Ұғынып  бұлын біліп  қадір тұтып, 

Қағбадай тауап ете жүрер ме екен?

Ұлт намыс, жұрт-жұмысы деген істер 

Имандай жүрегіне сіңер ме екен?

Ащы ауыз ашырқанып айтқан сөзді,

Құрандай құлағына ілер ме екен? (Келер ме екен?) (Қараңыз: Ғұмар Қараш. Замана. - Алматы: Ғылым, 1994. 128-бет). 

«Тұрымтай» жинағындағы «Неден қорқам?», «Саған не болды?» өлеңдерінде тұтас ұлттарға жасалып отырған қияс тәжірибенің қиямет зобалаңын, қасіретті зардабын болжай білді.

Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,

Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам.

«Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып,

Құрылған қараңғыда заңнан қорқам.

 

Істері адамдыққа жанаспаған,

Жануар - екі аяқты аңнан қорқам.

Көлеңке елестеген бойдан қорқам,

Түс көріп, өң деп ұққан ойдан қорқам, 

 

Теңгеріп жарлы, байды құрып ұжмақ,

Теп-тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам.

«Теңгердім, той жасадым жұрт үшін », - деп,

Жер-жерде шалған құрбан қойдан қорқам (Неден қорқам?) 

Үрім-бұтақ ұрпағыңды құл етер, 

Әлпештеген арпуыңды күң етер. 

Жарық сәуле бостандыққа мұң етер, 

Ойламастай, жұртым, саған не болды? (Саған не болды?)

       Руханият алыптарының большевиктік саясатқа наразылығынан туған «Жүгенсіздік адамға жол ма еді?» (1919), «Революция и киргизы» (1919), «Қалам қайраткерлері жайынан» (1922) т.б. мақалаларындағы ой-толғамдары көкейкесті. 

Мәселен, Ғұмардың «Абай» журналында басылған «Жүгенсіздік адамға жол ма еді?» мақаласына төңкерістен соң саяси билікке жетуде болған текетірестен өрістеген бассыздық, жазықсыз жапа шеккен жандар тағдыры өзек етіп алынды.

ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялылары ұлттың мәдени және рухани ілгерлеуіне, сонымен қатар ғылымның қай саласында болмасын өркениет жолымен өркендеуіне қажетті мәселелерді ғылыми негізді шешуде шешуші қадамдар жасады. Соның барысында қоғамдық және жаратылыстану пәндерінен ана тілінде ғылыми еңбектер, оқулықтар мен оқу құралдары жазылды. М.Дулатұлы құрастыруымен жарық көрген «Қазақ тілінде басылған кітаптарды көрсеткіш» (Қызылорда, 1926) кітабындағы Қазақстан мемлекет баспасы (Орынборда, Қызылордада), мұның Ташкендегі бөлімі, Мәскеудегі орталық баспа шығарған кітаптардың библиографиялық көрсеткішінен қазақ тілінде түрлі ғылым саласынан жарық көрген еңбектердің мол болғанын көреміз. Бұл ретте А.Байтұрсынұлының «Баяншы» (Қазақ мұғалімдері үшін) (1920), «Әліппе астары» («Оқу құралы» деген қазақша әліппе бойынша үйретушілер үшін шығарылған баяншы) (1924), «Әліп би» (1926), «Тіл құрал» (1925), «Сауат ашқыш» (1924), Т.Шонанұлының «Орысқа қазақ тілін үйреткіш» (1925), «Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы» (1926), А.Байтұрсынұлымен бірігіп жазған «Оқу құралы» (1926), М.Дулатұлының «Оқу құралы» (1924), «Есеп құралы» (1925), Х.Досмұхамедұлының «Табиғаттану» Бірінші бөлім (1922), «Жануарлар» Бірінші бөлім (1922), «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингормонизм» (Дыбыстардың үндестік заңы) (1924), И.Тоқтыбайұлының «Жағырапия» (1922), «Түркістан» (1923), Ж.Тілеуұлының «Гигиена» (1924), Е.Омарұлының «Физика» (1924), М.Жұмабайұлының «Бастауыш мектепте ана тілі» (1923), «Педагогика» (1923), Ж.Аймауытұлының «Тәрбиеге жетекші», Н.Төреқұлұлының «Жаңа әліпби неге керек?» (1925), К.Жәлелұлының «Есеп тану жобасы» (1923), С.Қожанұлының «Есеп тану құралы» (1924) кітаптары аталады (Қараңыз: Міржақып. Қазақ тілінде басылған кітаптарды көрсеткіш // Жұлдыз. – 1996. –№ 4. – Б. - 123-125). 

Міне, жас толқынның ана тілінде жан-жақты білім алуына қажетті педагогикалық бағыттағы ізашар кітаптар шығаруда Ғ.Қараш сарабдалдық танытты. А.Байтұрсынұлы «Оқыту жайынан» мақаласында «Сөздің тұрар жері мынау: қазақ мектебінде оқытатын қазақ тілінде әліппелерден басқа қазір кітап жоқ. Бірақ олардың бәрі де болады. Қазақ мектебінде оқу үш жылдық болуы қолайлы. Сол үш жылға керек кітаптар шығуына талап етіп жатырған адамдар бар» (Алты томдықтың бесінші томында. 243-бет) деп жазғанындай, 1919 жылы Ордада жарық көрген қазақтың тұңғыш ғылыми-педагогикалық әдістемелік «Мұғалім» журналының бірнеше санында Ғ.Қараштың «Педагогика» еңбегі басылды. Ғұмартанушы М.Тәжімұрат ақынның 1917-1918 жылдары Ресей мен Сібір мұсылмандары Діни басқармасының қазиы болып жұмыс істеп әрі Уфа кітапханаларында отырып, «Қан мен жан», «Педагогика» атты еңбектер жазғанын айтады. Ғалым «Қан мен жанның» қолжазбасы табылмағанын, «Педагогика» жарияланған журналдың әзірге № 2, № 7 сандары табылғанын, онда еңбектің ортасынан соңына дейін басылғанын ескертеді. Зерттеуші құнды мұраны «Қазақстан мектебі» журналында жариялады (Тәжімұратов М. Ғұмар Қараш және оның «Педагогика» кітабы // Қазақстан мектебі.  – 1991. – № 3. – Б. – 51-56).

       Ағартушы «Педагогика» еңбегін жазуда халықтық тәлім-тәрбиеден бастап әлемдік озық ойлы ғұламалар пікірін саралай отырып, педагогикалық ғылымның мақсат-міндетін талдайды. Бала тәрбиесінің басты сипаты, шынайы адами қасиеті биік, ар мен жаны таза азамат қалыптастыру хақында бүгіндері маңызын жоймаған пікірлер түйеді. Ғұмардың ағартушылық ой-толғамдары А.Байтұрсынұлының «Бастауыш мектеп», «Мектеп керектері», «Орысша оқушылар», «Оқыту жайынан» т.б. мақалаларындағы оқу-ағарту, бала оқыту, ұрпақ тәлім-тәрбиесінен өрбитін өзекті толғаныстарымен сабақтас. 

       Ұлт тілінің өзекті мәселелері барша Алаш зиялыларын толғандырған келелі тақырып. «Тіл – әдебиет» (1912) мақаласы Ғұмардың ұлттың ұлт болып қалуындағы ана тілі, әдебиетінің маңызын жан-жақты саралауымен ерекшеленеді.

         «Бір кеуде - пенденің дүниеде жасауы, бар болып тұруы үшін жан - рух керек. Бір халық, бір елдің де дүниеде бір милләт, ел болып жасауы, тірлік етуі үшін тіл керек, әдебиет керек. Жансыз кеуде дүниеде жасай алмас, шіріп, топыраққа айналып жоқ болар! Тілі, әдебиеті болмаған милләттің де тап сол жансыз кеудеден айырмасы болмас, өзіне айырым әдебиеті болмаған милләттер де дүниеде жасай алмас» (Қараңыз: «Айқап». Құрастырушылар Ү.Субханбердина, С.Дәуітов. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1995. 115-бет) – деп ұлт пен ұлттық рух жасампаздығын тілді сақтау тұрғысынан түсіндіреді. Өзінің ана тілін ұмытып, өзге тілге құл болған елдің болашағы қараң және де басқа халыққа сіңісіп ұлттық сипатынан айырылатынын, тіптен жоқ болып кететінін тереңнен зерделейді. Әсіресе, ұлттық тәлім-тәрбиеде жас ұрпақты ана тілін ардақтауға, өз тілінің қасиетін бойына сіңіріп өсуге және тіл басты қасиет болып табылатынын ата-ананың қашан да ескеруіне ой салады. «Балаларына жастан өз тілін жақсы үйретпеген, олардың көңілдеріне құры өгей ана сияқты тәрбие еткен милләт те келешекте балаларынан өзінің қылған жақсылығы, берген тәрбиесі дәрежесінде ғана хақы алар, жақсылықты көрер. Балалары да оған өгей анаға қараған көзбен қарар. Милләт пен балалары арасындағы бұл алакөздік, шафеғатсыздық милләттің ... ақырында бітуіне себеп болар» – деп ұғындырады. 

Ақын отаршыл елдер саясатының баста мақсаттарының бірі – өзіне бодан халықты тілінен, әдебиетінен айыру екенін: «...Бұл заманда бір милләт өзінен күшсіз болған екінші милләттің милләттігін тіліне, оған кетік жасайын десе ең алдымен ол бейшара милләттің тіліне, әдебиетіне балта шабады» деген толғанысымен түсіндіріп, тіл мен әдебиетті сақтау жолында рухы мықты ұлт «тіл уа әдебиетін жоғалтпас үшін жанын да пида етер» –  деп зерделеді. 

Ғұмар түркі тілдес елдердің ішіндегі қазақ тілінің ерекшелігін «ескі һәм сөздікке бай, ескі болғандығы үшін де бек саф, нағыз тіл екендігі жұртқа мағлұм» дей келе, ендігі кезекте әдеби тілімізді дамыту мәселесіне қатысты «әдеби жағынан қарағанда тіліміздің олардың тілдерінен артта екендігінде іңкәр айтып болмайды» – деген сындарлы пікір айтады.

«Ұлт һәм туған тіл» (патшалық һәм бостандық заманында) (1919) мақаласында патшалық Ресейдің орыстандыруда жүргізген озбыр саясатын айыптайды. Отаршылдық ойранына ұшыраған халықтардың жер бетінен із-түссіз жойылып кеткенінен айтқанда, әр ұлт ана тілін сақтауы қажет деген пікірге тоқталады. Сондықтан тек ана тілін дамытумен ғана білім-өнерді шынайы игеру, әдебиетті өркендету жемісті болатынын «Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін бімей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың білімі де, өнері де өршімейді.

Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз» (Ғұмар Қараш. Замана. – Алматы: Ғылым, 1994. 223-бет) – деп жеткізеді. Ал Ахмет Байтұрсынұлы «Қалам қайраткерлерінің жайынан» мақаласында «Қазақ жем болудан декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады» – дей келіп, Ғұмар байыптаған арнаны «Оқу ісі сабақтас әдебиетпен: оқу әдебиетті күшейтеді, әдебиет оқуды күшейтеді. Қалам қайраткерлерінің жұмысы – әдебиет, әдебиетсіз оқу қуаттану жоқ, оқусыз мәдениет қуаттану жоқ, мәдениет қуаттанбай қазаққа қорлықтан, зорлықтан құтылу жоқ» – деп тереңдете екшейді. Бұл жерде қос арыстың мұраттастығы, мақсат бірлігі туған халқының тілін, ғылым-білімін дамыту, сол арқылы алып елдердің қорлығынан құтылу мәселесінде айқын танылады.

Түйіп айтқанда, Алаш идеясы тоғыстырған қалам қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы және Ғұмар Қараштың шығармашылық тұлғаларындағы үндестікке елшілдік рух, ұлтшылдық сезім, мемлекетшілдік сана үйлесімі тән. Руханият алыптарының асыл мұрасы тәуелсіздігіміздің тұрығырын еселеуде, ұлттық құндылықтарымыздың іргетасын арттырудағы маңызын жоймақ емес.

                 Сағымбай Жұмағұл.

   Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры.

                                         

Бөлісу:

Көп оқылғандар