Қуыршақ өнерінің анасы Сәбила Абуева - 75 ЖАСТА

Бөлісу:

08.11.2022 2144

Жарты ғасырдан астам уақыт қуыршақ театрының сахнасында қажырлы қызмет етіп келе жатқан, қазақ қуыршақ өнерінің анасы Сәбила Абуева мерейлі - 75 жаста. Саналы ғұмырында өмірі мен өнерін театрға арнаған анамыз бүгінде шоқтығы биік дара тұлға. Өнер жолын 1967 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында үлкенді-кішілі рөлдерді сомдап бастаған актриса,1969 жылдан Мемлекеттік қуыршақ театрында ойып алар орны бар талант иесі және өзіндік сара жолы бар ұстазға айналды.

 

- Қайырлы күн, Сәбила апай! Сұхбат беруге келісіп, алтын уақытыңыздың бір бөлігін арнағаныңыз үшін алғыс білдіремін. Өмір жолыңызды театрға арнаған жан екеніңізді білеміз, сондықтан алғашқы сұрағамды шығармашылығыңыздан бастасақ. 87 жылдық тарихы бар, қуыршақ театрларының қара шаңырағы саналатын, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының сахнасында қызмет жасап жүргеніңізге жарты ғасыр уақыт болыпты. Өміріңізбен осы өнер саласын байланыстыруға кім немесе не себепші болды?

– Мен ойлаймын, біріншіден себепші болған жалпы өмір ғой деймін. Менің кіндік қаным тамған жерім Атырау облысы Махамбет ауданы бұрынғы Яманка дейді, сонда оқып жүргенімде «Ақ жайық» деген ансамбль болды, сол ансамбльде мен өнер көрсеттім. Сөйтіп жүріп күндердің күнінде тәжиірбе алмасуға бізге Алматыдан әртіс қыздар келді де маған осы Алматыға келуге ұсыныс білдірді. Бірақ ол кезде мен қуыршақ театрының бар екенінен хабарым болмапты. Содан не де болса Алматыға оқуға түсемін деп келдім де, мына панфиловшылар паркінің жанында жүріп осы театрды көрдім де кіріп кеттім содан бері міне театр сахнасында жүргеніме 55 жыл өтіпті. Сондықтан ойлаймын бұл театр менің тағдырым.

- Не себепті қуыршақ театрын таңдадыңыз?

- Ең бірінші осы қуыршақ театрына келгенде мені бірден жұмысқа алды. Ертең тоғызда келіңіз деді. Содан мен ойладым ой мен сондай керемет артист екенмін деп.  (күліп) Келесі күні келгенде мені клейдің иісі бар бір бөлмеге алып келді, сөйтсем ол қуыршақ жасау шеберханасы екен. Сол жерден бастағаннан кейін, сол ортаның өмірімен танысып қуыршақты қалай жасайтынын, оның көздері қалай қимылдайтынын, аузы сөйлеген кезде қай жерін түртетінін бәрін бәрін үйреніп сол жерде қалдым. Міне, сол шеберханаға кіруім менің бағым болды ма, алты айдан кейін мені қуыршақ театрының артисі ретінде жұмысқа қабылдады,  содан қуыршақтарды жақсы көріп кеттім. 

- Қуыршақ театрының артисі болудың ерекшелігін атап өтсеңіз?

- Қуыршақ театрының ерекшелігі – ол мен үшін менің анам секілді болып кеткен. Театрымызға режиссер келетін болса ол өзінің суретшісімен келеді, ол келгеннен кейін қуыршақтарды таңдайды, жаңағы шеберханамызға береді содан оны артистер алып, марионетка болсын, троссты қуыршақ па әлде планшет қуыршақ па соның бәрін қарап алып берілген образды өзіне сосын сол қуыршаққа сіңіреді. Және қуыршақ театрының артисі болудың екінші ерекшелігі – жан-жақтылық. Біздің артистердің басқа драма немесе музыкалық театрының артистерінен басты ерекшелігі бір қойылымда бір адам бірнеше рөлдерді сомдай береді. Мысалы, «Ауыл иті Ақбай» атты қойылымда бір артист иттің рөлін сомдаса, дәл сол қойылымда мысықтың рөлін де сомдай береді. Содан кейін, қуыршақ театрында ер адамның дауысы әйел адамның дауысы деп бөлінбейді. Екеуі де қуыршақтардың қай түрі болсын бөлмей сомдай береді. Міне, қуыршақ театрының басты ерекшелігі осы. 

– Ерекше жақсы көріп үнемі сомдағыңыз келетін, артистік қабілетіңіздің толықтай ашылуына мүмкіндік берген рөліңіз туралы айтып өтсеңіз. 

- Жалпы театрда қандай рөл беріледі соны сомдайсың ғой, ал енді мен сомдаған мінезді образдар -  мыстан, ібіліс, сайтан, кемпір олардың да жақсысы да бар жаманы да бар, жануарлардан түлкі деген секілді. Бірақ осылардың ішіндегі мыстанның рөлдерін ерекше жақсы көремін. Театрымызда Нұрлан Оразалиннің «Ақ құс туралы аңыз» атты қойылымы сахналанды, сондағы мыстан менің сүйікті бейнем.

- Жалпы артистік өнер саласында кейіпкер жандылық және кейіпкер сындылық деген ұғымдар бары баршамызға аян. Сіздің ойыңызша қуыршақ театрына жандылық керек пе әлде сындылық жеткілікті ме?

- Жандылық керек әрине. Себебі қазір ересектерге қарағанда балаларға қойылым қою өте қиын. Неге десеңіз қазіргі балалар барлығын байқап отырады. Мысалы, біз бір ауылдық жерде гастрольде болдық сонда мен оны байқамай сахнаға шығып өлең айтып отырсам бір бала «Мә ана апаның шұлығы жыртылып қалыпты» дейді. Масқара, масқара болғаным ай. Сол сияқты бала театрға ертегі көруге келеді және өз ойын жасырмайды жақсы болса жақсы дейді жаман болса жаман дейді. Кейбір балалардың жақсы көретін кейіпкері де болады арнайы келіп көретін, сол үшін жанды болғаны дұрыс деп есептеймін.

- Араға бес жыл салып міне тағыда мерейлі бенефис кешіңіз өткелі отыр. Бес жыл бұрынғы Сәбила апайымыз бен қазіргі Сәбила апайымыздың өмірінде қаншалықты өзгеріс бар?

- Енді біз үшін жаңалық та, біздегі өзгеріс те қазіргі театрымызға келіп жатқан жастарымыздың өскені. Театрға жаңа қойылымдар алып келіп жаңа леп сыйлап өздерінің де өсіп дамып жатқаны қуаныш. Ал өмірімде басты қуаныш ол немерелер. 

- Сіз үшін театр үш сөзбен?

- Біріншіден, театр менің өмірім. Екіншіден, жақсы шәкірт тәрбиелеу ортасы. Артымыздан өсіп келе жатқан жас әртістердің жоғары деңгейге көтеріліп, театрымыздың дамуы, өркендеуі. Үшіншіден, мен үшін театр балалардың мәдени мектебі. Осы мәдени мектебіміздің өсуін және қазіргіден де биік дәрежеге жеткенін қалаймын.

-Әсерлі сұхбатыңызға рахмет!

Жансая БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Бөлісу:

Көп оқылғандар