Төкен Әлжантегі. Бабаларымыз мына дүниені өмір деп асқақтатпаған

Бөлісу:

11.10.2022 4078
  1. «ҚАЛАМГЕРДІҢ КӨРГЕНІ МЕН СЕЗІНГЕНІ КЕМШІН ТҰСТА ОЛ ӨМІРДІ ШЫНАЙЫ СУРЕТТЕЙДІ ДЕГЕНГЕ СЕНБЕЙМІН» ДЕЙТІН ЖАЗУШЫ

Оқырман ретінде тәуелсіздік алған кезден бергі жазылған қазақ әңгімелерінің тақырыптық жүйесіне зер салып, көркемдік жағын өзімізше зерделеген кезде жаңа мазмұнда, өзгеше стильде өндіре жазған жазушылар шоғырын көреміз. Олар совет заманындағыдай гонорар алмаса да жазудан қол үзбей, бүгінгі күннің кейіпкерлерін тануда ізденіске барған, кітапты өз ақшасына шығарған. Осы жазушылар қатарында Төкен Әлжантегі де бар. 

Төкен Әлжантегі шығармаларында бюрократтық қоғамдағы адами құндылықтарды сарапқа салып, әлеуметтік факторға тап болған халықтың бейнесін көркем деңгейге жеткізіп суреттейді. Автордың былтыр «Елең-алаң жалған ай» деген кітабы шықты. Төрт хикаяттан бөлек 25 әңгімесі енген «Елең-алаң жалған ай»  кітабы арқылы мейірім, адамгершілік тақырыбының әлі де қазақ әңгімесінің алтын қазығы болып отырғанына көз жеткізе түстік. Соңғы кездері депрессия тақырыбы бізде жазылып жүр. Т. Әлжанның «Қанаты күйген көбелек», «Құса», «Ит ұлыған түн» - осы туралы, мейірім аздығы туралы айтады. «Сыйлық» – бүгінгі жебір қоғамның көрінісі. «Тозақтың қақпасынан» – бір кездегі болып-толған адамның бомжға айналғанын, адам өмірінің кеше көктем, бүгін күз болып қалай құбылатынын көреміз. Жалпы автордың шығармаларын оқып отырып, бір әңгіменің ішінде екі әңгіме, кейде үш әңгіме жүретінін байқадық. Автор отбасы, шаңырақ ұғымын баға жетпес құнды байлық деп есептеп, бір қиюы кетсе құралуы қиын, сондықтан оның бағасын біліп, аялап ұстауға тиіспіз дегенді әр шығармасында тұспалмен, емеурінмен жеткізіп отырады. Бала өмірдің мәні дегенді айтудан жалықпайды. Осы әңгімелерді жастар оқыса, ойларында қала берер еді деп ойлап отырасың. Бүгінде чайлдрифтер деген бар, адам өзі үшін өмір сүруі тиіс, бала үшін өмір сүрем, отбасын құрам деу ескі түсінік, бірнәрсеге байланудың қажеті жоқ деген ұрандар мен соны насихаттайтын ұйымдар бар. Мұндай түсініктер жеке адамның тек қара басын күйттеп, қоғам мәселесінен алшақтауына әкеледі, ұрпағы жоқ адам елдің келешегіне басын ауыртқысы келе ме, бұл айналып келгенде ұлттың проблемасына апаратын мәселе. Сондай-ақ осы жинақтағы «Тіріде тірнек таусылмас», «Еркектің киесі» сияқты т.б. әңгімелерден қаламгердің жеке адамның тағдырын осы тәуелсіз елдің, ұлттың, жалпы адамзаттың проблемасы деңгейінде көтеруге тырысатыны байқалады. Қатал қоғамда адамдардың бойындағы аяушылық, мейірімділік сияқты сезімдерді тәрбиелеуде көркем әдебиеттен сенімдісі жоқтығын түсінгеннен де жазушыны мейірім мен жанашырлық тақырыбы толғандырады. Ал жақында жазушы Төкен Әлжантегі оқырмандарын «Ебіл-дебіл дүние» атты жаңа проза жинағымен қуантпақшы. Бұл туралы әлеуметтік желіден біліп, автордың өзімен аз-кем тілдескен едік. 

2. «ЕБІЛ-ДЕБІЛ ДҮНИЕ» ТУРАЛЫ

- Төкен аға, жаңа кітабыңыз жарыққа шығып жатыр екен, құтты болсын, оқырманға жетсін! Алдымен кітаптың аты... «Ебіл-дебіл дүние», осындай қос сөзден тұратын атаулар ұнай ма?

- Рахмет! Қос сөзден деймісің?.. Мәселе қосарланған сөзде емес, мәселе кітаптың ажарын ашуда ғой. Оқырман сенің кітабыңды алғаш қолына алғанда оның атауына көз тоқтатады. Сонда селт еткізер атау тұрса үйірілері анық. Мысалы, осының алдында шыққан кітап «Елең-алаң жалған-ай» деп аталатын, ал мына кітаптың атауы «Ебіл-дебіл дүние». Екеуінде де мән бар. Шындығында бабаларымыз мына дүниені өмір деп асқақтатпаған, жәй ғана «жалған» деп жариялаған. Жалған екені рас қой. Осыншама жасқа келіп соңыңа көз салсаң мысалға алпыс, немесе жетпіс жыл жасағандаймысың? Жоқ, кеше туып, бүгін басыңды қырау шалғандай күйде ғанасың. Барың өтіп кеткен, жоғыңды ұстай аласың ба, ол да белгісіз. Ендеше жалған емей немене? Сол жалғандыққа жеткізген тағы да ебіл-дебіл өте шыққан уақыт. Ендеше атауға ешкім реніш келтірмес.

- Бұл кітаптың жаңалығы неде? Оқырманды елең еткізер шығармалардың қатарында қандай дүниеңізді ерекше атап айтар едіңіз?

- Шығармалардың бірін екіншісінен жоғары қойғым келмейді. Бәрі іштен шыққан бала сияқты ғой. Біреуі пұшық болса пұшық деп, екіншісі бұзық болса бұзық деп бөліп-жармайсың, әрине. Пластикалық ота және жасауға қимайсың. Аяйсың. Солай бола тұра әрқайсына сипат беруіңе болады. Осы тұрғыдан алғанда, «кейінгі жылдарда уақыт ырғағын бағамдар, тамырын тап басар шығармалар қазақ әдебиетінде жоқ» деп сәуегейлік танытқандар көп болғаны жасырын емес. Олар әдебиетті оқымағандар. Жалпы қазақ әдебиетіне үстірт қарағандар. Әйтпесе, мына кітапта қамтылатын оқиғалар өткен ғасырдың 80-90 жылдарын және екі мыңнан күні бүгінге дейінгі аралықты қамтитын оқиғалар екенін байқар еді. Байқар еді де ұшқары ойын өзгертер еді.

Мұнда кейінгі кезде жазылған шығармалармен қатар бұрындары жарыққа шыққан, сый-сияпатқа бөленген хикаяттар да баршылық. Оқырмандар қолына шып-шырғасы шықпай жетсін деген ниетпен топтастырғанмын. Ендігі әңгімені оқырмандардан күтетінімді алға тартпақпын.

- Кеше әлеуметтік желіге оқырман сұранысына орай әңгімеден үзінді салдыңыз, қалай ойлайсыз, бұның оқырман тартуға себі тие ме?

- Әлбетте. Оқырмандар ақымақ емес, олар сылдырмадан гөрі шырайлыны іздейді. Дәл сонда сенің жазғаныңнан, сонсын ұсынғаныңнан титтей бір ұшқынды байқаса негізгіні өздері іздеп табады. Жазушы бақыты дегеніміз осы. Міне, анда-санда интернетке болсын, мерзімді баспасөзге болсын шығарма ұсынатынымыз сондықтан. 

-  Жаңа жинағыңызға «Бақыр басты еркек», «Жалғанның жанды қуыршақтары» әңгімелері енген екен, оқи бастағаннан «бұл кісі көбіне ауыл адамдары жайлы жазады, олардың мұңын, образын ашу үшін шаруа жайын, айналысатын кәсібін, ауыл өмірін суреттейді, осы оқиғаларды қайдан алады екен?» деп ойлап отырдық.

 - Көзімді ашқаннан көргенім ауыл өмірі ғой, сонсын ұзап қайда барғандаймын. Ал, мына екі хикаяттағы оқиғалар менің фантазиямның жемістері. Менің жазбаларымда негізінен қиялдан туғандар көп. Тағы айтарым, қазақтық болмыс ауылда сақталған. Қала дегенің жасандылықтың ордасы ғой.

- Кітаптарыңызды қайдан табуға болады?

- Барлық өмірімді шығармашылық жолға сарп еттім десем болады. Заманның сонау қиын кезеңдерінде тапқан-таянғандарымды кітап шығаруға салдым. Жазғандарым сандықта жатып сарғаймасын деген ниеттен. Солай жүргенде жалақы алар жұмысқа да салғырт қарағаным шындық. Ақыры оның зардабын зейнетке шығарда тарттым. Ең аз мөлшерден төмен пенсия алғаным ұят енді.

Бірақ, ел сияқты орынды-орынсыз екіленбесем де, өзімді-өзім дәріптеп кеуде ұрмасам да қатардан қалмағаныма тәубә. Жазғандарым жұртқа ұнап жатты. Өз оқырмандарым қалыптасты. Кәдімгідей жазғандарымды іздеп жүретін жандардың ықыласы мені ширатып отырды. Жұрт сияқты елу, алпыс деген айтулы даталарды тойламасам да жұрт назарынан тыс қалмадым.

Әрине, алғашында, өз қаражатыма кітап шығарғанымда мың дана басылым кімге жеткендей? Қолдан қолға өтіп кететін. Шүкір, қазір Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітаптарымды кітапханалардан табуға болады. Тек, оқуға ниет болсын.

- Осы әдеби байқаулардың маңызы неде,  жазушыларды шыңдай ма немесе кәсіби өсуіне бір себі бола ма?

- Осы әдеби байқаулар өз міндетін атқара алып жүр ме? Ең бірінші осы мәселеге тоқталғанымыз жөн шығар. Байқаудың көтерер жүгі ауыр – нағыз талантты анықтап, соны дәріптеу міндеті бар, негізінде. Солай ғой? Дегенмен, көп жағдайда жауапкершілік міндетін атқара алмауда. Биыл ғана өткен Меценаттар байқауын алайық. Кім жеңді? Шын талантты жазушы бәйге басынан көрінді ме? Айта алмаймын. Мұнда көркем әдебиет жеңген жоқ, рулық дақпырттың туын көтергендер үстем шықты. Олардың ұстанғаны – кім жеңсе де өзіміздің адам ұтса болғаны деген желеу еді. Ақыры солай болды да. Тіпті әдеби бәйге шартын бұзып, автордың аты-жөнін алдын-ала жариялап жібергендерін қайтерсің. Оны істеген және кім дейсіздер ғой? Бәйгеге жауапты адамдардың жақыны еді. Ал, мұндай жағдайлардың басқа да бәйгелерден көрініс табатынын ешкім жоққа шығармасы анық.

Оның үстіне, қазір әдебиетте мадақ отын маздатқандар қатарына көз тастасаң әр шығармада таза көркемдіктен гөрі журналистік сарынның басым жатқанын аңғаруың қиын емес. Публицистикалық сарынды айтып отырмын. Міне, осыдан арылмай шынайы әдебиетті ұшпаққа шығарамыз деу асылық. Ендеше, көп болып ойланып, көсегені көгерту жағына қам жасасақ ұтпасақ ұтылмайтынымызды түсінгеніміз абзал.

- Сіз бір әңгімеңізде Ақселеу ағаңыздың, Қалихан ағаңыздың қолдауын көргеніңізді айтып едіңіз? Қазір сондай алдыңғы аға буын кейінгілерге ағалық қолдау танытатын дәстүр бар ма? Бұл өзі шығармашылық адамдарына керек пе?

- Әлбетте, керек. Бұл сабақтастықтың алғы шарты десек қателеспейтін шығармыз. Үлкеннің кішіге қамқорлығы, кішінің үлкенге деген ізеттік қарым-қатынасы осы сабақтастық қалыбына сыйысқан деп түсінемін. Сонсын, біз жөні түзу сыннан қорықпауға және қашпауға тиістіміз. Біле-білгенге сын дегенің - жарнама. Оқырман шығармаға жазылған сын арқылы сенің дүниеңе қызығушылық танытады және іздеп жүріп оқуға тырысады. Өз түсінігі мен сыншы талқысына жазушының ой оралымдарын қатыстыра отыра шығарманың не айтпақ болғанына талдау жасайды. Шындап келгенде шығарма мұратының көздегені де осы ғой.

Тағы айтарым, егер тап сол кезеңде Ақаң – Ақселеу ағамыз қамқорлық танытпағанда, Қалағаң – Қалихан Ысқақ демеп жібермегенде бүгін мен осы қалпымда сенің алдыңда отырар ма едім, отырмас па едім, кім білген... 

Жақында Ұлттық кітапхана маңында жәрмеңке өтті ғой. Сонда Әлібек ағамен тағы ұшыраса қалдым. Ол кісінің жанында ғалым әрі қайраткер Қаржаубай Сартқожаұлы жүр екен. Сөз арасында Әлекең: «Есіңде шығар, Ақселеу үнемі мақтап отыратын Әлжантегі деген осы жігіт болады», деп таныстырды. Ана кісі маған жалт қарады да «Иә, иә есімде», деді Ақаң туралы үлкен әңгімеге желі тартып.

Міне, ағалық көңілдің шапағатын әлі көріп жүргенімді осыдан-ақ біле бер.

- Бүгінгі қазақ әңгімесіне не жетпей жатыр деп ойлайсыз?

- Көргендік пен тоқығандық жетіспейді. Қаламгердің көргені мен сезінгені кемшін тұста ол өмірді шынайы суреттейді дегенге сенбеймін. Біз де қаражаяу емеспіз, мүмкіндігімізше оқырмандық парызға иеміз. Дәл сонда олпылық пен солпылықты кешіре алмайтын кезіміз болады, яғни әу бастан өзіне тартпаған кітаптың бетін жаба салуға ыңғай танытамыз. Көркем дүние қашанда көркемдік қалыбынан ажырамауға тиісті. Мұнда тіл көркемдігі басты назарда тұратыны айтпаса да түсінікті жағдай.

- Көбіне тілдің көркемдігі туралы айтасыз, бірақ, келешек Жүсіпбектің, Әуезовтің тілін түсінбеуі, қажетсінбеуі де мүмкін ғой...

- Оны кім қажетсінбейді? Әрине, тілден мақұрымдар сөйтеді. Егер біз қазақ болып қаламыз десек, егер біз ұлттық рухты құлатпаймыз десек, егер біз мына алмағайып заманда халықтығымызды жоғалтпаймыз десек ең әуелі тілге деген жанашырлығымызды кемітпеуіміз керек. Қазір біз ордың шетінде тұрмыз. Құрдым деген ордың. Енді сәл шалыс бассақ омақасарымыз даусыз. Өйткені, артыңнан ергендерге көз таста. Теледидар, интернетпен ауызданған балалар қазақ түгілі орыс, ағылшын тілін бұра тартып, өздерінше біздер - ересектер түсінбейтін жаңа тіл әлемін жасап алып жатыр. Бұл дегенің ғасырлар сүзгісінен өткен тіл жойылып, есті адам түсінбес қойыртпақтар әлемді жайлап келеді деген сөз. Сондықтан, ел боламын десек балабақша, мектептерді қатты қадағалайық. Мына Жапон мемлекетіндегі тәжірибеге сүйенген ләзім. Онда біздіңше бастауыш кластарда Жапон тілі, әдебиеті, тарихы ғана оқылады ғой. Міне, осы үрдісті қалыптастыруға күш салған дұрыс. Ол үшін ересек қазақтар жаңа туған баланы емшек сүтімен қатар қазақ тілімен ауыздандырса құба-құп. Сонсын... Жеріміз, руымыз, ағайындығымыз бір деген түсініктен адаланып түлбұзар жазушысымақтарды көтермелеуді доғарған дұрыс. Қазір кейбір шығарманы оқуға да ұялатынымызды ашық айта білейік. Міне, сонда тіл тілдік қасиетін жоғалтпайды. 

- Сұхбатыңызға рахмет. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар