Инабат Әбенова. Рольдерімнің әрқайсысында махаббатым мен үмітім бар
Бөлісу:
А. Чеховтың «Мәскеуде» деген шағын дүниесінде мынадай жолдар бар еді: «Мен тіпті ең кішкентай актерлердің өзі рольге кіріспес бұрын Шекспир еңбектермен танысқанын талап етемін, мысалы, ол бар болғаны: «Қайырлы түн, Бернандо!» дегенді айтқанның өзінде көрермен оның сегіз томдықты оқығанын сезуі тиіс» дейді. Бұл жай сөз емес. Өнер адамына қойылатын талап осындай болғанда ғана актер бойындағы барын береді, жалқы сәтте көрерменді ерекше сезімге бөлей алады, өнер өз биігінен көрінеді. Бұл деңгейге жету үшін актердің ұстанымы – ізденіс пен еңбек болуы тиіс.
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Инабат Әбенованың ойыны көрермен көңіліне ерекше әсер етіп, театр сыншылары тарапынан бағаланып жүр. Инабат сомдаған «Ләйлі-Мәжнүн» спектакліндегі Ләйлі бейнесі (авт: Н.Гәнжәуи, реж: Б.Абдураззаков) 2019 жылы Семей қаласында өткен Қазақстан драма театрларының XXVII республикалық фестивалі және «Samgau» VII халықаралық театр фестивалінде көрсетіліп, арнайы дипломымен марапатталды. 2021 жылы Қазан қаласында өткен түркі халықтарының XV «Наурыз» халықаралық театр фестивалінде (online) көрсетіліп, халықаралық театр сарапшыларының жоғары бағасын алды. Спектакль халықаралық театр сыншылары бірлестігі бекіткен «Сыншылар жүлдесімен» марапатталды. Сондай ақ, Инабат Әбенова «Шабыт» XX халықаралық шығармашылық жастар фестивалінде «Актерлік шеберлік» номинациясы бойынша лауреат атанған. Әдебиет порталы «Қорғансыздың күніндегі» Ғазиза ролімен, Ф. Оңғарсынованың «Сенің махаббатыңдағы» жас Фариза, Ш.Айтматов «Аққудың көз жасында» Бегімай, т.б. рольдерімен көрермен көңілінен шығып жүрген актриса Инабат Әбеновадан сұхбат алғанды жөн көрді.
- Қайырлы күн, Инабат, сіз ойнаған рольдер ішінде драмадан бөлек «Туған күн» комедиялық спектаклі сияқты комедиялық қойылымдар бар. Сондай-ақ, «Біз Сандықтауданбыз» атты комедиялық фильмде де ойнапсыз. Комедия табиғатыңызға жақын ба әлде театрдағы алғашқы қадамыңызды комедиялық рольден бастадыңыз ба?
- Қайырлы күн. Мен 2009 жылы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжіне Оспанова Айжан Бәдірқызының шеберханасына түстім. 2013 жылы арман қуып ҚазҰӨУ (Астана) Ақыш Омар Қоңыртайұлының шеберханасына қабылданып, 2017 жылы аяқтадым. Өнер жолындағы алғашқы қадамым 2016 жылы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Талғат Теменовтың «Аққудың көз жасындағы» - Бегімай рөлін сомдаудан басталды. Ал жоғарыда аталған «Туған күн» комедиясы 2018 жылы сахналанды, режиссері Болат Ұзақов. Үлкен сахнадағы алғашқы рөлдерімнің бірі, әрі комедия болғандықтан, қобалжу мен қорқыныш басым болды. Комедия жанрын көпшілік оңай деп қабылдайды. Шын мәнінде оны жасау қиын. Маған бұл тұрғыда театрымыздың тәжірибесі мол актрисасы Сая Тоқманғалиеваның көп көмегі тиді. Өйткені екеуміз бір кейіпкерді (Джейн) сомдадық. С. Тоқманғалиева бірінші құрамда, мен екінші құрамда болдым. Дайындық барысында ол кісі сахнада болса, мен сырттан бақылап, ақыл-кеңес сұрап, бой түзедім. Сонымен қатар, Олжас Жақыпбек (Генри) партнерімнің қолдауы мен режиссердің көмегі зор болды. Негізінде әрбір адамның бойында түрлі жанрға сай келетін мінез-құлық, қасиеттер жетіп артылады. Кейде біз оған мән бере бермейміз.
- Әрине, драмада тәжірибеңіз молдау, «Қорғансыздың күніндегі» Ғазиза, «Абайдағы» Мағыш, Эрик-Эмманюэль Шмиттің «Оскар және Алқызыл бикеш» шығармасының желісімен сахналанған «Хат» философиялық драмасындағы роліңіз бар, жалпы ойнаған рольдеріңіздің ішінде кейіпкермен бірге жан-дүниеңіз астасып кететін образ қайсысы?
- Кейіпкерлерімнің барлығы маған ыстық. «Рөлдің үлкен кішісі жоқ», - дейді. Ол рас. Себебі олардың әрқайсысында менің махаббатым мен кішкентай үмітім бар. Мысалы, Барзу Абдуразаковтың «Ләйлі-Мәжнүн» қойылымындағы Ләйлі бейнесін атағым келеді. Ләйлі десе бірден көбелек елестейді.
Мен бұл кейіпкерді өзіме жақын тарттым. Ғашық болу, ессіз сүю секілді нәзік иірімге толы махаббатты, еркелікті әрбір бойжеткен сезінеді. Ал маған Ләйлі көбелектей қонып, адалдығымен баурап алды.
- Айтпақшы, голливудтық мультфильмдердің дубляжына қатысыпсыз, бұл сізге ләззат бере ме? Келешекте осыған қатысты жоспарларыңыз бар шығар...
- Иә, «Ральф интернетке қарсы» фильмі қазақ тіліне аударылды. Мен Ванилопа кейіпкерін дыбыстадым. Кино ол үлкен насихат құралы. Оның ішінде дубляж саласының да атқаратын маңызы зор. Қазіргі таңда дыбыс пен дауыстың сапасына, сауатты аударма мен актердің шеберлігіне мән беретін «Болашақ» корпоративтік қоры мен Aray Media Group бірлесіп қырықтан аса туындыларды дубляждауда. «Қазақша сөйле, өзіңнен баста» атты жобаны жүзеге асырып жүр. Толыққанды қазақ тілді дубляждың дамуына барынша өз үлесімді қосқым келеді.
- Жақында «Алтайдан ауған елді» көрдік, бұл туралы порталымызға жаздық та. Бұл таза қазақы көрермендерге серпісіліс берген қойылым болды. Мысалы, Назерке Жұмабай деген әріптесіміз: «Нартай Сауданбекұлы мен Инабат Әбенова ойынындағы әке мен бала қарым-қатынасы сәтті ашылды. Көрген жанның жүрегін шымырлатпай жібермейді» деп баға беріпті. Мақтаудан бөлек рольдерге қатысты сын естисіз бе, мысалы қандай? Қалай қабылдайсыз?
- Әрбір қойылымның премьерасынан кейін БАҚ өкілдері өз пікірлерін қалдырып жатады. Фестивальдер аясында театртанушылардың кәсіби талдауын да естіп жатамыз. Әр айтылған пікірді де, сыни көзқарастарды да дұрыс қабылдауға тырысамын. Әсіресе ввод болған кездерде айтылып жатады. Мысалы ретінде, театртанушы Мирас Әбіл «Шие» қойылымындағы Алма бейнесін тағы да жетілдіре түсу керек деген сынды пікір білдірді. Барлығы театр өнеріне деген жанашырлықпен айтылады, сол себепті кәсіби сынды қабылдай аламын.
- Жақында «01» спектаклі драмедия жанрында сахналанды, көрермен бұны қалай қабылдады? Осындай жаңаша, басқаша дүниелерге халық қалай қарайды?
- «01» драмедиясы театрдың -1 қабатында, яғни паркингте өтті. Келген көрермен қойылымның қалай басталып кеткенін аңғармай да қалды. Бастапқыда қайда тап болғандарын түсінбеуі мүмкін. Көрерменнің пікірінше, бұл қойылымда Астана қаласының құрылуы, ондағы түрлі тағдырлардың тоғысуы сөз болады. Оның ішінде үлкендер мен жастар арасындағы түсініспеушіліктер де қамтылған. Адамзатты алаңдататын сұрақтар тек материалдық жағдай емес, адами құндылықтар. Қозғалатын мәселе - әлеуметтік жағдай. Жасы үлкен бола тұра, кішірейген адамдардың проблемасын көрсету деген пікірлер айтылды. Әр қойылым үлкен еңбекті талап етеді және ол өз көрерменін табады.
- «Ең алғашқы ролім Бегімай бейнесі» дедіңіз, ұмытылмайтын шығар, сол кездегі сезім қандай еді?
- Ия, басында айтқанымдай, алғаш рет 2016 жылы белгілі режиссер Талғат Теменовтың «Аққудың көз жасы» қойылымында Бегімай бейнесін сомдадым. Ол кезде мен университеттің үшінші курс студентімін. Талғат Досымғалиұлының қойылым қоюдағы өзіндік әдістері, кейіпкер бейнесін ашудағы режиссерлік шешімі, музыкалық талғамының барлығы ерекше үйлесім тапты. Талғат Теменов театрдағы алғашқы режиссерім. Иә, бірінші рөл ұмытылмайды екен. Қазірдің өзінде әрбір сөзі, әрбір мизансценасы шегелегендей жадымда сақталып қалған. Алып-ұшып тұрған Инабат, жүректің дүрсілі де басқа, көзім бақырайып, қорқыныштан күле берген кездер. Бір сахнада Сырым Қашқабаев, Ержан Нұрымбет (Раймалы бейнесінде) сынды белді актер ағаларымызбен бірге өнер көрсету мен үшін үлкен бақыт болды. Бәлкім сол кісілердің арқасында театрға деген сүйіспеншілігім де арта түскен болар. Театр табалдырығын дәл осы Бегімай рөлімен аттағаным үшін режиссер Талғат Теменовке рахмет айтамын.
- Өнер жолы қыз балаға қиындау деп жатады, бұл бүгінгі заманның көзқарасымен алғанда ескірген пікір ме?
- Өнер жолы қыз балаға расымен де қиын, бұл шындық. Оны жүріп өту тазалықты, адалдықты, махаббатты, табандылықты қажет етеді. Қыз баланың театр өнеріндегі жолы тым қысқа. Отбасы мен сахнаны қатар алып жүруге тырысқанымен де, әрдайым таңдау жасауға тура келеді. Бірлесе көтерген жүк жеңіл демекші, менің жолдасым да өнер адамы болғандықтан үнемі қолдау көрсетіп отырады. Ойымыздың бір жерден шығуы өнер жолында бірге дамуымызға зор септігін тигізеді. Дегенмен, бұл менің қазіргі ойым. Өнер бір орнында тұрмайды және ол бізді күтпейді, әрдайым дамуды, ізденісті, еңбекті талап етеді.
- Ұстаздарыңыз әлде өзіңіз үшін өнердің биік шыңына қол жеткізген тұлғаларыңыз туралы не айтар едіңіз? Әлде олардың өнердегі ұстанымдары, әдістері бүгінгі күннің талабымен алғанда көнелеу ме?
- Мен үшін өзінің адалдығы мен бойына дарыған талантын өмір бойы шыңдаған, өнерге жанын берген адам - тұлға. Тұлғалықты адамгершілікпен тікелей байланыстырамыз. Бұндай адамдарды алыстан іздемей-ақ, жанымызда жүрген ұстаздарымды айтар едім. Оның бірі де бірегейі марқұм Айжан Бәдірқызы Оспанова. Адамгершілікке тән ізгі қасиеттердің барлығын өн бойына жинаған тұлға. Ақыш Қоңыртайұлы Омар - өнерді шын сүйетін, қандай кезде де өз ісіне адал, ұстанымына берік болып және бізді соған тәрбиелеген, адамдықты жоғары қойған, қарапайым да терең тұлға. Меніңше, тұлғалықтың тетігі - ұстаздықта. Ұстаз - ұлы есім, бұл жолда жүру кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Ал, мен үшін тұлғалығы бір төбе ұстаздарымның еңбегі еш ұмытылмайды.
- Сіздің театрдағы жас артистер шетелге барып өнер көрсете ала ма, бұған қандай кедергі болуы мүмкін? Шет тілдеріне қалайсыз?
- «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» - деп ұлы Абай атамыз айтқандай, қазақ өнерінің қай түрін болмасын жас артистер шетелге танытып келеді. Музыка әлемінде Димаш Құдайберген. Кино өнерінде шеберлігін шыңдаған Данияр Алшынов, Самал Еслямова, Айсұлтан Сейтов, Асқар Ілиясов сынды т.б. талантты жастар өте көп. Шет ел асып, білім алып, тәжірибесімен бөлісіп жүргендер де аз емес. Ал театр өнері - биік, халықаралық фестивальдерге қатысып, бағымызды сынап та келеміз. Жақын арада осындай фестивальдердің біріне театрымыздан «Дон Кихот» қойылымы қатысады, режиссері - Әлібек Өмірбекұлы.
- Өздеріңізден кейінгі жастардың ұлттық театр өнеріне көзқарастары қандай? Көңіліңіз тола ма?
- Мен өзім де сол жастардың қатарынанмын. Ұлттық театр өнері - біздің құндылықтарымызды дәріптейді. Ұлттық болмыс, ана тіліміз, салт-дәстүріміз, әдебиетіміздің барлығы біздің рухани байлығымыз. Театрымыздың үлкен буыны әрбір келген жас маманға жол көрсетеді. Біздің кезекте ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмау - парыз.
- Осыны ойнасам, былай етер едім, деп армандап жүрген роліңіз бар ма?
- Армандар өте көп болғанымен, іске асырып жатқан мақсаттарым аз. Соның бірі қазақ кино өнерінде бағымды сынағым келеді. Өйткені кино саласында тәжірибем мүлдем жоқ деуге болады. Әр актрисаның өзіне тән кейіпкері бар, ол өз уақытында, өз сәтінде келеді.
- Біздің түсінігімізде халық алдына шығатындықтан, сұлулық пен әсемдіктің символы іспетті актрисалар бойы-басын ерекше күтінетін сияқты. Шынымен солай ма?
- Әр адамның ойындағы сұлулық, әсемдік ұғымдары да түрлі сипатта ғой. Сыртқы бейнеміз бен жан дүниеміздің көркемдігі өзінше бір үйлесімділікті көрсететіні тағы бар. Одан бөлек, тылсым әрі қатал табиғаттың сұлулығы жайлы айтпасқа болмайды. Ал, сіз айтып отырған әсемдіктің символы саналатын сұлу актрисалардың күтімі бәлкім ерекше де шығар. Өнер адамы - халықтың айнасы болғандықтан тазалықты, тәртіпті әрі ұқыптылықты талап етеді. Дегенмен де, әрбір адамның басқадан ерекшелейтін қылығы, тартымдылығы болады. Әрбір жаратылыс өздігінше сұлу.
Бөлісу: