Бұйымтай

Бөлісу:

03.11.2022 2148

(әңгіме)

Бір әкенің тапқанын місе тұтқан отбасында тоғыз бала өсіп келе жатқан соң, тамақ та тақ-тұқ. Айлығы шайлығына әрең жететін бұл үйдің қазанынан май ағып тұрмаса да, ерекше тыныштық пен ұйымшылдық орнаған. 

Әкенің қабағынан ығып, ананың сөзіне бойұсынған балалар кірді жуып, жыртықты жамап, бірінікін бірі киіп өсіп жатыр. «Менде анау жоқ, менде мынау жоқ», - деп ешбірі мазаны алмайды. 

Сонда ешқайсының арманы жоқ дерсің бе?! 

Неге жоқ?  Бар! 

Әсіресе, мектеп бітіргелі отырған Айжанның күндіз көңілінен кетпейтін, түнде түсінен шықпайтын арманы бар еді. Ол – өкшелі топлый. 

Сыныптағы барлық қызда бар. Мектептегі соңғы жылы болған соң, қыз біткен өкшесін тақылдатып, едені шұрқ тесік орданың әр жерінен секіре, тық-тық кетіп бара жатқанда, айналдыра тігілген жайтабан, ескі аяқ киіміне бір, биік өкшелі қыздардың соңынан бір қарап, үнсіз күрсінетін. 

«Апа, Гүлімнің топлиын көрдіңіз бе? Қандай әдемі! Мектеп бітіремін. Соңғы кешке осы шоқайымды киіп қалай барамын?!» - деп жыламсырағанда, өз аяқ киімі де жетісіп тұрмаған шешесі тіл қатпастан, сыпыраға еңкейе түсіп, күлшесін басып, дөңгелете қамыр жайып отыра берген. 

Ана байғұс, жарынан асып сөйлемегенімен, тұла бойы тұңғышының назын айтып, күйеуіне мұң шаққанын қызы білген жоқ. Осы күнге дейін «жоқты» айтып, құлақ етін жеп көрмеген жарының өкінішін бұл жолы ері де үнсіз тыңдап, тілсіз жата берген-ді. 

Көп ойланып, ел қатарлы кілем алып төсейік деп тиындап жинап жүрген қаржысын сұрап, таң ертең базарға кеткен жарын күлімдей шығарып салған ана:«Қүлыным қуанып қалсыншы! Онсыз да кілемге жетерліктей жинап болғанша қай заман?!» - деп, өзімен-өзі тілдесіп біраз тұрды да, кешке дәмдірек тамақ пісіріп, тұңғыштарының мектеп бітіргенін отбасымен атап өтпекке шешті. 

Кейінгі кезде біртоға болып, өзгеріп кеткен бойжеткен, оңашада көз жасын сығып алып, өңгелерден күпті көңілін жасырып ұстайтын. Артынан ерген үрпе-шүрпе бауырларының киімін жуып, нан жауып, анасына қолғабыс етіп тыным таппайды. Қолы қалт етсе, кітап оқиды. Актриса болғысы келеді. 

Ертелі-кеш байыз тауып, құйрық басып отырмайтын анасы, киіздерді шығарып, әкті езіп жіберді де, үйді әктеуге кірісті. Іркес-тіркес дүние жоқ болған соң, босата салып әктеп жіберу аса қиындық тудырмайды. Ал, жуып-шайып, шыққан затты қайта кіргізіп, орналастыру, Айжан үшін оңай машақат емес. 

Түстен ауып кеткен күн, қақ төбеден төмендеп, жалқынды жалынын жая, батысына бет алып барады. 

Қыстан қалған бір жілікті ұнның ішіне тығып қойған шешесі қазан көтерді. Анасы төркінінен келген сыбағаны қыста бір асып беріп, жалғыз жілікті сары майдай сақтаған еді, мәнісін енді түсінді, Айжан. 

Дастархан жайылып, бауырсақ шашылды. Дорба түбіндегі бес-алты құртқа қанша көз сүзсе де, қол тигізбей жұтынып жүретін қара сирақтар, әншейінде таң кетіп, кеш келетін әдетінен жаңылып, айналсоқтап, ұзай қоймады. 

Екінті кірді-ау дегенде сары аптауыздың сұлбасы көрінді. Өзі салып алған жолмен шаңдатып келеді. Орталыққа кеткен әкесін күтіп жүрген қара домалақтар қаз-қатар тізіліп, жол жиегінде тұр. Бері бұрылмай, анау қиылыстан тоқтап аз-кем тұрды да, заулай берді. Бұрқыраған шаң басылғанда, қараңдаған бейне өз әкелеріне айналып, үйге қарай аяңдады. 

«Әкем келе жатыр!» - деп, шулап сала берген баланың бір-екеуі шауып келіп, сүйіншілеп алды да, қайта шаба жөнелді. Құдды осы хабарды бес жыл күткендей, анасы жымыңдай, қамырын кесіп, етті түсіріп, қазанын қайта қайнатты. 

Әр баласына бір мәмпәсиден ұстатып, жарты келідей қалған тәттіні дастарханға қойып еді, әйелі әншейіндегідей абдыраға сүңгітіп жібермей ыдысқа түгел салып, дастарханның қақ ортасына қонжитты. 

Қандай мереке екенін қайдам, сегіз ұл дән риза! Ет келіп, бата берген әкесі, артына қарай ысырып қойған қоржынын алып, ішінен оралған әлденені алды да, жалғыз қызына күлімсірей қарап: «Бойжеткен құлыным! Шешең екеуміз саған сенеміз! Артыңнан ерген сегіз бауырыңның тірегі сенсің! Болашағың жарқын болсын!» - деп, әлгі оралған бұйымды қызына ұсынды. 

Шаттана шуласып, мәре-сәре болып отырған ұлдар, ауыздары ашылып, әпкелеріне қарасты. Айжан, не күткенін де ұқпады. Әйтеуір, жүрегі тарсылдай соғып, кеудесіне сыймай барады. Бұл оның өмірінде алғашқы рет  алып тұрған сыйлығы еді.

Қағазды жайып жіберіп, өз көзіне өзі сенбей, шыңғырып жіберген Айжан ұшып тұрып, әкесін құшақтай алды да, ал кеп жыласын. Анасы да жаулығының ұшына көз жасын сіңдіріп, пыш-пыш жылап отыр... 

Тамаққа енді қол салғанда:  «Ассалаумалейкум!» - деп кіріп келген құдайы қонақ, бүгінгі салтанатты жиынның парқын кетірді. Нағашысы екен. Ере келген нағашы әпкесі – Рая. Төркіні келген соң, қуанып қалған анасы ұшып тұрып, самаурынға жүгірді. 

«Ет жейміз!» - деп, күні бойы күтіп жүрген ұлдар да түрегеліп, төргі бөлмеге озып, тына қалды. Тәртіп сондай! Үйге қонақ келгенде, сұмаңдап шықпайды. Сегізі бір баладай тым-тырыс, төргі бөлмеде отырады. 

«Балалар ет жемеді-ау», - деген кім бар?! Айжанның ашуына тиіп, нағашысы ананы-мынаны айтып, ұзақ отырып алды. Өзінің құрметіне жайылған дастарханнан ауыз да тимеген Айжан, нағашы әпкесі Раяны да аса жақтыра қоймады. Тек, білдірмеуге тырысты. Айтуынша, әпке-жездесін тойға шақыра келіпті. 

Тісін шұқып отырып, айналаға барлай көз салып, жантая шай сімірген нағашысы кенет, қағазда ораулы жатқан Айжанның бұйымын алып, ашып көрді де:  «Пах! Әдемі екен!» - деп, тамсанып қалды. Елең ете қалған Рая, ауызғы бөлмеге қарай жылжып, шығып кетті. Ілесе шыққан Айжан, онсыз да етке тойып алған Раяны жек көріп отырғанын жасыруға енді еш күші қалмаған. Сипалап отырған өкшелі көк топлиын қолынан жұлып алып, төргі бөлмеге кіріп кетті. Сол бойы шықпады. Топлиын құшақтаған күйі, іркес-тіркес ұйықтап жатқан бауырларының аяқ жағына қисая жата салды. 

«Айжан!.. Айжан!..» - деп, иығынан тартып оятқан анасы, қыздың тәтті түсін шорт үзді. Көк топлыйын киіп, көлбеңдей билеп жүр еді... Қимай жатып, әзер оянған Айжан, шешесінің: «Нағашыларыңмен қоштас!» - дегеніне қуанбаса да, бейілсіз орнынан тұрды. 

- Кел балам! - деп, әкесі оң жағын меңзеді. Шашын сипалай басып, әкесінің қасына жайғасты. Әкесі:  «Ал, баста!» - дегендей, қайын ағасына ымдады. 

- Айжан, айналайын! Болашағың жарқын болсын! Бақытты бол! Сен оқуға бара жатырсың. Демек, үлкен адам боласың! Ал, Рая әпкең, тұрмысқа шыққалы отыр... Ммм... Көңілін қалдырма. Бұйымтаймыз болсын, топлиыңды әпкеңе бер. Ұзатуға кисін!.. - деді, міңгірлей. 

Айжанның көзі қарауытып, құлағы шыңылдап кетті. Анасына жалт қарап еді:  «Бер! Менің төркінім ғой!» - дегендей, көзінен ұқтырған сөздері тізбектеліп өтіп жатыр. Қыздың көзіне толып кеткен ып-ыстық жасы бірін-бірі күтпей ыршып жатыр. Әкесіне қарады. Үнсіз ғана қызының шашынан сыйпап, мейірімге толы көздерімен аялай сүйді, қызын. «Келіс, ақылдым! Қайын жұртқа мына әкеңді масқара қылма!» - дейтіндей, әке жанары. 

Оралған топлыйды қыса түсіп қоштасқан Раяның бетінен сүйген жоқ. Онсыз да алай-дүлей жан дүниесін сезіп тұрған нағашысы жақындауға бата алмай, алыстан қоштасты, жиенімен. 

Бұйырған бұйымтайын қысқан күйі кеткен Рая, артына бұрылып та қарамастан, әкесінің қасына қонжия жайғасып, ат арбада қиқаңдап ұзап барады... 

Айжан, танымал актриса. 

Гардеробында көк топлыйдың түр-түрі бар. Тек, мейірімді әкесі мен анасы жоқ. Сегіз бауыры дін аман. Бір-бір үйдің иесі. 

«Рая, қайтыс болды» - деген хабар кеудесіне бақтан қатты түйінді соншама жылдан соң әрең жібітіп, көз жасының бұлағын қайнатты... 

 

Самал Шаймерденова

Бөлісу:

Көп оқылғандар