БӘЙТЕРЕК

Бөлісу:

30.10.2022 8597

БӘЙТЕРЕК

ЭССЕ

...Қыршын біткен тал еді,

Жапырағын жайқалтып.

Терек етсе Тәңірі етті?

ШАЛКИІЗ.

 

***

Алматы облыстық «Жетісу» газетінен «Қазақ әдебиетіне» секретариатқа келген кезім. Апталық басылым болғанымен қас-қабат жұмыс бас көтертпейді. Газеттің жауапты хатшысы, жазушы Тұтқабай Иманбеков, орынбасары ақын Қайырбек Асанов. Екі ағам да ұсақ-түйек көп істерге килікпейді. Он алты беттің макет-жобасы сызылып, әзір болғанда бас редактор Оралхан Бөкей үшеуі бірге қарайды, кейбір материалдың орнын ауыстырады немесе келесі санға қалдырады.

Келген бетте менің көзіме үстел тартпасының бірінде проза, екіншісінде поэзия деп  үлкен әріптермен жазылған қомақты қос пәпкі айырықша шалынды. Ондағы шығармалардың бәріне бас редактордың қолы қойылған, запаста жатқан дүниелер. Әлі сиясы кеуіп үлгермеген ақын-жазушылардың жаңа шығармаларын оқу рахат. Жұмыстан қолым босай қалғанда, бас алмай шұқшия қаламын. Сондай шақтардың бірінде көкшетаулық жас жазушы Жабал Ерғалиевтің «Қош бол, құлыным» атты дүниесі ұшырасты. Байқаймын, әңгіме желісі жетелеп барады. Тілі қою, иірімді. Тас жарған мөлдір бұлақтың дәмін татқандаймын. Асыл арманға ұласып, тек жүрек түкпірінде ертегі-елеске айналған балшырын балалық дәуренім, сонау-сонау шалғайдағы айхай ауылым, жазиралы жайлауда құлдыраңдап  құйрығын шанши шапқан сүйкімді құлын, бастарын самал жел тербеген толқын-толқын көкорай шалғын, биебау, кеңсірік қуалай тәбет ашқан сапырылған сары қымыз, көзді былай қойғанда көңілден де самғап әуелеп ұшқан қайран да, қайран ұлттық дәстүр мен салт, үкілеп үлгі етер үрдіс жасаураған жанарымнан кілкіген көгілдір сағымдай бұл-бұл ұшқандай. Жаным ашыды Серәлі қартқа. 

«...Желідегі соңғы ақ бақай құлынның маңдайынан сипап, мойнынан құшақтап, қарт жылқышы ұзақ тұрып қалды. Кемпірі сауылған саумалды үлкен ыдысқа құйып болғанша жас құлынды құшақтаған қалпынан бір айныған жоқ. Ендігі бір сәтте қарт қолынан босаған ақ бақай құлын күннің кешкі шапағына құйрығын шаншып шаба жөнелді. Қолына күмістелген ноқтаны ұстап әлі де өз орнында тапжылмай тұрған қарт жылқышы өз өмірінің соңғы құлынын ағытып жібергенін сезгендей, көзіне келіп қалған ыстық жасты ірке алмады...» 

Осылай аяқталған бас аяғы жұп-жұмыр туынды маған айырықша әсер етті. Алыстағы әріптесімнің, талантты бауырымның қарымды қаламына риза болдым.  Сөйтіп, Жабал Ерғалиевтің сол әңгімесін газеттің алдағы нөміріне жоспарладық Ол көп ұзамай, қазақ ақын-жазушыларының қара шаңырағы – Қазақ әдебиетінің» 1991 жылғы 7-ші маусымдағы санында «Саумал иісі» деген атпен жарық көрді. 

Жабал Ерғалиев осы әңгімесімен-ақ қазақ прозасына өз үнімен, өз сүрлеу соқпағымен нық қадам басып келді. 1994 жылы Жәкеңнің «Сөне көрме, жұлдыздар» деген атпен әңгімелер жинағы жарық көрді. 

 

***

Осы эссені жазар алдында мен жазушының «Ұмай» баспасынан 2007 жылы жарық көрген «Бұлтты күнгі толған ай» деп аталатын кітәбін оқып шықтым. Жинаққа бір хикаят, екі драма, он бір әңгіме енген.     

«Тұтқын» әңгімесін жайбарақат оқу мүмкін емес. «Ұлы отан соғысы» аталған кешегі қан-қасап қырғынның тірі куәгері, қылшылдаған жас кезінде қиямет-қайым күндерді басынан өткерген Қали кәрия жүріп өткен жол  - бұралаң мен шырғалаңға толы. 

Қали қарттар үйінің адам еңсесін езер көңілсіз тіршілігіне ылажсыз көнгенімен, жан сезімін қаумалаған қапалы ойлардан құтылмақ емес. 

            «... – Уһ, дүние-ай!.. Жаным-ай!...

Осы бір-екі ауыз сөздің жалын атып жатқан аузынан ышқына шыққанын Қали қарттың өзі де сезген жоқ.

            -Аға не болды? Қара терге түсіп жатырсыз ғой!.. Не болды?..»

Сөйтсе, керуеттің қасына келіп, түнгі шамның қара көлеңке жарығымен үңілген бөлмелес серігі Шәкібай екен. Қиналып зорға жатқан Қалиға сұқбат құру да мұң. «Кел мына жерге отыр» дегенді ыммен білдіріп, бір тоқтап, бір демалып айтқан сөз ләмі төмендегідей: «мындағылар мені... мені... орыс моласына апарып жерлеп жүрмесін... Жастығымның астында жиған біраз ақша бар. Соған ақырет алғыз. Мешіттегі молдаларға хабар айтып, жаназамды шығарт. Ұғып ал, әуелім... Өз атым – Қалижан. Әкем – Уақбай... Уақбай баласымын... Қабір топырағы аяқ асты болмасын, басыма бір белгі қойғызарсың...»

Осыдан соң көз көбесіне келіп қалған жасты көрсеткісі келмей ары аударылып, сұлқ жатты да қойды.

Германияның Флоссенберг қаласы маңындағы  лагерьде отырған кешегі кеңес әскері жауынгерлерінің көрген күндері күн емес. Арып-ашып, күні бойғы ауыр жұмыстан қалжырап барып кешке ұшып жығылатын. Әгәрәки сапта келе жатып сүрініп құласаң, қабаған иттерге талататын. Қаласа, табан астында атып тастайтын. Немістер үшін тұтқындағылардың өмірі көк тиын. Абырой болғанда, «азиат» болуы себепті қалталы банкир Генрих Штумф деген мырзаның тау аңғарындағы жекеменшік шаруашылығына ат күтуші болып барып, жаны қалды. 

 Банкир немістің ат қорасындағы жұмыс лагерьдегіден көп жеңіл. Жатар орны, ішер асы дайын. Ауылда туып, жылқы баққан Қали шағын шаруашылықтағы шаруаны үйіріп-ақ алып кетті. Аз да болса көңілі орнығып, қарны тойып, екі беті жылтырап өңіне әр кірген. Штумф мырза орман арасындағы ғажайып мекенге әйелі, бала шағасы, соңынан еріп қолпаштаған нөкерлерімен жиі келіп тынығып қайтады. 

 Қожайынның үш қызы сымбатты жас жігіт Қалиды көргенде ауыздарын ашып, таңырқап тұрып қалған. Шетінен аққұба, ақсүйек, әдемі киінген сұлу қыздар Қали ат жегіп алып келген арбаға мініп, серуендеуге шығуға жүрексініп, тұрып қалған еді. Қыздардың аналары өз тілінде  сөйлеп, бірдеңелерді түсіндірген соң барып үшеуі де арбаға мінген.

Генрих мырзаның үлкен қызы Эльза тұтқын жігітті үйірсектеп, Қалиды көрсе болды өн бойын көзімен ішіп-жеп, күлімісіреп, қылмыңдайтынды шығарды. Жас қыздың қос анары үстіндегі жұқа көйлекті керіп жіберердей «менмұндалап»  тұратын. Жігіт емес пе, сұлу қызға Қали да ара-тұра көздерін қадап қояды. Екі сіңілісі серуен жолды бір-екі айналып шыққаннан кейін-ақ, шаршадық деп, арбадан түсіп, үйлеріне кетіп қалып жүрді. Эльза арбадан түспейді. Ат айдаушы Қали Эльзаны одан әрі серуендететін. Серуен жолдың көзден тасалау бір тұсында Эльза келіп Қалидың жанына қатар отырып, делбені сұрап алып аттарды өзі айдайтын болды. Екі жас өстіп, біртін-біртін бірі-біріне үйрене бастаған. Шынтуайтында, тұтқын болса басы тұтқын, сезімін ешкім тұтқындаған жоқ қой. Тақаса отырған қыз ыңғай берген бір сәтте... қызды қапсыра құшақтап, төсін төсіне басып, үлбіреген қызыл ерніне жабыса сүйгенін Қали аңдамай қалған. Эльзаның да күткені сол еді... бойын билей алмай талықсып жүре берді... Албырт жастардың сезім сырын білген  банкирдің шешіміі сұмдық. Қызының абыройын ойлаған неміс әке тұтқын қазақты жар құшып, бала сүю бақытынан айырып, госпитальға апарып піштіріп тастаған...

«...Анығында, Алла адам баласына қылдай қиянат жасамайды, тек адамдар өздеріне өздері қиянат жасайды», («Жүніс сүресі, 44 аят) делінген қасиетті Құран-Кәрімде. 

Қара ниет жауыз банкирдің қаныпезерлігі салдарынан он екіде бір гүлі ашылмаған жас қыз Эльза су жинағыш биік мұнараның басына шығып, секіріп өлді. Еркектігінен айрылған Қали өксікті ғұмыр кешіп, үйленбей өтті.    

Киімді сайтан Генрихтың зұлымдығы екі бірдей адамның ғұмырын быт-шыт қылды.

 Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайұлы бүйдейді: «Әдебиет – көз алдыңда болып жатқанды бейнелі тілмен баяндайтын көркем жазылған күнделік емес. Ол – адамзаттың әлі күнге көзін байлап келе жатқан беймәлімдік дүниесіне үздіксіз жасалып тұратын шабуыл. Ол не атымен белгісіз жәйттерді паш етеді, не белгілі деп жүрген жәйттердің атымен беймәлім соны қырларын ашып береді...».

 

***

Жазушы Жабал Ерғалиев оқушының аузына оңай ас ұсынбай, ойына тосын сауалдар ұялатып, жанын жаңа ізденістерге құлшынтады. Адамға адамнан жұмбақ ештеңе жоқ екендігін ұқтырады. Бұл сөзімізге – «Соңғы тұяқ» повесі дәлел.

Кеңес одағы кезінде небір лауазымды қызметтер істеп, обком хатшысына дейін көтерілген, бүгінгі бизнесмен Тельман Ерденовичтің қуанышында шек жоқ. Өйткені Аралағаш ауылы мектебі бірге оқыған барша сныптастарды кездесуге шақырып отыр. «Әп бәлем-ай, мені де бұлар мойындаған екен-ау» - деген бір ой көңіл түкпірінен қылаң берген. Мейманасы тасып-шалқыған сол көңілмен орнынан тұрып, балконға шықты. 

Тоқпейіл, нығыз, өзіне-өзі мәз Тельман кім? Оны біз хикаятты оқып шыққан соң бірақ білдік. Білдік те төбе шашымыз тік тұрды! Құдай сүйер қылығы жоқ екен бұл адамның. Соншама аярлық, екіжүзділік, іштарлық, нәпсіқұмарлық  қайдан шығып жатыр? Адам баласы неге шексіз иттікке барады? Шаруашылық басшысы бола тұра қарамағында қызмет істейтін  Жанатқа Тельман неге соншалық өш? Неге оны жақтырмайды? Өйткені ол «менің атым жүре тұрсын, сенің атың тұра тұрсын» принципін ұстанған іші тар, аяр, аса қызғаншақ адам. Тельман мен Жанат түйдей құрдас. Екеуі бір мектепте оқыған. Мектепте оқу оқығанда білімімен алдын орай берген Жанаттың бұл елдегі абырой-беделі аспандап тұрғандығын естіп білген. Оның үстіне бұның орнына үміткерлердің біреуі осы Жанат еді. 

Жұмысын жақсы білетін іскер, адал, бір кісдей абырой-беделі бар Жанатты, Тельман бас мал маманы қызметінен шеттетіп, шаруашылықтың орталық  қонысынан шалғай жердегі бөлімшеге меңгеруші етіп жіберді. Шаруасы шалқып, ынтымағы жарасқан бір елдің берекесін кетіруге бір адамның қыңырлығы жетеді екен. Өз айтқанынан өзгені мойындамайтын Тельманның өзімшілдігінен жәбір-жапа шеккен жалғыз Жанат емес. Аудан басшыларына жағыну мақсатында, ел-жұрттың қарсылығына қарамастан шошқа  өсіру ісін қолға алды. Бордақыда тұрған семіз өгізшелерді ет комбинатына өткізіп, сол қораға елу бес шошқа кіргізді. Оны бағуға Ресейдің Омбы қаласынан мекені де, тұрағы да жоқ қаңғыбас үш орысты алғызды. 

Осы тұста менің есіме қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Талпақ танау» әңгімесі түсті. 

            «...Шошқаны алып келген колхоз бастығы Сәден:

            -Кәне, жігіттер, мұны енді арбадан нетісіңдер... несіне осқырасыңдар, бұ да мал ғой... – деді азғана езу тартып. Даусы аса сенімді шықпады. Бірақ...

            -Мүмкін, мал шығар...

            -Орыстар мал деп асырайды ғой, әйтеуір...

            -Талпақ танау екен...

            -Аузы малға ұқсамайды-ақ...

            -Жоқ, тұяғы айыр, қойға ұқсайды...

            -Тек, қойға теңемеші кәпірді... Бауыры толған қаз-қатар емшек, қай жері қой болушы еді?...

            -Сәден, осыны мал деп тұрсың-ау?...

            -Мал емес деп кім айты?

            -Мүмкін, мал шығар... бағып көрмеген малымыз...»

Талпақ танау  шошқаның ұсқынсыздығын, мұсылман қазақ  үшін харам екендігін сөз зергері Ғабең қалай суреттеген?!.

Содан Тельман Ерденович әкелген шошқалардың күлімсі иісінен Жәнипа кемпір ұшынып қайтыс болады. Аяғы ауыр Бәлекейдің келіні Ғалия түсік тастайды. Ел іргесі сөгіліп, берекесі қашқан кейбір отбасы туған ауылдарынан қоныс аударады. Манап қарт бастаған шалдар қарсылық білдіріп, жанжал шығарады. Ақыры бір күні шошқа қорасы өртеніп кетеді. 

Арсыз Тельман бұған да тоқтамайды. Шошқа фермасын өртедің деп бес бересі, алты аласы жоқ Жанатты жапқызып, қылмыстық іс қозғатып, нақақтан нақақ сегіз жылға соттатып жібереді. 

«...Машинасының артқы есігін ашып жіберіп, өн бойы үрейден дірілдеп, қыстығып жылап отырған Шолпанды қарулы қолдарымен машинадан жұлып алған Тельман оның шырылдағанына да ешбір қараған жоқ. Жас келіншекті бүріп әкетіп барады...» 

Директордың өз совхозының комбайншысы Жұмабектің аяғы ауыр әйелі Шолпанды: «Аға, аға деймін... Менің  аяғым ауыр! Естисіз бе, аға, менің аяғым ауыр!.. Қойыңызшы, Құдай үшін, қойыңызшы!.. Аяғым ауыр... аяғым ауыр...» деген шыңғыра шыққан жан дауысына қарамай  зорлап, айдалаға тастап кеткенде ақыл-естен айырылып, жынданып кетеді...

Үйінде «ағылшын аристократтары мен Ұлыбританияның ханзадасы ғана ұстайтын асыл тұқым қаншық ит» (Тельманның өз сөзі. Т.Ә.)  ұстауы, жекешелендіру кезінде облыстың дүние-мүлікті жекешелендіретін мекемесінен ала келген мамандары мен соңынан еріп жүрген милиция қызметкерлері бар Тельман өзімнің үлесім деген малды жүк машиналарына тиетіп әкетуі... тағы да толып жатқан күнәлі істерін тізіп жазуға қолым жүрмеді...  

Жан баласына жақсылық жасамайтын дүниеқоңыз, қарау, пасық адамның қазасы ит өліміне ұқсап, ақыры әйелі Зүлфия екеуі жол апатынан қайтыс болады...

 «Ақкөңіл адал адамның аты арып, тоны тозбайды» - деп отыратын менің әкем. Жарықтық сол кісі айтпақшы, повесть соңында әулеттен қалған соңғы тұяқ, Қазақстанның Сауд Арабиясы Королдігіндегі өкілетті елшісі Ерұлан, дәулетті, иманды араб жігіттерінің демеушілігімен туған ауылында мешіт салуға кіріседі. Тиісті мерзімін өтеп, абақтыдан әлдеқашан босаған әкесі Жанатты өзімен бірге Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа (с.ғ.с)  туған қасиетті Меккеге алып кетпек. 

Абзалы Жәкеңнің шығармаларында лиризмнен гөрі шиеленіскен драматизм, трагизм басым. Содан да болар, көп туындыларының сахнаға сұранып тұратыны. 

Ж.Ерғалиев адам баласының иығын жаншып, жүрегін езетін қай жаманшылықтың басында тек өзі тұрғанын сездіреді. Адам үшін де, қоғам үшін де бар қасірет-қайғының, кесапаттың басы – нәпсі сайтанға тежеу таба алмау екендігін еріксіз мойындатады. 

            Бұл – талантты жазушы шеберлігі.

            «... –Жақсы жазу үшін не істеу керек? – деп сұрапты Леонид Андреев бір жолы Лев Толстойдан.

            -Жазбауға мүмкіндігің болса, жазба? – деп жауап беріпті данышпан жазушы.

            -Қашан жаз дейсіз сонда?.. – деп, таңданады Андреев.

            -Қашан жазбауға мүмкіндігің болмаса, сол уақытта жаз! – дейді Толстой...»

 Ж.Ерғалиев көп жазбайтын жазушы. Аз жазады, аз жазса да саз жазады. Әлем әдебиетінің классигі Лев Толстой айтқандай, Жәкең «жазбауға мүмкіндігі болмаған» кезде жазатын секілді.

Мен жазушының «Егемен Қазақстанға» (25.08.15) шыққан «Жаңбырсыз жаз» әңгімесі мен «Жұлдыз» журналының қыркүйек айындағы № 9 санына жарияланған сужаңа «Кешкі мұң» повесін тілге тиек етпекші едім, олай істесем сөз сонары ұзап кететін болғандықтан осы жерден тоқтадым.

Жәкеңнің тағы бір шеберлігі - шығармаларына орайлы, жақсы тақырып қоюында. Қараңыз: «Күн батқан шақта», «Зарығу», «Алтыншы бала», «Дариға, дүние-ай!», «Құмарлан», «Сөне көрме, жұлдыздар!», «Өттің жалған», «Үмітімді үзбей өтем», «Жаңбырсыз жаз», т.б. 

 

***    

Журналист, публицист, жазушы-драматург,  мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының V-VI-шы шақырылым депутаты, Парламенттегі Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

1973 жылдан бері бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп келеді. Бұрынғы Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы газеті редакторының орынбасары, Көкшетау қалалық «Көкшетау», Ақмола облыстық «Арқа ажары», «Көкшетау» әдеби-көркем журналының бас редакторы болды.  

Қазіргі уақытта Ақмола облыстық «Арқа ажары» және «Акмолинская правда» газеттерін шығаратын «Ақмола-Тіршілік» серіктестігінің директоры. 1995 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Одақтың басқарма мүшесі. Он алты прозалық кітаптардың авторы және де «Бұлтты түнгі толған Ай», «Құлпытастың көз жасы», «Жетім тағдыр», «Қас-қағым», «Жан шырылы», «Қилы жол» атты драмалық шығармалары еліміздің театрларында қойылып жүр. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Қилы жол» тарихи драмасын бес жүзден астам артистердің күшімен 2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шарада Тараз қаласының стадионында сәтті сахналап, отыз мыңға жуық көрерменнің назарына ұсынды. 

2015 жылдың қазан айында Қырғызстанда өткен V халықаралық «АRТ-ОRDО» театр фестивалінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясымен үздік спектакль аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.

 Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық драма театры осы «Қас-қағым» спектаклімен 2017 жылдың қыркүйек айында Астана қаласында «ЭХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Театрлар ассоциациясы ұйымдастыруымен Қайрат Сүгірбеков атындағы республикалық жас режиссерлердің 1-ші фестиваль-форумында тағы да бас жүлдеге ие болды. 

Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры. Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр Академиясының толық мүшесі, академик. 

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері». «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының және Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. «Қазақстан журналистикасының қайраткері», «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет қайраткері» атақтарына ие болған.

 

***

Туған жердің құнарлы қабаттарынан нәр алып, шырқау көкке қарай бой түзеген биік бәйтерек жетпіс жылды соңына қалдырса да, діңіне шөлдің, нуына қыстың ызғарын өткіздіре қойған жоқ. 

            Әлі де әуелеп, мәуелей бергей!

 

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ, жазушы

 Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Астана.

 

25.10.22.

Описание: C:\Users\User\Desktop\Суретте - Жәкең, Толымбек, Серікзат Дүйсенғазин..jpg

            

            Суретте, солдан оңға қарай: Т.Әбдірайым, Ж.Ерғалиев, С.Дүйсенғазин. 2022 жыл. 

            

Бөлісу:

Көп оқылғандар