Арман Әділбек. «Мүйіз тарақтың» жұмбағы
Бөлісу:
Қазақта ескіден жеткен бір ертегі бар. Ата-анасы тұйықсыз ғайып болған үш қыздың хикаясы. Үйде ата-анасы жоғын білгенде үш қыздың үш түрлі налитыны айтылушы еді. Сонда үлкен қызы:
- Әке-шешем маған тарақ қалдырмапты. Енді шашымды қалай тараймын? — деп күйзеледі. Екінші қыз айнаны жоқтайды. Үшінші қыз нан қалдырмағанын айтып қамығады.
Мұндағы тарақ, сірә, нені меңзейді деген сұрақ мені бұл ертегімен танысудан әлдеқайда кейін мазалағанын жасырмаймын. Ал бүгін оның тереңіне аздап бойлап отырғандаймын. Тарақ тегінде адам баласының тіршілігіне соншалық керекті боларлық зат емес. Ас емес, ас пен киімге қол жеткізуге қайла қыларлық құрал да емес. Екінші қыздың жұмбағын шешудің қиындығы жоқ. Айна өзіңе үңілу, өзіңді тектеу, өз жаныңның қатпарын барлауға меңзейді. Үшінші қыздың тілеуін бәріміз бірден түсіне аламыз. Демек, үлкен қыздың тарақты алдымен жоқтай қоярлық жөні ойға қаншалық қонымды? Мәселе сөзсіз басқада. Тарақ — кәдуелгі тарақ болуы да неғайбыл. Ол - символ. Кісілік сәннің, салтанаттың, барақаттың символы. Аш адамның, ұсқын туралы ойламайтын жанның тарақты есіне алуға мұршасы келе қоймасы айдан анық. Олай болса үлкен қыз кәдіксіз сәнін, әке-шешесі бар шағындағы уайымсыз барқадар шағын жоқтап отыр. Ертегі авторы тараққа солай мән бітірген. Естеріңізде болса Ер Тарғын жырында Ақжүністің бегзаттығын бейнелейтін тұста “шашын дынданмен тараған” дейтін тармақ бар. Дындан дегені піл тісінен жасалған асыл тарақ. Ақжүністей ақ ханшаны дындансыз елестете алмаймыз. Дындансыз Ақжүніс бес қаруы сай ердің сұлтаны Тарғынға тең емес. Және бір мысал: Қазақ мифінде албасты деген кейіпкер бар. Оның қолынан тастамайтын сиқырлы кітап, күміс теңге, тарақ сынды үш құралы бар деседі. Ол енді шын болса тарақ арқылы адамды салтанатқа арбап, аздыруға болатынын бізден гөрі жақсы білсе керек. Ендеше, ойлаңызшы, ертегідегі үлкен қыз неге тарағын жоқтамасын?!
Жазушы Дәурен Қуаттың “Мүйіз тарақ” атты әңгімесі бар. Әңгімедегі бас кейіпкер Ырымкеш кемпір бойжеткен шағында ағасы Тұрсынахмет оған күміс тарақ сыйлайды. Ырымкеш ұзатылып, көп өтпей ағасы түрмеде қаза табады. Күміс тарақ аяулы ағаның көзіндей болып, келіншек Ырымкешке серік болып жүрген тұста үйіне қонақ келеді. Қонақ болғанда түкірігі жерге түспейтін үлкен шенділер. Күміс тарақ ескінің қалдығы есептеліп, сол шенділерге қолды болады. Күміс тарақтан айрылған шерлі келіншекке ауылдағы сәбет дүкенінен мүйіз тарақ бұйырады. Сол мүйіз тарақ ғұмыр бойы жолдас болып, кемпірдің пәниден өтуіне де куәгер болады.
Сәбеттік тоталитарлық жүйе күміс тарақты тартып алды. Отаршылдық қазақтың айдын көлдің бетінде мамырлап, қаздай қалқыған еркі мен баяшат дәуренін көрген түстей оралмасқа жіберді. Сөзіміздің басындағы тарағын жоқтап мұңайған үлкен қыздың жан күйзелісі ертегіде қаншама қарапайым бейнеленгеніне қарамастан, қазақ даласының аспанын қызыл күрең шер мен қара сұр қайғы қымтап алған-ды. Қазақтың бұлғаңдап бұла өскен қыздарының сәбеттік тоталитарлық жүйеде сәнінен, салтанатынан — ағасының көзіндей болған күміс тарағынан айрылуы да заңды құбылыс еді. Оны басынан бақайшығына дейін кісілік рухани құндылықтардан белсене безінген, гуманизмді, өркениетті қан сіңген өкшелерімен өлермендене таптаған сәбеттік жүйенің шенеуніктері асыра орындаған болатын. Ал мүйіз тарақ жұбаныш қана еді. Күміс тарақты іздетпегенімен қоймай, күміс тарақты еске ұдайы түсіретін ойпыл-тойпыл күндердің, ордай үңірейген өліара мезеттердің естелігі іспетті болатын. Тарақ туралы ойлануымызға себеп болғаны да жазушының осынау детальдарды әңгімеге соншама шынайы, шебер сіңіруінен туған жұмбақ, тақырыптың жұмбағы болды.
Әңгімеде қонақ боп келген сәбеттік шенділердің біреуінің құлын етіне құмарлығы сөз болады. Нәтижесінде енесінен жетім қалып, өз баласындай болып, Ырымкештің қолынан сүт ішіп, еркелеп төсіне тұмсығын тығып өскен жирен құлынның еті қазанға түседі. Құлынның бауыздалған сәтін автор ”құлынның ай маңдайы жоңғардың жондарында шашылған күннің қан қызыл шапағына шаншылып қалды” деп суреттейді. Бұл сөйлемді түсіндіру артық, мадақтау жеткіліксіз. Өздері шыр еткен көре алмай қыстығып, жирен құлынмен мауықтарын басып жүрген Ырымкеш пен күйеуінің шыжғырылған жүрегіне қандай басу айтсаңыз да дәм татусыз боларына күмән кем шығар. Жирен құлын елесінің кемпір есінен өле-өлгенше көтерілмеуінің де бір себебі сол. Бейсаналы түрде ана мен баладай жақындаған ерке құлын мен бұла келіншек ортасындағы махаббатты мал түгілі адамның құнын түсінуге әлі жетпейтін қызыл шенеунік ешқашан түсіне алмас еді. Дәл осы арада біздің есімізге карнавализм деген термин түседі. Тек мұнда ойыншыққа, нысанаға айналушының, келіншектің карнавалдық трагедияның кейіпкері екенін біздің сезе білмейтініміз қиын. Өйткені, ол келіншек мүлде жалғыз емес-тін. Тіпті, саны тобырдан көп еді. Ал, жазушы оны бізге өзіміздің де, мүмкін, өзінің де нысана болғанын еске салу үшін көз алдымызға әкеліп берді.
Әңгімеде негізінен қонақ боп келген шенеуніктердің образын сомдай отырып, он тоғызыншы, жиырмасыншы ғасырлардан тартып, бүкіл әлемді шарпыған гуманистік құндылықтардың күйреуінің, әлемдік рухани дағдарыстың сәбеттік үстемдік салтанат құрған қазақ далысындағы бір көрінісін ашады. Кішкентай ғана қазақ ауылындағы жас отаудың ес-ақылын шығарып кеткен қонақтар адамзат мыңдаған жылдар бойында қалыптастырған сол кісілік, ізгілік, ұждан ұғымдарының қатардағы ғана жендеттері еді.
Әдеби мәтіннің мәніне қатысты түйінді нәрселерді біз тарихқа жүгінгенде оңайырақ шешеміз. Мәтін астарын ақтаруға тарихтың хақысы да, қуаты да жеткілікті. Егер шығарма шынымен шығарма болса, онда оның желісі сөзсіз тарихи шындықтың кеңістігінен тамыр тартады. Мәтіннің ішкі мәнін ұғыну үшін қаншама зерттеу методикалары барын мен анық білмеймін. Білетінім, тарих ұдайы көзден ғайып болып, жадыға айланады да, оның орнын әдеби тарих алмастырады. Тарихтанудың, жаңа тарихшылдықтың осы негіздемесіне сүйеніп біздің де “Мүйіз тарақтан” еш күмәнсіз тарихи, әлеуметтік мән іздеуімізге болады. Және, табамыз.
Ырымкеш кемпірдің басына түскен қасірет бұл ғана емес-тін. Оны алда кеңес дәуірінің радикалды гендерлік саясатын еміп өскен, отбасылық дәстүрлі институттың иісі мұрнына бармайтын қатігез келіннің әуресі, жалғыз ұлы Тойшанның қазасы, Жалғызынан айрылған соң күйіктен көз жұмған күйеуінің өлімі күтіп тұрған.
Осы трагедиялардың ішінде кемпір Тойшанның өлімін қабылдай алмайды. Психоанализ іліміне сәйкес адамның қол соза ұмтылған нәрсесі көбінде өткен өмірде көксеген дүние болып шығады. Бұл, әсіресе, ауыр күйзелістерге байланысты. Бұрын болған ауыр оқиғалар адам жанына жара салып, түйсігінің берекетін ұшырып, өшпестей із қалдырады. Соның нәтижесінде өткен өмір осы шақпен бірге өріліп, тіпті болашақтың да ірге тасын бірге қалайды. Өткен күннің белгілері көзге оттай басылып, кейбір әрекеттер жаңғырады. Бұрын басып өткен іздерді қайталай басады. Ауыр болғанда психологиялық тұрғыдан ауытқуға ұрынады. Ырымкеш кемпір ұлының қазасын санасынан өшіріп тастаған. Бұл негізінен Ырымкештің бейсанасының реттеуі. Адам тым ауыр күйзеліске ұшырап, сана жүйесі қайғының құйынынан былыққанда, бейсана ырықты орынға шығып, дәл сол ауыр уақиғаны жадтан өшіру арқылы жүйені қайтадан қалыпқа түсіруге әрекет жасайды. Кемпірдің Тойшан өлімін ұмытып қалуының себебі осы. Ал Тойшан бар кездегі өткен өмірге қайтып кетуі, немесе, Тойшанды осы шаққа әкеліп алуының себебі психологиялық ауытқудан. Берік иллюзиялық кеңістік жасап алған. Бірақ анда-санда жадының түбінде жатқан информация қаңғылестеп мезетке сыртқа шығып кететіні бар. Оны кемпірдің мүйіз тараққа оралып қалған шөкімдей шашына қарап отырып ойланған сәтінен білуге болады. “Әйелдің шашы шашылмау керек. Әйелдің шашы жерге шашылып жатса, фәни жалғанды ерте тастап кеткен ұрпағы әр талын жинап, қиналып жүретін көрінеді” деп ойланып бара жатып есін жиып алады. Дәлірек айтқанда, өзінің жасап алған әлеміне тұйықсыз қайтады. “Астапыралла, алжыған басым не сандырақтап отырмын? Балам аман, бауырым бүтін. Тойшаным томпиып алып ұйқыны соғуын-ай өзінің! Алаңсыз ұйықта, аймаңдай құлыным менің. Сен оянғанша анаң ошақтың отын үзбейді” деп еміренеді. Бұл Ырымкештің ана жаны төзгісіз қасіретінің ең бір ауыр бейнеленуі. Сөз ойнату бар да, сөзді жүрек түбіне шым батырып, шер бүрлету бар. Автордың Ырымкеш қасіретін біздің жанымызды осқан ызғарға айналдырып толғаған шеберлігінің бір парасы да осы тұс. “Теңізді де кесіп өтіп жетпей ме, жан ботасын сағынғанда аруана.” деген ән жолдарындағы теңізді дәл осы арада Ырымкеш ананың Тойшанмен өлім ажыратқанда пайда болған уақыт, кеңістік дейтін ақыл бұзып өте алмас аралық дер едім.
Дегенмен, біз жазушының қазақ прозасындағы мистикалық бағытта қалам тербейтін санаулы автордың бірі екенін ескерсек, Ырымкештің өле-өлгенше жалғыз ұлын жоғалтпай ғұмыр кешкеніне еш күмән келтіруге хақымыз жоқ. Мистицизм үшін ақылдық тұрғыдағы дүниетаным тым шектеулі аумақ. Яғни, рационалистік санамен кереғар. Осы түсінікпен қарасақ, Тойшанның аруағы анасының қасынан ұзамаған. Есесіне, анасы да оны емін-еркін көреді. Екеуі сұқбаттасады, өткен-кеткенді қозғап, шүйіркелеседі. Мүмкін, Тойшанның да өлер алдындағы орны толмас өкініші анасының қасында болу шығар. Содан да ол аруаққа айналып, тірі кезіндегі тіршілігін айнытпай қайталайды. Ал бұған қазақтың дәстүрлі дүние танымындағы аруақ феномені туралы зерттеулер еш шек келтірмейді. Жак Дерриданың онтотеологиясын да осылай қарапайым түсініп, көмекке шақыруға болады. Яғни, иррационалистік санадағы ақиқатты сіз идеялар мен заттардан басқа жерден табуыңыз мүмкін емес. Тойшанның мәнін де. Тойшанның метафизикалық мәнге айналуы үшін үлкен күрестің керегі шамалы, бұл үдерістің жолы ежелден бізге таңсық емес.
Жалпы, мистикаға байланысты барлық сала кеңес дәуірінде қызыл идеологиямен қарсы жағалаудан табылып, мүмкіндігінше кері тартпа ағым ретінде қарастырылды. Тұншықтырылды. Затында мистиканың ең бір толағайланып, қордаланып келген өңірінің екеу болса біреуі - Орта Азия аумағы еді. Біріншіден, Орта Азия — тоғыз жолдың торабы. Ұлы Жібек жолымен шартарапқа екі мың жыл бойы ағылған, әлемнің бір түкпірінен бір түкпіріне жол тартқан керуендердің ең маңызды аялдамалары Орта Азияда. Бұл әлемдік мәдени-рухани қарым-қатынастардың Орта Азияны алуан түрлі өркениеттер, ұғымдар, түсінік-танымдар, діндер өзара қоян қолтық араласқан базаға айландырған. Ал, мистикалық элементтер, образдар бұл арада молдап кездесетін, сол элементтердің жарым-жартысына жуығының ежелгі өзге өркениеттердің сыйлығы екенін біз бүгінде анық бағамдап отырған себебіміз сол. Екіншіден, Орта Азия ислам мистикасын теңдессіз шырқау биікке шығарған суфизмнің ықпалында болды. Түркістан екінші Мекке атанып, онда Әзірет Әлі дүрбесі бой созды. Үшіншіден, түркілердің байырғы діні Тәңіризмнің (шаманизмнен дамып, бөлініп шыққан дін) танымы, салт-жоралғыларымен қоймай, ондағы мифтік кейіпкерлер, мистикалық ескі образдар ортамызда күні бүгінге дейін бізбен бірге өмір сүруде. Осынау жобамен толғанатын болсақ, Тойшан сынды кейіпкердің болуы да, оны жазатын жазушының ортамызда жүруі де таңғаларлық дүние емес. Есесіне, мистикалық сананың дамуына орай бүгінгі әдеби шығармашылық үшін мыңдаған жылдар бойы піскен, құнарланған топырақ бар деген сөз. Ал, автор осы құнарлы топырақтың перзенті болып тұр.
Әңгіме Ырымкештің мүйіз тарақтан суырған шашын шөкемдей ұстаған күйі ошағының аузында отырған қалпында өмірден озғанын айтып ақырласады. Көз алдыңызға дәл осы отырысындағы кейуананың бейнесі келді деп ойлауыма рұқсат етіңіз. Ендеше, біз Ырымкеш мүсінінің алдында өткенге бажайлап, қиялымыздың жетегінде тұрған көрерменге айналдық деген сөз. Бірақ, Ырымкеш көрген азап, ол өткізген зобалаң әлі аяқталмапты. Аяқталмауының бір дәлелі біз оның осы өлген қалпындағы бейнесіне қарап іштей күрсінетініміз. Қайғыны қайғы таниды деген сөз бекер айтылмаған.
Бір әңгіменің ішіне қанша тақырып, қанша идея байланып, сіңірілуі керек екенін мен білмеймін. Мен мұнда бар болғаны автордың әңгіме жазудағы иненциясын болжаушы ғанамын. Дегенмен, мақсатымыз өзіміз ұнатқан әңгіменің мәніне бойлау және бойлаған болмашы деңгейімізді көппен бөлісу.
Бөлісу: