Азамат. Қайраткер. Қаламгер
Бөлісу:
Көкше өңірі ежелден күміс көмей, бұлбұл үнді би-шешендерге, жаужүрек баһадүр батырларға, аспандағы аққуға үнін қосқан әнші-ақындарға кенде болмаған. Кейінгі шыққан таланттар шоғыры да аз емес. Осылардың арасында өз шығармашылығымен де ел үшін, жер үшін аянбай тер төгіп жүрген қоғамдық қызметімен де көрініп жүрген Көкшетаудың атпал азаматтарының бірі – белгілі журналист, қаламгер, қоғам қайраткері, «қара сөзден қаймақ қалқыған», «тыңдаған жұртын қорғасындай балқытқан» бүгінгі қазақтың қара сөзінің шешені Жабал Ерғалиев.
Көкшенің Қарағаш сияқты құнарлы топырағынан нәр алып, қанаттанған Жәкең үлкен өмір жолынан өтіп, қияға қанат сермеді.
Қарапайым тілшіден редакторлық сатыға дейін көтерілді. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң 1973-1997 жылдары Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде кіші әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары сияқты қызметтерді атқарды. 1997 жылы Көкшетау облысы таратылғаннан кейін Көкшетау қалалық «Көкшетау» газетін ұйымдастырып, 1997-2005 жылдары осы газеттің бас редакторы қызметін атқарды. Ақмола облысы әкімінің 2005 жылғы 28 қаңтардағы шешімімен Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторлығына тағайындалды. Ақмола облысы және Көкшетау өңірінің тарихында тұңғыш рет «Көкшетау» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналын ұйымдастырды. 2007 жылы «Арқа ажары» гаезтінің 90 жылдығы құрметіне қазақтың аса көрнекті ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллинге, 2010 жылы «Көкшетау» гаезтінің алғашқы саны шыға бастағанына 70 жыл толу құрметіне ескерткіш тақталар орнатты.
Екі газеттің тарихын жинақтап, музей ұйымдастырды. 2011 жылы Жабал Ерғаиұлының іскер басшылығының арқасында «Арқа ажары» гезеті Қазақстан Республикасы Президентінің Грантын жеңіп алды.
2011 жылдың 19 тамызында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Сенаттың әлеуметтік – мәдени даму комитетінің мүшесі болды.
Елбасының 2007 жылдың 7 желтоқсанындағы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. Есімі «Қазақстанның үздік адамдары», «Солтүстік Қазақстан» және «Ақмола облысы» энциклопедияларына, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «Ақмола облысының тұлғалары» анықтамалық кітабына енгізілген. Алматы облысы, Қарасай ауданының, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы сияқты сыйлы атаққа ие болды. Жабал Ерғалиев ағамыздың журналистика мен қоғамдық-саяси қызметіндегі абыройлы биігінің бір парасы осындай.
Жабал Ерғалиев – халқына қарқымды журналист, көрнекті қоғам қайраткері ғана емес, туған әдебиетіне өзінің көркемдік – идеялық сапасы биік, тұшымды, тартымды шығармаларымен де оқырмандарының ыстық ықыласына бөленіп жүрген талантты қаламгер тұлға. Оның алғашқы прозалық туындалары 1978 жылы Алматыда жарық көрген жас жазушылардың антологиясында басылып шықты. Жазушының «Сөне көрме, жұлдыздар», «Қазақтың Қарасай батыры», «Ұлтым менің, ұлысым менің», «Хан көтерген ел едік ер ұланын», «Бұлтты түні толған Ай», «Жол сапар жалғаса береді», «Тәуелсіздік толғауы», «Әлемді жүрегіне сыйғызған», «Лето без дождя», «Құлпытастың көз жасы» атты кітаптары оқырмандардың да, әдби қауымның да жылы ықыласына бөленіп, зор көркемдік бағасын алған дүниелер.Оның қалам қарымына байланысты Көкшелік қаламгер Ерболат Баятұлы былай дейді: «Жабал Ерғалиев өзінің әңгіме-хикаяттарында қазіргі қазақ қоғамындағы мұң-проблемаларды шебер өрнектеп жүрген прозалық дүниелердің авторы болуымен қатар' осы тақырыптарда драмалық шығармалар да жазып жүрген қаламгер.Жазушы ағамыздың бұл сахналық туындылары қазіргі таңда еліміз театрларында сәтті қойылымдардың қатарына жатады».
Жазушының прозалық шығармаларының негізгі тақырыбы – махаббат пен ғадауат майдандасқан ізіглік пен зұлымдықтың әлмисақтан келе жатқан бітіспес күресі. Әңгімелері мен повестерінен оның азаматтық, авторлық позициясы, қаламгерлік тұрлаулы шешімі мен көркемдік үкімі айқын байқалып отырады.
«Соңғы тұяқ» повесіндегі Тельман мен Әмір сияқты жалғанды жалпағынан басқан қорқау пиғылды кейіпкерлердің пендеге деген қиянаты, арсыздығы, имансыздығы оқырмандарын бей-жай қалдырмайды. Оқырман болашақ күнге деген сенімін Жанат сияқты тағдырдың иығына жығыла қоймайтын қайсар тұлғаның бейнесімен ұштастырады. Автор қандай қиянат болса да түбі бір зауалдың болатындығын меңзейді. Автордың көркемдік концепциясынан да осыны аңғарамыз.
Жазушы әңгімелерінен тағдырлары ұқсас, табиғаттары үндес, рухани тұрғылары бірөңкей жақын образдар галереясын көреміз. Мысалға «Қощ бол, құлынымдағы» Серәлі қарт, «Күн батқан шақтағы» Әбіл қарт, «Алтыншы баладағы» Сауыт қарт, «Үмітімді үзбей өтемдегі» Әлі қарт былай қарасаң тумысы жақын адамдар. Жазушы осы әңгімелерінде адамгершілік өресі биік, адал да пәк, мейірім шуағы да орынды жерде қаталдығы да көрінетін қазақ қарияларының бір шоғыр жиынтық бейнесін жасаған. Кісілік қалпын шып-шырғасын шығармай ұсынып отыр.
Жазушының көркемдік палитрасына да тоқтала кетсек. Автор тілінің көркемдік бояуы, реңкі қанық. Өмір шындығын беруде, адам психологиясын жеткізуде артықша кетпейді, кем де түспейді. Нәрлі, құнарлы тіл – қаламгердің тілдік арсеналының негізгі көрсеткіштері. Жазушы әсіресе табиғат көріністері мен адам жанының ішкі әлемін, жан шуағын бірлікте алып суреттеуге щебер. «Мөлдір шуақ болып төгіліп тұрған күн сәулесін қос уысына қондырғысы келген бейкүнә оймен қос алақанын терезе әйнегіне салған.Әлдебір жылылықты сезінді. Қос алақанынан сезіне бастаған сол бір жылылық әлгіндей болмай жайылып тұла бойын шарпып өтті. Тіршіліктің ақ сәулесімен шағылысып жапалақтап жауып тұрған ақ қардың ақ ұлпасы қалықтай келіп, терезе әйнегіне қонады. Әлгіндей болмай жатып, еріп кетіп ...еріп кетіп жатқан сол ақ ұлпаның көз жасындай бір тамшы жас Жанаттың да жанарынан жылт еткен. Қаталдық пен жылылықтың түйіскен тұсынан тамшылап тұрған сол бір тамшы көз жасы адам баласының тұтас бір тағдыры еді. Мұны ұғар жүрек бар ма?! Сезінер сезім қалды ма?! Адам баласының жан дүниесіндегі қуанышын, мұңы мен сағынышын, қайғысы мен қасіретін кең әлемге жайып салар тек сол бір тамшы көз жасы ғой»... («Бұлтты түні толған ай», «Ұмай баспасы», Алматы – 2007, 31 бет).
Бұл – «Соңғы тұяқтағы» Жанаттың шуақты жүрегінен себезгілеген жан жылуы, жан сыры, жан сезімі!
Жазушы ағамыз тек проза да ғана емес, драма жанрында да өнімді қалам тербеп келе жатқан драматург – қаламгер. Ол – «Бұлтты түні толған Ай», «Тойғандар мен тозғандар», «Жетім тағдыр», «Жан шырылы» сияқты драмалық шығармалардың авторы. Бұл драмалық туындылар Қазақстанның барлық театрларында сәтті сахналанып келеді.Жазушы-журналистің қаламгерлік қыры жайында мәдениет қызметкері Ботагөз Қайыпова: «Қаламгерлік-қиындығы мен қызығы мол' жан-жақты білімді талап ететін жауапты сала.Ел игілігі үшін қызымет ететін осы саланың мамандары шығармашылығы арқылы адамзат санасына оң ықпалын тигізіп қана қоймай жаңалықтың жоқтаушысы' жаңаның қолдаушысы ретінде қоғам өмірінен ерекше орын алады.Халықтың мәдениеті мен руханиятын терең қастерлеген сондай жанашыр азаматтардың бірі-Жабал Ерғалиұлы.Ол кісінің қаламынан туған туындыларды бүгінгі қазақ әдебиетінің құнды қазынасына балауға болады», - деп жоғары баға береді.
Біз алдағы уақытта Жабал Ерғалиұлына журналистикада, қоғамдық істе, қаламгерлік арнада әмәнда ел сөзін, ұлт қамын, туған жеріңіз Көкшетау мүддесін бұрынғыдай қайраткерлікпен алға жүргізе беріңіз демекпін.
Бөлісу: