Айнаш Қасым. Шираздық Хафиз – шайырлардың шайыры
Бөлісу:
Шираздық Хафиз – ғасырлар өткеніне қарамастан шығармалары елінде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде танымал ирандық шайырлардың бірі. Хафиздің өмірі мен шығармашылығы әлі күнге дейін ирандық және шетелдік әдебиеттанушылардың зерттеу еңбектеріне арқау болып келеді. Хафиз поэзиясының тақырыбы –көбінесе ғашықтық, сүйіктіден жырақтық, илаһи мистицизм, екіжүзділікті әшкерелеу сияқты әралуан.
Әлемдік деңгейде танымал иран ақыны Шамсуддин Мұхаммед Бен Баһааддин Мұхаммед Хафиз Ширази поэзияда Моулана мен Сағди және Низамидің жолын ұстанды. Хафиздің атағы жалпы мен жалқыға таралып, өлеңдері Иран халқының мәдениеті мен өміріне терең әсер етті.
Ирандықтар арасында шейх Хафиз Ширази жасырын сырлар мен ғайып әлемінен хабардар деген сенім қалыптасқандықтан, өмірде қиындыққа тап болған кезде Хафиздің диваны – жыр жинағына жүгіну арқылы жорамал негізінде дұрыс шешім қабылдап, болашақтан хабар алатын сенім бар. Үйлену, жұмыс істеу, білім алу және нәресте туу туралы шешім қабылдау – ирандықтар болжам жасайтын жағдайлардың қатары.
Хафиздің өлеңдері Иранның дәстүрлі музыкасында, бейнелеу өнері мен каллиграфиясында да көп қолданылады. Иран халқы дәстүрлі және ұлттық түрлі рәсімдерде, әсіресе Наурыз мейрамы мен қыстың ең ұзақ түні – Ялда түнінде Хафиздің ғазалдарын оқып, ертеден келе жатқан дәстүр бойынша соның негізінде жорамал жасайды.
Хафиз хижри қамари жыл санағы бойынша 727 жылы, милади күнтізбесі бойынша 1326 жылы Ширазда дүниеге келді. Әкесі Баһааддин тас көмір саудагері болды. Кейбір рауаяттарға сәйкес, Хафиздің екі ағасы, келесі бір рауаят бойынша бір ағасы мен бір апайы болған.
Хафиз бала кезінде әкесі оқыған Құранды тыңдап, жаттап алғандықтан, «Хафиз» тахаллосы соған байланысты берілген. Жеткіншек кезінде Сағди, Әттар, Моулана, Низами сияқты үлкен ақындардың өлеңдерін де жатқа білген.
Хафиздің әкесі дүние салғанда артында көп қарызы қалған. Сондықтан Хафиз анасы екеуі ағасының қолына қарап, кіріптарлыққа ұшыраған. Ақын кедейшілік пен жоқтық салдарынан мектепті тастап, бала кезден киім сататын дүкенде, кейін наубайханада жұмыс істеген. 21-27 жас аралығында наубайханада жұмыс істеп жүргенде қаланың байлары тұратын жерге нан тасыған. Сол кезде ғашығы Шахе Набатты кездестірген.
Шахе Набат 12 жастағы сұлу қыз болған. Хафиз оның сұлулығы мен кемелдігіне тәнті болғанымен, бұл қыз өзінің махаббатын бағаламайды деп ойлаған. Алайда Хафиз сүйіктісіне қосылу үшін Баба Куһидің мазарында 40 тәулікті ұйқысыз өткізіп, дұға тілеп, Пәруәрдігерден жәрдем сұрап, соңында жүрегінің қалауына жетіп, сүйіктісі Шахе Набатқа үйленген. Ол өлеңдерінде Шахе Набат есімін көп атаған. Хафиздің зайыбына көңілі ала-бөтен болған. Бұл некеден шайыр бір перзент сүйді.
Хафиздің әйелі сапарларының бірінде қайтыс болды. Жұбайы жырақта көз жұмғандықтан, Хафиз оның қабірінің қайда екенінен бейхабар қалған. Анасының қазасынан біраз уақыт өткен соң ұлы да Үндістанға сапары барысында қайтыс болды. Кейбір зерттеулерге сәйкес Хафиздің екі баласы болса, екінші ұлы 7 жасында қайтыс болған.
Хафиз ғазалдарының жартысынан көбін 60 жастан бері көзі жұмылғанша шығарды. Оның өлеңдерінің тақырыбы көбінесе мистикалық, болмыстың бірлігі тақырыпарын қамтыды.
Хафиздің лақап аттары көп болған. Солардың қатарында «Лисан әл-ғейб», «Тарджоман әл-әсрар», «Лисан әл-әрафа», «Назем әл-оулиа», «Болболе Шираз», «Хадже ерфан», «Хадже Шираз», «Кашеф әл-Хақайеқ», «Маджзубе салек», «Тәрджоман әл-лисан» сияқты аттары бар.
Хафиз көзі тірісінде-ақ Бағдадтан Үндістанға дейін өзі мен замандас ақындардың мақтауына бөленді. Бүгінде ирандықтар мен әлемнің үлкен ақындары арасында ең сүйікті шайырлардыңбірі. Оның шығармалары Әзірбайжан, Армения мен Грузияның кітапханаларынан көптеп табылады.
Хафиз диваны 50 жыл ішінде жазылған 500 ғазал мен 42 рубаи және бірнеше қасидадан тұрады. Хафиз шабыты келген уақытта ғана өлең жазғандықтан, орташа алғанда жылына бар болғаны он ғазал шығарды. Ол мақшұғының шынайы дәрежесіне лайық шығарма жазуды басты назарда ұстады.
Хафиз поэзиясының маңызды ерекшелігіне тақырып алуандығы жатады. Хафиздің диванын ашып, бір ғазалды оқыған адам өзінің көңіл-күйіне лайық түсінік алады. Тіпті Хафиздің өлеңі оның осы жағдайына сол сәтте шығарылғандай күйде болады.
Хафиздің өлеңдерін батыс әлемінің ақындары мен данышпандары мадақтап, ақынды «шайырлардың шайыры» деп атады. Гете мен Емерсон – Хафиздің шығармашылығына тәнті болған ең танымал тұлғалар. Екеуі де Хафиздің өлеңдерін неміс, ағылшын тілдеріне аударды. Гете оның өлеңдерінің тереңдігіне бойлаған соң: «Хафиз өлеңдерінде бұлтартпас шындықты сақтап қалды. Хафизге тең келетін ақын жоқ», – деді. Емерсон: «Хафиз ешнәрседен қорықпайды: ол көп нәрсені көреді, ол тұтасты көреді. Ол – мен оны көруді армандаған немесе ұқсағым келетін жалғыз адам», – деді.
Хафиздің өлеңдерін батыс әлемінің Ницше, Артур Конан Дойл сияқты ұлы тұлғалары жоғары бағалады. Ницше жазбаларында Хафиздің есімін Гетемен талай рет қатар атап, екеуін де терең даналықтың шыңы санады. Эдвард Фицджеральд Хафизді «Сөздің ең жақсы музыканты» деп атады. Гарсиа Лорка мен Иоганнес Брамс Хафизді мақтады, тіпті Англия патшайымы Виктория ерекше және қажет уақытта Хафиздің диванына жүгінген деседі. 1771 жылы Хафиз шығармаларын британ шығыстанушысы Уильям Джонс алғаш рет ағылшын тіліне аударды.
Иранның ұлы ақыны, мистик Хафиз Ширази хижраның 792 жылы дүние салды.
Иранның ресми күнтізбесінде 20 меһр – Хафизді еске алатын күн. Бұл күні ирандық және шетелдік зерттеушілердің қатысуымен Шираз қаласындағы Хафиздің мазарында әдеби-мәдени шаралар өтеді.
Бөлісу: