Мұхтар Мағауин. ТОБЫҚ ЖАРМАҒАМБЕТОВ
Бөлісу:
Ешқашан көріспеген, жүздеспеген кісім. Бірақ жақсы білетін едім. Сырттай, əуел бастан. Біз университетке келіп түскен 1957 жылы бітіріп кеткен екен. Күзде, «Жұлдыз» журналының 9-, əлде 10-санынан «Екі жүрек» деген əңгімесін оқып, əуезін анық аңдаған едім. Жазу мəнері мүлде өзгеше. Алдымыздағы, ол да жаңа бастаған, сəтті бастаған студент қаламгер Маршал Əбдіхалықовтан сұрастырып, жөн-жобасын таныдым. Туған жері – Ақтөбе, Байғанин ауданына кетіпті. Осыдан соң көп ұзамай, келер жылы тағы да осы əдеби журналда «Хаттар, хаттар» дейтін екінші əңгімесі шықты. Енді мен Орталық кітапханада Ақтөбенің обылыстық «Куммунизм жолы» газетін ай аралатпай қарап, Тобықты іздеп отыратын болдым. Үздік-создық жаңа əңгімелері шығып жатты. Соны, серпімді дүниелер. Хабардар жұрттан Тобықтың жайын сұрастырып жүрем. Біз үшінші курсқа жеткен кезде Ақтөбе, басқа емес, сол Тобықтың өз ауылынан Өтежан Нұрғалиев келген. Осыдан бірер жыл бұрын шулы атаққа жетіп еді. Менің нақты дерегім бойынша, Өтежанды ақын ретінде алғаш танып, оның өлеңдерін «Жұлдызда» отырған Қуандық Шаңғытбаевқа жолдаған да осы Тобық екен. Танысып, біліскен бетте сұрадым. Өзгеше кейіпті прозашы туралы толық мағлұмат алмақпын. Желі көтеріліп тұрған Өтежан, бет-аузын тыржитып, қолын сілтеді. «Бездарь!..» – деген. Қалайша? «Хаттар, хаттар» дейтін əңгімесін жазу үшін Берлинге шабуыл туралы қаншама кітап оқып, ең аяғы, неміс жеріндегі əлдебір белес таудың картасын қарап жатқанын көрдім. Қырт болмаса, сөйте ме?..» (Кейін, қартайған, қажыған шағында Тобық ағасы туралы ұнасымды сөз айтады, танымы кеңейіп, ақылы толысқаннан емес, адам жасы ұлғайған шақта өткен өмір жолындағы жақсылық пен жамандықты қайыра таразыласа керек.) «Бұл – нағыз дарынға, ықтиятты қаламгерге тəн мінез!» – дедім мен шамданып. Шынында да, əңгіменің бас кейіпкері қазаға ұшырайын жер – «Зеел қырқасы» аталады, Берлинге тым тақау тұс, бұл арада айрықша қанды майдан болған. Тобық кезекті əңгімесін бастарда, бар жағдайын ежелей тексеріпті. Енді осы ағамыз шынында да қарымды, тиянақты қаламгер деген пікірге тоқтаған едім. Ақыры, көп ұзамай, «Жұлдызда» «Отамалы» шыққаннан соң, қазақ əдебиетіне үлкен жазушы келді деген байламға біржола бекідім. Бұл кезде менің өзім де прозаға шындап бет қойғам. Адам жас шағында қай тарапта да тұрғыластарын байқастап, алдыңғы буынды жіті қадағалап отырмақ. Басқа жоғарғы өлшемдер өз алдына, өзіңді осы, тетелес екі толқынмен салыстырасың. Мен əзірше жарияға жол аша алмай, мүлде белгісіз жүрсем де, аты шыға бастаған жазармандардың ешқайсын өзіме теңгермес едім. Берік сенім, ішкі түйінім бойынша, осы 60-жылдардың басында менің алдымдағы, кейін үлкен атаққа шыққан жас қаламгерлер ішінде ең үздігі жалғыз қара – Тобық Жармағамбетов деп білдім. 1964 жылы жазылып, созалаңдаса да тым көп ұзамай «Лениншіл жаста» басылған, кейінде толығымен жарияланған, ақыры он үш томдық жинағыма енгізілген «Жанр табиғаты» дейтін көлемді мақаламда Тобық əңгімелеріне ілгері баға беріледі. 1966 жылы «Нəзік бұлттар» повесі жарыққа жетті. Мен артықша ризашылықпен, мейірлене оқып едім. Бұл – жаңа қазақ прозасының алғашқы, сəтті үлгілерінің бірі болатын. Тіл мəдениеті жоғары, суреттері айшықты, бейнелері – шынайы, нақты. Түнгі дала кейпі, ауылға – жаздық жайлауға демалысқа келген студент жігіттің көңіл ауаны – жетілген, қас суреткердің қолтаңбасын танытады. Бұл кезде мен «Қазақ əдебиеті» газетінде жұмыстаймын, дау-дамайлы диссертация машақатымен жүргем, көңілім соқса да, арнайы мақала жаза алмадым. Айтар толғамдарым бірталай еді. Роман нұсқалы хикаяттың алғашқы жарымы – классика, əйткенмен орынсыз жалғас тауыпты, жас жігітіміз қатты ұнатқан, тіпті, ғашық болып қалған ақылды, ойнақы, əдемі қыз осы тарапта кино түсіруге келген бұрнағы танысы, ол да тəуір жəне ширақ жігітпен бірге Алматыға қайтып кететін тұста тəмамдалуға тиіс-ті. Мен бұл естеліктер кітабында қандай да тұлғаның шығармашылық, қоғамдық жəне басқадай қызметіне баға бермеймін деп екі-үш мəрте ескертсем керек. Қажетті рəсімнің осы ретте аз-маз бұзылуы – заңды, амалсыз, менің ақыр түбінде біліспей кеткен Тобық Жармағамбетов дейтін азаматқа оңды көзқарасым қалайша сырттай қалыптасқанын айғақтау. Сонымен, үздік бітімді «Нəзік бұлттар». Қазақтың жаңа прозасының алғашқы үлгілерінің бірі дедім. Мен өзімше қанша масаттансам да, жалпы жұрттың қабылдауы басқаша болыпты. Көп ұзамай, газет редакциясына теріс рецензия түсті. Жаңа бастаған, кейінде қатарға қосылған жас сыншы тарабынан. Əрине, өтпеді, өзімнен біршама кіші талапкерге ақыл, кеңес тұрғысында жауап хат жаздым. Тек бұл ғана емес. Артынша, қазіргі проза туралы Жазушылар одағында өткерілген жиында атаулы баяндамашы қатты сынға алды. Алдымыздағы, əрі сыйлас жігіт еді, мен сыпайылап, қарсы уəж айттым. Тобық туралы арнайы мақала жазу қажетіне ден қойған едім. Алайда, айтқанымдай, мезгілінде мұрша келмеді, ақыры уақыты өтіп кеткен. Көп ұзамай, 1967 жылы жазғытұрым «Жазушы» баспасына бас редактордың орынбасары қызметіне шақырылдым. Нəшірият директоры, енді ғана күшіне мінген Ілияс Есенберлин жалғыз жəне орталық баспаны астын үстіне төңкеріп, мүлде басқа бір кейіпке түсірген еді. Қамалып жатқан қаншама қолжазба, оның негізгі бөлігі жас қаламгерлер бірден-ақ даңғыл жолға бағытталды. Осы ретте алғашқы кезекте Тобық Жармағамбетовтың «Екі жүрек» атты əңгімелер жинағы жаңа жоспарға төтеден қосылған. Келесі 1968 жылы шырғасы шықпай, аман-есен жарыққа жетті. Бірақ мен осымен ғана тоқтай алмадым. Арғы жылғы жоспарға тағы да жаңа жинағын енгізген едім. Баспа қоржынында ешқандай қолжазбасы болмаса да. Тоқтаусыз жазып жатуға тиіс. Мен кезінде қызыға оқыған, əзірше белгісіз тұрған əңгімелері де бірталай. Бүгін-ертең келіп қалуға мүмкін. Бұл сырттай жоспарланған кітапқа «Сентябрь түні» деген ат қойған едім. Сол қалпында бекіді. Əйткенмен, жуық арада ешқандай қолжазба түспеген. Содан соң, проза редакциясындағы жігіттерден сұрастырсам, Мағзом Сүндетов жақсы біледі екен. Тобыққа хабарлас, қолда барын түгел жіберсін, дедім. Арада бірер ай өткенде Мағзом келіп тұр. Қолжазба түсті, дейді. Көлемді екі повесть. Біреуі – Нұрпейіс Байғанин туралы, екіншісі – Азамат соғысы жылдарындағы қазақ ауылы. «Сентябрь түні» дейтін шығарма жоқ. Сондай əңгімесі болған, дедім. Менің студент кезімде Ақтөбенің обылыстық газетінде басылған... «Онда сұратып алғызайық», – деді. «Енді екі үлкен дүниенің ортасына төрт-бес беттік əңгімені қыстыра алмаймыз», – дедім. Қалған шығармаларын кейін жібере жатар, мына екі повестің бірінде күзгі түн суреті ұшырасып қалар, атын өзгертуге тура келеді, дедім. Тобықпен хабарлас, солай деп айт. Бұл кітапқа Мағзомның өзі редактор болды. Əуелде не айтты, кейінде қалай тілдесті, – білмеймін. Көлденең жоспарға сұққан өз еңбегі ретінде шүйінші сұраса керек. Біздің ортада тілектес азаматтарды өзара ұштастырып жіберу – сирек мінез. Ал мен өз тарабымнан шықпадым. Ақыры бір көрісерміз, мəн-жайды сонда айтармын деп шамаласам керек. Немесе, ештеңе де ойламадым. Біздің алдымызда тұрса да, кеңінен танылмаған дарынды қаламгердің жаңа кітабының кезектен тыс жоспарға енуі – əдепкі, табиғи жағдай деп санаған сияқтымын. Сол кезде де, кейін де, қызмет орайына қарай, талай адам алдымыздан өтті, біздікі – міндет, ал жолы ашылған жігіттің өзіндік еңбегі бар, ол заманда біздің шеңбер, əсіресе Ілекең – Ілияс Есенберлин тарабынан ешқандай кірне, астыртын есеп болмайтын, бəрі де қазақтың үлкен əдебиетінің қамы.
Келесі 1970 жылы кітап шықты. Əлбетте, бекіген жоспардағы тақырып өзгермейді, бастапқы, «Сентябрь түні» деген атпен. Амалсыздан, алғашқы хиякаят осылай таңбаланған. Оқып қарасам, күзгі түннің елесі де жоқ. Ал повестің өзі өте жаман əсер қалдырды. Төңкеріс жылдарындағы алыс ауыл, ақтармен жалғасқан əлдебір «алашордашыл» қаныпезер кісілер ауыл шауып, қыз-қырқынды зорлап, өз жұртына ылаң салып жатады. Екінші хикаят – Нұрпейіс ақынның жастық шағы, мұнда да бай мен кедей, тап тартысы, əйткенмен, оқуға жарамды; зады, ойға алынған (кейін де жүзеге аспаған) үлкен романның алғашқы тараулары сияқты. Бір сөзбен айтқанда, мейлінше сəтсіз кітап еді. Бүгінде тіпті сорақы танылса керек. Мен ең жақын бір туысымнан айрылғандай, əжептəуір құлазып қалған едім. Мынандай жағдайдан соң, жақсы бастаған дарынды жігітіміздің қайтып оңалуы қиын көрінген. Жас кезде адам тез елігеді де, тез суынады. Енді мен Тобық Жармағамбетовты үлкен есептен біржола шығарып қойған едім.
Əлбетте, Тобықтың жазуы одан əрі жалғасты. Кейінгі бір, «Қара жаңбыр» ма, «Қызыл ай» ма, нақты есімде жоқ, əлдебір хикаяты тəп-тəуір еді. Өзге де оқылымды дүниелері бар. Əйткенмен, бастапқы биігіне жете алмады. Нақтылап айтсақ, одан əрі өспеді. Тіпті, кері кетті. Мен кейін де көп ойландым. ХХ ғасырдағы қазақ прозасының алдыңғы қатарында тұруға артықша мүмкіндігі болған Тобық Жармағамбетов, қалай да қалай өзінің тума дарынына сəйкес шын кемелге жете алмай қалды деп. Себебі көп болар. Негізгісі – кейбіреулер айтып жүргендей, үлкен əдеби ортадан шалғай ғұмыр кешуінде емес. Біздің заманда обылыстық қала түгілі, алыс ауылда отырып та қатардан озуға болады. Заман қанша тар десеңіз де, бұрынғы-соңғы қазақ, арғы-бергі əлем əдебиетін кеңінен тануға, рухани əлемдегі барлық жаңалықтармен уақтылы танысып отыруға мүмкіндік бар. Ал қалай жазу, қаншалық жазу – қаламгердің өзінің еркі мен қабілет, парасатына тікелей байланысты. Тағы да ауылдастары, жақсы білген іні, тұрғыластарынан көп сұрастырған едім. Сəбит Баймолдин, Есенбай Дүйсенбаевтан, Құрал Тоқмырзин, жəне бір жігіттерден. Отбасында үлкен қиындық болыпты: бұрынырақ, үй өртеніп, кісі кеткен бақытсыз, үрейлі жағдайда анасын шалық шалып, қайтадан оңалмаған екен, ие болу, ұстап отыру үлкен қиындыққа түскен сияқты. Осы орайдағы психикалық күйзеліс өз алдына. Содан соң, обылыстық газет, радио, əлде теледидардағы ауыр қызмет. Бірақ Алматыда жүргендердің қайсы қамыт арқаламапты. Десе де... Абай атам айтқандай, екі адамның бірінің «сырты бүтін, іші түтін...» Бал ашпай-ақ қоялық. Мен Тобықтың өрісін тарылтып, қадамын қысқартқан ең негізгі кесел – ұлттық танымның шектеулі құрсауынан дер едім. Мұның айқын дəлелі – манағы амалсыз жағдайда аты өзгерген, бірақ мазмұн, мəнісі сол қалпында қалған «Сентябрь түні» хикаяты. Сондай-ақ, Ақтөбе газетінде жарияланған, кейінде басылған, басылмағанын білмеймін, жақсы суреттері бар «Қашқын» дейтін əңгіме. Мұнда соғыстың қиындық күндерінде «отанын сатып», тұтқынға түскен, бұдан соң елге оралмай, шетте қалып қойған бір бейбақтың трагедиялық тағдыры баяндалған. Бəлкім, жадымда ескірді, өзгешерек ахуал, əйтеуір өз жұртынан шет əлдекім. Бас кейіпкер тайғақ, қатерлі жағдайдың құрбаны емес, өзінің тауаны кем, айныма мінезінің нəтижесінде туған елінен жеріп, бақытсыз, баянсыз ғұмыр сүреді, ақыры, жат жұртта дүниеден өтеді; ажал алдында туған елінен сырттай кешу сұрапты... Советтік идеологияның бір ұшқыны.
Тобық тым ерте кетті. Отыз тоғыз жасында. Прозашы қаламгер үшін жетімсіздеу. Тым құрса енді төрт-бес жыл жүрсе керек-ті. Əйткенмен, алпыстан асса да, кейінгі межесінен оза алмас еді деп ойлаймын. Данте айтқан «жер ортасы» – отыз үш жас – ойлы адамның не бұдан əрі өрлей түсетін, не кері құлдырайтын межесі. Тобық та осы бетбұрыс, жолайырық кезеңде сынған сияқты. Ең басты себебі, жаңа айтқанымыздай, ұлттық танымның тұсаулы өрісі, саяси-əлеуметтік көзқарастың дүдəмал қалыбы.
Біз тым үлкен талап, Тобықтың туа біткен мүмкіндігі тұрғысынан айтып отырмыз. Əйтпесе, барының өзі тəуба дерліктей. Тым олқы емес. «Нəзік бұлттардың» алғашқы жарымы ХХ ғасырдағы қазақ прозасының таңдама беттерінің қатарында; бұл, роман кейіпті хикаят тұтастай алғанда да ескірмейтін, кейін де оқыла беретін сапалы шығарма. Ал «Отамалы» аңыз-толғауы біздің классикалық əдебиетіміздің өзгеше бір үлгісі болып қала бермек.
Баяғыда дағдарып едім, бүгінде бəрі біткен, – елу жылдан соң ішім ашып отыр. Қандай еді, қалай бастап еді!.. Неге ғана дəп осылай болып, орта жолда тоқырады?.. Өткендегі алыптардың бақытсыз тағдырының жалғасы ма, əлде біздің тұсымызда көлденеңнен түскен кесел ме... Қайткенде амал жоқ. Осы тұрғыда менің көріспеген, жүздеспеген Тобық Жармағамбетов туралы қадари мүмкіндік шегінде, өкінішті естелік жазуым түсінікті болса керек.
26–27.І.2018,
Силвер Сприң, яғни Күміс Бұлақ, Мэриленд, АҚШ.
Бөлісу: