Нобель кімге бұйырады?
Бөлісу:
Нобель сыйлығының даңқымен бірге дақпырты да қатар жүреді әдетте. Әсіресе әдебиет саласында. Жыл сайын үміткер қаламгерлердің аты аталып, әртүрлі болжамдар жасалады. Кейде ойламаған жерден көпке белгісіз, соншалықты танымал емес ақын-жазушыларға да бұйырып жатады. Нобель сыйлығының саяси түс алып бара жатқанын, нағыз суреткерлер шетін қалып жататынын айтып, дабыл қағушылар да көп. Биыл да бүкіл әлем осы сыйлықтың кімге бұйыратынын болжап, демін ішіне тартып күтіп отырған жайы бар. Біз «Әдебиет порталының» оқырмандары үшін, бірнеше жас қаламгерге өз ойларын ортаға салуды сұраған едік. Қалпын бұзбай өздеріңізге ұсынып отырмыз.
Абзал Сүлеймен, ақын, аудармашы: Биыл әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атануы мүмкін деген жазушылардың ішінде Мишель Уэльбектің аты көп кездеседі. Франциялық қаламгерге Швед академисясы сыйлық беруі мүмкін бе? Бұған жауап беру қиынға соғып отыр. Қазіргі батыс құндылықтарына салсақ, Мишельдің лауреат атануы екіталай. Уэльбек алғаш «Күрес алаңының кеңеюі» романымен танымал болған жазушы. Бұл шығармасында жазушы бастыстың либералды жетістігіне күмәнмен қарайды. Оның ішінде сексуальды еркіндік – адамзатқа жасалған тұзақ дегенге келтіреді. Оған қоса Уэльбек мырза исламға қарсы айтқан сөздерімен де ел арасында шу тудырды. 2001 жылы қаламгер «Ислам – ақылға қонбайтын әрі қауіпті дін» деп айтып, қоғамды дүр сілкіндірді. Ол кез келген монотеизмге теріс көзқарас танытатын адам, бірақ «Інжілді» жақсы жазылған кітап деп санайды. Себебі, еврейлердің әдеби талантында шек жоқ дегенге саяды. Ал «Құранды» депрессияға ұшырататын кітап деп ойлайды. Бұл кісінің осы қысқаша тарихына сүйенсек, Нобель сыйлығын алатынына күмәнім бар. Бірақ, кім білсін... Швед академиясы бізге беймәлім қырынан қарап, бұл жазушының бағы жанып кетуі әбден мүмкін.
Одан кейін әлем назары Салман Рушдиге ауып тұр. Шыққан тегі үнді жазушы Британияда тұрады. Бұл жерде де Салман Рушдидің лауреат атануы екіталай деген ойға тоқталамын. Себебі британиялық мигрант жазушылардың қатарынан үш рет алуы мүмкін емес сияқты. Жақында ғана Ишигуро мырза, содан кейін Абдулразақ Гурна да бұл сыйлықты иеленгенін білесіздер. Араға жыл салмай тағы британиялық Нобель алады дегенге ауыз бармайды. Дегенмен жазушыға жақында ғана жасалған шабуыл рөл ойнап кете ме деген де күдік жоқ емес. Бірақ бұл оның лаурет атануына көмектесе қоюы неғайбыл. 1981 жылы Индира Гандиді сынға алған романымен Букер сыйлығын жеңіп алған жазушының, «Шайтани өлеңдер» кітабы мұсылмандарға ұнамай, кітаптары өртеліп, оған қоқан-лоқы көрсеткендер көп болды. Биыл соның бірі орындалып, пышаққа түсті. Бәлкім сол үшін БАҚ өкілдері оны Мишельден кейін екінші үміткер ретінде жазып жүр.
Ал қазір Нобель сыйлығын алуы мүмкін үштіктің қатарында әйгілі «хорор королі», 75 жасқа келген Стивен Кинг орналасыпты. Бұл жазушының Нобель алып кетуі ғажап емес. Стивен Кингті бірі ұлы жазушы десе, бірі шаршауды білмейтін еңбекқор деп, енді бірі америкалық бұқаралық мәдениеттен шыға алмады деп айыптаса, енді бір бүтін бір жанрдың негізін қалаушы деп айтысып жатады. Әлбетте, филологтар мен әдебиетшілер Кингтің Нобель алуына қарсы болады. Бірақ бүтін бір жанрдың атасына айналып кеткен қаламгердің кітап саудасына да, әдебиеттің оқылуына да қосқан үлесі зор секілді. Бұл тұрғыда Боб Диланның Нобель сыйлығын алғаны секілді оқиға қайталануы әбден мүмкін. Америкалық мәдениет өкілдері тағы бір мәрте лауреат атанып кетсе таңғалмаймын.
Жыл сайын Нобель кандитаттарының ішінде аты аталып жүретін, тізімнен түспейтін 84 жастағы Нгуги Ва Тхионго да үміткерлердің қатарында дейді БАҚ. Бұл кісінің үміткер болғанына біраз болды. Бірақ не алмайды, не танылмайды, әйтеуір өларада қалып қоятын жазушы секілді көрінеді де тұрады. Кениялық жазушы биыл тағы сыйлықсыз қалатын секілді. Себебі тағы бір африкалық жазушы былтыр ғана Нобель сыйлығын алып қойды.
Оған қоса танымал жапон жазушысы Харуки Мураками, ресейлік Людмила Улицкая, «Қызметшінің әңгімесі» атты антиутопиялық романымен бір шулатып алған Маргарет Этвудтың да есімін жиі естіп жүрміз. Дегенмен биыл тағы бізге белгісіз автор лауреат болатын секілді.
Жантас Еркін, жазушы, драматург: Нобель науқаны - дүрбелеңге толы науқан. Төрткүл дүние демін ішіне тартып, жыл сайын қазанды күтіп, сарылады. «Күтіңдер» дегендей швед академиясы да асықпайды. Бәрін сараптап, жіпке тізгендей етіп, әрқайсына жеке-жеке тоқталады. Жылдың басында ұсынылған кандидаттар жылдың соңына дейін үш кезеңнен өтіп, ақтық мәреге жер сүзе жақындайды. Орта жолда ұшып кеткендері қаншама. Мыңдаған кандидаттар физика, химия, медицина, экономика, бейбітшілік және әдебиет саласы бойынша бақ сынайды. Ғасыр жасаған бұл сыйлықтың мәртебесі шарап сияқты; уақыт өткен сайын жақсара түсуде. Бүгінде Нобель сыйлығының талаптары мен өткізілу алгоритміне өзгерістер еніп, түрлене түскен. Мысал бұған дейін әдебиет саласы бойынша ұсынылған авторларды біз елу жылдан кейін ғана білсек, қазір оны сайттың өзінен ақ онлайн қарай беруге болады. Аноним деген нәрсе жойылды. Қарап ғана қоймай, дауыс беріп, «қиқу» салып отырсаңыз да сізге ешкім «қой» демейді. Технологияның дамуы, әлемдік саясаттың ашық позиция ұстануы Нобельге де оң әсерін тигізе бастаған. Сайтта қаралым мен әлемнің түкпір түкпірінен берілген дауыстардың нәтижесінде, авторлардың бірі озып, бірі артта қалып, тайталасып келеді. Әзірге нақты кімнің аты бірінші келерін дөп басып айту қиын. Кандидаттардың ешқайсы осал емес. Біреуі саяси жағдай бойынша алу ықтималдығы жоғары болса, біреуі әдебиетке әкелген жаңалығы бойынша басым. Тіпті жазушылық емес саясат, тарих, философия, музыка бойынша танымал болған авторлар да Нобель рейтингісінен бой көрсетіп жүр. Алда жалда алып кетсе, таң қалмаймыз. Себебі мұндай оқиға Нобель тарихында бір емес, бірнеше рет тіркелген. Солардың қатарында У.Черчиль, Б.Рассел, Р.Эйкен, А.Бергсон, Т.Моммзен, Б.Дилан сияқты алыптар бар. Әдебиет саласы бойынша Нобель коммитетінің бүйрегі осы жылы кімге бұрылады екен. Ол жағы үлкен сұрақ белгі.
Нобель - таң қалдыру мен тосын шешімдердің сыйлығы. Одан бәрін күтуге болады. Бар халықтың назарын рейтингке қаратып қойып, «айдаладан» заты түгіл, аты белгісіз біреуді қоя салуы да бек мүмкін. Былтырғы А. Гурна соған дәлел. Абдуразакты бұған дейін әдебиеттің айналасында жүргендер болмаса, оқырман қауым жете тани бермейтін. Оны автордың өзі де мойындайды. Дәл осы тәсіл биыл да қайталанып, елуге тақау автордың ішіндегі ілініп-салынып жүрген біреуі алып кетсе, оған да таңдану жоқ. Не болса да, «Нобель коммитеті дүйім оқырман қауымның шешімімнен санасады» деген үлкен үміт бар. Кандидаттардың есімін ашық көрсетуіне қарағағнда, бұл үміт орынды да.
Ендеше, осы арадан бір қайырып, статистикаға көшсек.
Алдымен соңғы бір айдың көлемінде алдыңғы бестікке жиі шыға берген бес авторларды атап өткім келеді. Олар - Салман Рушди, Сергей Жадан, Харуки Мураками, Сәлім Бәрәкат және Стивен Кинг.
Салман Рушди - тегі индиялық, британ жазушысы. 1981 жылы «Іңір балалары» атты романы үшін Букер сыйлығын алды. «Сайтанның саздары» атты төртінші романы қоғамдық наразылық тудырып, Иранның бас имамы Хомейни оның басын алуға пәтуа шығарған болатын. Осы даудан кейін британ әкімдігі оны өз қамқорлығына алды. Бүгінгі күнге дейін ол шығармаларын біріккен корольдық атынан жазып келеді. 1983 жылы Ұлыбританияның Корольдық әдебиет одағына мүше болды. Бірақ оның басына тігілген пәтуа әлі өз күшін жойған жоқ. Осы жолғы Нобельге басқан қадамы да саяси жағдайдың «былығы» болуы әбден мүмкін. Егер Рушди Нобель сыйлығын алса, Ислам әлемі біріккен корольдікке ультиматум тастауы да ғажап емес. Себебі «Сайтанның саздары» атты кітабы тікелей діннен шыққан, пайғамбарды келеке еткен және оның ілімін «өтірік» деп тапқан арандату кітабы еді. «Тапсырыспен жазылған болуы да мүмкін» деген болжам бар.
Жазушы ретінде Салман Рушди образды ойлау мен көркем эстетикалық талғамның жазушысы. Ол араб поэтикасын жетік меңгере отырып, «мың бір түн» бояуларын өз шығармаларында сәтті пайдаланған талғампаз автор. Бәлкім содан болар әлем оқырмандары оның шығармаларын саяси агитезасын алып тастап оқығанды жақсы көреді. Ал, Нобель бергісі келсе британдықтар мен шведтердің өз қолында.
Сергей Жадан - украиналық ақын, прозаик, эссеші. Биылғы Нобель сыйлығы рейтингіндегі ең жас жазушы. Оның рейтинг бойынша алға шыға беруін сарапшылар тікелей Украинадағы соғыспен байланыстырады. Бірақ Сергейдің соңғы он жыл бойы басқа мемлекетте тұратынын [Бельгия] және осыған дейін де бірнеше рет Нобельге ұсынылғанын ескерсек, ешқандай саяси мән таппайсыз. Керісінше оның прозадағы лексикалық тіліне сүйсінетін пост-кеңестік жазушылар «Ворошиловград» атты романына жоғары баға беріп, «күллі бір ұрпақтың манифесті» деп төрге шығарған болатын. Оның шығармаларында құлаған Кеңес үкіметі, және одан қалған «жаралы ұрпақтың» қоғамда өзін таппауы сөз болады.
Сергей Жадан биылғы бәйгенің басты фигурасы.
Сергей Нобель алар болса жас жағынан Киплингтің рекордын жаңартып кетуі мүмкін.
Харуки Мураками - жапониялық постмодернист жазушы, аудармашы, қысқа әңгімелер шебері. Оның кітаптары әлемнің 50-ден астам тіліне аударылған. Бүгінгі әлем әдебиетіндегі ең табысты әрі ең танымал авторлардың қатарында. Оның осы танымалдығы оған Нобель алуына кедергі болады деген пікір бар. Бірақ соған қарамастан Нобельге қатарынан жетінші жыл ұсынылып жатқан Мураками сан оқырманның тілегімен алда келеді. Оның жазуы да, Нобельге деген талпынысы да жүгіруі сияқты; алдыңғы орынды алмаса да, артта қалмайды.
Сәлім Бәрәкат - күрд сириялық жазушы, ақын. 1951 жылы Сирияның солтүстігіндегі Қамысты деген ауданында дүниеге келген. Ата-анасы күрд ұлтынан. Дамаскіде араб тілін зерттеген. Кейін 1972 жылы Бейрутқа көшіп барып, бес өлеңдер жинағы мен екі романын шығарған. 1982-жылы Кипрға келіп, танымал палестиналық акын Махмуд Дарвиш басқарған «Әл -Кармель» әдеби журналында қызмет атқарады. Онда жүріп тағы жеті роман, екі өлеңдер жинағын жазып тастайды. 1999 жылдан Щвецияда тұрады. Оның жұмыстары араб, күрд, ассирия, армиян мәдениетін тығыз зерттегенімен ерекшеленеді. Ол өз шығармашылығында түріктердің күрд халқына жасаған саяси озбырлығын сөз ете отырып, Ататүріктен кейінгі Түркия мемлекетін «жоғалған Эдем» деп кінәлайды. Батыс еуропа, таяу шығыстың белгілі ғалымдары Сәлім шығармашылығына оң бағасын беріп, оны «құбылыс» ретінде қарастырып отыр. Биылғы әдебиет саласы бойынша Нобель 5-тігінен түспей келе жатыр.
Стивен Кинг – америкалық жазушы, сценарист, қысқа әңгімелер шебері. Жетпіс бес жастағы «қорқыныш королі» Нобельге аса әуестігі жоқ еді. Биыл аз роман жазғаннан ба, әлде жылдам Нобель алу керек болды ма, әйтеуір рейтинг тақтасынан оқ бойы оза шауып тұр. «Форбес» журналының айтуынша Стивен Эдвин Кингтің дәл қазіргі қаржылық жағдайы 50 млн АҚШ долларына бағаланады екен. Соған қарамастан жазушы Нобельден де дәмелі екенін жасырмайды. Оқырмандары көп, атағы да аспандап тұр. «Әдебиетке оқырмандар назарын тартқаны үшін» деп берсе де, жарасымды.
Енді басты сұрақ; қазақ Нобель алуы үшін не істеуі керек? Бұл тұрғыдан орыстардан үйренеріміз көп. Ресейдің атақты сыншысы, жазушы Дмитрий Быков осыдан оншақты жыл бұрын Нобельді зертеуге ден қойып, оған тіпті арнайы ютуб бағдарламасын да ашқан болатын. Кейін ол жобасы мемлекет тарапынан қолдау тауып, теле экраннан орын тепті. Онда Нобельді зертеуге отызға тарта мамандар шақырылып, елуге тақау бағдарлама түсірілген болатын. Жалғыз сұрақ сол; «Нобельді қалай алуға болады?» деген. Былай қарасақ олар Нобелистерді қолдан соғып жатыр. Соның нәтижесінде биыл Нобель кандидаттығында Ресейден он шақты үміткер бар. Алдағы жылдары Ресей бұл көрсеткішті ұлғайта түспек.
Бізге де көп шаруаны былай қоя тұрып, Нобелистерді мақсатты түрде даярлауды қолға алу керек. Бір Нобель керек болса, қазаққа керек. Басқа сала болмаса да, қазақ әдебиетінің, қазақ тарихының, қазақ пәлсапасының бір Нобель алуға хақысы бар. Оған әсіресе 60-70 шы жылдардағы қазақ әдебиетіндегі шығармалар сай. Жақсылап аударып, құнттап, жарнамасын жасап жіберсе, әлем әдебиеті сөрелерінен жарқ ете қалар күн де алыс емес. Ал, жас авторлар мақсатты түрде Нобель критерийіне жұмыс жасаса, алдағы Нобель солардікі.
Бөлісу: