Жандос Әуелбекұлы. Қазақ пен поляк – тағдырлас ұлттар

Бөлісу:

14.10.2022 3958

Жуырда Варшава қаласында «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына орай тарту етілген құнды кітапты поляк жерінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен тәжірибелі дипломат Марғұлан Байқұман мен білікті заңгер, тарихшы, Польша Республикасындағы «Николай Коперник» университетінің «Халықаралық қатынастар» институтында тағылымдамадан өткен Жандос Әуелбекұлы сынды зерттеушілер ізеуірттеп жазып шыққан. Қазақ-поляк ұлтының мәдени байланыстарын ашып көрсеткен көлемді еңбекте ондаған тарихи тұлғаның өміріне қатысты мақалалар, мұрағаттық қолжазбалар, ғалымдардың шығармашылығы мен естеліктері, этнографиялық зерттеулерлердің өңделген нұсқасы топтастырылған. 

Осынау құнды да қымбат еңбегімен ұлтымыздың рухани қазынасына мол олжа салып, елімізге ақжолтай хабарымен оралған кітап авторының бірі, білікті тарихшы, саясаттанушы, заңгер Жандос Әуелбекұлымен әңгімелескен едік. Ендеше сол көлемді сұхбатымызды мәртебелі оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Армысыз, Жандос Әуелбекұлы! Әуелі қуанышты жаңалықтарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Машақатты ізденістеріңізді айтпағанда, идеяларыңыздың өзі  оқырманның құрметі мен қошеметіне лайықты дүние. Бұл игілікті еңбекті жазуға қанша уақыт арнадыңыздар? Ең әуелі осы идея қалай келді? Қателеспесем, көз майыңызды тауысып ақтарған мұрағат құжаттарының дені поляк тілінде жазылған ғой?.. 

Рақмет! Бұл кітап – бірнеше жылдың өнімі. 2018 жылы сол уақыттағы Қазақстанның Польшадағы төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұқан мырза екеуміздің бір басқосуымызда бірлесіп осындай еңбекті жазып шықсақ деген ой туды. Осы ойды  екеуміз де құп көрдік. Сөйтіп, ауыртпашылығы мен жауапкершілігі мол шығармашылық жұмысымыз сол кезде басталды. Яғни қазіргі Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Марғұлан Баймұқан мырза екеуміз – тең автормыз. Сонымен кітап материалдарын жинақтай бастадық. Жекелеген жерлерін мен, жекелеген жерлерін ол кісі зерттеді. Он екі тараудан тұратын еңбекті жазу барысында қазақ, орыс, поляк, ағылшын тілдеріндегі дереккөздерді шолып шығып, 2021 жылға дейін жазып шықтық. Кітапты шығарудағы мақсатымыздың өзіндік мән-маңызы бар. Анығырақ айтсам, бұл еңбегімізді тәуелсіздігіміз бен қазақ-поляк халықтарының дипломатиялық байланысына отыз жыл толуына орай арнап отырмыз. Кітабымыз былтыр даяр болғанымен, әлемде жайлаған коронавирус індеті ісімізге үлкен кедергі келтірді. Соған байланысты кітаптың тұсаукесері біршама кешігіп, оқырманға биыл ғана таныстырып отырмыз. Қыркүйектің төрті күні Варшава қаласында кітабымыздың тұсаукесері өтті. Қазақ пен поляк – тағдырлас ұлттар. Біріншіден, кітапты қос халыққа ортақ мұра деп, екінші жағынан екі елдің арасындағы алтын көпір деп есептеймін. Себебі кітапқа ұлтымыз үшін көп қызмет атқарған поляк қайраткерлерінің де, қазақтың танымал тұлғаларының да өмірбаянын енгіздік. Бұйырса, қазан айының 28-інде Астана қаласында «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты еңбегіміздің тұсаукесері мен таныстырылымы өтеді. Қазақ оқырмандарын осы таныстырылым кешіне қуана-қуана шақырамыз.

- 1287 жылы Алтын Орданың Төле-Бұға ханы Польшаға басып кіріп, біраз жыл үстемдігін орнатқанын тарихтан білеміз.  Орыстың лингвист ғалымдары да өз тілдеріне түрік сөздерінің көп кірігіп кеткенін айтады. Сіз бір кісідей поляк телін жетік меңгерген адамсыз. Сұрайын дегенім, поляк тілінде де байырғы түрік сөздері кездесе ме?

Поляк тілі славян тілдерінің отбасы-тармағына жатады. Славян тілдерінің өзі батыс, шығыс, оңтүстік славян тілдері деп өзара бөлінеді. Поляк, чех, словак тілдері батыс славян бөлігіне енеді. Жалпы түрік тіліне қатысы шамалы. Әйтсе де жекелеген сөздердің бар екенін аңғаруға болады. Меніңше, Алтын Орданың ықпалынан гөрі, бергі кезеңде сол аймаққа көшіп барған этникалық топтардың (поляк татарлары, қарайымдар) локалды дәрежеде жекелеген ықпалы болуы мүмкін. Біздің сөзбен сәйкес келетін қайық (каяк) тәрізді сөздерін және поляк тектеріндегі түркі этнонимдерін көп байқадым. «Найман» деген текті кездестірдім. Әрине, бұл сұрағыңыз зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Қазір Польшада саны бес мыңнан астам адамды құрайтын поляк татарлары тұрып жатыр. Олар Алтын Орданың кейінгі кезеңінде барып, саяси баспана сұраған. Сөйтіп, қазіргі Литваның, Латвияның, Белоруссияның, Польшаның аумағына қоныстанған. Қоныс аударғандардың көбі ер азаматтар болған соң, әскерде қызмет еткен. Әйел адамдардың жетіспеушілігі себебінен, жергілікті қыздарға үйленген. Нәтижесінде сол кезде барған татарлардың тілі XVIII ғасырда біржола ассимиляцияланып, жоғалып кеткен. Менің пайымдауымша, сол поляк татарларының тілі «қыпшақ тіл тармағына» жатуға тиіс. Бұл халықты этникалық топ ретінде сақтап қалған жалғыз нәрсе – дін. Бір қызығы, олар католиктердің әдет-ғұрпын ұстанады, ал діні – ислам. 

 - Кітапта XIX ғасырдағы ұлтымыздың тарихына қатысты мол мұра қалдырған Адольф Михайлович Янушкевич пен қазақ халқы жайлы тұңғыш рет поэма жазған шетелдік, «Қаны поляк, жаны қазақ» ақын Густав Зелинскийдың тағдыры баяндалыпты. Тарихи тағдыры ортақ  қазақ пен поляк ұлттарының тағы нендей ұқсастықтары бар? Екі ұлттың бір-бірінен қандай артықшылығы мен кемшілігін байқай алдыңыз?

Бес саусақ бірдей емес. Әр халық өзіне сыншы. Әлсіз тұсы да, үстем тұсы да кездеседі. Мен не үшін қазақ пен полякты тағдырлас халықтар деп есептеймін? Әуелі соны айтайын. Себебі поляктар да – біз секілді ұзақ жылдар бойы Кеңес Империясының құрамында болған халық. Ежелгі Rzeczpospolita мемлекеті әлсіреп, ыдырағаннан кейін, Польша жерін Пруссия, Ресей, Австрия мемлекеттері бөліске салған. 1918 жылы Польша тәуелсіздігін алғаннан соң ғана, біртұтас Польша мемлекеті дүниеге келді. Оның негізін поляктың танымал саясаткері, әскери қолбасшысы  Юзеф Пилсудский қалаған. Он сегізінші ғасырдың басы мен ортасында қазақ жерінде Кенесары хан, Жанқожа Нұрмұхаммедұлы мен Есет Көтібарұлы, Сырым Датұлы бастаған көтерілістер болса, дәл сол уақытта Польша жерінде «Қараша», «Қаңтар» көтерілістері болған. Осы көтерілістердің хронологиялық уақыты бір-біріне шамалас келеді. Қазақта «Ит жеккенге айдау» деген сөз бар. Тура қазақ секілді сол көтеріліске қатысқан ондаған мың поляк қайраткерлерінің де дүние-мүлкі кәмпескеленіп, Сібірге жер аударылған. 

Адольф Янушкевия пен Густав Зелинский – осындай тағдыры ауыр тұлғалар. Адольф Янушкевич ақсүйек (шляхта) әулетінде туған. Поляк ақсүйектерін патша мойындаған, өздерінің таңбасы мен шаруашылықтары болған. Тағы да мәлімет беріп өтейін, осы шляхталар өзінің шығу тегін сарматтармен байланыстырады. Тіптен, кезінде Польша мемлекетінде «сарматизм» идеялогиясы жүргізілген. Сарматтар сақтардың замандастары ғой. Сонда поляктардың да түркі халқымен байланысатын тұстары аз емес екеніне көз жеткіземіз. Шляхталар сарматтарша шығыс стилінде киініп, қару-жарағын асынған. Өздерін «біз сарматтардан тараған ұрпақпыз» деп көрсеткен.  Қуғын-сүргін заманында он мыңдаған поляк қайраткерлері Орал тауы мен сонау жапон теңізі аралығына, Сібір өлкесіне жер аударылған екен. Соның қатарында Адольф Янушкевич те келеді. Жалпы қазақ түсінігі Янушкевичті «революционер» деп қарайды. Олай емес. Ол – өз мемлекетінің азаттығы үшін күрескен көтерілісші. Поляк патриоты, қайраткер тұлға. Кеңес одағының идеялогиясы ол кісіге «революционер» деп жала жапқан. 

Янушкевичтің Есілде өткізген уақытындағы жақын достарының біріне айналған жан, қазақ халқы туралы алғашқы шет жерлік поэманың авторы, поляктың танымал ақыны, кәсіпкері мен меценаты – Густав Зелинский еді. Янушкевичтің өзі сияқты «қараша» көтерілісіне белсенді түрде қатысып, артынан Артур Завища мен Каликаст Божевскийге партизандар тобын құруға көмектескені үшін сотталып, жер аударылған Г. Зелинский де 1835 жылы шілдеде Есіл қаласына конвоймен жеткізілген. Адамның сағын сындыратын саяси айдауда Г. Зелинскийге дем беріп, қолдауы мен пайдалы кеңестерін аямаған, туған ағасындай болған жандардың бірі Адольф Янушкевич еді.  Уақыт өте ақжарқын Густав Янушкевичтер отбасының  туған баласындай болып кетеді. Адольфтың анасы Текла, Зелинскийді өз перзентіндей жақсы көрген екен. Адольфтың Есілдегі үйінде бос уақытын өткізіп тұрған Зелинский, оның тірнектеп жинаған бай кітапханасының басты оқырманына айналған. Осылайша, Янушкевичтің қолдауының арқасында дарынды ақын Г.Зелинский Есілдегі уақытын өзін-өзі жетілдіруге, білім алуға шығармашылыққа арнайды. Зиялы орта, рухани азық поляк ақынының шығармашылығына тың серпін береді. Ал Янушкевич болса Зелинский поэзиясының қатаң сыншысына, кәсіби кеңестерімен бөлісетін ұстазына айналады. 

Янушкевия алдымен Тобылда, кейін Есіл өңірінде, біраз уақыт Солтүстік Қазақстан өлкесінде өмір сүреді. Жергілікті қазақ халқы жайлы көп зерттейді. Өзі өкпе ауруына шалдыққан. Өз естелігінің бірінде: «Мен емделіп жүрмін. Бүгін қара көзді қырғыз әйелінен қымыз алып іштім»,-деп жазады. 1840 жылдардың ортасында Адольф Янушкевич Омбыдағы Сібір қазақтарының басқармасында қызмет еткен. Сол жылдары генерал Вишневский деген кісі ұлы жүз қазақтарының жеріне отарлау миссиясымен үлкен сапарға шыққан. Сол топтың құрамына Адольф Янушкевич пен Густав Зелинскийді қосады. Не үшін қосады? Өйткені екі қайраткер де қазақтың тілі мен дәстүрін жетік меңгерген. Янушкевич Алматының Ойжайлауына дейінгі жасаған сапарларын жазып, үлкен еңбек қылып шығарады. Жазбасында анасына, бауырларына жүздеп хат жазып, күнделік жүргізіп отырған. Густав Зелинский әлгі жазбаларды Янушкевич қайтыс болған соң, Парижде тұратын екі бауырына беріп жібереді. Янушкевичтің бауырлары ол еңбекті кітап қылып басып шығарған. Міне, сол артына қалдырған мол мұрасы оның атын әлемге танытқан. 

Тарихтан білетініміздей, Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алашорда үкіметі халқымызға егемендік алып бергісі келді ғой. Өкінішке қарай, Кеңес үкіметі күш қолданып, ұлт зиялыларын қуғынға ұшыратып, азаттық идеясына жете алмадық. Ал Польша мемлекеті 1918 жылы Пелсудскийдің басшылығымен тәуелсіздігін алып кетті. Мықты әскер жасақтап, 1919-1921 жылдарды поляк-большевик соғысында жеңіске жеткен. 1918 жылдан бастап екінші Rzeczpospolita мемлекеті құрылып, 1939 жылғы екінші дүниежүзілік соғысқа дейін өмір сүрді. Берлин қабырғасы құлап, кеңес әскері кеткенге шейін Польшаға формальды түрде коммунизм идеясы таңылған. Әйткенмен де белгілі бір бағыттарда өз саясатын ұстап қала алған. Бүгінгі Польша жайлы айтар болсақ, қазір өте қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Дамуы бойынша, әлем экономикасында 24-інші орында. Дініне берік. Жемқорлық деңгейі өте төмен. 

- Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы мен поляк заңгері Северин Гросстың бір-біріне жазған хаттарын таба алдыңыз ба? Екі тарихи тұлғаны не байланыстырады екен?

Северин Гросс та ақсүйек тегінен. Санкт-Петербург университетінде оқып жүргенде социалистер одағына мүшелікке алынады. Большевиктер поляк социалистерінің ұйымынан қорқып, партия мүшелерін қудалай бастайды. Соның ішінде, Северин Гросс та тұтқындалып, Есілге жер аударылған. Есіл өлкесінде болашақ әйелі Анна Сколатскаяны жолықтырады. Әйелі де саяси көзқарасы үшін Отанынан қудаланған. Біршама уақыттан кейін денсаулық жағдайына байланысты Северин Гросс Семейге ауыстырылады. Семейдің статистикалық комитетінде қызмет етіп жүріп, Абай Құнанбайұлымен танысады. Петр Маковецкийдің бұйрығымен Северин Гросс қазақтың дәстүрлі құқық негіздерін зерттейді. Қазақтың дәстүрлі құқығы бойынша жазылған еңбек 1886 жылы жарық көрген. Көп зерттеушілер, ішінде өзім де бармын, осы еңбектің авторы Северин Гросс деген тоқтамға келдік. Оған негіз де жоқ емес. Северин Гросс саяси қылмыскер болғандықтан, кітап авторы ретінде көрсетілмеген. Тарихшы Ләйла Мұхтарқызы Әуезованың еңбектерінде Северин Гроссқа Абайдың кеңесші болғандығы хақында көптеген мәліметтер бар. Кейін қылмыстық жазасын атқару мерзімі бітіп, өзінің туған жері Литваға аттанады. Өзі кеткеннен кейін қазақтың дәстүрлі құқығынан мол ақпар беретін еңбегі жарық көрген. 

            Қазақстан Республикасының Польшадағы Төтенше және Өкілетті елшісі –  Әлім Қирабаев

- Шоқан Уәлихановтың тұлғалық болмысына поляк қайраткерлері қалай әсер еткен?

 - Біз Марғұлан Баймұқан мырзамен бұл кітапты жазу барысында поляк ұлтымен байланысы бар өзіміздің тұлғалардың «болмысын» кешенді түрде ашу үшін көп күш салдық. Осы бағытта Шоқан Уәлиханов дала аристократтарының ұрпағы екенін жаздық. Арғы атасы Абылай, бергі атасы Уәли туралы көбірек қаузадық. Омбы кадет корпусына түскенге дейінгі өміріне тоқталдық. Достарының айтуынша, Шоқан Омбы кадет корпусына түскенде орысша білмеген. Орыстың танымал ғалымы Григорий Потанин Шоқанмен етене жақын қатынаста болған. Қазақтың тілін жақсы білген. Осы кісі Шоқан туралы біраз естелік жазған. Шоқан Омбыда оқыған жылдары Гилярий  Гонцевский, Карл Гутковский сынды кісілер ұстаз болған. Потанин: «Гонсевскиймен сұхбаттары оны түрлі саяси көзқарастармен біздер үшін аталған тақырып жабулы кітап болған кезде таныстырған еді. Ол сол кездің өзінде ересек адамдардай болатын, ал біз одан жас жағынан үлкен болғанымызбен, оның жанында шалбарсыз жас балалардай едік. Ол білгенін, бізден жоғары тұрған тұстарын достар ортасында насихаттамайтын, бірақ оңтайлы сәттерде оның бізден білімінің жоғары екені байқалатын»,-дейді. Шоқанның алғыр зейінін байқаған Гонцевский оған ерекше қамқорлық танытқан екен. Сенбі-жексенбі күндері жатақханада қалатын Шоқанды үйіне жиі шақырып тұрған. Жақсы кітаптарды атап, оқуға кеңес берген. Шоқанның екі отбасы болған. Бірі өзінікі, екіншісі Карл Гутковскийдің шаңырағы. Бірге түстенеді, әңгімелеседі, жалпы Гуткоскийға рухани жақын болған. 

Қарап тұрсақ, Шоқан қазақтар, қырғыздар, ұйғырлар, атасы Абылай, ежелгі шаманизм туралы іргелі еңбектер жазған. Григорий Потанин: «Шоқанның бір қызық ғадеті, армандағанда «дауыстап» армандайтын еді»,-дейді. Тұтас алғанда Шоқан өмірінің Петербургтік кезеңі жемісті болды деп айтуға толық негіз бар. Бұл уақытта Шоқанның әйгілі «Абылай» атты ғылыми мақаласы жарық көреді. Орыс географиялық қоғамында шығыс тарихы туралы дәрістер тыңдап, сирек қолжазбалараға бай кітапхана қорымен танысады. Шоқан қазақтың алғашқы кәсіби тарихшысы саналатын, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен оның алғашқы жылдары туралы құнды мәліметтер қалдырған Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Санкт-Петербургте жүріп өзінің ескі танысы, жазушы Федор Достаевскиймен де кездесіп, оның әдебиет үйірмесінің жұмысына араласады. Бірақ Невадағы қаланың ылғалды ауа-райы, қаладағы өмір салты мен пәтер жалдап тұруы Шоқанның Омбы Кадет корпусында бастау алған өкпе ауруын қайта қоздырады. Денсаулығы күрт нашарлаған соң, бір жылдан астам өмірін өткізген Санкт-Петербургпен қош айтысып, елге қайтуға мәжбүр болған.

Шоқан Карл Гутковскиймен өз өмірінің соңына дейін тығыз байланыс жасасқан болса, оның екінші поляк ұстазы Гилярий Гонсевскийдің Омбы кадет корпусындағы қызметінен кейінгі өмірі туралы мәлімет жоқтың қасы. Бөлімді жазу барысында Гилярий Гонсевскийдің Омбыдан кейінгі өмірі туралы көп іздендік. Ізденіс нәтижелі болып, өзінің туған жері Вильно, қазіргі Вильнюс қаласы зираттарының басынан Гонсевскийдің жерленген жерін, тиісінше оның 1868 жылы қайтыс болғанын анықтадық. Және Гилярий Гонсевскийдің жерлеу орны туралы ақпарат Шоқанға арналған бөлім аясында алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Шоқанның Карл Гутковскиймен қатынасына оралар болсақ, қос тұлғаның жазған хаттарына сараптама жасай отырып, екі тараптың да өзара жақын туысқандай еркін араласқанына көз жеткіземіз. Алайда Тезек төре ауылына бет бұрған Шоқан Шыңғысұлы сол күйі ұстазы әрі сырлас досы К.Гутковскийді көре алмайды. Себебі ағзасы шаршағаннан ба, әлде соңғы жылы орын алған жағдайларға байланысты уайымнан ба, өкпе ауруы күрт асқынып, 1865 жылы күзде дүние салады.

                                                             Авторлар. Марғұлан Баймұқан мен Жандос Әуелбекұлы

- Патшалық Ресейдің кезінде Польшаның Варшава қаласында талай қазақ баласы оқып, білім алыпты. Сол қазақ студенттеріне кімдер қарасып, көмегін тигізген? Олар оқу бітіріп елге оралған ба, әлде түбегейлі сол мемлекетте қалып қойған ба? 

Жақсы сұрақ. Бұл сұрағыңыздың аясында екі тұлғаның тағдырына тоқталдық. Олар – Қанай Боранбаев пен Әбілмәжін Түсіпұлы. Қанай Боранбаевтың алғашында Тбилисидегі әскери училищеде оқымақ жоспары болған. Оның інісі Рысқұлбек берген мәліметке сәйкес, Верныйдағы шенеуніктердің бірінің перзентіне келген жолдамадан Варшаваны алыссынған отбасы бас тартып, оның орнына оқу бөлімінде жұмыс істейтін азаматтардың бірі Қанайдың құжаттарын даярлайды. Соның нәтижесінде Қанай оқуға қабылданып, алыстағы Варшаваға аттанады. Қанайды Варшава университетіне бірінші дүниежүзілік соғыс басталған 1914-1915 оқу жылы қабылданды деп топшылаймыз. Қанай Боранбаевтың өмір жолын зерттеп, зерделеу арқылы оның ғұмырының екі жылы (1916 және 1917) туралы мәлімет аз екеніне көз жеткіземіз. Оның өмірбаянындағы қызметтік лауазымдардың тек 1918 жылдан басталатынын және болашақ қайраткердің Варшава университетінде тек 3 жыл оқығанын негізге алар болсақ, аталған оқу орнына 1914-1915 жылы 1-курсқа қабылданды деген қорытындыға келеміз. Қ. Боранбаев 1918 жылдан бастап мемлекеттік қызметке кіріскен.1918-1919 жылдары Қанай Боранбаев Жетісу облысы бойынша Түркістан төтенше комиссарының көмекшісі, агенті, қазақ-қырғыз босқындарының мәселесі бойынша Шыңжаңға барып қайтқан жетісу облыстық атқару комитеті елшілігінің, облыстық атқару комитетінің мүшесі, 1919 жылы 24-30 мамырда Түркістан коммунистерінің бірінші өлкелік конференция төралқасының мүшесі, 1919-1920 жылдары Жетісу мәселесі бойынша Түрікаткомның және Түркістан АКСР үкіметінің Жетісу комиссиясының мүшесі мен хатшысы, түркі-мұсылман жастарымен бірге Түркістанның саяси егемендігі мен азаттығы үшін күрес жүргізген қайраткер. Ф. Голощекиннің нағыз «шаш ал десе бас алатын» қатыгез саясатының бастауында оның жергілікті халықтың мүддесін ескерместен жүргізе бастаған реформаларына алғашқы сын айтушылардың қатарында Қанай Боранбаев болған. Күндердің күнінде өзінің жақын досы, мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың ақпараттандыруымен әрі кеңесімен Голощекин тарапынан төнген қауіпке байланысты Боранбаевтар отбасы Қырғызстанға қоныс аударады. Самарқан облысына қарасты «Қизил чорвадор» қой савхозында директор лауазымын атқарған 1931 жылы «халық жауы» деген жалған айыппен қамауға алынады. Өзі абақтыда жатқанда жалғыз ұлы Бөкей қайтыс болады. Екі бірдей күйікке төтеп бере алмаған әйелі Ажар жалғыз қалып, Ташкент қаласында дүниеден өтеді. Отбасы мүшелерімен болған ауыр жағдай, туыстарының қуғындалуы, кінәсіз сотты болуы жанына батқан Қанай «Дальстрой»лагерінде жұмысқа шықпау туралы үгіт жүргізіп, нәтижесінде лагер жанындағы НКВД Үштігінің 1938 жылдың 5-інші қаңтардағы шешімімен ату жазасына кесіліп, үкім 15-інші қаңтарда орындалады. Қанай Боранбаев сынды қайраткердің есімін ақтау, атқарған жұмыстары мен елі үшін жасаған игі істерін ұлықтау жолында күйеубаласы, ақын, халық жазушысы Хамит Ерғалиев үлкен жұмыстар атқарғанын айтуға тиіспіз.

Қолда бар дереккөздерін саралай отырып, ветеринар мамандығындағы қазақ студенттеріне тоқталар болсақ, олардың бірі – Әбілмәжін Күшіков. 1912 жылы Семей гимназиясының түлегі Әбілмәжін Күшіков алыстағы Варшава ветеринарлық институтына оқуға қабылданады. Институтта ағасы Жәкула Күшікұлының Омбы фельдшерлік мектебіндегі сыныптасы болған – Бақи Шалымбековтің ұлы, өзінің Верный ерлер гимназиясы бойынша сыныптасы болған Әшірбек Шалымбетовпен, Жетісу облысынан Сұлтанаев, Торғай облысынан Ахмет Тұнғаншин сынды жігіттермен бірге оқиды.

Варшавада білім алып жатқан қазақ жастары туралы 1913-1918 жж. Орынбор қаласында жарық көрген «Қазақ» газетінің 1915 жылы шыққан кезекті жүз бірінші нөмірінде танымал ақын, публицист Ғұмар Қараш(1875-1921) «Варшавадағы қазақ студенттері» деген мақаласында хабардар етеді. Бірақ мамыражай оқу үдерісін Еуропаны шарпыған бірінші дүниежүзілік соғыс бұзды. Майдандағы жағдайдың орыс әскері үшін күрт ауырлауына байланысты Варшава ветеринарлық институты да 1915 жылы шілдеде шұғыл түрде тылға, Мәскеу қаласына эвакуацияланған. Осы орайда, Әбілмәжінмен қатар оқыған жігіттердің одан арғы өмірі туралы мәліметтер аз болғандықтан, негізгі басымдықты аталған азаматқа беретін боламыз. Бұл олқылықтың орны келешек зерттеушілердің күшімен толыға түсетініне сенеміз. Оқуын бітіріп, елге оралған жас, өршіл Әбілмәжін де аталғандай ел үшін тағдыр-шешті кезеңде алаш жолындағы қызмет жасаған аға буынның ортасынан табылады.  Өткен ғасырдың 30 жж басында жиі өтіп тұрған жиын, басқосулардың негізгі тақырыбы сталиндік-голощекиндік ұжымдасыру науқанынан қырылған халықтың мәселесі мен ұлттың ертеңі болыпты. Сол кезеңде Ә.Күшіков Қытайдағы туыстарымен ұдайы хат алмасып, Шығыс Түркістандағы бас көтерулерден жақсы хабардар болған екен. Ондағы қазақтың жай-күйі, елдің келешегі әңгіме жиі айналған көрінеді. Осы көңіл-күй НКВД назарына ілініп, институттағы: Файзулла Ғалымжанов, Әбілмәжін Күшіков, Мүсілім Ермеков, И. Жолдыбаев, Ғ. Нығмдилов есімді бір топ азаматтарға «Қапланбектің Алашорда тобы» ретінде айдар тағылып, істі болған.

Әбілмәжін Күшіковке: «туысы Жәкула Қытайға қашқан, өзі Кеңес Одағына қарсы көңіл-күйде болған; Қапланбеккке ұлтшыл – төңкерісшіл ұйым құруға қатысқан; Алашорда тобына кірген; студенттерді Кеңес Одағына қарсы үгіттеген; Қытайға қашу туралы идея таратқан; капитализмді насихаттап, интервенция болады; Совет үкіметі құриды деген сөз шығарған; Институттың жұмысын тоқтатайық» деген сияқты айыптар тағылып, үш жыл уақытын Карлагта өткізеді. Балалары асыраушысыз қалған әке, Варшава ветеринарлық институтының түлегі, Қапланбектегі қой шаруашылығы институтының бұрынғы доценті – Әбілмәжін Түсіпұлы Күшіковке қатысты 1937 жылдың 1 желтоқсанында ату жазасы туралы үкім шығарылып, ол сол күні түнгі сағат екіде орындалыпты. Осылайша, қазақ халқының зиялы перзенттерінің бірі Әбілмәжін Күшіков жиырманшы ғасырдың отызыншы жылдары тұтас Кеңес Одағын шарпып, мыңдаған отбасылардың шаңырағын шайқалтқан сталиндік қуғын-сүргіннің кезекті құрбаны болған. 

- Даңқты қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының зайыбы Бәтима (Надежда Чепковская) әжеміздің ұлты поляк екенін білеміз. Ол кісінің төркіні әлі Польшада тұра ма? Әлде Қазақстанға көшіп келген бе? Қажымұқан атамызға жар болатын басқа да қаракөз қазақ қыздары бар еді ғой. Қажымұқан атамыз неліктен басқа ұлттың қызын алды деп ойлайсыз?

Жұбайлардың тарихына дендемес бұрын Надежда Чепковсканың өзі туралы мәліметтер берген жөн. Бұл туралы Бәтима апамыздың өзі: «Мен 1894-жылы Белоруссияның Полоцк облысының Бреславь ауданындағы Герчаня ауылында кедей шаруаның отбасында тудым. Әке-шешеден жастай айырылып, жетім өстім. Содан 12 жасымда циркке жұмысқа орналастым. Алғаш цирк әртістерінің жеңіл-желпі  жұмыстарын атқарып жүрдім де, кейіннен ат үстінде билейтін цирк әртісі болып өнер көрсете бастадым. Біздің цирк көшіп-қонып Ресей қалаларын аралап ойын қойып жүрді»- деген мәлімет келтірген.

Тағдыр қазақ жігіті Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен поляктың жас бойжеткені Надежда Чепковсканы қазіргі Рига қаласында 1909 жылы жолықтырады. Бұл туралы балуанның зайыбы: «1909 жылы біз гастрольмен Рига қаласына келдік. Көп ұзамай қалаға цирк келіп, французша күрестен чемпионат басталды. Жарысқа сол кезде жұртшылыққа аты әйгілі болған Лурих, Аберг, Медведьев, Петерсон, Чемберс Ципс, Лацгальд сияқты балуандардың қатысатындығы туралы хабарланды. Мен сонда осы балуандардың арасында жүрген Қажымұқанды алғаш рет көрдім. Сол чемпионатта Қажымұқан үлкен табысқа жетті. Жарыста үздік шығып, бірінші жүлдені, яғни, бас бәйгені жеңіп алды. Мен онымен осы жарыста таныстым»,-дейді. 

Жас жұп сол жылдары Қажымұқан мекен еткен Омбы жеріне Баку, Тифлис және Орынбор арқылы ұзақ саяхаттап жетеді. Алаштанушы Тұрсын Жұртбай Қажымұқанның алашордашылардың рухани демеушісі болғанын алға тартады. Ғалымның мәліметіне сәйкес, балуан Алашорданың барлық жиындарына қаржылай көмек беріп отырған. Қажымұқан жиырмасыншы ғасырдың басында орыс отаршылдығына, қазақ жерлерін иемдену есебінен жүргізіліп жатқан көші-қон саясатына қарсылық білдіріп, қазақ ұлтының саяси, діни құқықтарын сақтауды талап еткен 1905 жылғы әйгілі «Қарқаралы петициясына» түзіліп, қол қойылған Қоянды жәрмеңкесінде қазақ зиялыларының бастамасын қолдап, халықты жинау мақсатында арнайы өнер көрсеткен.

Балуанның кезекті рет үйленуі әрине, жары Бәтимаға ауыр тиеді. Қажекең 1925 жылы Ырыстыға үйленгенде, әрине, өкпелейді. Бірақ алысқа кетпейді. Бұрынғы өздері балалар үйінен асырап алған баласы Ғабидолланың қолына барып, Халиолланың қызы, өзінің немересі Рәзияны бауырына басып алады. Қаншама өмірдің қиындығын көрсе де, Бәтима апай күйеуге шыққан жоқ. Міне осылайша, балуанның жары Бәтима апа, немесе Надежда Чеповска отбасында орын алған қиындықтарға қарамастан қажымұқан отбасының түтінін түтетіп, ұлдары мен немерелеріне ақылшы ана, қамқор әже бола білген. Өзінің әйгілі балуанның жары екенін, оның жауапкершілігін сезініп, аталған аманатқа адал күйінде дүниеден өткен. 

- Шығыс Түркістан қозғалысының көшбасшысы Мұстафа Шоқай атамыз Варшавадағы Ресейден жәбір-жапа көрген халықтардың лигасы «Промотей» қозғалыс ұйымымен тығыз байланыс орнатыпты. Мұстафа атамыздың түбі бір түрік халқының басын қосқысы келген идеясы сол дәуірде аяқсыз қалды. Ал «Промотей» қозғалысы жеңіске жете алған ба? Ол ұйымның негізгі идеясы қандай? 

Юзеф Пилсудский деген тұлғаның басында айтып өттік. Пилсудский – өз халқының шын патриоты. Өзі де, этнограф ғалым, ағасы Бронислав Пилсудский де Сібірге жер аударылған. Юзеф Пилсудский өз күресінде жеңіп, екінші Rzeczpospolita мемлекетінің шекарасын шегендегеннен соң, батыс мен шығысынан қатты қауіп күткен. Шығысынан Ресей, батысынан немістер... Қайткен күнде де шығысын қорғауды ойлаған. Сонсоң «Промотей» деген қозғалыс ұйымы құрылады. Кеңес үкіметі тәуелсіз әзірбайжан мемлекетін жұтып қойды, грузин, украин ұлттарынан билікті тартып алды, қазақ автономиясының ойға алған жоспарларын болдырмай тастады. Осы мемлекеттердің танымал ұлт қайраткерлері мен саясаткерлерінің көбі эмиграцияға кетіп, Пилсудскийдің басшылығымен Польша жерінде «Промотей» одағын құрған. Промотей одағының ортақ ұраны – «Сіздің және біздің тәуелсіздігім үшін». Былайша айтқанда теңізден теңізге дейінгі идея ғой. Сол ұйымға Мұстафа Шоқай атамыз да мүше болған екен. Атамыздың Варшаваға барғандығы хақында біршама «жанама» ақпараттар бар. Варшаваға не үшін барды, кіммен кездесті деген сұрақтар алдағы уақытта да зерттеуді қажет етеді. Тәуелсіздік ортақ идеясы бойынша Мұстафа Шоқай мен Юзеф Пилсудский ортақ ынтымақтастықта болған. Мұстафа Шоқай атамыз өзіңіз білетіндей Берлин қаласында құпия жағдайда қаза тапқан. 

- Кәсіпқой композитор Александр Затаевич «бүкіл қазақ даласының ән салып тұрғанын» көріп, қатты таңырқаған екен. Халқымыздың мыңға жуық әні мен күйін нотаға түсірген музыка білгірі екі ұлттың достығын нығайта түсіп, қазақ әнін бүкіл әлемге алғаш танытыпты. Қазіргі поляк ұлты халқымыз жайлы қандай көзқараста?..

Қазіргі Польша халқы Қазақстанды жақсы біледі. Оған бірнеше фактор бар. Біріншіден, ең алдымен егемен ел ретінде таниды. Екіншіден, поляктардың қазақ халқымен тағдырлас екенін жоғарыда атап өттік. Қазіргі таңда елімізде отыз мыңнан астам этникалық поляктар өмір сүріп жатыр. Олардың басым көпшілігі Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша ауылына қоныстанған. Олар 1936 жылдары батыс Украинадан жер аударылған поляктардың ұрпақтары. Енді олар қазір тарихи Отанына оралу үстінде. Кітабымызда «Жоқшылықтың наны тәтті» деген жеке тарау бар. Сол тарауда осы жайында жазуға тырыстық. Үшіншіден, әлбетте кешегі Әмірелердің ізбасары Димаш Құдайбергеновті поляк халқы ерекше ілтипатын жақсы көреді. Димаш – феномен. Қазақтың дара ұлы. Варшавадағы поляктар өз қаражаттарына Димаш Құдайбергеновтің фан-клубы мен радиосын ашқан. Өзім де Димаштың радиосына барып, бірнеше подкастар түсірдік. Радионың төрайымы Тереза апайымыз қазақтарды өз бауырындай ұнатады. «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты еңбегіміз арқылы екі елдің арасына алтын көпір салғымыз келді. 

- Уақыт бөліп, шынайы әңгімелескеніңіз үшін мың алғыс!

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар