Оқушылар парағы. Қыз Жібек жыры

Бөлісу:

29.09.2022 6277

Арнайы 7 сынып оқушылары үшін 

Құрметті оқушылар, біз жетінші сыныптың табалдырығын аттағанда әуелі халқымыздың көнеден келе жатқан бай мұрасы – лиро-эпостық жырларлармен таныс боламыз. Лиро-эпостық жырларда халқымыздың тұрмыс-салты, әдет-ғұрыпы, көңіл-күйі, дүниетанымы сынды кең құлашты мәліметтер қамтылады. Сондай лиро-эпостық жырлардың ең үздіктерінің бірі – «Қыз Жібек» жыры.

Қыз Жібек жыры – халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан тарихи жыр-дастаны. Қыз Жібек жыры – мәңгілік махаббаттың символы. Махаббат қашанда өміріміз бен тыныс-тіршідігіміздің күретамыры. Қыз Жібек жыры – біздің ұлт ретінде өмірге, достыққа, махаббатқа, ата-анаға, ел мен жерге, туған топыраққа деген айнымас адалдығымыздың белгісіндей болған тарихи жәдігер. 

Қадірлі оқушылар, сіздер «Қыз Жібек» жыры туралы кішкентай кездеріңізден естіп-біліп өскен шығарсыздар. Ата-әжелеріңіздің, ата-аналарыңыздың, тағы да басқа үлкен кісілердің аузынан бірде боласа, бірде естігіен шығарсыздар. Тіпті бұл жырды радио немесе интернет желісінен тауып сан мәрте тыңдаған болуларыңызда мүмкін. Бәрін айтпағанда «Қыз Жібек» фильмі туралы білмеулеріңіз мүмкін емес. Сондықтан да, бүгінгі тақырыбымыз сіздер үшін тым күрделі болмаса керек-ті. Солай болсада мен сіздерге әуелі осы жырдың мазмұнын қысқаша баяндап берейін. 

«Қыз Жібек» жырының негізгі мазмұны мынандай. Бұрынғы өткен заманда Жағалбайлы дейтін елдің ішінде Базарбай деген атағы алысқа кеткен бай адам болыпты. Оның Төлеген және Сансызбай деген екі ұлы болады. Екеуі ат жалын тартып мінгенде өз теңі ішінен қалаған жарын таңдап қосылмаққа ниеттенеді. Өз ортасынан асып туған ер Төлеген айналасынан өзіне лайық жар таппай дағдарады. Сөйтіп жүргенде алыс бір елде Қыз Жібек деген сұл қыз бар екен дегенді естиді. Ол да өз ортасынан ешкімді менсінбей, өз бітіміне лайық жар іздеп жүр екен. Осыған аңсары ауған Төлеген алыс жолға қамданады. Жол-жөнекей мен деген қыздардың ешкіміне бұрылмай, сый-сияпат көрсетіп мәрт жігіт деген атағы шығады. 

Ұзақ жол үстінде Төлеген Қыз жібектің ағасындай боп кеткен Қаршыға есімді жігітке жолығады. Оған үлкен құрмет білдіріп, сый ұсынып, достасып ақыры Қыз Жібектің ауылына жетеді. Қыз Жібектің көшінің соңынан ерген Төлеген әр сұлуға бір бұрылып қарайды. Олардың ешбірі Қыз жібек болмай шығады. Ақыры көштің ең басында жеке күймеде кетіп бара жатқан сұлу Жібекке жолығады. Сөйтіп алыстан аңсап келген жігіт пен қыз бірін-бірі ұнатып, сөз байласып, қыз бен күйеу болып Төлеген сол елде біршама уақыт тұрып қалады. 

Бір мезгілдер болғанда Төлеген еліне барып қайтуға ниет қылып сапарға дайындалады. Ұзақ жолдың азабын уайымдаған Жібек оны қимай ақ сапарға шығарып салады. Айшылық жол жүріп Төлеген еліне жетеді. Ағайын туыспен қауышып, көп өтпей қайыра Жібектің еліне жолға шығуға ниеттенеді. Осы кезде Төлегеннің әкесі Сансызбай ұлының жолға шығуына қарсы болады. «Егер Төлеген жолға шықса артынан бір адам ермесін» деп әмір етеді. Сонымен уәделі уақыттан кешігіп жатқан Төлеген кідірмей жалғыз өзі жолға шығады. Кетерінде інісі Сансызбайға барар жерінің межесін айтып, егер кешіксем соңымнан іздеп кел деп амнатын айтып аттанып кетеді. Төлеген сол жүргеннен мол жүріп Жібек ауылының шетіне ілінгенде, алдынан жау тосқауылдайды. Сөйтсек, бұл Жібекке көз сүзіп, үміт артып жүрген Төлегеннің қастастары екен. Олардың басшысы Бекежан есімді батыр екен. Төлеген жалғыз болсада олармен алысып көп қайрат қылады. Төлеген көп жаумен алысып жүргенде қамыс ішінде аңдып отырған Бекежан Төлегенді садақпен атып жазым етеді. Төлеген оққа ұшып, айдалада алты қазға мұңын шағып жатып шейіт болады. Бекежан ақбоз атқа мініп елге келсе, алдынан шыққан Қыз Жібек бір сұмдықтың болғанын сезеді. Айтқандай Төлегенді қызғаныштан Бекежанның өлтіргенін біліп, ағалары оны ұстап, өлтіреді. 

Осылайша жарынан айрылған Жібек сұлу қайғыдан қан жұтады. Әр күнді Төлегенді жоқтап зар еңіреумен өткізеді. Жағалбайлының елінен біреудің келуін күтеді. Төлегеннің інісі Сансызбайды жоқтайды. Сондай күндердің бірінде, ағасының кешіккенінен алаңдаған Сансызбай батыр Төлегеннің айтқан ізімен жолға шығып, Қыз Жібектің ауылына келеді. Елге келсе Қыз жібектің жұртын қалмақтың ханы көп қолымен жаулап алып, Қыз Жібекті бер деп әлек салып жатыр екен дейді. Сансызбай келген соң Жібек екеуі қашып кетеді. Артынан қалмақ ханы қуады. Жол-жөнекей Сансызбай қалмақ ханын күтіп алып, жекпе-жекте найзамен түйреп өлтіреді. Артынан келген қуғыншыны да жалғыз өзі жайратып салады. Сонымен Қыз Жібек екеуі көңілдері жайланып Жағалбайлы ауылына тартып отырады. Жазушы, академик Мұхтар Әуезов баян еткен «Қыз жібек» жырының бір нұсқасы осылай ақырласады. Шын мәнінде бұл жырдың бізге жеткен ең толық және кемелді нұсқасы болатын. Тұтас жырдың қысқаша мазмұны міне осылай, балалар. 

Құрметті оқушылар, енді «Қыз жібек» жырының бізге жетуі, алғаш хатқа түсуі туралы айта кетелік. «Қыз Жібек» жырының басталу тарихы ұзақ болғанымен, оның хатқа түсіп, бізге кітап болып жетуінің өзі бір хикая. Ғалымдардың айтуынша «Қыз Жібек» жыры алғаш рет ХVII ғасырда хатқа түсіпті. Алғаш рет Е.Александров деген кісі Мұсабай деген ақынның аузынан жазып алған. ХІХ ғасырда татар мұғалімі Фалиолла Зайсан өңіріндегі қазақтардан жазып алып Қазаннан кітап етіп бастырып шығарады. Сондай-ақ қазақтың айтулы ақыны Жүсіпбек қожа Шайхысламұлы да хатқа түсіріп өткен ғасырдың басында Қазан баспасынан бірнеше рет қайталай бастырып шығарған. Осылай хатқа түсіріп жалғасқан дәстүр кейін келе қордаланып, еліміздің әртүрлі баспаларынан жекелей кітап болып шықты. Ең бастысы «Қыз Жібек» жыры қазақ халқының рухымен, болмысымен, тарихмен, фольклорлық жадысымен бірге жасасып келе жатқан ұлтымыздың төл туындысы екені анық. 

«Қыз жібек» жыры бізге нені ұғындырады? «Қыз Жібек» жыры бізге не береді? Енді осы сұрақтардың жауабын өздеріңізбен бірге қарастырайық. Ең әуелі бұл жыр біздің ұлттық рухымызды көтеруіміз үшін, еліміз бен отанымызға деген дүниетанымымызды тереңдете түсу үшін керек. Біз Қыз Жібектің салтанатты көшінен, көш бойындағы түрлі қызықтардан, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардан, ғашықтардың табысу мәдениеті, адалдығы сынды ұласпалы ұғымдардың нышанын анық көре аламыз. Ең бастысы біз «Қыз Жібек» жырындай ұланғайыр мол мұра тудыра алған елміз! Бұл біздің мәңгілік мақтанышымыз болуы тиіс. 

Қадырлы оқушылар, ендігі бір сөз «Қыз Жібек» жырының опера және кино өнеріне қатысы туралы болмақ. Еліміздің кәсіби опера өнерінің бастау тарихы осы «Қыз Жібек» операсынан бастау алады. 1934 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Қыз Жібек» операсының алғашқы қойлымы өтеді. Опералық қойылымда Жібектің рөлін қазақтың бұлбұл көмей әншісі Күләш Байсейітова алғаш рет сомдады. Ал Төлегенді Қанабек Байсейітов ойнайды. Осы опералық қойылымда Шегенің рөлін Манарбек Ержанов аса жоғары деңгейде сомдап шығады. Оның орындауындағы «Шегенің ариясы» жұрт көңілінен әлі күнге өше қойған жоқ. Сонымен қатар опералық шығармада халық композиторлары Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса әндері мен Тәттімбеттің күйлері молынан орындалды. 

«Қыз Жібек» фильмі – толық метражды, екі бөлімнен тұратын көркем фильм. Ол 1970 жылы Қазақфильм киностудиясында даярланған. Фильмнің сценарийын қазақтың ұлы суреткері ғабит Мүсірепов жазады. Қоюшы режиссері Сұлтан Қожықов болса, музыкасын композитор Нұрғиса Тілендиев жазған еді. «Қыз Жібек» фильмінде Жібектің рөлін Меруерт Өтекешева ойнаса, Төлегеннің рөлін Құман Тастанбеков сомдайды. Ал Бекежанның рөлін Асанәлі Әшімов, Шегенің рөлін Әнуар Молдабеков жоғары деңгейде орындап шығады. «Қыз Жібек» фильмі күні бүгінге дейін халқымыздың сүйіп көретін фильмінің бірі. Ол уақыт өткен сайын өз құндылығын жоғалтқан жоқ, қайта жас ұрпақ, жаңа буынмен бірге жасарып, жаңғырып келеді. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар