Тәуелсіздік және әдебиет

Бөлісу:

20.10.2022 3551

Көп ғасырлық ежелгі тарихи дәстүрі бар қазақ әдебиеті – тамыры тереңге тартқан зерделі әдебиет. Алғаш қазақ тілінде сөйлейтін әдебиет туа бастағаннан бергі уақыттағы қазақ әдебиетінің тарихын бағамдап қарап отырсақ, көркем әдебиетінің негізгі бес түрлі кезеңге бөлінетіндігін байқаймыз. Бірінші кезең – XV-XVIII ғасырларға дейінгі қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет, екіншісі, отарлық дәуірдегі әдебиет, оның өзі XIX ғ әдебиеті және ХХ ғ. басындағы әдебиет болып екіге бөлінеді, үшінші кезең 1917 жыл мен 1991 жылдың аралығын қамтитын кеңестік қазақ әдебиеті және 1991 жылдан яғни тәуелсіздік алған тұстан басталатын тәуелсіздік тұсындағы төл әдебиетіміз, немесе қазіргі дәуірдегі әдебиетіміз.

XV-XVIII ғ.ғ. созылған қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет – негізінен жыраулар поэзиясы болады. Жыраулар поэзиясы бұлқынған бұла күштің, еркін күштің, серпінді де асқақ, азат рухтың көрінісі болды. Нағыз көшпелі рухтың, қазақы ділдің мазмұны айқын көрінетін поэзия болды. ХІХ ғасырдағы әдебиет – ақындық, серілік өнердің поэзиясы болды. Бұл әдебиетте өмірдің сұлулығы, әсемдігі, эстетикалығы, даралық стиль мен көркемдік мұрат-мақсаттары айқындалды. Шығармашылық даралық, авторлық позиция мәселелері жетіле түсті. Ал ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіне келсек, ол нағыз азаттық ұранын ту еткен, Алаш қайраткерлері тудырған әдебиет болды. Бұл әдебиеттің көркемдік манифесі - А.Байтұрсыновтың «Қырық мысалы» мен М.Дулатовтың «Оян қазағы» еді. Жазба әдебиеттің жанрларыда осы кезде қалыптасып, дамып, түрлене бастады. Көркем проза үлгілері де жанрлық тұрғыда жетіле, кемелдене түсті. Көркем әдебиеттің көркемдік сапасы, кәсібилігі артты.

20 жылдардағы (ХХғ) М.Әуезовтың сыншыл реалистік, романтикалық ыңғайдағы прозасы, Ж.Аймауытовтың көркем прозасы осының айғағы. 

 Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінде 20-30-40-50 жылдарда (ХХғ) бірыңғай тапшылдық, партияшыл ұран күшті болғанмен, 50 жылдардан былай қарай өмір шындығының терең қатпарларына бойлаған шынайы, реалистік көркем дүниелер туа бастады. С.Мұқановтың «Мөлдір махаббаты», Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлкесі», М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы өзінің классикалық бітімімен ерекшеленеді. 

 Қазіргі қазақ прозасы ұлттық тақырыптың нәрі мен сөлінен, ұлттық көркемдік дәстүрлердің үлгілерінен құнарланған, әлемдік әдеби дәстүрдің поэтикасынан сусындаған, танымды, зерделі биік проза. Нобель сыйлығына ие болып жатқан біраз шығармалардың көркемдік сапасы қазақ прозасының биік үлгілерінен оқ бойы төмен тұр. Бар мәселе – қазақ прозасының әлемдік әдеби кеңістікте жеткілікті насихатталмауында, сапалы аудармаға қол жеткізе алмауында. 

 Алпысыншы жылдары (ХХғ) қазақ әдебиетіне келген әдебиеттің талантты жас толқындары – Т. Әлімқұлов, І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, А.Сүлейменов, Қ.Жұмаділов, Б.Нұржекеев, Д.Исабеков, Ә.Тарази, С.Мұратбеков, Ш.Мұртаза, Д. Досжанов, К.Сегізбаев, К.Ахметбеков, С. Жүнісов, М. Сүндетов, С. Сматаев, Т, Әбдіков, С. Досанов, Р. Тоқтаров, Б. Аманшин, Б. Тілегенов болса, олардан кейінгі осы топтың ізін жалғастырған талантты топ: Т.Тілеуханов, О.Бөкей, Д.Әшімханов, М.Қабанбаев, Т.Нұрмағамбетов, Н.Серғалиев, А.Нұрманов, Т.Жармағамбетов, М. Қаназов, Н. Ақышев, С.Елубаев, Б.Мұқаев, Ш.Құмарова, М.Қожахметова, Б.Алдамжаров, Ж.Мусин, Е.Мырзахметов, Т.Қажыбай, М.Хасенов, Ш.Күмісбаев, С.Жәнәбілов, Ә.Әзиев, Ө.Ахметов, Ұ.Доспамбетов, Р.Ниязбеков, Ж.Нәжмеденов, С.Нарымбетов, С.Балғабаев, М. Байқұтов, А.Жақсыбаев, Т.Ахметжанов прозалары – әлемдік дәстүрлі прозаның реалистік сипаттың таңдаулы үлгілерімен бәсекесе алатын шынайы дүниелер. Осы толқынның өнегелі істерін жалғап жүрген таланттар – Т.Сәукетаев, Ә.Асқаров, А.Алтай, Р. Отарбаев, А.Ықсан, Р.Мұқанова, Г.Шойбекова, Т.Шапай, Т.Әлжанов т.б прозалық туындылары әлемдік әдеби үрдістердің жаңашыл талаптарына жауап бере алатын өрнекті прозалардың жақызуға болатын көркем дүниелер. 

Ұлттық поэзия көгіне 60 жылдары келген үлкен талантты топ: Т.Айбергенов, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ғ.Қайырбеков, Е.Ибраһим, С.Иманасов, И.Сапарбаев, И.Оразбаев, Ж.Әбдірашовтар, Қ.Мырзабеков, Ж. Жақыпбаев, С. Оспанов, А. Шаяхметов, С. Асанов, К. Салықов, К. Ахметова бастаған көшті бүгінде Ұ.Есдәулетов, М.Ыбыраев, Т.Әбдікәкімов, Г. Салықбаева, Х. Есенқарайова, Ғ.Жайлыбай, М. Ерімбетов, Қ. Мырзабеков, А. Бақтыгерееова, Қ. Бегман, Е.Ашақбаев, С. Нұржанов т.б. жалғастырса, одан кейінгі бүгінгі жастар поэзиясының айдынында өз өрнегін қалдырып жүрген  Ж. Әшімжан,  Қ.Сарин, Б. Жақып, Т. Ілиясов, А. Ақынбаба т.б. атауға болады. Осы топқа Көкше өңірінен шыққан Е.Баятұлы, А.Темірбай, А.Бердалин, М. Тоқсанбай, Қ. Оспанов, С.Жетпісқалиевтердің шығармашылықтарын қоса кеткеніміз жөн.

Қазіргі өлеңдердің тақырыптық диапазон кең де, сан алуан. Ежелден келе жатқан сүйіспеншілік, көңіл-күй лирикаларын былай қойғанда, ежелден ауызға қақпақ болған, бұғаулы тақырыптар: ұлт мүддесі, оның өткені, болашағы, қазіргісі, ежелгі түркілік дәуір, түркілік сана, діни сана сияқты тақырыптардың тығыны ағытылды. Ешкім бөгет болмайды. Қанша жырласаң да өзің біл! Баяғы «Қызыл тіл қолым емес кісендеулі»дейтіндей Мағжанның заманы жоқ. Осының барлығын тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріміз, еркіндігіміз деп түсінген жөн. Бұрынғыдай әдеби шығарма қалай жазылу керек, нені жазу керек, нені жазбау керек деп бақылау қоятын партиялық цензура жоқ. Нені жазсаң да еркің! Тек көркемдік мақсат-мұратты ұмытпасаң, эстетикалық идеядан ауытқымасаң болды.

 Қазіргі таңда әдеби сынның тоқырап тұрғаны рас. Көптен бері терең аналитикалық, биік, әдеби, эстетикалық деңгейдегі сындар көрінбей кетті. Поэзилық керемет дамып кетті деп жатыр біреулер. Бір қарасаң расында солай сияқты. Өлеңдердің поэтикалық ырғағы да, ұйқастары да мығым. Өлең техникасы да қатып тұр! Кез-келген өлеңдерінде аллетерация мен ассонансты, әріп, дыбыс әуезділігін, үйлесімін қырық құбылтып, құйқылжытып, зыр ойнатып, ерттеп мініп алғандары қаншама!  

Посмодерндік реңдегі өлеңдер де жетіп артылады. Осы жерде ой мен сезім бірлігі тоғысқан өлеңдердің азайып бара жатқанын айтуға тиіспіз. Қалайда поэзия көркемдік қуатын табуға тиіс. 

 Қазіргі проза әлсіреп кетті деген де пікірлер бар. Оның біразының объективті, субъективті себептері бар. Қоғамдық-әлеуметтік құндылықтардың өзгеруі, өтпелі, өлара кезең, жаңа дүниетанымдық, әдіснамалық, көркемдік әдіс мәселесінің дағдарысы (социалисттік релизм әдісінің тарих аренасына кетуі), нарық қыспағы т.б. Алайда тәуелсіздіктің алдында, тәуелсіздік жылдарында проза жанрында іргелі, сүбелі дүниелердің туғандығын айтуымыз қажет. Мысалға Бекежан Тілегеновтың «Қара жел», «Сексен алтыншы жыл» романдары, Рофаэль Ниязбековтың «Тас құдайлар» романы, Мұхтар Мағауиннің «Жармақ», «Сары қазақ» романдары, «Қыпшақ аруы» хикаяты, «Талайсыздар», «Тамыздан соңғы әңгімелер» әңгіме-циклдары. Қабдеш Жұмаділовтың «Дала Прометейі», «Таңғажайып дүние» романдары, Тұрысбек Сәукетайдың «Ай қараңғы», Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай,  мен қайтейін биігіңді», Асқар Алтайдың «Сират» романдары, Тұрсынжан Шапай, Роза Мұқанова, Асылбек Ықсан, Айгүл Кемелбаева, Гүлзат Шойбекова, Жанар Әбдішова, Мәдина Омарова, А. Мантаева, Думан Рамазан, Жарас Сәрсектердің көркем әңгімелері қазіргі көркем прозаның айшықты үлгілері екені даусыз. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихи тақырыпқа арналған романдар да көп жарық көрді.Олардың қатарында Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Қалмұқан Исабаевтың «Серт», «Шоң би», Кәдірбек Сегізбаевтің «Беласқан», Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз», Хасен Әдібаевтің «Отырар ойраны», Жанат Ахмадидің «Шырғалаң» романдарын атап өтуге болады.Бұл да болса,әдебиеттің «жабық»тақырыптарға еркін қалам тартуы деп қабылдауға болады»- дейді Айым Бектұр.

Сыншы,әдебиеттанушы Анар Қабдуллинаның айтуынша,тәуелсіз әдебиеттің басында Тыныштықбек Әбдікәкімов,Рахымжан Отарбаев, Роза Мұқанова, Әлібек Асқаров, Ұлықбек Есдәулет және т.б. тұр.

Тоқсаныншы жылдардың басында бұрынғы қоғамдық құрылым келмеске кетіп, оның орнына бұрын соңды болмаған нарықтық қатынас орнай бастағанда социалисттік реализм әдісінің шеңберіндегі қаламгерлеріміз біраз абдырап қалды. Барар жол белгісіздеу, алдары Абай атамыз айтқандай «көк тұман» еді. Дағдылы ірі прозалық шығармалардың орнына үлкенді-кішілі қаламгерлеріміз әдебиеттің мемуарлық жанрында қалам сілтей бастады. Бұрын айтылмай келген талай сырлардың тиегі ағытылды. Былайғы жұртқа белгісіздеу талай құпиялар осы естелік дүниелерде оқырман талқысына ұсынылды. Бұлардың қатарына ақсақал жазушыларымыз Ә.Нұршайықовтың, Ә.Әбішевтің, Х. Ерғалиевтің , С. Қирабаевтің естелік шығармаларында талай жайттардың беті ашылып, жаңсақ деректер шынайы деректермен толықты. Осы кезеңдерде туған мемуарлық романдардың ішінде өзінің көркемдік қуатымен, айшықты образы, кестелі тілімен оқырман жүрегін баураған көркем дүниелердің қатарында М.Мағауиннің «Мен» роман-хамсасы, Б. Тілегеновтың «Әдебиет – менің отаным», Қ.Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние», Қ.Ысқақовтың «Келмес күндер елесі» романдарын атауға болады. Тәуелсіздік жылдарында тарихи тақырыптағы романдар да көп жазылды. Мысалға М.Мағауиннің «Шыңғысхан», Қ.Жұмаділовтың «Тағдыр», «Дарабоз», Б.Алдамжаровтың «Ұлы сел», С.Сматаевтің «Елім-ай» романдары оқырмандарының жылы ықыласына бөленді. Бұрын оқырмандарға белгісіз болып келген қазақтың кейбір батырлары мен билерінің тұлғалары тарихи тақырыпқа қалам сілтеп жүрген қаламгерлердің туындылары арқылы қалың жұртшылыққа жол тартты.

 Бұрын кеңестік кезде бір ғана социалистік реализм әдісіне кіндігін ен бойлаған қазақ қаламгерлері әлемдік әдеби әдеби үдерістегі басқаша тенденциялар, ағымдар мен бағыттарға жақындай алған жоқ.

 Дей тұрсақ та 1960-80 жылдардағы қазақ прозасында модернистік әдебиеттің басты принциптерінің бірі ретінде көрініс табатын шындықты, характерді көркем шығарманың өн бойында «сана ағымы» (поток сознаний) тәсілімен өрнектеу сияқты ерекше көркемдік стиль белгілері М.Мағауиннің «Тазының өлімі», «Көк мұнар», Т.Әбдіковтың «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды». А.Сүлейменовтың «Бесатар», Ә.Кекілбаевтың «Күй», «Ханша-дария хикаясы», «Бәсеке», «Шыңырау», О.Бөкейдің «Мұзтау», «Өліара», «Сайтан көпір», «Қар қызы», «Жетім бота», «Құм мінезі», Д.Исабековтың «Қарғын», «Тіршілік», «Сүйекші», «Өкпек жолаушы», С.Елубаевтың «Жарық дүние» т.б. шығармаларында көрініс тапты. Бұл шығармаларда қоршаған орта мен қаһарман қатынасын «сана ағымы» арқылы көрсеткен.

Қазіргі қазақ прозасында постмодернистік сипаттағы шығармалар туа бастады. Мысалға М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы», «Жармақ», Т.Әбдіковтың «Парасат майданы» сияқты шығармаларда тұлғаның екіұдайлығы (амбивалентті), тұлғанның қос жарылуы сияқты сипат белгілері бар. Айнала, ортаға, шындыққа деген адам табиғатындағы қарама-қайшы сипаттар (дуалистік, амбиваленттік) құбылыстар, екіұдай сезімдер, көзқарастар, тұжырымдар, позициялар кейіпкерлер тұлғалары тосын белгілер арқылы ашылады. Әдебиеттегі осы тың үрдіс боп саналатын ағым сипатында жоғарыда аттары аталған М.Мағауин, Т.Әбдіков сияқты қаламгерлерден басқа Т.Шапай, А.Ықсанов, Д.Амантай, А.Жақсылықов, А.Кемелбаева,        А. Мантаева, М.Омарова сияқты жазушылардың шығармаларын жатқызғанымыз абзал. 

Осы орайда Әбіш Кекілбаевтың мына сөзі еске түседі: «Қай кездің әдебиеті де бір тегіс емес, ала-құла. Қаламгерлерінің таланты, шығармаларының көркемдік деңгейі бір деңгейде тұрған әдебиет әлемде ешбір елде, ешбір заманда кездескен емес. Оның жақсысы да, жаманы да болады. Құласын көрсетсең – ешкім қанағаттанбайды. Төбелін көрсетсең – көпшілікке жақпайсың. Жақсысын көрсетсең – тарылады. Жаманын көрсетсең – арланады. Нашарын сынасаң – бір адамға жақпайсың. Жайсаңын мақтасаң – былайғыларының бәріне жақпайсың».

Қанша айтқанымызбен де қазіргі қазақ әдебиетіндегі жастардың екпіні серпінді, қадамдары нық. Еркін рух, батырлық сияқты қасиеттер патетикаға толы риторикасы мен ерекше пафосынан байқалып тұрады. Жастар әдебиетіндегі мұндай азат, еркін рухты ой тәуелсіздік жылдарының айқын жемісі екені даусыз. Кемел әдебиетіміздің мәңгілік рухы жарқырай берсін деп тілейік!

                     

Бөлісу:

Көп оқылғандар