Баққожа Мұқай әлемі
Бөлісу:
Жазушы Баққожа Мұқай – өмірде көргені көп, дүниетанымы бай, кең тынысты талант иесі. Ол алғашқы туындыларын 17-18 жасында жазып, жариялаған. Тәңірі кеудесіне айрықша шығармашылық қуат пен таным берген жазушы, өз талантын бабында ұстап, үнемі тәрбиелеп үздік туындылар ұсынып отырған. Айталық, «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім» секілді шығармалар мен бірнеше драмалық туындылар және «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» романдары соның жемісі. Осының бәрі оның сәулелі ғұмырында ұлт руханиятына қосқан жемісті еңбегі.
Баққожа Мұқайдың шығармашылық әлемі туралы сөз болғанда, ойымызға профессор Жанғара Дәдебаевтың мына пікірі есімізге түседі. «Баққожа Мұқай шығармашылығының әлемі – шынайы да шырайлы әлем. Қаламгердің қуатты ойынан бас құрап, тас бұлақтың әсем суындай мөлдіреген осы әлемді рухани тазару, арылу әлемі десе болар еді. Өйткені ондағы ой мен сезім, мұрат пен мүдде қайталанбас мәнімен, қыр қызғалдағындай құлпырған нәзік те мөлдір лебімен тебірентеді. Сонымен қатар ол тайталас тартысқа, түйіні шиеленген қарсылықтар мен қайшылықтарға толы, жолы тар,кешуі тайғақ бел-белестерімен де ерекшеленеді. Одан әрі жазушының адамгершілік, философиялық және эстетикалық байтақ кеңістігі басталады» деп ағынан жарыла жазушының қаламгерлік қуатын дөп басып айтады.
Жазушының тақырып таңдауы, идеяны көкейге түюі, образ сомдауы, сюжет дамытып, композиция түзуі, лайықты тіл кестесін табуы - бәрі де шеберліктің көріністері. Шеберлік – нәзік талғам мен қуатты таланттың, толассыз еңбектің нәтижесі. Шын шебер үшін басты мәселе - тіл құдіретінде. Баққожа Мұқайдың өз стилін қалыптастыру, шығармашылық даралыққа жету жолындағы еңбегі мен бейнетінің сипатын тану үшін Н.В.Гогольдің басында болған жайды еске түсіру артық емес. Тіл байлығының қайнар көзін, стиль даралығының тамаша үлгісін қайдан алатыны жөнінде сұраған бір әріптесіне Гоголь былай деп жауап берген екен: «Түтіннен. Жазамын, жазамын да жағамын. Қайта жазамын». Бұл - еңбек, бейнет қана емес, шығармашылық азап. Сөз зергері Зейнолла Қабдоловтың танымымен сабақтасақ, мұндай еңбек пен бейнет жолын, азап пен мехнет кешуін өз еркімен таңдауға нағыз азамат һәм нағыз таланттың ғана батылы жетпек. Жазушы еңбегінің осындай бейнеті мен осындай азабы Баққожа Мұқайға да жат емес. Ақ қағаздың алдында оның да өңі қашып, көзі талған, қаны тасып, қары талған, ол да «азап» тартып, бейнет шеккен. Сарсылып отырып бір жазғанын сан түзеп, сан өшірген, тіпті Гогольше отқа жаққан сәттері де, жыртқан кездері де болған. Бітті деген шығармаларының корректурасының өзін бір емес, бірнеше рет түзегені, қайта қарағаны бар. Мұның бәрі із-түссіз кеткен жоқ. Авторды алға бастады, көркемдік шеберлік шыңына жетеледі, шығармашылық дара тұлға деңгейіне көтерді. Жазушы қаламынан бірнеше әңгімелер мен повестер, пьесалар мен шоқтығы биік романдар дүниеге келді. Әрдайым тынымсыз ізденіс үстінде болған жазушы не жазса да, қанша жазса да, замана шындығынан ауытқымай, негізінен өзі өмір сүрген кезеңнің сан түрлі мәселелерін суреттеуге ұмтылды. Бұған жазушының көркем туындылары арқылы көз жеткізуге болады. Б. Мұқай шығармашылығында тірішіліктің сан түрлі құпиясы мен өмір тірегі – адам атаулының күрделі табиғатын барынша терең әрі жан-жақты талдау бар. Қаламгердің көркемдік әлемін сөз еткенде жазушының шеберлігі, өзіндік жазу мәнері ондағы тақырыптық-жанрлық, мазмұндық- құрылымдық ізденістер жан-жақтылығымен көзге түседі. Суреткердің әр шығармасынан өмір шындығы айқын танылып, қоғам, адам жайлы азаматтық ойлар туындап жатады.
Жазушы шығармалары қанды қыздырып, миды солқылдатқан ерен еңбекпен, жан мен жүректі тұңғиық тереңіне дейін тебіренткен нағыз поэтикалық құлшыныстан туған. «Қара тас» әңгімесі, «Түнемел», «Бір топ арша», «Аппақ шымылдық», «Аққұс», «Тірлікте сыйласпаған ағайын» хикаялары, «Қош бол, менің ертегім» драмасы, «Заманақыр» трагедиясы, «Өмірзая» романы сынды адамгершілік рухы биік, философиялық мәні терең, сырлы да нұрлы шығармалар жазушының осындай шынайы поэтикалық құлшынысының қуатын аңғартып, асыл мұратын танытады. Жазушының өз заманының көз алдындағы тарихи маңызы зор, мәні үлкен аса іргелі шындығын жазуы, қара сөзден өз заманының қайтпас қайсар ұланының, қаһарманының көркем мүсінін сомдауы – әдебиет тарихында өте сирек кездесетін ерекше құбылыс. «Тәуелсіздік кезеңінің прозасы заманына сай жаңа серпін, жаңа екпін танытуда. Көп уақыт бойы жүрегіндегі ойын айта алмай, жарым көңіл, ішқұса болып жүрген сырын ақтарғысы, барын сарқып сыртқа шығарғысы келеді ғой. Ондай адам ешкімнің қақпайына көнбейді, еркін көсіле сөйлейді. Көп қыспақ көрген әдебиетіміз дәл сондай күй кешуде. Тілден кісен алынған соң бұрынғы күштілерге жарамсақтану, жалтақтау, үрей мен сенімсіздік түп тамырымен таза жойылды демесек те, әдебиет - жаңа жолда. Тақырыбы мен проблематикасы күрт өзгеріс тапты. Бұрын ұлтшылдық қалжуыры байлануынан қорғалақтап, бірен саран жазушы болмаса, ұлттық тақырыпқа бара бермеуші едік. Барған күнде міндетті түрде халықтар достығы, ұлы орыс халқының қалтқысыз көмегі деген мәселе төңірегінен ұзап шықпайтынбыз. Қазір жағдай шұғыл өзгерді. Енді ұлттық тақырып әдебиетіміздің басты тақырыбына айналып отыр. Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз», Б.Мұқайдың «Өмірзая», Қ.Исабайдың «Шоң би», С.Сматаевтың «Жарылғап батыр», Жанат Ахмадидің «Шырғалаң», Ұ.Доспамбетовтің «Қызыл жолбарыс», романдарын, А.Мекебаевтың «Қазына сыры», Е.Смағұловтың «Мінажат» т.б. шығармаларын ел-жұрт тарихын жаңа дәуір биігінен, объективті, шындыққа суарып суреттеу жемісі деп білуіміз керек» деген пікір айтады Ш.Елеукенов.
Көркемділік – шеберліктен туады десек, суреткер шеберлігі ең алдымен өмір шындығын жіті көріп, түсіну, сан-алуан адамдардың мінез-бітімі мен қимыл-әрекеті, психологиялық ерекшеліктерін танып-білу қабілетінен туады. Осы орайда, Б.Мұқай қаламгер үшін нағыз шеберлік мектебі болып табылатын әңгіме әлеміне сапар шекті. Сол себепті де, біз ең алдымен жазушы әңгімелерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері мен замана шындығы мен кейіпкер келбетін даралау сипатына үңілеміз. Қазақ әдебиетіндегі қалыптасқан, өз дәстүрі мен арналы асуы бар әңгіме жанрына: «Әңгіме – оқиғаны баяндап айтуға негізделеген, қарасөзбен жазылған шағын көркем шығарма. Әңгімеде, әдетте бас-аяғы жинақы, тиянақты бір оқиға айтылады. Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері алдымен оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық, сюжеттік құрылысы, кейіпкер жүйесі арқылы айқындалады», - деп «Әдебиеттану терминдер сөздігінде» анықтама берілген. Ал, жанр табиғатын академик З. Қабдолов былайша тұжырымдайды: «Алдымен көлемі шағын. Ол жазушыдан барынша жинақы болуды талап етеді. Содан соң оқырманды бірден баурап әкетуі үшін, сол шағын көлемдегі шағын өмір эпизодының өзі соншалық тартымды, сюжет желісі қызғылықты болуға тиіс. Сюжетке ене бастаған беттен-ақ оқырманның көз алдына іші-сыртын, мінез-құлқын, іс-әрекетін аттаған сайын аңғартып, адам келе бастауы тиіс. Адам тұл көрінбейді, оның өзін, қоршаған айналасы айқын көзге түсуі, сол арқылы белгілі бір әлеуметтік топ, қоғамдық орта танылуы шарт. Әлгі адам – соның өкілі, типтік тұлға болуы қажет. Осылардың бәрі жазушыдан өмірді терең білумен қабат, шұрайлы сөз байлығын, жіті байқампаздықты, асқан талғампаздықты, тілдегі тамаша суреттілікті, бір сөзбен айтқанда, қалам тиген жерді өмірдің өзіне айналдырар нағыз шеберлікті, соған қоса кемел идеяға апарар терең білім мен биік мәдениетті талап етеді». Әдебиеттің өзге жанрларына қарағанда, өте қысқа, әрі терең талант пен шынайы шабытты талап ететін әңгіме - әрбір қаламгердің жазушылық жолындағы шеберлік мектебі болып саналады. Сондай-ақ, әңгіме – бір оқиға немесе жекелеген өткір тартыста қоғам өмірінің заңдылықтарын ашып көрсетуге бірден-бір ыңғайлы жанрдың әрбір кезеңдердегі даму жолы әрқилы болды. Қазақ прозасындағы әңгіме жанры, әсіресе, жетпісінші жылдарда эстетикалық тұрғыдан кемелденіп, толыса бастады. Осы уақытта жазылған әңгімелердің қай-қайсысында да стильдік, тілдік, тақырыптық тұрғыдан тың ізденістер көрінді. Кез-келген жанр секілді әңгімеде де өмір шындығы шашыраңқы тізбектелмей, таңдап, талғап алынып, қоғамдық-әлеуметтік шындыққа сай жинақталып, көркемделуі шарт. Соның ішінде өмір мәселесін, замана ақиқатын шағын ситуациямен көрсетіп, бейнелейді.
Қазақ прозасында өзіндік орны бар Б. Мұқай әңгіме жанрының шеберлігін жетік білген сөз зергерінің бірі. Шағын әңгімелері арқылы жазушы өзінің үлкен концепциялы суреткер екенін таныта білді. Қаламгер әңгіме саласында да нақты өмір шындығын суреттеп, сол арқылы терең азаматтық ойлар, философиялық толғамдар айта білді. Көркем дүниелерінде қайсыбір тақырыпқа қалам тербемесін, қандай да бір идеяны өзек етпесін, оны ең алдымен зерттеп, өз ой елегінен өткізіп қана қоймай, сол құбылысқа баға беріп, қоғам мен замана мәселелері тұрғысынан түйіндейді. Жазу машақатының бар қыр-сырын жете түсінетін қаламгер әрбір туындысында әлеуметтік өмірдің шындығын характерлер бойына жинақтап сомдап, нанымды жеткізуге тырысады. Оқырман жүрегінен терең орын алып, тамырын тап басатын толғамды тұжырымдарды мазмұндайды. «Дәуірдің әлеуметтік қайшылықтарын көре білу, ірі характерлер ашу, поэтикалық жаңа формалар туғызу жөніндегі ізденістер де жас таланттардың қолынан келеді. Олар еңбектегі құрбыларымен бірге бүгінгі тіршіліктің романтикасын жақсы сезінеді, болашаққа оның қиялын өсіріп қызықтыратын ертеңгі күнге көрегендікпен қарай алады» – деп академик С. Қирабаев әдебиет майданына жаңа келген жас жазушыларға баға береді. Ендеше жетпісінші жылдардан бастап жазылған Баққожа Мұқайдың көркем дүниелерінен адам характерін, өмір шындығын, сол уақыттың әлеуметтік проблемаларымен байланыста, астастыра тұлғалау, бейнелеп көркемдеу шеберлігі аңғарылады. Шын жазушыға заңды қасиеттер болып саналатын қаһармандарының жан дүниесіндегі толғаныс-толқуларды тура танып, әсерлі бейнелеу мен кейіпкер келбетіне көбіне – көп ой ағыны тән болып келетіндігі аңғарылады. Қаламгер әңгімелері мән-мазмұнының тереңдігімен, қоғам тынысын терең сезініп, оқырманға ой-сана дәйектеуімен құнды. Кейіпкер мінезі тарамдалып, адамгершілік іс-әрекеттерінің нанымдылығымен ерекшеленіп, жинақталған бейнелер ұлттық болмысқа сай сомдалады. Қаламгер шығармасына негіз болатын тақырып пен идеяны халықтың ортасынан алып, психологиялық мәнді шығарманы қоғамдық жағдайларға сәйкестендіре суреттейді. Әңгіме тақырыбы жазушы көкірегіне тың ойдың ұялауынан туындайды. Қаламгер өзі өмір сүрген уақыт тынысымен ілесіп, ең өзекті мәселелерді саралап, шығарма тақырыбының өзегіне айналдыра білді. Замана тынысын, замандас бейнесін айта келе, өзекті мәселенің тартыс желісін жүйелеп әкеліп жазушы әңгіме соңында шағын мазмұнмен терең ойларды зерделеді.
Б. Мұқай әңгімелерінде адам мінезінің сан қыры қоршаған ортамен байланысқа түскен сайын жан-жақты ашыла түседі, адамгершілік тұлғасы кеңейеді. Кейіпкердің жан дүниесі шығарма барысында толығымен ашылады. Жазушының шығармаларының өн бойынан баяндау мәнеріндегі табиғилық, образ мінездеуіндегі өзгеше сүйіспеншілік, мәнерлі ерекшелік, адам сезімдерін дөп басып суреттеудегі өзіндік ерекшелігі анық аңғарылып тұрады. Өйткені жазушы әрбір шығармасына жауапкершілікпен қарайды. Қайсыбір туындысында да өз халқына, ұлтына деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығы қатар өріліп жатады. Айналадағы болып жатқан уақиғалалар тізбегін кейіпкер болмысымен байланыстырып, өрнектей келе азғындық пен адамгершілікті, жақсылық пен жамандықты, жауыздық пен мейірімділікті, надандық пен көрегендікті шендестіре қозғайтын, философиялық мәні терең шығармалар жазған. Жазушының көркемдік жағынан да, мағыналық тереңдігі жағынан да адамның ішкі жан-дүниесін, күйініші мен сүйінішіндегі өзгерістерді бейнелеп көрсетіп қана қоймай, адамгершілік қасиеттерді мазмұндайтын туындылары өмірдің сырлы сипаттарын алға тартады. Әңгімелерін талдау барысында жаңаша сипаттағы көркемдік ізденістерге, осы жолдағы өзіндік жетістіктерге қол жеткізгенін байқаймыз. Өйткені қашанда қаламгер шеберлігі адам образын, кейіпкер сезімдерін нанымды жеткізе білуіне қарай танылатыны белгілі. Жазушы көркемдік құрал мен әдіс тәсілді табиғи жолмен тұтастырып, шығармадағы адам характері, бүгінгі замандас бейнесін жан-жақты ашуға тырысады.
Көркем шығарманың басты сипаты – адамгершілік қасиеттерге барып тіреледі. Адам мінезін, жан-дүниесін рухани ұлылыққа дейін шыңдау – көркем әдебиеттің негізгі қызметі екені даусыз. Көркем әдебиет ең алдымен адамның ішкі ойының дөп басып, нақ қалпында нанымды суреттеліп, оқушы жүрегіне жол табуын ескереді. Шығарма бойында адам жанын тебірентерлік шынайы адамгершілік пен ар-ождан философиялық толғамдармен көмкеріліп жатса, ол қаламгер ізденісінің жемісі. Б. Мұқайдың қаламгерлік ізденістерінің негізгі өзегі мен бастау-бұлағы неде? Моральдық, рухани ізденістер суреткердің тырнақалды туындыларында қалай көрінеді? Міне, осы сауалдарға жазушының шағын прозалық шығармалары жауап бере алады. Бүгінде жоғары буын қаламгерлердің біріне саналатын Баққожа Мұқайдың қайсыбір көркем дүниесі болмасын әлеуметтік мәні терең ойларды мадақтап, оқырман көкірегіне мәнерлі мазмұндарды ұялата алады. Сонымен қатар, жазушының әрбір шығармасы көркемдік тұрғыдан қарағанда ерекше сипатқа ие, әрбірінен әртүрлі ізденіс ізімен жаңашылдық лебі аңғарылатын суреткер талантының жемісі. Осы тұрғыдан келгенде, жазушы шығармашылығы шын мәніндегі терең түсінуді, салмақты саралауды қажет ететін қатпарлы әлем. Әңгіме атты шеберлік мектебінен шыңдалып өскен қаламгер әңгімелері өз бағасын алған, мазмұны жағынан дәл бүгінгі қоғам тұрмысына жақын көркем дүниелер. Сондай-ақ, қаламгер шығармашылығында замана тынысы жоғары көркемдікпен түйінделіп, авторлық идея мейлінше анық мазмұндалады. Б. Мұқайдың табиғи талантын ұштап, үнемі ізденіс үстінде болуы қаламгердің әрдайым жаңа қырларынан көрінуіне мүмкіндік береді. Әңгіме жанрынан бастап, повесть, романға қалам сілтеген жазушының кез-келген туындысының сарқып құяр ұясы ұлттық таным мен халықтық болмысқа тіреліп жатады. Қаламгер қолтаңбасына адам характерін терең философиялық ойларымен тербеп, саяси оқиғаларымен байланыстыра отырып кескіндеу тән. Қаламгер өзі өмір сүрген дәуірдің өзекті проблемаларын көтере отырып, тың замандас бейнесін бейнелейді. «Жеке бастың мүддесінен мемлекеттің, егемен елдің мүддесі жоғары тұруы керек» – деп түсінетін жазушы халықтың әлеуметтік-қоғамдық мәселелерін, замана ақиқатын шығармалаларының басты арқауына айналдырды. Оқушы қауымға нанымды оқиғалалар тізбегін тың өрнектермен батыл суреттеп, көптеген амал-тәсілдерді ыждаһаттылықпен пайдаланады. Күнделікті өмірдегі сан қилы жағдайлар мен тағдырларды қиюластыра байланыстырып, поэтикалық ізденістер нәтижесінде философиялық тәрбиелік мәні терең сипаттағы қаламгер әңгімелері кейінгі көлемді шығармаларының іргетасы іспеттес. Сонымен бірге, жетпісінші, сексенінші жылдардағы жарық көрген қазақтың әдебиет туындыларында адамның жан әлемін суреттеу, олардың психологиялық қасиеттеріне бойлау тән. Б. Мұқай әңгімелерінде де жалпы адамға тән құндылықтардың замана шындығымен таразылануын – ұлттық рухани болмыстың, қадір-қасиеттің терең тамырын танытуға деген ұмтылысы көрініс табады.
Осы орайда жазушының көркемдік сапасы мен идеялық мазмұны қоғамдық әлеуметтік мәні бар күрделі де қомақты шындықтарды көтеріп, соған байыпты тың ойлар түйіндеген «Қара талқан» атты әңгімесінің мазмұндық-құрылымдық сипаты терең. Жасан –бүгінде қылтамақ ауруымен төсек тартып жатқан қария. Жалғыз ұлы жоғары жақта бастық. Бірақ осы «құдайдан тілеуін тілеп отырған» жалғызынан жаны азапқа түсіп жатқанда көріп жатқан жақсылығы шамалы қария өткен күніне авторлық баяндаумен шегінеді. Жазушы кейіпкерінің «шіркін-ай, бір уыс қара талқан болсашы. Бір-ақ уыс…» деп ойлады. Тамсанып еді, сілекейі шұбырды. Мұрныны қара талқанның иісі қытықтап, ұзақ тамсанды. «Бір уыс қара талқанға зар болдым-ау ақыры»,- дейтін сөздерінде терең салмақ жатқанын аңғарамыз.
Жасан шалдың қара талқанға аңсары ауғалы біраз күн. Талқанды қорек етсе ауруынан ада-күде арылып кетердей болады да тұрады. Мұнысын ұлына айтуға қаймығады. Жәнібектің мінезі морт. Және оның талқан табатын жері де жоқ». Осы қиналыстың құшағында жатқан кейіпкер өткен күн елесімен ой жүгіртуі арқылы оқырманға ашыла түседі. Әңгіменің әлеуметтік салмағын бағдарлау кейіпкер характерімен, психологиясынан көрінеді. Бір уыс қара талқанға зар болып жатқан Жасан қарттың қиналысы баласы Жәнібекке шыбын шаққан құрлы әсер ете қоймайды. Ал келіні Рауза қарияға тіпті қарамайды. Шығармада безбүйрек ұл мен ұятсыз келін образы жан-жақты бейнеленеді, қарияның немересі Дастан образы қосалқы тұрғыда қарастырылады. Алайда осы образдың әңгімедегі жазушы жақтап отырған ізгілік пен мейірімнің көрінісі ретінде бағасы зор. Әңгіме басында атасының бөлмесіне кіріп жағдайын сұраған немересінің сөзіне оқырманның іші жылып, үміті оянады. «Сыртқы есік ашылғандай болды. Кірген адамның кім екенін біледі. «Да-а-с-тан» деп қинала дауыстады. Бөлмеге он жасар қара тәмпіш кірді. - Су ішесің бе ата! – Шал үнсіз бас изеді. Дастан әкелген орта кесе суды сарқып ішті, құсқан жоқ, маңдайынан бұрқ етіп суық тер шықты. «Е, тәубә!» деп күбірледі ол. Бойы сергіп, бір қиырда жылтырап көрінген жалғыз шырақ жақындай түскендей шабысынан жаңыла беретін жүрегі лүп ете түсті. Өзіне бөтен көзбен шошына қарап тұрған немересіне мойын бұрап, ептеп езу тартты да бара ғой дегендей кеудесінен итерді. Дастан соңына жаутаңдай қарап, бөлмеден шығып кетті». Автор алып отырған идеяда ата-анасына жаны ашымайтын сүйкімсіз, мансапқа берілген ұл мен келін бейнесі арқылы оқырман жүрегіне қаяу түсіп, көңілі қобалжыса, немеренің қылығы мен ата мен немере арасындағы бір сәттік жылылыққа куә болу арқылы көңілі марқаяды. Қария өмірінің жалғасы бар екендігіне, қайырым-мейірімнің жоғалмайтындығына көңіл тоқтатады. Автор өзінің қаламгерлік ерекшелігі мен терең талантының нәтижесінде айтар ойын түсінікті, әрі оқырманға нанымды жеткізе алады. Келіні мен баласына күні қарап қалған ауру қарттың жан-күйзелісі арқылы қоғамда белең алып бара жатқан ата-ана, отбасының күрделі проблемаларын көтеріп, соған байланысты философиялық ойлар таразылайды. Автор осы мәселелерді кейіпкерінің жан-дүниесіндегі өзгеріс, сезімдер арқылы жеткізеді. Халқымыздың дәстүрлі салтына жат, күнделікті күйбең тіршілікте ата-анасынан безген безбүйрек бала проблемасы жазушының нысанасына алынып, қоғамның нақты шындығын кейіпкерінің өмірге көзқарасы, дүниетанымы арқылы береді. Осы әңгімедегі кейіпкерлердің психологиялық, рухани, адамгершілік мәселелері арқылы заман тынысы терең танылады. Соңғы дәмі таусылуға жақын қалған Жасан қарттың бір аңсары – қара талқан болады. Дегенмен, ауру қарт осыны өз баласына айтуға қаймығады. Себебі, «ата-анамның қабағына қарайын деген ұл жоқ». Автор қарт күйзелісін тереңдете отырып, безбүйрек Жәнібек образын аша түседі. Жазушы Жәнібек характерін сомдау жолында пайдаланған әрбір көркемдік деталь, амал-тәсілдерді жазушы өз орнымен, мүмкіндігінше, негізгі идеяны жан-жақты мазмұндауға қолданады. Кейіпкер келбетін өрнектеудегі қаламгер ізденістері өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдырған жазушы шеберлігінің нәтижесі екені анық. Қаламгер Жәнібек образын арнайы бір әрекеттермен немесе портретін сомдап оқушы көз алдына келтіруге тырыспай-ақ, қарт жан-дүниесінде болып жатқан арпалыс ой-толғаулармен жеткізе білуі еді. Осы Жәнібек әкесінің жанына келіп біраз отырып кетеді, бірақ әкеге деген жылу жоқ. Автор ол жөнінде аз ғана жылдың ішінде тасы өрге домалап, абыройы өсіп, бір трестке бастық болғандығын баяндайды. «Орталықтан үй алды, төрт бөлмені шет елдік мебельдерге толтырып қойды. Бәрі бар, бәрі жетеді. Бірақ шалдың көңілі әмсе олқы. Қашан да осы үйде бірнәрсе жетпейтіндей болып тұрады. Жиырма жыл бойы араның ұясындай екі бөлмеде тұрғанда да бұлай жабырқаған емес-ті... Иә, ол кезде табысы аз еді, бірақ негізгісі бар болатын, қазір артық нәрсе көп, негізгісі жоқ. Жылылық жоқ». Осы бір үзінді арқылы өмірдің тірегі дүние мен мансап емес, кез-келген шаңырақтың шуақ шашыратар шырағы ата-ананың перзентіне, перзентінің ата-анасына деген мейірімі, жылуы екендігіне назар аудартады. О баста перзентінің ештеңеден мұқтаждық көрмей, емен-жарқын өмір кешуін ғана ойлап, бала тәрбиесіндегі кеткен кейбір бармақ тістететін жайттарға мән бермеген. Шығарманың басты кейіпкері төрінен көрі жақын қалған Жасан қарт үшін бәрі де кеш. Туындыдағы басты авторлық ұстанымның бұлақ-бастауы да, арнасы да осыған саяды. Жазушы кейіпкер ой-толғанысы арқылы оқиғаны өрістетіп, көркем тәсілдерді орынды қолдану барысында шығармаға эстетикалық, әлеуметтік – философиялық жүк артып қояды. Қарияның жалғыз ұлының әкесіне деген мейірімінің жоқтығы, жылуының болмауы кейіпкердің жан-күйзелісі ішкі монолог арқылы шынайы жеткізілген. Қарттың жан-дүниесі, ішкі ой толғамы авторлық баяндаулармен, ішкі монологтың орынды қабысуымен шешімін тапқан. Б. Мұқай аталмыш әңгімеде әрбір кейіпкерін кескіндеп, өрнектеумен қатар, оның аузына ой-санасының таразысы болар сөздерді салып береді. Сондықтан да, оқырман олардың әрбір сөздерінен таным-талғамын, мақсат-мұратын, ең бастысы адамдық тұлғасын толық тани алады. Әрбір жазушының адамның қартайған шағын суреттеуі арқылы өткен мен бүгінгінің арасын, ұрпақтар арасындағы байланыс сипаттарын дәйектеуі әрқилы десек те тәрбиелік мәні мен айтар ой астары үндесіп жатады. Бүгінгі заман келбетіне қалам тербеген қаламгерлеріміз жаппай тың көркемдік – эсетеикалық ізденіс бағытында жұмыс жасауда. Сондай жазушының бірі Б. Тілегенов «Көңіл» әңгімесі арқылы өзінің творчестволық өзгешелігін, шағын ғана детальдармен уақыт шындығын бейнелеп, халықтық шынайы психологияны көрсетіп береді. Жалғыз қызының бақытынан өзгені ойламаған ананың ішкі жан дүниесіндегі толқуларын тани отырып жазушы үлкен мәселенің ұштығын аңғартып өтеді. Қортындылай келгенде, Б. Мұқайдың шағын әңгімелеріндегі замандас бейнесі сан түрлі тұрғыдан бейнеленген. Олар махаббат, сүйіспеншілікке қатысты көзқарастары арқылы я болмаса перзенттік, ата-аналық, азаматтық парыздарын атқару, түсіну мүмкіндігі тұрғысынан тұлғаналады. Әңгіме жанрының көркемдік шарттарын еркін меңгерген жазушы әрбір әңгімесінде өмірдің келелі мәселелері жөнінде сөз қозғап, заман тынысын дәл бағамдап, замандас келбетін айқын бейнелейді. Адам болмысының балғын балалық шағы мен қартайған шағындағы көңіл-күй психологиясын дәл бере білетін ғасырлар бойғы қалыптасқан ұлт мәнезіндегі ең асыл сезімдер мейірім, қамқорлық, жанашырлық сезімдерінің жұтаңдауы мен рухани азғындау көріністері арқылы заманға деген көзқарасын таныту.
Кез-келген қаламгер өзі өмір сүріп отырған өмір шындығын эстетикалық тұрғыдан суреттеп, талабы да талғамы жоғары қазіргі оқырман қауымға жеткізуге тырысады. Бұл, әрине, шартты нәрсе. Оқушы көркем шығармадан өзін толғантқан мәселенің шешімін іздейді. Көркем әдебиеттің уақыт тынысына ілесіп, эстетикалық категория ретінде қоғамның көкейтесті мәселелерін алға тартып, оқырман назарын аударуы қажет. Қай жазушы болмасын шығармаға негіз болар тақырыпты халықтың қайнаған ортасынан ала отырып, ұлттық болмыстың жинақталған бейнесін тудыруға тырысады. Баққожа Мұқайдың күнделікті өмірдің мәселелерін алға тарта отырып, характер ашудағы ізденістері орасан зор. Қаламгердің кез-келген туындысындағы кейіпкердің бойында кез-келген адам басындағы мінездердің көркем тоғысып жататын ерекшеліктерін баса айту жөн. «Характер-определенная человеческая индивидуальность во всем живом многообразии присущих ей черт и качеств» деген Г. Л. Абрамович тұжырымына сүйене отырып, Баққожа Мұқай шығармаларындағы характер сомдауда күнделікті өмірдің ортасындағы адамның шынайы бейнесін нанымды суреттейтін суреткерлігін ерекше айта кету жөн. Жазушының алғашқы әңгімелерінен бастап, бүгінгі күнгі кесек дүниелеріндегі адам мінезін даралауы оның шығармаларымен таныс әрбір оқырманға таныс дүние. Қаламгердің ұлттық болмысы рухани жан дүниесі шығармаларының ішкі рухынан сезіледі. Руханилыққа жазушының көркемдік әлемі жетелей біледі.
Баққожа Мұқай шығармалары маңыздылығымен ерекшеленеді. Өмірдің ащы-тұщысын кейіпкер бойына бере отырып, оның психологиясындағы қарама-қайшылықты ашуға тырысатын жазушы повестінің бірі - «Ақпанның ақырғы күні». Замана шындығының көркем шығарма шындығымен кірігіп, жымдаса отырып, оқырманын баурап алар бұл туындыда жас шамалары қатарлас үш кейіпкердің жан-дүниесіндегі түрлі толқындармен тағдырларындағы оқиғалар шегініс арқылы беріледі. Шығарма барысында жазушы өз заманы мен замандастары туралы терең толғанып, олардың психологиясына үңіле отырып, өмір көрінісін нанымды суреттеген. «Ақпанның ақырғы күні» - тағдырлас өмір жолдары байланыстырған үш кейіпкердің жан-дүниесіндегі күйзеліс пен терең психологиялық мән арқылы, олардың іс-әрекеттерінің барысы терең ашыла түсетін шығарма.
Шығармаға негіз болған тақырып пен сюжетті, идеяны ұлттық рухани қасиетке сай көркемдеуге тырысатын аталмыш туындыны талдап көрелік. Повестің бас қаһарманы қойшыҰлан, жан-жары Ләйлә екеуі қыс кезінде қыстауда мал бағады. Қақаған қыс өтінде мал азығы таусылып, бас кейіпкер шөпті таудың арғы бетінен алып келуге аттанады. Бір жамандықты алдын-ала сезу көркем тәсілін пайдаланған қаламгер кейіпкерінің осы жолға баруына жанұшыра қарсы болған әйелі Ләйләнің образын көркемдейді. Бірақ намыс оты қамшылап, әрі аштан малды қырып алу қаупі төніп тұрғандықтан Ұлан әйелінің сөзін елең етпей жолға шығады. Міне, осыдан ары автор терең психологиялық әдіс ішкі монологты пайдаланып, кейіпкер характерлерін оқырманға ашық көрсетеді. Ауылдың ферма бастығы Айдар мен Ұлан, Ләйлә арасындағы жіпсіз байланыс шығарма барысында ашыла түседі. «...Тағдырдың тауқыметін ернінен емшек сүті кетпей жатып көрген қызыл қарын бала». Ұлан бейнесі Ләйләнің ішкі монологы арқылы да, авторлық баяндаулар арқылы да ашылып, оқушы сүйіспеншілігіне айнала береді. «Рас, ол қарғадай кезінің өзінде-ақ қайсар еді, әркімнің мүсіркегенін ұнатпайтын. Оның қатал тағдырдың зілдей салмағын тік көтеріп, ешбір қиындыққа мойымай азамат болып ер жетуі сол бір қайсар мінезінің арқасы шығар» деп, Ұлан мінезінің бар қыр-сырымен оның қайратын оқырманға таныта түскен автор ары қарай «Ұланның басқада жоқ ерекше қасиеті - өзге үшін өзегін жұлып бере салуға дайын тұратын мәрт мінезі, басына қатер төнсе де шындығын өтірікке жығып бермейтін азаматтық турашылдығы» деп, Ләйләнің ой түпкіріндегі ақтарыс арқылы оқушысын баурай түседі. Осымен бірге, автор пайдаланған тағы бір тәсіл - баяндау мен ішкі монологтың кірігіп, жымдасуы арқылы шығарманы көркемдеу жолы да туындының психологиялық қасиетін ерекшелей түседі.
Жазушы повестерінде қылмыс пен мораль, әлеуметтік теңсіздік, дәулет пен адамгершілік, қатыгездік пен кісілік сынды бір-бірімен шендестіріле қозғалатын проблемалар бар. Суреткерлік шеберлікпен адамгершілік әлеміне үңілуде, психологиялық болмысын танытуда ішкі дүниесін, мінез-құлқын ашып көрсетудегі елеулі жетістіктеріне көз жеткізуге болады. Қаламгерлік ізденіс адам образын, кейіпкер характерін қаншалықты дәрежеде нанымды ашып көрсете білгендігіне қарай танылмақ. Көркемдік құрал мен әдіс тәсілдің барлығын қамтып, табиғилықпен тұтастырғанда адам характері бүгінгі замандастың жан әлемі жан-жақты барынша тереңірек ашыла түспек. Жазушы қарапайым күнделікті араласып жүрген замандас тұлғасын сомдайды. Кейіпкерлер дүниесі тарихи жағдайлармен бірге, солар тудырған себеп-салдар, адамның жан сезімі мен психологиясына бойлайды. Бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне, адамгершілік эстетикалық, әлеуметтік мәселелерге барып, қарапайым адамның жан дүниесінің өзі ашылуына көңіл бөледі.
Б. Мұқайдың повестерін қорытындылай келе, заман келбетінің сан түрлі келелі мәселелерін әр тұрғыда бейнелегеніне көз жеткіземіз. «Құлдық ғұмыр» повестіндегі кейуананың аңғырт сенімі бүкіл халықтың жетпіс бойғы шырмалған сенімі. Жазушы әрі дәл, әрі шебер қиюластыра отырып, күрделі мәселені әңгіме повесть аясына сыйғыза білген. Ал, «Аққу сазы» повестеріндегі заман қысымының адам жан дүниесін жасандылыққа ұрындыратын себептері мен өзгеріс лебіне қарсы тұрып, өзіндік болмысын сақтап қана білген тұлғалар образы кестеленген. «Ақпанның ақырғы күні» повесті жаратылыс табиғаты мен адам табиғатын салыстыру арқылы екі күрделі болмыстың құпия қалтарыстарын ашу шеберлігімен құнды. Біз автордың бұл ерекшелігін өз тұстастары шығармаларымен салғастыра отырып, өзіндік қолтаңбасын айқындадық. Ол кейіпкерлерінің жан әлеміндегі өзгеше қырларын терең талдауға ұмтылу, оқиға мен заман шындығын кейіпкер санасында болып жатқан ой ағындары арқылы жеткізу. Б. Мұқайдың кейіпкерлері ой-сезім арпалысында өсіп жетілетіндігімен ерекшеленеді. Еске түсіру, шегініс тәсілдерін шебер пайдалана отырып жазушы адам болмысының тұтас табиғатын танытуға тырысады.
Бөлісу: